Сәрсенбі, 17 Сәуір 2024
Ақмылтық 3485 40 пікір 16 Қаңтар, 2023 сағат 13:19

«Әкелі-балалы» Қонаев – Назарбаев заманы аяқталды»

ШЫНДЫҚ ҚАЗАҚ СИЯҚТЫ – КЕШІГІП ЖҮРЕДІ, БІРАҚ, ОЛ ҚАЗАҚҚА ТҮБІ БІР КЕЛЕДІ

Қаңтар айының 12-ші жұлдызында Қонаевтың туғанына 111 жыл толды. Келесі күні яғни, қаңтардың 13-і күні «Тұңғыш Поезидент» туралы заңңың күші жойылды. Мұнан бір оң нышан көруге болады. Енді осы жөнінде кеңірек тарқатып көрелік.

1960 жылы Кремльдің ұйғарымымен билікке келген Қонаевтың Қазақстанды ширек ғасыр уақыт басқарғаны белгілі. Төтесінен айтсақ, Қонаевтың тұсында қазақ халқы қор ұлтқа айналды. Әуелі қазақтың ұланғайыр даласы әскери өндіріс үшін деген желеумен ядролық сынақ алаңдарына берілді. Мәскеудің бұл шешімі Қазақстан билігі тарапынан еш қарсылықсыз жүзеге асырылумен болды. Бұған жалғыз өзі қарсы қарсы шығып, ядролық полигондардың адамзатқа тигізер өлшеусіз зардабы туралы сегіз том ғылыми еңбек жазған Атшабаров атты жанкешті ғалымның үнін мұндағылар Мәскеудің пәрменімен шықпастай қылып өшірді. Атшабаровтың әлемдік ғылымда теңдесі жоқ 8 том бұл еңбегі КГБ тарапынанан тәркіленіп, көзі жойылды. Осылайша Семей, Қарағанды, Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Қызылорда облыстарында 40 жыл бойы ядролық һәм бактериялогиялық қарулардың алуан түрі сыналып жатты. Бұл қазаққа жасалған ұлы этноцид еді. Себебі ядролық қарулардың топырақ бетіне, жер асты суларына сіңген улы сәулелерінің зиян-зардабы үш мың жыл бойы (ақырдың күніне дейін) жойылмақ емес. Осының салдарынан бұл күнде қазақ халқы әлемдегі ең дертті ұлтқа айналып отыр және келешекте елімізде улы радиация салдарынан болатын түрлі аурулар: рақ, жүрек, қан тамырлары т.б. кеселдер күшейе түспек. Бұл менің емес, осы саланы зерттеуші ғалымдардың ұзақ жылғы зерттеулерден кейінгі ғылыми тұжырымдары. Бұл тұрғыдан қазаққа алапат апат жақындап келе жатыр. Ғалымдардың пікірінше, келешекте радиация сәулелерінен болатын түрлі аурулар геометриялық прогреспен өспек. Алайда мұның алдын алуда мемлекет тарапынан ешқандай сауықтыру шаралары жасалмауда.

Екінші бір ұлы трагедия – Қонаевтың тұсында қазақ өз тілінен айырылып, таза мәңгүрт болуға шақ қалды. Ол басқарған жылдары елімізде мыңға жуық, (кей деректерде мың жарымнан астам) қазақ мектебі жабылды. Мен Қонаев заманын көрген адаммын, бала кезімде үш орыс отбасы бар біздің ауылда жоғарыдан келген бұйрық бойынша орыс мектебін ашпақшы болды. Бірақ сол кездің есті қарттары бұл солақай шешімге тосқауыл қойғаны – бала болсам да еміс-еміс есімде. Ал Алматы сияқты астанамызда, басқа да облыс орталықтарында жалғыз-жалғыздан қазақ мектебінің болғанын бұл күнде ешкім жоққа шығара алмас. Оның өзінде ол мектеп-интернаттарда малшылардың балалары оқитын. Малшылардың балалары демекші, Қонаев тұсында қазақ халқы тек мал бағатын төмен ұлтқа айналды. Естеріңізде болса, жетпісінші жылдары «Қой санын елу миллионға жеткізейік!» деген жалаң ұран көтерілді. Сол-ақ екен, мектеп бітірген қазақтың өрімдей қыз-жігіттерінен мал бағатын комсомол жастар бригадалары зор қарқынмен құрыла бастады. Жастар, ауылда қалып, мал бағыңдар деген үгіт-насихат жұмыстары қызу жүргізілді. «Нәтижесінде» оқимын, ғалым, ұстаз, инженер, дәрігер боламын деген талай жастардың асқаралы армандары қанатынан қырқылды. Небір сәулелі жігіттер, көздері мөлдіреген арулар қой мен сиыр соңына салынды. Бейнелеп айтқанда айдалаға «шошақтың шөліне» апарылып тасталған әлі оңы-солын танып үлгермеген бағыт-бағдарсыз қалған балаң жастар ішкілікке салынды, көптеген қазақ қыздары сол мал бригадалардында жүріп, аяғы ауыр болып қалып, дүниеге некесіз бала әкеліп жатты. Мұның шын мәнінде ұлттың азғындауының басы болғаны бұл күнде Қонаевты жақтаушылардың қаперіне кірер емес.

