Жұма, 29 Наурыз 2024
Асқанға - тосқан 2828 0 пікір 9 Қаңтар, 2023 сағат 15:11

Ресей жеңілсе не болмақ?

Ресейдің Украинаға соғыс ашқанына 10 айдан асты. Ресей билігі "жылдам арада соғысты өз пайдамызға шешеміз" деп ойлаған болатын, алайда соғыс беталысы Кремль ойлағандай болмай шықты. 

Ресейдің Украина жеріндегі әскери сәтсіздіктері мен кей бағыттағы анық жеңілістері сарапшыларды бір сұрақ аясында талқы жасауға итермелеуде. Ол "Ресей жеңіліс тапса не болады?" деген сұрақ. Түрлі болжам, түрлі пікір айтылуда.

Сарапшылар Кремль жеңіліс тапса, Ресейдің ыдырау процесі басталуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Бұл Ресей билігіндегі элита арасындағы таққа таласқа ұласудан бастау алуы мүмкін. Негізгі қарсылас ретінде Батыспен келісімге келуді қолдайтын, барлық әскери әрекетті Путин мен әскери блок басындағыларға ысыруды қалайтындар мен келісімді қолдамайтын және Ресейдің әскери держава ретінде әлем үстемдігі үшін күресті жалғастыруын қолдайтындар қарастырылуда. Бұл екі көзқарастағылар саны қанша және әлеуеті қандай деген сұраққа нақты жауап жоқ. Соғыстың басында Путинді ашық қолдайтындар көп болса, соңғы уақытта әскери сәтсіздіктерді айтып, кінәлілерді іздеушілер саны артқан. Бұл саясаткерлердің пікірі мен ақпараттық кеңістікте айтылатын талқыда көп айтылуда.

Ресейдің әскери блогында да бейресми тартыс артты. Қазіргі таңда үш блок бар дейді сарапшылар. Ол Қадыров бастаған жасақтар, Путиннің аспазшысы болған Пригожиннің жалдамалы жендеттері саналатын вагнерліктер және Шойгу басқаратын Қорғаныс министрлігі. "Пригожин мен Қадыров өзара ым-жымы бір, Шойгудің шалыс басқанын үнемі айтып отыратындығы да содан" дейді кей ақпарат көздері. Ал президент Путин үш әскери блок арасында баланс ұстауға мәжбүр.

Путин соғыстағы сәтсіздіктің кері әсерін азайту үшін ақпараттық кеңістікті қыспаққа алуды жалғастыруда. Соғысқа қатысты ресми позицияны ұстанбаған тілшілер түрмеге тоғытылуда, ал сайттар бұғатталуда. Бұл кез келген сәтсіздік сәтінде авторитарлы режим ұстанатын әдіс. Ресей билігі балама ақпаратты азайтып, қоғамды ақпараттық сүзгіде ұстау мақсатында әлеуметтік желіні сүзгіден өткізуді де күшейтті. Осылайша солтүстік көршіміз ақырындап оқшауланып, "жабық есік" саясатына көшуде.

Ресей әскерінің Украина даласындағы жеңілісі оның ішкі қарама-қайшылықтарын өршітіп жіберуі мүмкін. Татарстан, Башқұртстан, Кавказ аймағы сөзсіз өзіне көбірек артықшылықтар сұрай бастайды. 2023 жылғы аймақтарға бюджет бөлу мәселесінде Ресей билігіндегі қарама-қайшылықтарды көріп қалуымыз да мүмкін. "Ресейдің Украинада жеңіліс табуы оны ыдыратпаса, экономикалық тұрғыдан Қытайға тәуелді етеді, жеңген күннің өзінде ол Бейжіңге кіріптар болмақ" дейді мамандар.

Ка Мырза

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2256
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3534