Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Ресейді ығыстырды 3041 7 пікір 13 Қаңтар, 2023 сағат 13:52

Қазақ мұнайы Берлинге бет алады...

Ресейдің басты экономикалық активі мұнай және газ саласы болып саналады. Ресей әлем елдерін, оның ішінде Еуропа мемлекеттерін осы уақытқа дейін өз энергетика саласына тәуелді етті. Газ құбырлары ресейлік газды күні-түні Еуропа елдеріне тасымалдап жатты. 

Еуропа мен Ресей арасында 2008 жылы алғаш ауқымды қарама-қайшылық басталған сәтте, ЕО елдері Ресейге қарсы қатаң шаралар қабылдамады. Бір себебі ретінде Ресей мен Еуропа арасындағы энергетика саласында уағдаласқан жобалардың көптігі айтылады. Уақыт өтіп жатты. Еуропаны көгілдір отынмен қамтамасыз ететін жаңа газ құбырлары салынып жатты. Олардың арасында атышулы "Солтүстік ағын-2" жобасы да бар болатын.

2014 жылы Ресей Украинаға агрессия жасап, елдің шығысындағы екі облысын тартып алды, Қырымды соғыссыз және заңсыз негізде өзіне қосты. Бұл Ресей мен Батыс арасындағы текетіресті күшейтті. Соған қарамастан Еуропа елдері Ресейден газ және мұнай сатып алуды тоқтатпады. Ресейдің көгілдір отыны еуропалықтар үшін аса маңызды болатын. Оны Мәскеу де жақсы біледі. Сол себепті де газды алдағы таңда саяси бопса ретінде қолдануға болатынын түсінді. 2022 жылы Ресей мен Украина арасында ашық соғыс басталған сәтте, Кремль газ бағасын өсіріп, Еуропаны бопсалап, өзіне салынған санкцияларды алып тастауға, Украинаға көмек бермеуге шақырды. Анығы талап қойды.

Еуропа Ресейдің "газ қақпанынан" құтылу керектігін айта бастады. "Еуропалықтар үшін 2022-2024 жылдар қиын болмақ, алайда біз Ресейдің газы мен мұнайына тәуелділіктен құтылуға тиіспіз" деген ұрандар жиі айтыла бастады.

2022 жылы Ресейдің үміт артқан "Солтүстік ағын-2" жобасын Еуропа тоқтатып тастады. Артынша құбырда жарылыс болды. Ресей жарылысты Батыс жасады десе, Батыс Ресейдің өзін айыптап отыр.

2022 жылдың желтоқсанында Еуропа елдері мен АҚШ Ресейдің мұнайына шектік баға енгізді. Ол барреліне 60 доллар болып бекітілді. Артынша Ресей мұнай теңіз порттары арқылы тасымалдауға тыйым салатын құжат күшіне енді. Ресей қазіргі уақытта өз мұнайы нарықтағы мұнай бағасынан екі есе арзан негізде сатуда. Соңғы ақпарат бойынша Ресей мұнайын 38 доллардан сатып жатыр. Тығырыққа тірелген Ресейдің мұнайын сатып алушылар негізінен Қытай мен Үндістан, олар "Кремль мұнай мен газға тағы ды жеңілдік жасасын" деп келеді.

Еуропа Ресейдің мұнайы мен газынан бас тартып жатқандықтан, балама ретінде өзге елдерден сатып алуды арттыруда. Ресей мұнайы мен газын алмастыра алатын елдің бірі ретінде ЕО елдері Иранмен келіссөз жүргізген болатын. Алайда Иранның Украина соғысында Ресейді қолдап қару беруі және ядролық бағдарлама бойынша келісе алмауы, Тегеранмен келісім жасауда қиындықтар барын көрсетті. Еуропа Әзербайжанмен келісіп, газ сатып алуда өзара ірі жобалар жасайтынын айтты. Сонымен қатар ЕО Катар, Ирак, Ливия, Сауд Арабиясымен келісім жүргізуде. ЕО келісіп жатқан елдің бірі - Қазақстан.

Қазақстан мұнайын сатып алушы елдердің басым бөлігі Еуропада орналасқан. Алайда Ресей мен Украина арасында соғыс басталғалы бері, Еуропаға мұнай жеткізуде бірқатар қиындықтар туындады. Қазақстан мұнайының 80 пайызы тасымалданатын КТК мұнай құбырында біресе екінші дүниежүзілік соғыс кезеңіндегі теңіз минасы табылды, біресе мұнай төгіліп, экологияға зиян келді деді, біресе дауыл соғыс, құбыр зақымданды. Қысқасы 2022 жылы КТК құбыры арқылы мұнай тасымалдауда 4 мәрте бірнеше күннен бірнеше аптаға созылған кедергілер болды. Себебі бұл құбыр Ресей аумағы арқылы өтеді.

Қазақстан мұнай тасымалдауды әртараптандыру мақсатында өзге бағыттарды іздеуде. Құрлық арқылы Қазақстан-Түркіменстан-Иран жолы айтылса, Кспий теңізі арқылы Қазақстан-Әзербайжан-Грузия жолы айтылуда. "Баку-Тбилиси-Жейхан" мұнай құбыры да назардан тыс қалмауда. Ал шығыс бағытта Қытайға мұнай мен газды сатуды арттыру көзделіп отыр.

Қазақстан мұнайын сатып алуға Еуропа ерекше ықылас танытуда. Әсіресе Германия. Германия Ресейдің мұнайы мен газынан толық бас тартқан ел. Ол өз нарығындағы тапшылықты тез арада жою мақсатында көптеген елдермен келіссөз жүргізіп жатыр. Берлин Астанамен мұнай сатып алу бойынша келісім жасасқаны бұған дейін де айтылған болатын. Енді міне 2023 жылдың алғашқы жарты жылдығында Германияға 300 мың тонна қазақ мұнайы жеткізілетіні белгілі болды. Жеткізуші "ҚазТрансОйл". Бұған дейін энергетика министрі Болат Ақшолақов Қазақстан Германияға 2023 жылы жалпы 1.5 млн тонна мұнай сататынын, алдағы уақытта оның көлемін 7 млн тоннаға арттыру мүмкін екендігін айтқан еді. Бұған дейін Қазақстан Германияға жеткізетін мұнайды Ресейдің "Дружба" құбыры арқылы тасымалдайтыны айтылған болатын. Ресей тарапы да ол ақпаратты растап, 2022 жылғы 7-маусымдағы Қазақстан пен Ресей үкіметі арасындағы келісімге сай іске асатыны айтылған болатын.

Ресей жерінде тасымалдау құбырларында "оқыстан жарылыс болып, күтпеген жерден дауыл тұрмаса", 2023 жылы Германияға Қазақстан мұнайы тасымалдана бастайды.

Ка Мырза

Abai.kz

 

7 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2253
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3508