Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Ресей агрессиясы 9492 0 пікір 17 Қаңтар, 2023 сағат 14:43

Ресей батыс Қазақстанды басып ала ма?

Eurasiareview сайты "Ресейдің Батыс Қазақстанға агрессия жасауы мүмкін бе" деген тақырып аясында мақала жариялады. Мақаланың қысқаша нұсқасын назарларыңызға ұсынамыз.

Жақында ғана белгілі украин журналисі Дмитрий Гордон Ресей Федерациясы мен Қазақстан арасында соғыс бола ма деген сұраққа жауап беріп, дау болды. Ол егер Ресей Украинаны жаулап алса, Қазақстанға басып кіруі мүмкін екенін айтқан болатын. "Ресей Қазақстанмен соғысып қана қоймай, оны тез арада жеңіп, бодан етер еді. Алайда енді Ресейдің оған күші жетпейді, себебі біз оларды әбден сілекпесін шығарып, қалжыраттық", - деді ол.

Гордонның бұл пікірі Қазақстан халқын қос пікір алаңына бөлді. Бір тарап оны қолдаса, екінші тарап "Қазақстан оңай шағылар жаңғақ емес" деумен болды.

Гордон Путиннің арманы Кеңес Одағын қалпына келтіру екендігін де айтқан болатын. Ол "бұрынғы кеңестік елдерді жинау мүмкін болмаса, Путин Украина, Беларусь, Ресей және Қазақстанды қосып алуға ниетті" деді. Украина әскері бұл жоспардың тас-талқанын шығарғанын да айтты.

Соңғы кездері БАҚ беттерінде "Ресей Қазақстанға шабуыл жасау үшін Орал мен Ресей шекарасы маңында 200 мың адамдық топты дайындап жатыр, сондықтан ресейліктердің Қазақстанда русофобия бар деп сынай бастағаны таңқаларлық емес" деген ақпарат тарады. Бұдан шығатын бір ғана қорытынды болуы мүмкін, Ресей солтүстік Қазақстанды басып алуды ойлайды, өйткені ол аймақта орыс тілділер көп. Алайда "бұл дәл қазір Мәскеуге керек пе және Кремльдің жақын қашықтықтағы жоспарына кіре ме" деген де сұрақ бар.

Солтүстік Қазақстан өз алдына Ресейді қызықтырмағаны және әлі де қызықтырмауы мүмкін. Бұл аймақты Украинаның өнеркәсіптік экономикасының жүрегі болған Донбаспен де, Ресейдің Қара теңіз флоты орналасқан Қырым түбегімен де салыстыруға болмайды. Мәскеу бұл өңірді басып алған күннің өзінде, Ресей Федерациясы азайып, қартайып бара жатқан этникалық орыс халқы бар депрессияға ұшыраған және донорлыққа тәуелді тағы бір аймақты өзіне масыл етіп алады. Қазақстандағы өлкелердің 18 пайызы ғана донор болып табылады. Бұл Атырау мен Маңғыстау облыстары, Астана мен Алматы қалалары. Қалған 82 пайыз аймақ республикалық бюджеттен берілетін көмекке мұқтаж. Бұлардың ішіне солтүстік Қазақстанның барлық төрт облысы да кіріп тұр.

Тағы бір ескеретін жайт бар. Ресейдің солтүстік Қазақстанды немесе оның кез келген бөлігін аннексиялауын ислам әлемі қазақ жеріне ашық түрде басып кіру, яғни өз мұсылман бауырларына жасалған агрессия ретінде қарастыруы мүмкін.Себебі қазақстандықтардың басым бөлігі Ислам дінін ұстанатындар.

Қазақстандағы орыстар оқиғаның мұндай сипатта болуынан қорқып, оның алдын алу үшін бәрін жасауға дайын сияқты. Украинада соғыс басталғанға дейін аз уақыт бұрын Ukraina.ru сайты Андрей Грозиннің "Украина Қазақстан емес, сондықтан Ресей ол үшін (Қазақстан Республикасы) үшін ақырына дейін күреседі" деген мақаласын жазған еді.

Ол Ресейдің Қазақстанды ықпалынан жоғалтып алудан қорқатынын жазды. Себебі Ресей үшін Қазақстан өте маңызды. Бұл оның территориялдық тұтастығы мен Орталық Азияның өзге елдеріне шығу мүмкіндігі, Қытай ықпалына қарсы тұру және Азияға бастар жолы саналады дейді мамандар.

Мақалада автор былай деп топшылайды. Қазақстан билігіне антиресейлік көзқарастағы тұлғалардың келуі Мәскеуді алаңдатады. Егер тенденция жалғасатын болса, Ресей Қазақстанға әскери контингент кіргізуі мүмкін. Ол Орталық Азияны бақылауда ұстау, тасымал жолдарын бақылау үшін солай етеді. Орталық Азияның өзге төрт еліне шығатын ең қысқа жол Қазақстанның батысы арқылы жатыр. Бұл аймақта сонымен бірге экономика үшін өте маңызды кеніштер, мұнай қоры мен газ ошақтары орналасқан. Chevron, Eni, BG Group, Royal Dutch Shell, TotalEnergies сынды компаниялар қызмет етуде.

2001 жылы Батыс күштері Ауғанстанға кіргенде Le Monde газеті 27 қыркүйекте мақала жазып, былай деді: "Орталық Азиядағы бес елді алып қарасақ, ұзақмерзімді көрсеткіште Түркіменстан мен мұнайы мол Батыс Қазақстан ғана қызығушылық тудыруы мүмкін. Сол себепті НАТО Ауғанстаннан кеткен сәтте осы екі елде экономикалық жобалар жасауы мүмкін, алайда өзге елдер үшін экономикалық тұрғыдан күресіп, күш салудың негізі жоқ".

Соңғы уақытқа дейін Мәскеу батысқа газ бен мұнайын сатып келгендіктен, Қазақстан мұнайы мен газы үшін қатты таласа қоймады. Алайда ол нарықты Қытай мен Еуропа ақырындап иемденіп жатқан болатын. Қазақстан болса КТК мұнай құбыры мен Атырау-Самара құбыры арқылы мұнай сатуын жалғастыруда. Ал бұл сәтте Ресей мұнайы мен газынан батыс бас тартып жатыр.

Кремль Қазақстанның Транскаспий бағытын дамытуды жалғастыру туралы шешім қабылдағанын, Түркіменстанды Түркия мен Әзірбайжанның бірте-бірте осындай шешімге итермелеп жатқанын да назардан тыс қалдыра алмайды. Осы жағдайды ескере отырып, Мәскеу Батыс Қазақстанды өз ықпалына алуға ниетті деген де болжамдар айтуға болады.

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2253
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3512