Бұл кезде Қонаев Мәскеуге «Мен Алматыдағы жергілікті ұлтты 16 пайыздан асырмаудамын» деген сыңайда жарымсақтана ақпар беріп жатты. Негізі Кремль ел астанасында қазақтың саны 20 пайыздан аспасын деген жабық пәрмендер берген көрінеді. Айғағындай Алматы сол кезде өзге ұлттардың сүйікті қаласына айналды. Ұлы ақын Мұқағали Мақатаевтың: «Алматы қазақтың астанасы, ұйғырдың асханасы, орыстың баспанасы», – деген әжуалы сөзінің тарағаны осы кез.

Міне, Қонаев негізін салған сол орыстандыру саясаты бұл күнде «өз жемісін» беруде. Тоқсаныншы жылдары Қонаевқа адал қызмет еткен партноменклатураның бірсыпырасы енді Назарбаевқа түрлі жолдармен «ант беріп» өздерінің билігін сақтап қалды кейін жасы келіп биліктен кете бастаған кезде олар өздерінің бір ауыз қазақша білмейтін балаларын биліктің түрлі салаларына әкелумен болды. Мұның ең сұмдығы – бұл балалардың әкелері белгілі деңгейде ана тілін білуші еді, ал бұлардың Алматының кілең орыс мектептерін бітірген қазақ тілінен әрі ұлтттық құндылықтар мен қазақы дүниетанымнан мақұрым ұл-қыздары ешқандай ұлттық арман-мұратсыз, мемлекттік жауапкершіліксіз түрлі лауызымды қызметтерге арсыздықпен қонжия бастады. Шындығында олардың әкелері мұратсыз еді, сол ұлттық армансыздық, мемлекеттік мұратсыздық ковид індеті сияқты бұлардың балаларына да жұқты. Ұлтымыздың отыз жылғы трагедиясына айналған әкелі-балалардың бұл мұратсыздығы бұл күнде қазақтың ең ауыр дертіне айналды. Өз кезегінде бұл әкелі-балалы «сұмжүректер» осы уаққа дейін қазақ тілінің шын мәніңде мемлекеттік тілге айналуына тұрақты түрде, табандылықпен лобби жасап келеді. Мұратсыз өскен олардың мұратсыз мақсаты – қазақ халқын өз ана тілінде сөйлетпеу, егер қазақ өз тілінде сөйлеп кетсе, өздерінің бір-ақ күнде қызметсіз қалатынын біледі әрі бұл міскіндер өз «келешегін» ойлаудың асқан шебері десе де болады. Олардың бір мақсаты – өз балалары мен немерелерінің қамы яғни отбасылық әрі кетсе рулық санадан аса алмай қалған кембағал жандар.Себебі сол мұратсыз әкелердің немерелері мен шөберелері бұл күнде де топырлап билікке келуде. Көздегені – билік баспалдақтарымен карьера жасау болып табылатын және осы тұрғыда түрлі қитұрқы жолдармен жоғары лауазымдарды иеленіп алған орыс тілді шенеуніктер енді өз балаларының қамдарын жасауда. Бұл бүгінгі «Жаңа Қазақстан» тұсында да айқын аңғарылады. Осынау келеңсіз үрдістің қай уақытқа дейін созылары белгісіз. Егер бұлай бола берсе – Қазақстанды құрдым күтіп тұр дей беріңіз. Назарбаев кезеңінен басталған бұл қауіпті құрдым қазір тіпті зор қарқын алуда. Себебі мемлекеттің, ұлттың ең басты байлығы – талантты һәм білімді алғыр ойлы жастар шетел асуда. Бұл үрдіс жыл сайын қарқын ала түсуде. Елімізде бұл келеңсіз үрдістің алдын алуда ешқандай мемлекеттік шаралар жасалмауда. Жасалса да мұның барлығы тек көзбояушылық болып қалуда.

