Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Әдебиет 2357 1 пікір 9 Қаңтар, 2023 сағат 14:05

Мәміле

Өзін-өзі өлтіруші үш хат жазды: біріншісі ‒ елдегі әкесімен қоштасу хаты, екіншісі ‒ өзін-өзі өлтіргені жайлы полицияға жазғаны, үшіншісі ‒ мүрдесін табатын адамға жазған хаты. Өзін-өзі орман ішіндегі алаңқайда өлтіретінін алдын-ала қарап қойған.

Осы үш хатты қалтасына сүңгітті. Револьверін айналдырып көрді. Бірнеше күн бұрын барлық мүмкіндікті ескере отырып, алты оқ салып сайлап қойған.

Өзін күн батқанда, түнде өлтірем деп шешті. Түс ауған кез болатын. Аспан  шайдай ашық. Мұндай ойлармен күні бойы үйде не істеп отырсын? Түстен кейінгі газеттердің бас мақаласын оқып отыратын жағдай емес. Ақырын орман жаққа қарай жаяу жол тартты.

Арық, жүдеу жүзді жас жігіт даңғылмен ілбіп жүріп барады. Ескі, жұпыны жыртық киімі ‒ жер бетіндегі соңғы кебенегі. Қаладан құр қол шығып барады.  Өзімен тек өмірін алып барады. Тек соған мұқтаж еді. Оның өзін де құрту үшін апара жатыр.

Көңіл күйі астаң-кестең болды. «Өлім азабы қиын ба екен?», «Жан адамның денесін қанша уақытта тастап шығады екен?» деген сұрақтар мазалады. Қаншама жұбатқыш ғылыми пікірлерді оқыса да, жаны жай таппады. Қиналғанын қаламады. Бұған дейін шеккен азабы да бір ғұмырға жетерлік.

Жүрегінен емес, басынан ататынын шешіп қойған. Бірақ басының қай жерінен? «Ең дұрысы ‒ ауыздан ату» дейді. Себебі оқ мишықты әп-сәтте тас-талқан қылып, адам есінен бірден айырылады екен.

Осы ойларымен әлек болып келе жатқан мезетте, көрші көшеде бір жүргізуші мырза алпыс километр жылдамдықпен жүйткіп келе жатқан еді. Даңғылға қарай бұрылғанда, өзін-өзі өлтірмек болған жігттің тротуарға шығуға уақыты қалмаған (секіріп шығайын деп-ақ еді), көлік қақты да кетті.

Жүргізуші мырза тежегішті басқан, бірақ кеш еді. Не істерін білмей автомобилінен теңселіп шықты. Көзілдірігін шешті. Не істегенін көріп тұр.

Жол ортасында арық денелі, қоңыр қара, жыртық киімді жас жігіт жатыр. Аппақ жүзін қан жуған, өлімші етіп соғылған. Бірақ әлі тірі екен. Қимылдап жатыр.

Жанына барып тізерледі, еңкейіп, жерден көтермек болды, бірінші ауруханаға жеткізбек.

Жігіт әлдене деп ишарат білдірді. Қолын көтерді. Жүргізуші жерден көтеріп еді, жігіт оны қатты құшақтап, сыбырлады:

- Рахмет.

- Түсінбедім, - деді есі шыққан жүргізуші.

- Рақмет, - деп даусын шығара қайталады, - рақмет Сізге.

Жүргізушінің басы айналып кетті. Ажал аузында жатқан бейшараның мұнымен қалжыңдасқаны несі? Неткен қара қалжың?

Бұған өзін-өзі өлтіруші шамданғандай, қалтасына қолын салып, әлгі үш хатты алып шығып, жүргізушіге берді.

Бірі тікелей бұған жазылыпты: «Мені тапқан адамға» деп тұр. Ол хатта «жалғыз арманы мына қарғыс атқыр өмірінен құтылу екенін және ол ниетінен ештеңе айныта алмайтынын» жазыпты. Қалған екі хатты бұрышта тұрған полиция алып қалды.

Бұлар хаттарды үрке қарап жатқанда, өзін-өзі өлтіруші үнсіз, тыныш қана қас-қағым сәтте о дүниеге аттанып кете барды. Жаны қиналмаған секілді көрінді. Жүзінде жымиыс бар.

