Жұма, 19 Сәуір 2024
Алашорда 5465 4 пікір 13 Қаңтар, 2023 сағат 12:55

Алаш орда және Шығыс Түркістан қазақтары

Шығыс Түркістан қазақтары географиялық тұрғыдан Шығыс Түркістандық, немесе, Қытайдың Шыңжаң өлкесінің тұрғындары болғанымен, шындығында қазақ жерінің бір керегесін жауып тұрған кіндіктес, ұрандас ағайын еді.

Екі ағайынның ортасына отаршыл қытай мен ресейдің 1864 жылы қазан айындағы “Шәуешек” келісімі қанды қылышпен әкімшілік шекара сызығын(қазақпен ақылдаспастан) сызған болса да, ұлттың менін өшіре алмады. Және, бұл әділетсіз шекара сызығы Алаш орда қайраткерлерінің шекара сыртындағы ағайынға деген ниет, ықыласын өзгерте алмаған болатын. Күштімен теңдік тауып күресу, келісу үшін алдымен бірлік, тілеулестік, сонан соң өнер мен ғылымға жалпылай бет алу керектігін де жеріне жеткізе дәлелдеп кеткен сол алаш қайраткерлері екені даусыз. Дейтұрғанмен, бұл тарих, алаштың өткені. Бүгін де осындай кілтең һәм ақтаңдақ болып жатқан саяси, тарихи тақырыпты зерттеу және жұртқа таныс ету, Ұрпақ жадысы мен патриоттық сананы тәрбиелеу ең өзекті мәселенің бірі. “Мен кіммін?” деген Платонның ескірмес сұрағының ішінде “ол кім?”, “олар кім?” деген маңызды құрамдас бөлік барын ұмытпау керек. Сол арқылы да алаш ардақтыларына, бірлік үшін, даму үшін, бостандық үшін күресіп өткен тұлғаларға тағзым етуге болады.

Тақырып Алаш орда мен Шығыс Түркістан қазақтарының түрлі тұрғыдағы байланыстарының ізін шалу туралы. Әліміздің жетісінше, қолымызға түскен құжаттар бойынша көңіл көзіндегі кіреукені сүртуге тырысамыз.

Алаш орда мен Шығыс Түркістан қазақтарының саяси-мәдени байланыстары хақында

Алаш орда мен Шығыс Түркістан қазақтары арасындағы саяси, мәдени, ағартушылық қарым-қатынастар турасында белгілі деңгейде зерттеулер жүргізіліп жатқанына дауымыз жоқ. Бірақ,  белгілі деңгей деп отырғанымыз қай деңгей? Әрине, қанағаттанарлықтай емес. 1917 жылғы Орынббрда өткен жалпы қазақ сиезьінен кейін, 1918 жылдың жазында алаш ардақтыларынан төрт кісі, яғни, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Раймжан Мәрсеков, Садық Асылжанов қатарлылар Шығыс Түркістан қазақтарының ірі мәдени- саяси орталығы Шәуешек қаласына сапарлады. Сапардың мақсаты екеу болатын. Бірі, 1916 жылдан басталған үркін-қорқындар нәтижесінде Шығыс Түркістан жеріне, сондағы Абылай заманынан тартып қоныстанған қазақтарды пана тұтып ауған қазақтардың хал-жағыдайларын білу. Екіншіден, Шығыс Түркістан қазақтарына “алаш идеясын” нәсихаттау, Алаш орда мен Шығыс Түркістан қазақтарының ортасындағы түрлі байланыстарды жаңа деңгейге көтере отырып нығайту. Ресей бодандығына түскеннен кейінгі, қазақ даласында болған отарлыққа қарсы неше жүздеген көтеріліс, қарсылық идеяларының ең ықпалды, ең елеулі, саяси-әлеуметтік идиологиясы бұрын болмаған биік өреге жеткен тұсы тікелей Алаш қозғалысының барлыққа келуімен қатысты екенін ескерсек, бұл сапардың тарихи маңызының мүлде өзгеше екенін қапысыз ұғына аламыз. Ал, сапар нысанасы Шәуешек қаласы болуының бір себебі, Шығыс Түркістанның Іле, Алтай, Тарбағатай сынды үш өлкесін негіз етіп қоныстанғанын назарға алсақ, Тарбағатай үш өлкенің орта тұсы да, Тарбағатайдың әкімшілік орталығы Шәуешек еді. Яғни, Шәуешек салыстырмалы түрде тоғыз жолдың торабы болатын.

