Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Қаңтар оқиғасы: 3355 28 пікір 5 Қаңтар, 2023 сағат 13:32

Қаңтар қасіреті: Мәжілісте айтылған мәліметтер

Бүгін ел халқы "Қаңтар қырғынының" бір жылдығын еске алуда. 2022 жылы, 5 қаңтарда ел бойынша өтіп жатқан жаппай наразылық акциялары қақтығысқа ұласып, оқ атылды, жүздеген адам ажал құшты. Мәжіліс бүгін "Қаңтар қырғынына" байланысты арнайы тыңдау өткізді. 

Мәжіліске Бас прокурор келіп, оқиға бойынша тергеудің қалай жүріп жатқанын, арандатуды кімдер және қалай ұйымдастырғанын, қаза тапқандар жайлы және т.б ақпараттарды айтты. Мәжіліс отырысы қаңтарда көз жұмғандарды еске алып, бір минуттық үнсіздіктен басталды.

Бас прокурордың айтуынша мемлекеттік төңкеріске дайындықты мүдделі топтар 2021 жылы бастаған. Олар қаңтардағы қырғынға бір жыл бойы дайындалған топтар, жылдам әрі ойластырылған жоспар бойынша билікті басып алуға тырысқанын айтады.

"Біз басқарылатын хаос кезінде еліміздің жоғарғы басшылығын ауыстыруға бағытталған операция тыңғылықты жоспарланған деп айта аламыз. Шын мәнінде, мемлекеттік төңкеріс жасауға әрекет жасалды. Өздеріңіз білетіндей, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшыларына қатысты мемлекетке опасыздық жасау және басқа да аса ауыр қылмыстар туралы іс "аса құпия" режимінде тергелді. Материалдарды жариялауға шектеу қойылған, өйткені оларда мемлекеттік құпиялар бар. Істе сыртқы саяси, қарсы барлау және жедел-іздестіру қызметіне қатысты мәліметтер бар. Оларды жариялау ұлттық қауіпсіздік мүдделеріне нұқсан келтіруі мүмкін", - деді Бас прокурор Берік Асылов.

Бас прокурор ҰҚК ғимараттарын кім тастап кету туралы бұйрық бергенін де айта кетті. "Тергеу мәліметтері бойынша, 5 қаңтарда ҰҚК төрағасының орынбасары Әнуар Садықұловтан жеке құрамның ғимараттан шығуға дайындығы туралы жазбаша ұйғарым келіп түскен. Кәрім Мәсімовтің нұсқауымен ҰҚК-нің ғимараттары Алматы қаласы мен Қызылорда облысы қалды.Сонымен қатар басшылықтың бұйрығымен Алматы және Жамбыл облыстарының полиция басқармаларының ғимараттары қалдырылды.Тікелей айтайын, бұл басшылар әлсіздік көрсетті.Бұл жеке құрамның рухын жартылай түсірді. Нәтижесінде тәртіпсіздікті ауыздықтау үшін дер кезінде шаралар қабылданбады", - дедң ол.

Прокурор Асыловтың айтуынша, төңкерісті ұйымдастыру бойынша 12 қылмыстық топ әрекет етіп, сол күндері белсенділік танытқан. Олардың ішінде атышулы "Жабайы Арман", "Қазақстандық", "Айшуақ-Жантүгел" және тағы басқа ұйымдасқан топтар болған. Әрине, ел арасында көп айтылып жүрген "Жабайы Арманның" әрекетіне қатысты да мәліметтерді айта кетті. "Жабайы Арман" ҰҚК-дегі кураторы арқылы арнайы нұсқаулық алып отырған.

"Ол тәртіпсіздіктерді ұйымдастырып, адамдар тобын басқаруды өз қолына алып, билікке бұлтартпас талап қою үшін "халық кеңесі" дегенді құруы тиіс болған. Оған Алматы қалалық мәслихатының экс-депутаты, сондай-ақ қылмыстық топтың белсенді мүшесі Махатов көмектескен, ол Алматыдағы "Қазақстан" қонақ үйіне келуші бандиттерді қаруландырған. Алайда олар жаппай наразылықты басқара алмады. Халық оларға ермеген", - деді Бас прокурор.

"Жабайы Арман" ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы ұсталғаны туралы хабар алған сәтте сенімді алиби жасау үшін қарақшыларға тонаушылыққа қарсы күресіп жатқан болып қала тұрғындарына тап беру туралы тапсырма бергенін айтты. Бүгінде тергеуде отырған "Жабайы Арман" лақап атымен белгілі қылмыстық әлем серкесі осы уақытқа дейін бірнеше мәлімдеме жасап, өзін ақтап алуға тырысуда. Ол қаңтарда ешқандай қылмыс жасамағанын айтты, сонымен бірге бүлік ұйымдастырушы емес, керісінше бүлікті басуға тырысқанын айтып, видеоүндеу де жариялаған болатын.

Қасіретті қаңтар оқиғасында ел бойынша 5149 адам жараланып, 238 адам опат болды. Азаматтарды азаптау, қинау фактілері бойынша тергеу жұмыстары да аяқталды. Ендігі кезек сотта...

Abai.kz

28 пікір