Жұма, 19 Сәуір 2024
Әне, көрдің бе? 2089 0 пікір 16 Қаңтар, 2023 сағат 13:33

Қазақстанның 40 жылдық жоспары һәм Екібастұз

«2060 жылы көміртексіз елге айналамыз». Біріккен Араб Әмірлігінде өткен 168 елдің делегаттары қатысқан IRENA ассамблеясының XIII сессиясында ҚР Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов осындай мәлімдеме жасаған.

Халықаралық жиналыста Қазақстанның энергетика саласына жауапты басшы шетелдік әріптестеріне Қазақстанның Париж келісімі міндеттемелеріне сай энергия көздерін әр тараптандаруға құлшынып жатқанын жеткізген. Министр мырзаның сөзі бойынша, Қазақстан қазір емес, енді қырық жылдан кейін жасыл энергия көздерінен пайдаланатын, ауасы таза жасыл елге айналмақ екен.

Екібастұз бен Рейдердің қырық жыл жаңаланбаған жылу құбырлары жарылып, биліктің оған көміртекті қатты отынды газға айналдыруға тиіс жауаптылар емес, қара күшімен жылу қазандығына көмір салған кашгарларды айыпты еткенін, Қостанай, Көкшетау, Балқаштар да тағы да сондай апат орын алғанын көрген мына біз, министрдің болжамына сене қоймадық. Алматы аспанын тұмшалаған қара түтін де біздің күдігімдің орынды екенін растап тұрғандай. Зайсанның Қытайға жеткен газы іргедегі Үржарға жетпей, алты ай қыс болатын ауыл тұрғындары шетелдегі қашқын эксминистр Әкежан Қажыгелдин мен бүгінде партиялас досымен соттасып жүрген Ғалымжан Жақиянов ашып берген «Қаражыра» көмір кенінен қатты отын тасуға мәжбүр екенін де, тасымал ақысының көмір құнынан он есе қымбатқа түсетінін де білеміз.

Әйгілі Лев Толстойдың «Болашақ деген жоқ, бүгін қалай болсаң ертеңің де солай болады» деген ғибратты сөзі бар. Жылу электр станцияларын газға көшіруді, жел ден судан энергия өндіргенді былай қойып, кеңес заманынан қалған, шіріген құбырларды жаңалауға мұрсалары, құлқы жоқ шенеуніктердің мына жүрісімен елу жылдан кейін эенргия көзін әр тараптандыруға қол жеткіземіз дегені бос сөз.

Жақында АҚШ тың Lawrence Livermore National Laboratory ғалымдары күн сияқты таза энергиямен үздіксіз қамдап тұратын үлкен реактор салу жобасын іске асырғанын мәлімдеді.

Жапония биыл жылдың соңында 15 жыл жобаланған, елдегі оныншы теңіз дауылынан пайдаланатын жел күші энергия станциясын іске қоспақ. Сөйтіп енді күншығыс елі шикі энергия бағасы геосаяси жағдайға байланысты қанша құбылсада, ыстықта салқындап, аязда жылынып, бейқам тірлігін жалғастыра бермек.

Атағы жер жарған «ЭКСПО-ның» өткеніне де бес жылдан асты. Табиғи энергия көздеріне бай қазақ елінің тұрмысы уақыт өткен сайын жеңілдеуі былай тұрсын, барған сайын қиындады. Жазда жағасы мен танауын ыс алып, Қыстан жиде қағып әзер шығатын болды. Өзгеде көрші елдер сияқты тегін болуы тиіс газдың бағасының шарықтауы қанды қаңтар қасіретіне әкеліп соқты. Қолдағы барды жарата алмай, елдегі энергия тапшылығын атом электр станциясын салу арқылы шешпек болған үкіметтің кезекті жобасының көпшіліктің қатаң қарсылығына ұшырауы де тегіннен-тегін емес.

Саяси санасы оянған халықтың қазба байлықтартың бұрынғыдай халықтың жағдайын жақсартуға емес, геосаяси мүддеге, биліктің ұзаруына қызмет етуіне ендігері көнгісі жоқ.

Есбол Үсенұлы

Abai.kz

0 пікір