Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Ақмылтық 2969 45 пікір 9 Қаңтар, 2023 сағат 14:41

«Ресей Украинамен соғыспағанда, Қазақстанға басып кірер еді»

Белгілі украин журналисі Дмитрий Гордон өзінің «You tube» арнасында айтқан «Ресей Украинамен соғыспағанда, Қазақстанға басып кірер еді» деген сөзі әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті.

Журналист Украина әскері Ресейді әбден қалжыратқанын айтады. Сондықтан Путин Қазақстанмен қақтығысқа келмей отыр.

«Ресей Қазақстанға соғыс ашпай, ол жерге бірден басып кіріп, оны бодан етер еді. Енді оның шамасы жоқ. Екі бағытта соғыс жүргізуге күші жетпейді. Біз оларды әбден қалжыраттық», - деді Гордон.

Гордонның сөзінше, Ресей Президенті Владимир Путин бұрынғы Кеңес Одағын қайта құрғысы келеді. Ең құрығанда Ресейге жақын елдерді одақтастырғысы келеді. Мысалы, Украина, Беларусь, Қазақстанды боданына алуды көздейді.

«Егер қолынан келіп жатса, Тәжікстан, Өзбекстан ары қарай кете береді. Балтық жағалауы қолдан кетті... Бірақ, Грузия, Армения, Әзірбайжан Путин үшін әлі де Кеңес Одағы елдері. Ол Балтық жағалауы елдерін әлі күнге дейін «Прибалтика» деп атайды. Соған қарағанда Путиннің ол жаққа да қатысты ойы болған», - деді журналист.

Гордонның сөзінше, бұрынғы Кеңес одағынан шыққан елдер Украинаға алғыс айтуы керек. Егер Ресей Украинаға соғыс бастамағанда, басқа Кеңестің құрсауынан шыққан елге жорығын бастар еді.

Қазақстандық журналист Дәнеш Байболатов өзінің Facebook парақшасында: «Гордонның сөзін толық оқып шыққанда, оның Қазақстанға ешқайдай тіл тигізбегенін көресіз», - дейді.

«Толық оқып шыққан соң Гордонның айтқаны басқа сипатта екенін байқайсыз. Яғни, әркім өзі көргісі келгенді ғана көреді. Контекстен жұлынып алынған сөзге байбалам салудан бұрын, түпнұсқаға жүгінген жөн.

Екіншіден, Ресей әскері келсе аянып қалмаймыз деген жалаң батырлықты шетке ысырып қойып, нақты жағдайға қарап көрейікші. Қазір жоғары технологияның соғысы. Украинадағы соғыс тіпті танктердің дәурені аяқталып келе жатқанын байқатады. Жаңа заман соғысында цифрлы технологиялармен қаруланған ел ғана жауына төтеп бере алады. Ал Қазақстанның қарулы күштері іс жүзінде кешегі кеңестік қарумен жарақтанғанын ескеріңіз.

Осы екі фактіні қатар қойған соң, үнемі қазақ елі туралы жақсы сөз айтып жүретін Гордонның сөзіне кіжінгеніміз дұрыс па, бұрыс па?», - деп жазды ол.

Дмитрий Гордонның сөзі (түпнұсқа):  

«Россия бы с удовольствием не воевала с Казахстаном, а вошла бы туда и поработила бы его. Но у нее уже сил нет. Вести две войны сил у нее нет. Мы их вымотали... У Путина, в его тупой, совковой, советской такой, кондовой, кагэбистской голове, все время Советский Союз. У него в жопе играет Советский Союз. И он все время был одержим манией восстановить Советский Союз. Ну если не весь, то хотя бы Украину, Россию, Беларусь и Казахстан объединить в одно целое. Но если получится, и Таджикистан, и Узбекистан, и так далее. Понятно, «Прибалтика» ушла... Но Грузия, Армения, Азербайджан – да. Это все для него Советский Союз. Хотя про страны Балтии я сейчас сказал... Ну Путин называет их «Прибалтикой». Я думаю, что и насчет них он имел какие-то мысли».

Айжан Темірхан

Abai.kz

45 пікір