Сенбі, 15 Маусым 2024
Бір сауал 4413 8 пікір 13 Қаңтар, 2023 сағат 13:15

«Қазақстан» Ресей туы астында тұрған жоқ па?

Еліміздің басты әрі қазақ тілінде ғана таза хабар тарататын Ұлттық «Қазақстан» телеарнасының абыройы мен беделі асқақ әрине. Елім, жерім, ана тілім дейтін қазақтілді көрермен халық тарапынан өз орнын ойып тұрып алғандығында сөз жоқ.

Талай қызықты елдік бағдарламаларды, небір көркем фильмдер, соның ішінде ұлттық көркем кино туындыларымызды, деректі фильмдерімізді басқа да дүниетанымдық хабарларды дәріптеп, үлкенді-кішілі көрермендерді баурап, өзінің дәрежесін көтеріп келе жатқанын тұрақты көрермен ретінде мақтанышпен айта аламын.

Жаңалықтардың да мәні өзгеріп, ел мұңын жоқтап, өзекті мәселелерді көтеріп, игілікті істерді паш етіп келе жатқанын көргенде ризашылық танытып жатамыз. Бір ғана «Ашық алаң» көтерген, талқылаған мәселенің өзі неге тұрады?.. Әрине, біз бұл арада еліміздің атын жарқыратып тұрған «ҚАЗАҚСТАН» телеарнасының атына әрбір хабарын талқылап немесе мадақтап ой-пікірімізді айтып немесе мансұқтайын деп отырған жоқпыз.

Тек соңғы кезде осы телеарнамыздың жаңалықтарын қосып қалған кезде көзіме оттай басылған көрініс мазамды ала бастады. Бұрын бұған дейін қанша көріп келе жатсақ та, кейде мән бере бермейміз ғой. Өйткені оған себеп, арналарды басып отырған кезде Ресейдің бір арнасының әлдебір бағдарламасы ма, жаңалықтары ма, өз туларының бейнесінде дәл біздің «Қазақстан» жаңалықтарының басында, ортасы мен үзілістері арасында қызыл, көк, ақ жолақтарды ойнақшытып тұратын бейнекадрлары сияқты жарқ-жұрқ еткен көрінісі көзіме оттай басылды. Қазіргі тілдік терминдермен айтқанда, «жаңалықтар бекграунды» (background news) дей ме, әуенмен зыр айналып, түрлі түспен құбыла ойнақшыған мұндайға көзіміз үйренген ғой.

Енді осы сүйікті «Қазақстан» телеарнамыздың жаңалықтары құбыла ойнап басталған сәтте, оның жүргізуші сүйкімді де сұлу қыздары мен сымбатты жігіттері сайрай жөнелгенде, артындағы көрінісі тура бір Ресей туының астында, тасасында тұрғандай көрініс беретінін байқадыңыз ба? Алаулатқан, жалаулатқан көк, қызыл, ақ түс қатарласа жолақ бойлай, олай бұлай шыр айналады. Тап бір Ресей туын желбіретіп, соның аясында жүрген сияқты болып көрінетін болды маған. Өзіміздің ұлттық нышандарымыз көрінбей, тасада қалады. Ресейдің қазақша телеарнасы болса жақсы ғой. Онда тек қуанар едік. Ол тек қазіргі кезде бізге арман ғана. Одан гөрі Қытайда таза қазақша бірнеше телеарна бар деп естуші едік баяғыда. Қазір қайдам, ол жайлы естімей қалдық.

Сонымен біздің ұлттық «Қазақстан» телеарнасы «жаңалықтарының» бекграунды осылай Ресейлік қызыл, көк, ақ түсті жалауының жолақтары түрінде қала берер ме екен. Әрине, телеарна басшылығы мұндай сынды жақтырмай, өздерінше түсіндіруі де мүмкін. Дегенмен теледидардағы осы көріністі жайлап қарап отырсаңыздар, осындай ойға кімнің болмасын келері сөзсіз дер едім. Иә, «Қазақстан» Ресей туының тасасында», аясында жаңалықтарын жалғастыруда.

Егер сенбесеңіздер «Қазақстан» жаңалықтарын қарап көріңіздер!

Ерлан Күзекбай,

Астана қаласы

Abai.kz

8 пікір