Сейсенбі, 23 Сәуір 2024
Араша 4989 21 пікір 29 Желтоқсан, 2022 сағат 13:55

Министр Мұхтар Тілеубердіге: Үрімжіден хат

Қазақстан Республикасының
Сыртқы істер министрі М.Б. Тілеубердіге!

Құрметті Мұхтар Бескенұлы!

Менің қолыма WhatsApp желісі арқылы төмендегі хат пен екі дана фото сурет келіп түсті. Бірден таныдым, бұл – Жанаргүл.

Кезінде Алматыда талай мәрте көргем. Жақын араласпасам да, сырттай журналист ретінде білетінмін. Міне, сол қарындасымыз Қазақстандағы таныстарының бірінің WeChat желісі арқылы менің атыма хат жазып, көмек сұрапты.

Жанаргүлдің хатын оқып, сай сүйегім сырқырқырап кетті. Топ-толық қыздың әбден арыған бейнесі жүрегімді сыздатты. Егер, оның сол қинаудан кейінгі құр сүлдесі қалған суретін көрсем, мен оны мүлде тани алмас едім.

Қарындасымыз Қазақстанда «Ықтиярхатпен» жүрген көрінеді. Үрімжіге барып, аталмыш «Оқу орталығына» түскен секілді. Ар жағы айтпасақ та белгілі...

Соңғы бес жылдың көлемінде Қытайдағы аз санды ұлттарға қарата жүргізілген геноцидті бүкіл дүниежүзі біледі. Жанаргүл де соның тірі қалған құрбандарының бірі болып отыр.

Аталған саяси жаныштаудан бұл күнде ондағы жұрттың тілі байланып қалған. Шыңжаңда тұрып, барлық қазақ өзі жайлы ақпарат айтудан қалған. Тек, «Бізде бәрі жақсы!» дегеннен басқа сөз айта алмайтын күйге түскен. Ары кеткенде, астарлап қана бірдемелер айтқан болады...

Өлімнен басқаның бәрін көрген Жанаргүлдің аянар жері қалмағаны көрініп тұр. Үрімжінің қақ ортасында қасқайып тұрып, Қазақстанға хат жазу – ең ақырғы қадам!

Қандастар мәселесімен айналысып жүрген соң, маған хат жазыпты. Менің қолынан не келеді дейсіз? Келетін еді ғой, тыңдар құлақ болса!

Құрметті Мұхтар Бескенұлы!

Айтпақшы, Үрімжідегі визалық орталықтың басшысы жөнінде де өкпесін айтыпты Жанаргүл. Ол қызметкеріңізді де жөнге салыңыз.

Бұдан былайғы жерде «Ол Қытай азаматы екен...» деген сөз болмау керек!

«Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тәуелсiздiгi туралы» Заңының 8-бабында «Қазақстан Республикасы Республика шегiнен тыс жерлерде тұратын қазақтардың ұлттық-мәдени, рухани және тiлдiк қажеттерін қанағаттандыруға қамқорлық жасайды, олар азаматы болып отырған мемлекеттермен жасалған шарттар негiзiнде бұл азаматтардың мүдделерiн қорғайды» деген норма бар.

Қытай мен Қазақстан тату көрші, стратегиялық әріптес елдер. Екі жақтылы жасалған келісімдердің ішінде екі елге ортақ қазақ мәселесі де қаралған деп ойлаймын.

Ендеше, Қазақстан тарабы «Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тәуелсiздiгi туралы» Заңының аталған номасын бұлжытпай орындауға міндетті. Егер, орындамаса, онда тәуелсіздікті тәрк еткендік болып есептеледі.

Сізден Жанаргүл Жұматайқызының мәселесін өз қолыңызға алып, Қытай жағына сұрау салуыңызды өтінемін. Сондай-ақ, Пекиндегі Қазақстан Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Нұрышев Шахрат мырзаны Шыңжаңға жіберіп, Жанаргүлдің халін білдіруіңізді, Қазақстанға оралтуға ықпал етуіңізді сұраймын.