Ендеше, Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының өзі тізгін ұстап сапарлайтындай Шығыс Түркістан қазақтарының Алаш орда үшін қаншалық маңызы бар еді? Әрине, біріншіден, олар да шекара бөліп тастағаны болмаса алаш ұранды қазақ әулеттері. Бұған шүбә жоқ. Екіншіден, саны мол, иелеп жатқан териториясының географиялық артықшылығы үстем. Алаш орда үшін де, халықаралық жағдайлар жөнінен де саяси салмағы басым шоғыр еді. Сондықтан да, Шығыс Түркістан қазағына жәй қарау өз тұсындағы орта азия өлкелерінің аумағында күші мен интеллектуалдық қуаты ең мығым Алаш орда азаматтарына әбестік болар еді.   Үшіншіден, Шығыс Түркістан қазақтары Алаш ордаға қосылуға әрдайым ниетті болды. Мәселен, “қазақ” газетінің 1917 жылы 17 мартында шыққан 222 санындағы “баспахана туралы”  деген тақырыппен жарияланған хатта Шығыс Түркістанның Іле қазақтары:“«Қазақ» басқармасының баспахана туралы жазған сөзіне ішіміз еріп, қытай қол астындағы Күнес елінің қызай қазақтары «азамат» серіктігіне алты жүз сом жібердік. Алаш ұранды қазақ баласы әу десіп, қолға алған ісінен біз де құр қалмалық дедік. Алаш туының астына біз де қосылдық. Қараңғы бір шет жерден біздер қосылғанда, басқа көзі ашық, көңілі сергек қай қазақ қарап қалар дейміз. Бүтін алты алаш болып, бір баспаханаға ие бола алмаса, қанша ноғайға күлкі болмаймыз ба? Баяғыдан бергі телміргеніміз аз ба? Шөміштен қағылып жүргеніміз бе?

Егер қазақтың бір баспаханасы болса, әр түрлі газет, журнал, риссалдар басылып, қазақша мектеп, кітаптар көбейіп, көзіміз ашылар еді.”деп жазылып, хат соңына Мақсұт тәжі Сасанұлы, Сатыбалды молла Нұрбекұлы, Қосболат Байболатұлы, Жәйірбек Сасанұлы, Рақым Ақылбекұлы, Жиенәлі Мейірманұлы қатарлы қызай ел ағаларының қолы қойылыпты. Бұл тұлғалардың есімі «қазақ» газетінің 1917 жылы 23 февралында шыққан 219 санында “азамат серіктері” тақырыбымен қосқан жарналарымен есімдері қоса жарияланған.

Және бір дерек «Сарарқа» газетінің 1918 жылы 25 апрельде шыққан 40 санында жарияланыпты. Онда: “қытай жері Сарсүмбеден «сарарқа» басқармасына мынадай хат келді.

Қазақ халхы өз алдына автономиялы, ел қатарлы жұрттың бірі болады дегенді естіп, қайырлы болсын айтамыз. Дегенмізге жеткізіп, халқымыз жақсы атпен көркеюіне алла жәрдем берсін. Қазақ халқы өз алдына ұлт қазынасын ашты дегенді естіп, мұнда біздер 800 сомдай ақша жиып едік. Енді осы ақшаны біз қайда жібереміз? Адрес көрсетулеріңізді өтінеміз. Мұғалім Нәсіпбай һам Қарекен балалары.” Делінген. Мұнан сырт, «Сарарқа» газетінің 1918 жылғы бір санында Алтай керейлерінің “ұлт қазынасы” үшін қаржы жібере отырып жазған “тілеулестік” тақырыбындағы хатының да мәтіні осыған ұқсас. Онда ел ағаларынан Мәми үкірдай Жұртпайұлы бастаған жиырма екі кісінің есімі бар.

Жалпы бұл арада “ұлт қазынасы” түсінікті. Бұл Алаш орда үкметінің үкмет қазнасы. Ал, бірінші хаттағы “баспахана туралы” деп басталатын хаттың мән-жайын анықтай кетуді жөн көреміз.

«Қазақ» газетінің 1913 жылы 15 декабрде шыққан 42 санында “алаш азаматтарына” деген үндеу жарияланған еді. Үндеуде “азамат серіктігі” құрылғаны жарияланып, серіктікті құрушы Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлының атынан серіктіктің мәні мен мақсаты түсіндірілген.