Өлік тасушы келіп алып кетті.

Жүргізуші қалтасындағы хатты кінәлі еместігін дәлелдеу үшін полицияға берді.

Сөйтіп екеуара мәміле сәтті іске асты.

***

Дежө Костоланьи ‒ «homo aestheticus»
(1885-1936)

Дежө Костоланьи (Kosztolányi Dezső)   – мажардың ұлы ақыны, жазушысы және аудармашыcы, сыншысы, журналисті

Поэзия, проза, драматургия және тағы басқа әдеби жанрларда қалам сілтеген Дежө Костоланьидің стилінің қалыптасуына символизм, экспрессионизм, импрессионизм және психологиялық реализм бағыттары әсер еткен. Ол мажар әдебиетінде футуризмнің негізін қалаған жазушы саналады.

Өлеңдері терең философиялық мазмұнмен ерекшеленсе, қысқа прозалық туындыларына тән сипат - үнемі «ішкі меннің» қайшылығына құрылатын кейіпкер басындағы психологиялық «драма». Әңгімелерінде жан құбылыстары тілдік дәлдікпен және байқағыш сананың көзімен бейнеленеді. Жазушы кейіпкеріне адамгершілік тұрғысынан «үкім» шығарған кезде әрқашан түсіністікпен қарайды, адамның «бар болуы» мен сезімін қорлауға жол берілмеуі тиіс деген ойы - көркем шығармаларының өзегі. Мұны біз «гуманизм» деп атар болсақ, жазушының өзі осындай асқақ сөздерге абай болғанға ұқсайды.

«Батыс» журналының 1933 жылы шыққан 1-санында:  «Мойындаймын, менің моралім ‒ осы, басқа моралім жоқ. Француз фиолософы Жюль де Готьенің ұғымдар жүйесіне мойынсұнамын, ол екі түрлі адамды таниды: біріншісі - «homo moralis», мораль адамы, екіншісі «homo aestheticus», сұлулық адамы. Адамзат тарихы ‒ осы екі адамның күресі», -деп жазды.

Өзін «homo aestheticus», сұлулық адамы деп сипаттап, «адамнан асқан құндылық жоқ, қандай да бір ерекше қасиеті үшін емес, адам тек адам болғандығымен құнды» дейді.  Ал әдебиет шытырман оқиғалар мен ойыннан тұрады деп сенді. Жазушы әрі ойнақы, әрі терең болуға ұмтылды. Tіл мен саясатқа қатысты мәселелерді барлық маңызды мәселелерді шығармаларының мазмұнына арқау еткеніне  қарамастан, әуезді, ырғақты, сұлу поэтикалық шешімдер ақынның поэзияда пішін біріншілігін дәріптейтінін көрсетеді.

Болашақ жазушы Австро-Венгрия монархиясына қарасты Суботица қаласында (қазір Сербияға қарайды) дүниеге келген. Жазушының романдарының оқиғаларының осы қалада өтетінінің себебі де ‒ осында. Дворян Костоланьилер Австрия-Мажарстан монархиясының оңтүстігінде үш қамал мен үлкен жерге иелік ететін және осы аймақтағы жалғыз ақсүйек әулет болатын.  Жазушы тұлғасының қалыптасуында шыққан тегі мен отбасы басты рөл атқарды. Әкесі Арпад Костоланьи (1859-1926) физика және химия профессоры әрі мектеп директоры болған. Анасы ‒ Эулалия Бреннердің (1866-1945) ұлты француз еді. Айтпақшы әйгілі мажар жазушысы Чат Геза (шын аты Йожеф Бреннер) ‒ Костоланьидің нағашы інісі.  Aтасы Агоштан Костоланьи ‒ банк қызметкері, 1848-1849 жж. ұлт-азаттық көтерілісінде капитан болған, атақты Бем әскерінің құрамында соғысқан.  Көтеріліс көсемі Лайош Кошутпен таныс болып, Шандор Петөфимен де сөйлескен деседі.

