Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Әдебиет 2525 4 пікір 10 Қаңтар, 2023 сағат 13:41

Жапырақ-ғұмыр

Жексенбі күні жасыл саябақ ішіндегі орындықтың бір шетіне жайғастым, жалғыз едім. Жапырықтардың өлгеніне қарап отырмын. Әр жапырақтың демі үзілетін күні туады. Пәлен сағаттың пәлен минутында пәлен секундында жерге түсуі керек. Дүние жаралғалы солай, ешқашан жапырақ көтеріліп, бұтаққа қайтпайды.

Жапырақтардың жерге түсу сәті ғажап. Әр жапырақ әр түрлі өледі. Әр жапырақтың өз трагедиясы бар. Бірін жел ұшырса, енді бірі сарғайып, қурап қалса да, ағашқа тістеніп жармасып тұрады да, әбден әлі құрығанда бұтақтан құлап түседі. Кейбірі жаны үзілерде өлімге барар жолын ұзартқысы келгендей әуеде ұзын ирек сызып, төмен құлдырайды. Бұл ‒ олардың аққу әні. Кейбіреулері қос-қостан түседі. Олар ‒ «ғашық жапырақтар». Кейбірі өз ыстығынан қызарып кетеді. Бұлар ‒ дерттілер. Кейбіреулері ақырларын көптен күткендей жерге бар салмақтарымен тіп-тік төмен сорғалайды, жолдарын қысқартқысы келетін секілді. Бұлар алтыншы қабаттан құлап өмірмен қоштасатындар  секілді.

Осылайша өз ойларымды ермек қылып отырғанымда орындықтың екінші шетінен естілген дауыстан «оянып кеттім». Дауыс: «Мына орын бос па», - деп сұрады.

Бұрылып қарасам, бір бойжеткен тұр, өңі ескірген қысқа етеккөйлек, шүйкедей басына қоңырау қалпақ киіп алған. Қара көз, қасы көмірдей. Жүзі сұлу.

Сасқалақтап «бос» деп ишарат білдірдім. Қыз орындықтың шетіне, ең шетіне отырды да, көзін алысқа ұзатты.

Енді ойым жапырақтарға емес, қызға ауды. Бұған дейін менен көшедегі орындықты «бос па», деп ешкім сұрамаған еді. Сұрақ абыржытып жіберді. Көшедегі орындық бәріне тиесілі емес пе? Көше орындығы ‒ қоғамдық меншік.  Көшедегі орындықта отырып газет оқимын, тырнағымды тазалаймын, қағаз қапшықтан жүзім жеймін. Ашық аспан астында көше орындығына жантайып, қорылдап алам. Керек десең тіпті өзімді басымнан атып тастаймын.

Бұл қыз: «Отыруға бола ма», - деп неге сұрады. Жасық, жұмсақ даусына қарап қызметші-ау деп ойладым. Көз салып едім, болжамым рас екенін түсіндім. Жасыруға тырысқан қолдары үй шаруасынан қасаңданып кеткен. Алғашқы пайымым ‒ басына шытырман оқиға іздеп жүрген сыңайлы. Шынымен солай-ау. Онда құланның қасуына мылтықтың басуы. Тілдессем бе екен? Оның да көңілін көтеріп, өзім де көңіл көтерер едім. «Сізге ғашық болып қалдым»,- десем ше? Тіпті сөз айтуға дайынмын.

Бірақ қыздың бұл мейрами жүрісінде басқа мағына бар. Көшедегі орындықта тегін жасырып, ақсүйектерше отырғысы келетін секілді. Олай болса менің ақсүйек қауымынан болғаным ғой? Бейкүнә жасқаншақтықпен отыруға рұқсат сұрады, онысы жақсы әдептен хабары барын көрсетіп, қызметші екенін жасырғысы келгені, шын мәнісінде қызметші екенін көрсетіп тұр. Енді мен де соған лайық әрекет етуім керек. Жанына бармаймын. Жуып кетсем мынау ғажап қиялды быт-шыт қылып, бәрін бүлдірмекпін. Соның мүддесінен шығуым керек.

Шамам жеткенше соған қызмет етем. Қыздың кім екенін білетініме титтей де күмән тудырмаймын. Жасқаншақ, ұяң көрінемін. Ештеңе білмегендей, ол жаққа бір құрметпен қараймын да, көзімді алысқа қадаймын. Сөйтіп екеуміз ұзақ бақытты жұп болып отырамыз. Алайда арамыздағы алынбас алшақтық қысқармады. Төбемізде жұмсақ мұқабалы романдардағы ұлы құштарлық қалықтап тұр.

Арасында мазасызданып тамырында сонау крест жорықтарынан бері көк қан тулаған шаршаңқы қолымды орындықтың жақтауына асамын. Графтың, өмірден талай түңілген графтың, кейпіне еніп отырмын. А ол болса ‒ графиня-мыс.

***

Дежө Костоланьи ‒ «homo aestheticus»
(1885-1936)

Дежө Костоланьи (Kosztolányi Dezső)   – мажардың ұлы ақыны, жазушысы және аудармашыcы, сыншысы, журналисті.

Мажаршадан аударған Раушангүл Зақанқызы

Abai.kz

4 пікір