«Азамат серіктігінің» жинақтай келе екі түрлі миссиясы болыпты. Бірі, “қазақ” газетін үзіліссіз шығару, журналға сүйеу болу. Кітап бастыру. Баспа ісін мүлтіксіз жүргізу. Екінші, жоғарыдағы мақсат өз деңгейінде орындалғаннан тартып, кедей, мүгедек оқушыларды оқыту, қиындығы ауыр жұртқа көмек көрсету. “Азамат серіктігі” өзінің осынау мақсаттарына жұмысын тоқтатқанынша  қиянатсыз қызымет етті. “Қазақ” газеті төрт рет патшалық жағынан айып пұл арқалап, жабылғанда осы серіктік құрылтайшы болғандықтан, газеттің ғұмырын жалғауға себепкер болды. Үндеуде айтылғандай “ бұл серіктестікке кіретін адам жұрт жұмысы турасында жалғыз ақшасымен серіктес болмай, көңілімен, ниетімен де серіктес болуы қажет” болды. 1917 жылы мүшелер саны 106 адамға жеткен. Серіктестікке мүше болған жарнагерлер есімі “қазақ” газетінде үздіксіз жарияланып тұрған. 1918 жылы серіктік те, газет те болшевиктер тарапынан жұмысын мәжбүрлі түрде тоқтатты.

Осы “азамат серіктігінің” үндеуінің шабытымен Жетісудағы Мамановтар әулеті 1914 жылы қазақ жазушыларына арнап “роман бәйге” жариялады. Бұл бәйгеге Шығыс Түркістаннің Құлжа өңірінен Дәуіт Отарбайев деген ақын қатысып, Шығыс Түркістан қазағының тұңғыш романын дүниеге әкелді. Дәуіт Отарбайевтің бұл күнде 1915 жылы “айқап” журналына шыққан қазақ тұрмысы туралы бірнеше өлеңі табылып отыр. Осыған қарағанда Шығыс Түркістан қазағынан алаш баспасөзіне ең алғаш шығарма жариялаған осы кісі деп түйіндеуге болады. Жалпы, “қазақ” газетінің 1914 жылы шыққан бір санында 1913 жылғы газетке жазылушылардың саны көрсетілген. Алғашқы жылдың өзінде жазылушылар саны үш мыңға жетіп, оның ішінде Шығыс Түркістан қазағынан жазылушылар онға көтерілген. Ал, мәлмет бойынша, газетке жазылушылар саны кей жылдары сегіз мыңдық санды құраған. Бұндай биік деңгей өз тұсындағы татар басылымдарын да таңғалдырса керек. Біздің білуімізше, мұндағы ең үлкен себеп, “ қазақ” газеті әлемдегі барлық қазаққа ортақ, түйіткілді мәселелерді мемлекеттік деңгейде көтеріп, ұлттық мүддені алға қоя реттеп отырғандығынан.

Енді осынау себептерге қарай отырып, Алаш орда мен Шығыс түркістан қазақтары ортасындағы экономикалық, саяси,мәдени байланыстарға бейжәй қарау мүмкін еместігіне көз жеткізу қиын емес.

Шығыс Түркістан қазақтары өздерін алаш туының астындамыз деп сезінді. Газеттер мен журналдарға жазылды. Жақсы хабарға елеңдеді.

