Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Ақмылтық 2230 10 пікір 12 Қаңтар, 2023 сағат 13:47

Назарбаев режимінің құрбандары да ақталуы тиіс!

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Президентке Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия материалдарының негізінде дайындалған көптомдықты таныстырыпты.

Сөз жоқ, ұлт үшін аса қажет дүние.

Әсіресе, қоғамымыз бен санамызды десоветтендіру, декоммунизмдендіру мен деотарландыру аса өзекті боп тұрған қазіргі жауапты кезеңде мұндай шаруаның қолға алынғаны әбден дұрыс. Бәлкім, ескі большевизмді есіркеп, советтерді сағынып, Ленин-Сталин секілді жасанды пұттарға әлі де табынып жүргендердің Авгий атқорасына айналған миы мен ой-санасын тазартуға бұл архивтер ақиқаты өз әсерін тигізер ме еді. Ортамызда жүрген біраз «ватниктерден» де арылар ма едік.

Бірақ «А» деген соң, «Ә» деу керек қой.

Білуімше, осы материалдар негізінен кешегі совет дәуіріне қатысты. Кезінде, сол комиссия құрылғанда «Қазақстан Тәуелсіздік алған уақыттан бүгінгі күнге дейін кезеңді де қосу керек» деп талап қойғанбыз. Өйткені Нұрсұлтан Назарбаев табаны күректей отыз жыл басқарған тұста да саяси қуғын-сүргін болды емес пе?!

Қазіргі жастар демократиялық ұстанымдары үшін қаза тапқан Заманбек Нұрқаділовті, Алтынбек Сәрсенбаев пен оның оққағарларын, жұмбақ жағдайда өмірден өткен биліктің сыншылары Батырхан Дәрімбет пен Асхат Шәріпжанов туралы біле бермейді.

Назарбаев режиміне ашықтан-ашық қарсы шығып, сотталып, түрмеде отырып шыққандар қаншама?!

Саяси көзқарастары үшін қудаланып, шетел асып кеткендер ше?

Сотталып, саяси белсенділігіне тұсау салынғандар ше?

Әртүрлі арандатулар ұйымдастырылып, қоқан-лоққы жасалып, ұрып-соғылғаны қаншама?!

Біз көбінесе орталықта жүрген азаматтар туралы айтамыз, ал ауыл-аймақта жүріп, өзінің саяси көзқарасы үшін қуғын-сүргінге ұшыраған ағайын қаншама?!

Бәрін тізе берсе, бірнеше том болары сөзсіз.

Солардың әрқайсысына қатысты ресми түрде қылмыстық іс қозғалып, жария және жабық соттар өтті. Оның бәрі ескі Қазақстанның архивтерінде сақтаулы.

«Судың да сұрауы бар» емес пе?

Меніңше, Жаңа Қазақстан идеясы 30 жыл ішінде болған жаңаша саяси қуған-сүргін құрбандарын ақтаудан басталуы қажет!

Сонда Жаңа Қазақстанның іргетасы моральдық жағынан таза әрі мықты болады!

Солай ақталса, мәселен, алыста жүрген экс-премьер Әкежан Қажыгелдин мен белгілі медиаменеджер Серік Медетбеков секілді қазаққа керек азаматтар елге оралып, Жаңа Қазақстанның уығын қадап, шаңырағын көтеруге ат салысар ма еді.

Және де ол аса маңызды шаруаны ертеңге қалдырмай, бүгіннен бастау қажет. Өйткені сол теперішті көрген азаматтар мен сол істердің куәләрі әлі де арамызда жүр.

Әйтпесе, ертең кеш болуы мүмкін.

PS. Айтпақшы, біздерге қарсы қылмыстық істер қозғаған прокурорлар мен үкім шығарған судьялар да арамызда жүр. Солар да көзі тірісінде өз жазасын алса, болашақ погондылар мен мантиялыларға үлкен сабақ болар еді...

Әміржан Қосан

Abai.kz

10 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1559
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2250
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3502