Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Ақмылтық 3132 15 пікір 10 Қаңтар, 2023 сағат 13:34

2023 жыл: Орталық Азияда қақтығыстар бола ма?

2022 жыл Орталық Азия елдері үшін оңай болмады. Бұрыннан келе жатқан шекарадағы қақтығыстар, ресурс жетіспеушілігі мәселелерімен қатар, ірі державалар арасындағы геосаяси қарсыласудың жаңа кезеңі басталды.

2023 жыл да өз қиындығымен келмек. Бұл туралы «Ma'no» (Өзбекстан) зерттеу бастамалары орталығының директоры Бақтияр Эргашев ММУ Ақпараттық-талдау орталығына берген сұхбатында айтады.

Сарапшының пікірінше, биыл Орталық Азияны үлкен әскери қақтығыстар күтіп тұрған жоқ. Әрине, Қырғызстан мен Тәжікстан арасындағы шекара мәселесі әлі шешілмеген. Егер екі ел арасында кикілжің туа қалса, оларды татуластыруға Қазақстан мен Өзбекстанның сөзі өтеді. Оның үстіне Қытай мен Ресей Орталық Азиядағы қақтығыстарға мүдделі емес. Қытай Тайуанмен, Ресей Украинамен әуреге түсіп жатыр.

Сондай-ақ, ол 2023 жылы Орталық Азияда газ, электр энергиясы, су ресурсының тапшылығы, бағаның өсуі де айтарлықтай кикілжіңдерге алып келмейтінін айтады.

«Қысты күндері электр энергиясының жетіспеушілігі Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстанға 20 жылдан бері тән. Қазақстанда электр энергиясымен, жылумен қамтамасыз ету саласында апаттар болып жатқанын көріп отырмыз. Бірақ, мемлекет мұны шешудің бар амалын жасап бағуда. Сондықтан жылыту жүйесіндегі апаттар билікке қарсы наразылық тудырады деп ойламаймын», - дейді спикер.

Сарапшының айтуынша, Орталық Азияның бес елінде де саяси режим өзгереді деп айтуға нақты негіз жоқ.

«Тәжікстандағы жағдай қалыпты. Қазіргі билікке ұйымдасып қарсы шығатын ішкі күштер жоқ. Кейінгі жылдары Түрікменстандағы биліктің ауысуына қарап, Президент Сердар Бердімұхамедовке қиындық туғызатын жүйеден тыс оппозициялық күштің жоқтығын көруге болады.

Менің ойымша, Қазақстан 2022 жылғы қаңтар оқиғаларынан кейін қорытынды жасады, сабақ алды және оппозиция аса белсенділік көрсете қоймайды. Қазақстанда жаңа кезеңде басталған саяси, экономикалық реформалар қоғамдық консенсус береді. Қазір Қазақстанда саяси режимді құлату үшін Конституцияға қарсы әрекетке баратын күштер жоқ. Дәл қазіргі биліктің қоғамда беделі бар. Билік елге реформалар бағдарламасын ұсынды. Халықтың едәуір бөлігі осы реформаларды қолдайды және президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа және оның командасына жоспарды жүзеге асыруға карт-бланш береді. Сондықтан былтырғы қаңтар оқиғасы қайталанбайды деп ойлаймын.

2017 жылдан кейін Өзбекстанға Шавкат Мирзиеев билікке келгеннен соң елге ұсынылған реформалар бағдарламасы қолдау тапты. Яғни, Өзбекстанда реформалар бойынша қолдау бар, Президентке сенім мен оның бағытын қолдау бар. Менің ойымша, ел тыныш болады. Тіпті 2022 жылғы Қарақалпақстандағы оқиғалар Үкіметтің жағдайды сенімді түрде бақылап отырғанын, төтенше жағдайларға жауап бере алатынын, қорытынды жасай алатынын көрсетті.

Қырғызстан – өңірдегі ерекше ел, Бірнеше революцияны бастан өткерді. Ешкім бұл елде қарулы көтеріліс болмайды деп баса айта алмайды. Бірақ соған қарамастан президент Садыр Жапаровтың командасы қазір жағдайды жақсы бақылап отыр.  Оппозициялық күштердің қатты қарсылығына қарамастан, қиын кезеңде де Өзбекстанмен шекарадағы даулы учаскелерді реттеу туралы келісімге қол қойылды, оң шешімін тапты. Бұл Жапаров бастаған атқарушы биліктің елді сенімді түрде басқарып отырғанының дәлелі. 2023 жылы Қырғызстанда кезекті көтеріліс, төңкеріс немесе революция күтілмейді. Менің ойымша, Жапаров Қытаймен де, Ресеймен де жақсы қарым-қатынас орнатты. Бұл елдермен арада мәселе туындамайды», - деп болжапты Бақтияр Эргашев.

Сарапшының айтуынша, Орталық Азия елдері еркін сауда аймағын құру сияқты маңызды серіктестікке дайын емес. Бірақ, екіжақты байланыстар дамиды. Атап айтқанда, Өзбекстан Қырғызстандағы Нарын өзенінде су электр станциясының құрылысына қатысуды жоспарлап отыр және Тәжікстандағы Зеравшан өзенінде су электр станциясының құрылысына қатыспақшы. Басқа жобалар да бар. Нәтижесінде, бұл аймақтық сипаттағы көпжақты ірі жобаларға қол жеткізуге серпін береді.

Жалпы бүкіл әлем үшін 2023 жыл шиеленісті және тұрақсыз болмақ. Орталық Азияда өңірлік деңгейде серіктестік құру әрекеттері жалғасады. Сондай-ақ, елдер жаһандық ойыншылар арасындағы геосаяси қақтығыстың кесірі тимеуін барынша қадағалайтын болады.

Дайындаған Айжан Темірхан

Abai.kz

15 пікір