Сәрсенбі, 17 Сәуір 2024
Ресей агрессиясы 3226 0 пікір 16 Қаңтар, 2023 сағат 14:19

Украинадағы тұтқын: Бурят па, қазақ па?

Әлеуметтік желіде Украинадағы соғыста қолға түскен бір топ ресейліктің видеосы тарауда. "Күнде тұтқынға түсіп жатыр, оның несін айтарсың" дерсіз. Алайда видеода Қазақстан халқын елең еткізген жайттың бірі, тұтқынға түскен бір сарбаздың "қазақпын" дегені болып тұр. 

Фото: видеодан алынды

Тұтқынға түскен сәтте, украин сарбаздары оны автоматтың ұңғысымен ұрып жіберген сәті бейнеленген. "Бұл жаққа қалай келдің" деген сұраққа, "жұмыстан алып кетті" деп жауап қатты.

Әлеуметтік желі қолданушылары бұл видеоны көріп, пікірлері қақ жарылды. Бір тарап "осыған дейін Украинаны қолдап келдім, мына көріністен кейін қолдамаймын" десе, енді бірі "басқыншыны аяудың қажеті жоқ" дегенді айтуда. Алайда тұтқынға түскен ресейліктің шын мәнінде кім екені белгісіз. Кей ақпарат көздері оның қазақ емес, бурят болуы мүмкін екенін айтады. 2022 жылдың наурыз айында Буча қаласында ресейлік сарбаздар бейбіт тұрғындарға қан-қасап қырғын салды. Жауыздықты жасаушы жасақтың басым бөлігі буряттар деген ақпарат тараған болатын. Міне, осы оқиғадан кейін Украина сарбаздарына буряттарды тұтқынға алмай, атып тастау туралы бейресми бұйрық берілуі де мүмкін дейді желі қолданушылары. Бұл оқиғаға дейін бірнеше мәрте буряттардың тұтқынға түскен сәтте өздерін өзге ұлт деп таныстырғаны жайлы ақпараттар шыққан болатын.

Украинада соғыс басталғалы бері жүз елуден астам ресейлік этникалық қазақ қаза тапқаны жайлы ақпарат шықты. Ал қыркүйек айында ресейлік телеграм арналарда басқыншы қолындағы Мариуполь қаласы мен Донецкке жұмысқа шақырған жарнамалар шыға бастады. Онда Орталық Азия тұрғындарын жалақысы жоғары жұмысқа шақырып жатқаны да айтылған еді. Тұтқынға түскен ресейлік азаматтың Орталық Азиядан жұмысқа кетіп, кейін ұрыс даласынан бірақ шығуы да мүмкін деген пікірлер айтылуда.

Бұл видеоға қатысты Қазақстан СІМ әлі пікір білдірмеді. "Қазақпын" деген тұтқын Қазақстан азаматы болып шықса, заң бойынша оны қылмыстық жауапкершілік күтіп тұр. Қазақстан заңнамасы бойынша өзге елге аттанып, ұрыс қимылдарына қатысуға тыйым салынады.

Ка Мырза

Abai.kz

 

0 пікір