Жұма, 29 Наурыз 2024
Айқай 2923 28 пікір 6 Қаңтар, 2023 сағат 14:29

«Ң» жойылып кету қаупі астында тұр!»

Қазақстан Республикасы
Парламенті Мәжілісінің
депутаты Қ.Ж. Исаға; 
Қазақстан Республикасы
Парламенті Мәжілісінің
Депутаты Е.Т Жаңбыршинге!

Құрметті Қазыбек Жарылқасынұлы!

Құрметті Еділ Терекбайұлы!

Өздеріңіз де байқаған боларсыздар, кеше Сіздердің аттарыңызға жазылған «Ң ЖОЙЫЛЫП КЕТУ ҚАУПІ АСТЫНДА ТҰР!» деген «Ашық хатты» «Facebook» әлеуметтік желісіндегі парақшама жүктегенім сол екен, жұрт жабыла бөлісіп, қызу талқылады да кетті.

Оқырмандардың пікіріне қарап отырсақ, олардың бәрі «Ң»-ның тағдырына қатты алаңдаулы екен.

Мысалы, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Өтеген Оралбайұлы ағамыз Оспанхан Әубәкіровтің «ҢӨҢ» атты өлеңіне сілтеме жасай келіп, аталған мәселеге байланты өз ойын айтып, «Бұл орыс тілінің өктемдігінің белгісі, енді осы топқа Қ, Ү,Ұ, Ө әріптері де кіріп кетпесе болар еді. Ауыт қауіп айтып отыр, естір құлақ та азаң, айтар тіл де мазаң...» - деп, алаңдаушылығын білдіріпті;

Zhanabek Nar атты жерлесіміз «...жастардың жаппай бұл әріптерді айыра алмауы, ойландыратын жағдай» деген ойын ортаға салыпты;

Ілесбек Байжанов ағамыз «Қолдаймын! Өте орынды, және Ұлт тағдырындағы аса маңызды ұсыныс!!!!» - деп, қолдау білдіріпті маған;

Amantay Toyshybayuly «Бүгін сөзін таңдадым. Жаңа тағайындалған білім министрі де ң-ды айта алмайды екен. Жанағы, жанағы деп сөйледі...» -деп, Бас мұғалымның «Ң»-сыз сөйлейтініне назар аударып үлгіріпті;

Nurlan Asqar ініміз «Өте орынды мәселе. "Н" мен "Ң"-ды айыра алмайтындар, айырса да айта алмайтындар, айта алса да еліктеп, қасақана айтпайтындар көбейіп кетті. Тіпті журналистер арасында да етек алды. Сондықтан бұған бір шара қолдану қажет!» - деп, «Ң»-ға тілі келмейтіндердің көптігін алға тартыпты;

Пәкизат Нұрдаулет қарындасымызды «Ң» тағдыры қатты толғандырып жүр екен, «Соны ойлап жүр едім аға, Қазақтілді мамандармен, тіпті ғылым миністіріде, журналистерде Н-ды Ң-нан парықтамайды. Естігенде жаныңа ине сұққандай болады. Үйіміздегі ұл-қызмызға дұрыстап айт деп қақсайтын болдық...» - деген пікір қалдырыпты...

Қысқасы, «Ң»-ның тағдыры кім-кімді де бейжай қалдырмайтын, жұрттың алаңына айналған ауқымды мәселеге баяғыда айналып кеткені белгілі болды.

Сондықтан, «Ң»-ның жойылып кету қаупі астында тұрған бұл мәселені ың-жыңсыз қоя салуға болмайды!

Ел болып, жұрт болып, Өздеріңізге сүйене отырып, бұл тақырыпты көтеру қажет! Мемлекеттік деңгейде шара қолданбаса, «Ң» дыбысы мен әрібінен Ай мен Күннің аманында айырылып қаламыз. Ертең бізді тарих та, Ахмет Байтұрсынұлы атамыздың рухы да бізді мәңгі кешірмейді!

Айтпақшы, бір қызығы, мен көтерген осы «Ң»-ның тағдырына қатысты мәселеге қаншама жұрт алаңдаушылық білдіріп, өз пікірлерін қалдырғанымен, бірде-біреуі аталған мәселені шешудің – «Ң»-ды құтқарып қалудың жолын көрсетпепті.

Мәселе көтерген соң, оны шешудің жолын да ұсынған дұрыс қой. Жоғарыда Ілесбек Байжанов ағамыз айтқандай, бұл Ұлт тағдырындағы аса маңызды мәселе. Тағы қайталап айтайын, Тәуелсіз ел бола тұрып, мемлекет құраушы ұлт - қазақтың айналдырған 28 дыбысына ие бола алмасақ, ол да елдігімізге үлкен сын!

Оның ұстіне, арғы жағын айтпағанда, «Ң»-сыз сөйлеу мен жазу отыз жылдан бері әбден қалыптасып, ұлтымыздың етінен өтіп, сүйегіне сіңіп кеткен дерт! Ол дертті бір-екі ауыз сөбен немесе бірер бұйрықпен емдеп жазуға келмейді, ұзақ барыс керек. Тіпті, бірнеше буын буынға дейін жалғасатын шара қолдануды талап етеді. Сосын бұл мәселе министрліктердің деңгейінде емес, Үкіметтің, керек болса, Президенттің деңгейінде ғана шешіледі. «Ң туралы» заң қабылданса да артық болмайды.

Себебі, Өтеген Оралбайұлы ағамыз дұрыс айтады, бүгін «Ң»-ды жоғалтсақ, ертең Қ, Ү, Ұ, Ө әріптерінен айырыламыз...

Құрметті Қазыбек Жарылқасынұлы!

Құрметті Еділ Терекбайұлы!

«Ң»-ды сақтап қалу үшін, Сіздерден төмендегі бес мәселе бойынша депутаттық сауал жолдап,

Бірінші, 2023 жылды, болмаса 2024 жылды «Ң жылы» деп жариялауға;

Екінші, «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» заңына толықтыру енгізіп, 4 мамырды «Ң-ды қорғау күні» деген атпен кәсіби және өзге де мерекелердің тізбесіне енгізуге;

Үшінші, Астана, Алматы, Шымкет қалаларын қамти отырып, 17-облыстың орталықтарынан, өзге диаспора өкілдері көп қоныстанған аудан, ауылдардан «Ң»-ға көше аттарын беруге;

Төртінші, республика көлеміндегі мектептер мен балабақшаларға ең кемінде бір «Ң» дыбысы бар сөзден құралған атаулар беруге;

Бесінші, мектеп оқушылары мен жоғары оқу орындары студенттері арасында «Ң»-нан жылына бір мәрте республикалық олимпиада өткізіп тұру үшін мемлекеттік бюджеттен арнайы қомақты қаражат бөлдіруге ықпал етулеріңізді сұраймын.

Құрметпен,

Ауыт Мұқибек,

«Құрмет» орденінің иегері

Abai.kz

28 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2256
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3532