Алаш ағартушылары Шығыс Түркістанда

Ал, Алаш орданың, алаш қайраткерлерінің Шығыс Түркістан қазақтары ортасында жүргізген ағартушылық күрестерінің тарихы бұдан әлде қайда ары созылатынын баса айта кеткіміз келеді. Бұған дәлел: ШТР- қазағы арасындағы тұңғыш мектептің мұғалымы Молдағали Бектұрлинның Алаш ордамен байланысы, алаш газет-журналдарына шалғайдағы ерікті тілші болып,  мақалалар, хаттар жолдап отыруы. Ал, бұл тұңғыш мектеп (медресе емес) 1909 ж Күнес жерінде ашылады. Ашқан адам Сатыбалды Нұрбекұлы деген кісі. Ал, Молдағали Бектұрлин өзі Жайық бойында туған. Сатыбалдының мектебінде 1909 жылдан 1926 жылға дейін мұғалім болған. Аралықта 1916 жылы жарым жыл көлемінде  Іленің Күре қаласындағы( сол тұстағы Іле, Тарбағатай  өлкелерінің әкімшілік орталығы) Шуетаң мектебінде(орта дәрежелі) дәріс берген. Бұл шуетаң мектебі туралы 1916 жылы шыққан “қазақ” газетінің бір санында “ Құлжа– Құлжада Қытай хүкүметі орталық бір мектеп ашқан. Бұл мектепке қытай қазағынан бала кірген. Бұл күнге шейін қытайға қараған қазақтан қытай мектебінде оқығаны жоқ еді. Қазақ балаларына мұсылманша дін ғылымын үйретуге қазақ мұүалім Молдағали Бектұрлыұғлы сайланған. Молдағали ашық пікірлі жігіт. Мектеп орта дәрежелі.” Деген нақты хабар бар. Шығыс Түркістанның ғана емес, иісі қазақтың өз тұсындағы әйгілі ақыны, алаш идеясының үздік нәсихатшысы Таңжарық Жолдыұлы дәл сол 1916 жылы осы мектепте білім алған. Ақынның бір өлеңіндегі: “Бұл шуетаң отыз бала жатқан жері…” деп келетін жолдар осы мектептің ауласында жазылған.  Айқаптың 1911 жылы октябрде шыққан 10 санындағы Молдағалидың хатында: “Құлжа маңындағы қытай қол астына қараған қазақларға мұғалым болып тұрғұшы Молдағали Бектұрлы ұғлы бізге жазады: талапкер мұғалымдер болса қытайға қараған біздің Алтай, Шәуешек, Құлжа маңайындағы қазақтарды да ескерсін. Біз мұнда қытайға қараған отыз бес ақалақшы(болыс) ел бармыз дейді. Бала оқытып, кәсіп істеп қайтуға дым қолайсыз болмас.” Деп жазылыпты. Демек, Молдағали ұстаз “айқап” арқылы иісі оқыған қазаққа Шығыс Түркістан қазағын ұмытпауға үндейді. Біріншіден, Молдағалидың осы хатынан кейін, екіншіден, Сатыбалды ауылындағы жаңаша оқытатын мектептің даңқынан соң, Іле өңірінде жадиттік, жаңаша үлгідегі мектептер ашыла бастайды. Үшіншіден, “Айқаптың” 1913 жылғы 11 санындағы Ғабдолла Жиенбаев деген Құлжадағы тілшісінің хабарлауынша “ Құлжа маңындағы қазақтардың уволсной һәм ауылнай старшиналарын қытайдың Ілені билеушісі шақырып алып мынау сөздерді айтты…” дей келіп, Қытай билеушісінің қазақтарға мектеп салып, бала оқытуға кірісуін міндеттегенін жеткізеді.(Хабардың ортасында Құлжа қазағында Молдағали атты мұғалім бар екенін айтып өтеді.) Осыған қарап, Іле өңіріндегі ағарту ісінің жаңа бағытқа бұрылғанын межелеуге болады. Бұл кезде Іледе Сатыбалды мектебінен соң, Іле-шала Ноғайбек мектебі, Дарубай ақалақшы мектебі секілді үш жаңаша мектеп жұмысын бастап үлгерген болатын.

Сонымен қатар Алтайда Сейтқазы Нұртаевтің ықпалымен 1910 жылы Абақия медресесі де жаңаша мектепке өзгертіліп, өзінің жаңа деңгейіне көшті. Ал, Шәуешекте Қапез Оразаевтің жетекшілігінде жаңаша оқыту үдерісі басталды. Осылайша, алаш идеясын арқау еткен Шығыс Түркістан қазақтарының идиолошиялық тұрғыдан пысып-жетілу кезеңі ресми түрде басталды.

Түйін

Бұрын “уақыт” пен “шура” басылымдарын алдырып, дүние беталысына бейімделе бастаған Шығыс Түркістан қазағы “айқап” пен “қазақ”, “сарарқа”, “бірлік туы” басылымдарымен алаш идеясының каусарынан сусындады. 1918 жылғы “бірлік туының” 18 санында: “ «Қазақ» оқушыларына һәм «Азамат» серіктеріне

Ауыр заманда, халқымыз газетке сусап тұрған кезде барлы-жоқты пұлмен, азды-көпті жолдаспен тәуекелге бел байлап шығарған «Қазақ» газеті Алаш азаматтарының арқасында алтыншы жылға айақ басқалы тұр еді. Бұл күнде уақытша біз басынан кетіп, басқалардың қолына көшіп тұр. «Қазақ» оқушыларына һәм «Азамат» серіктеріне білдіреміз: «Қазақтың» қазіргі пікірінен, тұтқан жолынан көрінген қаталар болса, халық алдында біз жауапкер емеспіз. «Азамат» серіктігінің баспаханасы түрлі мүлік саймандары, қағазы, пұлы бөлініп, орынсыз кеміп шатаққа ұшыраса һәм жауапкер емеспіз.