Қонаевтың қазаққа қалдырған тағы бір «мұрасы» – трайбализм дерті болды. Ежелден келе жатқан «Бөліп ал да, билей бер» саясатын шебер ұстанған Қонаев қазақты руға бөліп, ара-дарасын шығарды. Ол үшін әуелі ол Тәшеновтің түбіне жетті. Одан кейін Сәтбаев пен Бөкетовтің тағдырын ойыншық қылды. Өзіне әріден қамқор болған Нұртас Оңдасынов пен Өзбекәлі Жәнібековтерді қызметтен аластатты. Шын мәнінде бұл тұлғалар қазаққа Құдай сыйлаған құтты ерлер еді. Бұлардың бәрі құсадан өлді. Бұл тұлғалардан айырылған соң қазақтың берекесі кете бастады. Ал Қонаев болса жылдан жылға дәуірлей берді. Бірақ кез келген дәуірлеудің соңы болады ғой, Қонаев мұны күн ілгері білді. Білгені сол емес пе, жетпісінші жылдардың соңында ол өзінің жаман атын шығармайтын ізбасар іздей бастады. Оны ол Теміртаудан тапты және жедел «өсіруге» пәрмен берді. Назарбаевтың жылдам «өскені» сонша – Карметкомбинаттың парторгінен бірден Қарағанды облысының екінші хатшылығына бір-ақ «қарғыды», одан бірнеше жылдан соң яғни 1979 жылы Қазақстан Компартиясының Өндіріс ісі жөніндегі хатшысы, ал 1984 жылы Министрлер Кеңесінің төрағасы болып Қонаевтың тап іргесінен бір-ақ шықты. Арада екі жыл өтпей жатып, дәлірек айтқанда 1986 жылдың 6 – 8 ақпанында өткен Қазақстан коммунистік партиясының 16 сиезінді «әкесі» Қонаевты інісі Асқар Қонаев арқылы қаралаған ол оны Кремльдің алдына топ еткізіп жығып берді. Осы сәтте қандай сұржыланды қойнына салып өсіргенін бір-ақ ұққан Қонаев Мәскеуге сабылды. Алайда бәрі кеш еді. Сол жылдың желтоқсанында Қонаев биліктен біржолата айырылды. Сөйтіп «баласының» бас болуымен Қонаевтың дәуірі аяқталды. Бәріне ақылы жеткен Қонаевтың билік пен саясатта «әке-бала» дегеннің болмайтынын білмегені өкінішті әрине. Кейін бұл жайында марқұм Балташ Тұрсынбаев мынандай әңгіме айтып еді. «Қонаев орнынан алынсымен оны «әке-көке» деп жүргендердің барлығы оның маңынан безіп кетті Қасында тек Олжас Сүлейменов екеуміз ғана қалдық. Екеуміз үйіне барып, хал-жағдайын біліп, әңгімелесіп тұрдық. Сондай жүздесулердің бірінде Қонаев: «Назарбаевты билікке әкелгенім менің өмірімдегі ең үлкен қателігім болды», – деген екен. Осылайша Қонаев ауырған рушылдық дерті оның өзіне еш опа берген жоқ. Қайта оның түбіне жетті. Шын мәнінде Қонаев ешқандай қазақ емес еді. Замандастарының айтуынша 1940 жылдардан билік баспалдағымен қауырт көтеріле бастаған Қонаев 1949 жылы төлқұжатына өзін қазақ деп жазғызып алған. Бұған дейін ол татар болып келген. Мұны өзінің замандасы әрі ұйғыр мектебінде бірге оқыған кластасы Исмаил Юсупов те, Қонаевтың ауылдасы, кейіннен оппазицияға кетіп Қонаев пен Назарбаевты аяусыз әшкерелегені үшін диссидент атанған Кәрішал Асанов та өз еңбектерінде дәлелдеп жазды. Бұл жалған десеңіздер, өткен жылдары әлеуметтік желілерде Қонаевтың гаплогрупасын зерттеген мамандардың мақаласы жарық көргені естеріңізде шығар. Сонда Қонаевтың татар текті екені анық көрсетілген. Соңғы технология жетістіктеріне сүйенген ғылым осылай деп жатса, Қонаевты қазақ деп жалаулатқандарға не жорық? Шынында да Қонаевты қазақ дегеннен бізге не түседі? Қонаевтың саяси қызметінен, оның ел басқарған жылдарынан алатын бір-ақ ғибрат бар – ол көмекей әулие Бұқар жыраудың «Жатқа тізгін бермеңіз, жаламенен бас кетер», – деген қазіргі Ақ Ордамыздың маңдайына жазып қояр өсиеті. Кенесары хан қырғыздың қолынан қазаға ұшыраған сонау 1847 жылдан жатқа тізгін беріп келдік қой, содан қазақ не ұтты. Құтты ерлерін қор қылғаннан басқа – түк те! Жатты төбеге көтеру, құтты ерлерді қор қылу дәстүрі мына Тәуелсіздік заманында әлі де «қарқынды» жалғасуда. Олай болмаса, Назарбаев тұсында Еркін Әуелбеков, Заманбек Нұрқаділов, Алтынбек Сәрсенбаев, Ақселеу Сейдімбек, Болат Атабаев, Арон Атабек сынды т.б. ел үшін туған асыл ерлер бірі құсадан, бірі оқтан, бірі абақтыда шіріп өлер ме еді. Голощекиннің жиені Машкевич, оның сыбайластары Шодиев пен Ибрагимов, Миттал, Ким секілді жат жұрттық алаяқтардың қолына еліміздің жер асты, жер үсті байлығын беріп қояр ма едік? Егер билік құтты ерлердің қолында болса, бұлардың бірін де билік пен қазынаның маңына жолатпас еді ғой. Жоқ, олай болмай шықты. Назарбаев билік құрған дәуірде бар байлығымыз ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті. Жаттың қолында кеткені сол емес пе, Қонаевтың тұсында қазақтың ұлттық байлығының 93 пайызы Мәскеуге кетіп отырды, осылайша қазақ халқы өз байлығының 7% пайызымен ғана күн көрді. Ал Назарбаев тұсында бұл әуелі 3% сонан соң, 1% түсті. Осы цифрлар сіздерді ойландырмай ма, қазағым?! Қонаев тұсында қазақ байлығы Одақты асырауға жұмсалса, Назарбаев заманында әлемдік алпауыттар мен трансұлттық компаниялардың жеміне айналдық. Шын мәнінде соңғы отыз жылда қазақ социализмнен капиталистік формацияға, одан федолдық формацияға, одан құл иеленушілік қоғамға дейін кері кеттік. Ғылым тілінде мұны регресс яғни кері кетушілік дейді. Қазақтың отыз жыл құл болғанын, елу мың теңге жалақыны қанағат тұтып келгенін, ел байлығының өз халқына жаны ашымайтын, арамнан байыған 162 олигархтартың қолында шоғырланып келгенін былтырғы баяндамасында қазіргі президентіміз Тоқаевтың өзі мойындады емес пе.

