Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
46 - сөз 8506 3 пікір 4 Қаңтар, 2023 сағат 14:29

Ер намысы - ел намысы

Қазақ аяқ жалағанды "сілімтік" деп, оны "бұралқы итке" теңеп, теуіп тастап отырған... Ол - жаман әдет. Жағымсыз қылық.
Қазақта "аяққа жығылды", "аяққа жығылу" деген сөздер бар. Оны жоққа шығармаймыз.

Алайда, мұндай өрескел жағдай адам кешіруге болмайтын күнә жасағанда ғана орын алады.

Яғни, қазақта "аяққа жығылу" дегеніміз арды аттаумен тең келетін ауыр жаза түрі болған. Содан болар, қазақ "алдыңа келсе (аяққа жығылса деңіз) атаның құнын кеш" деген!

Өйткені, қазақта АР - өмірден жоғары тұратын адами қасиет саналады.
Қазақ "Қоянды - қамыс, ерді - намыс өлтіреді" дегенде осыны айтады. (Мұнда Ар мен Намыс синоним).

Соңғы заманда Қазақта "Ананың аяғын сүю" орын ала бастады...
Бұл қайдан келген дәстүр?

Бір кездері қазақтар үнді фильмдерін көп көретін. Міне, сол фильмдерде қыз-жігіттердің жата қалып "аяқ сүю" үлгісі көп болушы еді.... Ол, тіптен, көзге жас үйіретін кадрлер болды.

Бірақ, фильмде сол кадрді көріп жылап алған қыз-жігітке былай шыға "сүй мына аяқты" десең - төбелесуге дайын тұратын.

Себебі, фильмнің аты фильм, ал - өмірде Қазақ халқының өз дәстүрі, өз көзқарасы, яғни "аяқ сүюді" қорлық санайтын түсінігі бар еді.
Өйткені, Қазақтың ұлттық тәрбиесіндегі "Жігіт болу", "Қыз болу" түсініктердің бастауында ең алдымен АР-НАМЫС тұратын.

Ол әдеттен айну, яғни "аяққа жығыла кету" - әулет абыройын айрандай төгетін қылық қатарына жататын.
Сондықтан, Қазақ Аналары ондай ұлдарын "тексіз болма" деп, ондай жаман қылықтан тежейтін...

Сөз өтпесе - қамшымен аямай арқадан осып алуға да баратын...
Ол заман Жігіт намысы мен Әулет намысы ажырамаған кез еді.
Намыссыз ездер (жігіт еместер), яғни, "аяқ сүйгіштер" Елін қорғай алмайтын намыссыз сілімтік саналып, соған сай қоғамнан аластатылып ұсталатын...
Ал, үнді фильмдеріндегі "аяқ сүю" Үнді халқы үшін "Анаға махаббаттың" шыңы. Себебі, үнділіктердің болмысында, дүниетанымында "Жауынгерлік Намыстан" бұрын "Махаббат сезімі", "Сүйіспеншілік сезімі" жоғары тұрады. Ол бұл халықтың өзіндік сипаты.

Енді, осыны қаз-қалпында көшіріп әкеп, Қазақ болмысына ексеңіз - қандай нәтиже аламыз?

Алатын нәтижесі мынау болып шығады:
- Жасанды махаббат (сүйіспеншілікке пародия).
- Қор болған (аяққа тапталған деңіз) Ар мен Намыс!
Сондықтан, құрметті Аталар, тойға барғанда қалтаға сүйек мүжитін бәкіні ғана салмай, қолға дырау қамшыны да ұстай барыңыздар...

Үйленетін жігіт "аяқты сүйіп" жатса, сүйіп біткен соң "алатын алғысың міне" деп дырау қамшымен арқадан бір-екі осып-осып алсаңыздар - "аяқ сүйгіш" мігіт қайтадан Жігіт қалпына келеді деп ойлаймын...

Әбдірашит Бәкірұлы

Abai.kz

3 пікір