Өз иманымызша жұртқа пайдалы деп түскен жолымызбен жүре алмайтын болған соң «Қазақты» уақытша тастап отырмыз. Тірі болсақ, Алаш қызметіне еш уақыт бас тартпаспыз. «Қазақты» да құдай бұйырса, қолға аламыз. Ахмет Байтұрсынұлы.Міржақып Дулатұлы.Деп жарияланған газет пен серіктестіктің күйзелісті үндеуінен кейін, басылым ісінің, оқу-ағартудың маңыздылығын түбегейлі сезінді. Сонымен қатар, 1920 жылдардан бастап, алаш орданың белсенді қайраткерлері Ыбрайм Жайнақов, Раймжан Марсеков, Иса Тергеусізов, ағартушы Мейірман Ермектасов сынды азаматтар бастаған зиялылар тобының Шығыс Түркістан жеріне өтуі ондағы қазақтардың саяси, мәдени ықпалының өсуіне елеулі серпін жасады. Бұл қайраткерлердің барлығы шекарадан өткен соң, мейлі саяси, мейлі ағарту саласы болсын белсене қызмет істеді. Өздерінің тұлғалық ықпалдарын тез арада қалыптастырып, Шығыс Түркістан қазағы үшін бедел мен салмаққа, жастары үшін ұстазға айланып, алаш идеясының ақ туының айналасына жұртты ұйыстыруға үлкен еңбек істеді. 1934 жылы Үрімжіде “ қазақ-қырғыз ұйшымасы” деген ұйым құрылып, мәдени-рухани, ағарту әрекеттері жоспарлы және стихиялы түрде жүзеге асырыла бастады. Мектептер жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай көбейді. Ұйым тізгінін ұстағандардың барлығы Алаш идеясының ресми мұрагерлері еді.  Мәселен, Төрағасы Сейтқазы Нұртаевтан тартып, ұйым ісін бақылаушы Мақсұт Сасанұлы(“ азамат”серіктестігінің мүшесі), Әбеу Құдыш( Молдағали Бектұрлинның төл шәкірті), Бәрі, бәрі де интеллектуалды, ұлтшыл күрескерлер еді. Ал, Алтайдағы Оспан батыр, Шәуешектегі Майлы-Жәйір көтерілісі, Іледегі Әкбар батыр көтерілістері Алаш идеясының Шығыс Түркістан қазағының кеудесіне еккен азаттық, бостандық рухының жеміс бергенінің нақтылы бейнелері болатын. Мысалы, Іле аймағын азат етіп, Құлжа қаласын Шығыс Түркістан республикасының астанасы еткен Әкбар батыр Құлжаны алу соғысында қайтыс болғанымен, оның орнына Іле армиясының қолбасшысы болған, Әкбар батырдың мұрагері есептелген Нүсіпхан (Көнбайұлы) полковник те алаштың ардақты ұстазы Молдағали Бектұрлинның тұңғыш шәкірттерінің бірі еді.

Ұлт мұратын, алаш идеясын биік ұстанған Шығыс Түркістан қазақтары күні бүгінге дейін ұлт ұстазы Ахмет байтұрсынұлы әліппесімен сауатын ашып, ұлттық болмысын барынша шынайы сезінуі арқылы Қазақстан тәуелсіздігі жарияланған соң, елге үздіксіз оралып, әр салада жемісті жұмыстар істеп, өздерінің отанға деген адал ниетін көрсетуде. Әрине, мұның астарында арысы Қазақ хандығы, берісі алаш деп ұрандаған көсемдеріміз Әлихан, Ахмет, Міржақып аталарымыздың ұлттық мемлекет құру идеясының сана түкпірлерінде ұялап қалуы, көзін ашып, сауатын көтерген Ақмет Байтұрсынұлы әліппесіне, алаш идеясының бүгінге жетіп, толысып, толған мәңгілік рухына адалдығының бір белгісі деп ұғынғымыз келеді.

Арман Әділбек

Abai.kz

4 пікір