Міне, сіздерге «әкелі-балалы» Қонаев пен Назарбаевтың істеп кеткені. «Әкелі-балалы» дейтініміз 1982 жылы Қонаев өзінің жетпіс жылдық тойында күллі партноменкулатураның алдында Назарбаевты «балам» деп жариялады бұл, енді менен кейінгі билік Назарбаевқа тиеслі деген сөз еді. Өзіне оқтай болып тиген осы сөзінен кейін Қонаев арада төрт жыл өткен соң биліктен айырылды. Оны жоғарыда айттық. Егер сол күні Қонаев Назарбаевты «балам» деп айтпаса, оны билікке жолатпай, орнына арлы-ұятты, ең бастысы мемлекетшіл басқа бір азаматты баулығында Тәуелсіз Қазақ Елі бұл күнде басқаша дамып, өзгеше өркендер еді ғой. Қазіргідей түпсіз жемқорлар мен ордалы жыландай кландар билікке келмес еді ғой. Жемқорлар демекші, Қонаев қазақтың мәңгілік сорына (бұл түбі мәңгілік сорымыз болмақ) Назарбаевтай жемқор басшыны дайындап кетті. Назарбаев өзінің отыз жылдық билігінде өз маңайына кілең жемқорлар мен жарамсақтарды жиды. Жемқор министр, жемқор әкім, парақор прокурорлар мен соттардың ұлы армиясы осы Назарбаев тұсында жасақталды һәм дәуірледі әрі гүлденді. Енді қазаққа жуық арада бұл жемқорлық індетінен құтылу жоқ. Себебі қазақ қоғамын дендеген жемқорлық дерті – ұлттың еті түгілі сүйегінен өтіп кетті. Жемқорлық – қазақ қоғамының ең ауыр, ең айықпас кеселіне айналды. Мұны тек пәрменді шаралар арқылы жоюға болады. Бірақ бұған ел билігінің саяси жігері жетер емес. Жуық арада жетпейтін шығар, себебі мемлекеттік тетіктерді түгел билеп алған «Ұжымдық назарбаевшылдық» бұған жуық арада жол бермейді. Оған ұрпақтың ауысқаны керек еді. Алайда ұрпақ ауысатын күн әлі қазаққа армандай алыс сияқты. Себебі мұратсыз әкелердің «Ол да өзіңдей ит болсын азғыр-азғыр» (Абай) деп «тәрбиелеген» балалары көшкен селдей жөңкіліп, билікке келуде. Ал, саналы, білімді жастар лег-легімен елден кетуде. Себебі олар қара бақайына дейін коррупция жайлаған елде қала берсе, жемқор көкелерінің жемі болатынын біледі. Бұған енді не шара?!