Дежө Костоланьи Суботицада мектепке барды. Мұғаліммен сөзге келісіп оқудан шығарылaды. Сегедте жеке дәрістер алып, мектепті өз бетінше оқып бітірді.

1903 жылы Будапештке көшіп, Будапешт университетінің гуманитарлық факультетінде мажар және неміс тілдері мамандығы бойынша оқуын бастады. Мұнда ол ақындар Михай Бабитч, Дьюла Юхаспен, жазушы Милан Фүштпен кездесіп, ХХ ғасыр басындағы мажар әдебиетінің көрнекті өкілі Фридьеш Каринтимен айырылмас дос болады. Университеттегі консервативизм құрсауына сыймаған Дежө Вена университетіне ауысты. Оның қабырғасында Гегель философиясы, Франц Грильпарцер, Шиллер секілді ақындардың шығармашылықтары туралы дәрістер тыңдады. Бірақ оны аяқтамай елге оралып, журналистікке араласып, осы кәсіппен өмір бойы айналысты.

1908 жылы Парижге кеткен ақын Эндре Адидің орнына «Будапешт» газетіне жұмысқа орналасtы. Костоланьи 20 ғасыр басындағы аты мәшһүр мажар ақындарымен бірге атақты «Батыс» журналын шығарушылардың қатарында болды. Ағылшын, неміс, француз, испан, италия және латын тілдерін еркін меңгерген сирек талант еді. Осы ерекше қабілетін пайдаланып, Шекспир, Гёте, Г.Бюхнер, Рильке, Бодлер, Верлен, Мопассан, Кэрролл, Киплинг, О. Уайльд секілді әлем әдебиетінің ұлы тұлғаларының шығармаларын  аударып, 1909 жылы «Қазіргі дәуір ақындары» деген атпен бір жинақта жариялады.

1910 жылы «Кедей баланың арыздары» атты алғашқы өлеңдер кітабы жарық көреді. Бұл жинақтан соң Дежө Костоланьидің аты ел ішіне кең таралып, өміріндегі жемісті кезең басталды. Жыл сайын бір кітабы шықты. 1913 жылы ол актриса әрі жазушы Илона Хармошқа үйленді. Жары  әңгімелерін «Илона Гөрөг» деген лақап атпен жариялайтын. 1915 жылы Костоланьидің ұлы дүниеге келді.

Бірінші дүнежүзілік соғыс кезінде Костоланьидің ағасы тұтқынға түсіп, Сібірге лагерге айдалып, сонда қайтыс болды. Ағасының өлімі Дежөні сеңдей соғып, теңселтіп кетті. Бірінші дүниежүзілік соғыс аяқталған соң Трианон бейбіт келісімі бойынша мажар жерінің үштен бірі көрші шетелдерге бөлініп берілді. Әрбір үшінші мажар шекарадан тыс қалды. Мажарстан тарихындағы ұлттық қасірет Костоланьиды айналып өтпеді, әке-шешесінен, аға-іні, қарындастарынан ажырап қалады, себебі Суботица бөтен елге - Сербияға қаратылған болатын. Осындай трагедияларға қарамастан жазушы қолынан  қаламын тастамады.

1931 жылы мажар ПЕН клубының Президенті болды.

Дежө Костоланьи 1936 жылдың 3 қарашасында қатерлі ісіктен қайтыс болды.

Оның өлең жинақтары: «Төрт қабырға ортасында» (1907), «Кедей баланың арыздары» (1910) «Сиқыр» (1912), «Көкнәр» (1916), «Нан мен шарап» (1920), «Мұңды жігіттің арыздары» (1924), «Жалаңаш» (1928), «Шырылдауық табиғат» (1930), «Есеп» (1933), «20 ғасыр ақыны» (1931), «Эшти Корнел жыры» (1933), «Таңғы мастық» (1933), «Жоқтау» (1933), «Ештеңе туралы өлең» (1933)

Әңгімелер жинақтары:«Эшти Корнел» (1933), «Теңіздің көзі» (1936).

Романдары: «Қанқұйлы ақын Неро» (1922), «Бұлбұл» (1924), «Алтын айдаһар» (1925) «Анна Эдеш» (1929).

Мажаршадан аударған Раушангүл Зақанқызы

Abai.kz

1 пікір