Дегенмен сөзімді оптимистік нотада аяқтағым келеді. Жазбамның басында Қонаевтың туған күнінде тұңғыш президент туралы заңсыз заңдар жойылды дедім ғой. Иә, мұнда оң нышан бар. Себебі қарап отырсақ, Қонаев – Назарбаев тандеміне 2022 жылы алпыс жыл толған екен. Қазақ ұғымында алпыс жылды бір заман болып саналады. Айтпақшы, қазақ ұғымында алпыс жылды – «Кіші заман» 300 жылды «Ұлы заман» дейді. Мәселен 1723 жылғы «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаға» биыл яғни 2023 жылы үш жүз толмақ. Қарап отырсақ 1723 жылдың айы мен күні биылғы 2023 жылдың ай мен күнімен дәлме-дәл қайталанады яғни үш жүз жылдық ұлы заман – толық цикл дегенміз осы. Осы тұрғыдан келсек 1960 жылдары басталған кейінгі «Кіші заман» – Қонаев пен Назарбаев билік құрған алпыс жылдық кезең 2022 жылы өз мәресіне жетті яғни аяқталды Енді биылдан қазақ үшін Жаңа заман басталды және бұл заманда билік біртіндеп Тоқаевтың қолына көшуде. Тоқаевтың қандай басшы боларын уақыт көрсетеді. Дегенмен ол кісі өзін Жаңа Заманның басы екенін сезіну керек әрі осы жаңа дәуір мен Қазақ мемлекетінің келешегі үшін жанқиярлықпен іс қылуы керек, басқа жол жоқ. Ол үшін маңына мұратсыз әкелердің мәңгүрт балаларын емес, Құтты Ерлерді жиюы керек. Қазақта Құтты Ерлер құрып кеткен жоқ, «Ел болса, ер туғызбай тұра алмайды» дегендей мұндай ерлер ел ішінде аз да болса – бар. Дәтке қуат – соңғы кездері олар аздап болса да билікке келуде. Бұл да – оң нышан.

Менің осы жазбамнан соң қонаевшылдардың өре түрегелетінін білемін. Түрегеле беріңіздер. Менің айтып отырғандарымның түгелі – шындық. Дегенмен қазақ қоғамы әлі толық ұлт болып қалыптасып болмаған балаң ұлт болғандықтан шындықтың көзіне тура қарай алмай келеміз. Қонаевшылдарға қазақтың елдігінен өз руының намысы қымбат. Бұл да бір қазақтың дерті. Бұл кезеңнен өтуіміз керек, өтіп те жатырмыз. Соның бір айғағы – кезінде рушыл болған азаматтар бұл күнде елшіл болуда. Олар кезінде өздерінің рушыл болғанына қысылады. Сөз жоқ, бұл оң үрдіс. Өстіп-өстіп түбінде бұл дерттен де арылатын боламыз. Басқа жол жоқ!

Ертеде, Қазақ Хандығы құрылған заманда «Алаш демеген адамды әкең де болса, ұрып жық» деген ұранды сөз болған екен. Ал біз білетін Қонаев ешқашан «Алашым, қазағым» демеген адам. Соның айғағындай ол билік құрған дәуірде қазақ тілін қолдау мақсатында жарты парақ қаулы, жарғақ бет қарар жарық көрген емес. Ащы болса да шындық – қазақ тілінің мәртебесі туралы алғашқы қаулы келімсек Колбиннің кезінде шықты.

Осындай Қонаевты ұлт көсемі қылғысы келетіндерге таңқаласың. Қазаққа жаны ашымаған Қонаев бар болғаны Мәскеудің айтқанына бас шұлғумен, қазақты орыстың алдына жығып берумен өткен адал коммунист қана. Әйтпесе Назарбаев құсап, отыз жыл билікте отыра ма? Мәскеудің қазаққа жасап жатқан әпербақан, шовинистік саясатына, қазағының жерін жатқа жем қылмас үшін қарсы шыққан Жұмабек Тәшеневті Кремль бір күн де билікте қалдырған жоқ. Ал өмірі Мәскеудің қабағын қалтқысыз баққан Қонаев ширек ғасыр бойы биліктен айырылмай келді емес пе. «Баласы» Назарбаев болса – «әкесінен» де асып түсті. Асып түскені сол – өзін төбесіне көтерген аңқау елін әбден құл қылған ол қазақты отыз жыл бойы аяусыз билеп төстеп, жаншумен болды.

Өкінішке қарай, Қонаев ширек ғасыр басқарған кезеңге әлі де әділ тарихи баға берілер емес. Дұрысы – мынау, бұрысы – мынау делінген жоқ. Қазір барлығыңыз Назарбаевты тілдеріңіз жеткенше жамандап, сөздеріңіз жеткенше қаралап жатсыздар. Ал оны «Балам» деп әспеттеп билікке әкелген, сөйтіп қазақтың түбіне жете жаздаған Қонаев туралы ештеңе дегілеріңіз келмейді, қайта одан ұлы тұлға жасауға ұмтылып қоймайсыздар. Бірақ Қонаев ешқашан ұлы тұлға бола алмайды. Басқасын былай қойғанда, Қонаевтың Назарбаевты билікке алып келген қазақ халқының алдындағы бір ғана жауапкерсіздігі, өзі айтқандай қателігі – оны қазақ қоғамына ешқашан ұлы тұлға қылмақ емес. Ол Назарбаевтың қазаққа құт емес, жұт болатынын білді, тіпті бұл жайында оған ескерткендер де болған деседі. Мәселен Назарбаевты «Балам» деп жариялаған соң, Қонаевтың туған қарындасы ағасына: «Мынаның көзі бір орнында тұрмайды екен, түбі сізді бұл сатып кетеді», – деген көрінеді. Алайда, қауіп білдірген мұндай сөздерге Қонаев құлақ аспады. Ақыры қарындасы айтқандай болды. Қарағандыда Тәшеневтің аталас туысы Сәбит есімді ағамыз тұрды. Бірде ол кісі маған: «Ағаларым (Сараның қызметтегі туыстары) жас кезінде Назарбаевты Тәшеневтің алдына алып барыпты. Сонда Тәшенев: «Мыналарыңның көзі алақ-жұлақ етіп тұр екен. Мына түрімен елдің түбіне жетер, мұны маған неге әкелдіңдер, алып кетіңдер!» – деп ренжіген көрінеді. Бұл – Тәшеневтің билік иелерінде болатын кісі танығыштық қасиетін көрсетеді. 25 жыл ел басқарған Қонаевты да кісі танымаған деп әсте айта алмаймыз, дегенмен өзі айтқандай «Билікте ұзақ отырған адамның көзін шел басады» ғой. Тәшенев таныған қазақ халқының келешек отыз жылғы сорын Қонаевтың танымағаны өкінішті, әрине.

Қалай десек те 60 жылға созылған «Қонаев – Назарбаев» заманы аяқталды. Қазақ үшін Жаңа Заман басталуда. Кешегі «Тұңғыш Президент» туралы заңсыз заңның жойылуы осыны меңзейді. Ұзағынан сүйіндіргей!

Ерлан Төлеутай

Abai.kz

40 пікір