Қазақтың қызын қара түнек қапаста қалдыру – елдігіміз бен жігіттігімізге сын!

Құрметпен,

Ауыт Мұқибек,

«Құрмет» орденінің иегері.


Жанаргүлдің хаты қаз-қалпында: МЕНІ ОСЫ ТОЗАҚТАН ҚҰТҚАРУЫҢЫЗДЫ ӨТІНЕМІН!

Ауыт Мұқибекұлына!

Құрметті Ауыт аға, аман-есенсіз бе?

Мен ҚХР ШҰАР Үрімжі ауданының тумасымын. Қазір Үрімжі қаласы Сайбағ районы Саңфаңгу жолы 59-нөмір, 4-раюн, 11-бина, 1-подезь, 202-пәтердің тұрғыны Жұматайқызы Жанаргүл боламын. Төл құжат номерім: 650105197511302220

Аға, мен сізді жақсы танимын әрі ел үшін жасаған еңбектеріңізді аса жоғары бағалаймын. Бір келсе, Ауыт ағаның қолынан келеді-ау, деген үмітпен, Сізге осы хатты жазып отырмын.

Қайтейін, қарындасыңыз бүгін жағдай билеп, түрлі қиындық кешіп, Сіздің алдыңызға ресми түрде көмек сұрап, дәт айтқалы барған қандастарыңыздың қатарынан табылып отыр.

Қысқаша айтар болсам, мен осындағы құлқын жайлап, қара ниеті қабынған зомегерлердің (Үрімжі аудандық үкімет) тегеурініне ілініп, аталмыш «Оқу орны» (2-қамақхана, 3-қамақхана) дегенінде жазықсыз 2 жыл 23 күн қамалдым (26.09.2017 -18.10.2019)!

Бұлар мені алдап апарып, ұстап, қамағаннан кейін, маған «Мен телефоныма instagram, facebook секілді терроризмді нәсихаттайтын жұмсақ бөлшек түсіргем, сол бөлшекпен намаз оқып отырған адамның сүретін түсірдім, идеям уланған, партия мен үкімет бір рет шығар жол берсін деп, «қателігіңді» танып, мойында!» деп қинады.

Бірақ мені қанша қинаса да істемеген істі мойныма алмадым! Әлі күнге дейін мойындамай келем! Оқуда қолыма көзір, аяғыма кісен салынды. Содан оң аяғымның тобығымның сіңірі жаншылған. Ине сұғып қинау, қате дәрі беріп улау дегеннің бәрін көрдім. 86 кг салмақпен кіріп, бірнеше ауру жамап, 50 кг мен қу сүйек болып, әйтеу тірі оралдым үйіме!

Ол – ол ма, қуырдақтың көкесі оқуынан оралғаннан кейін болды. Түрлі кемсіту, қорқыту, үркіту, бөгеу, жаныштау, күн сайын ертелі-кеш мазалау, зорлық-зомбылық дегеннің түр-түрін басымнан өткеріп, әлі күнге дейін көргілікті көріп келемін. Бір-бірімен астасқан арамдар былай барсам, арбаны сындырып, олай барсам өгізді өлтіреді. Өздерінің жеген-ішкені мен қылмысын бүркемелеу үшін, жан таласып, нетүрлі қаскөйлікке баруда. Бұлар мені жұлмалап жүріп денсаулығымнан, баспанамнан, жұмысынан, қалыпты тірлігімнен, еркіндігімнен айырып тастады. 2017 жылы берілген сыйлық ақшамның барлығын жеп қойды. Соңғы кезде тіптен «атамның таяғы сілтенген сайын аса тиеді» болып барады. Маған бұл жерде жан бағу емес, жан сауғалаудың өзі үлкен мұң! Ұлттықтардың нопосын жөткемейміз деп, қыл-аяғы ішкі өлкеге жөткеп бермейді. Тіпті, Үрімжіден аттап шығармайлы. Не жұмыс істеткізбейді. Бұл жерде заң мен тәртіп сақтау мекемелерінің қайда қарап отырғанын білмейміз. Адамдық құқық атымен жоқ. Барлығын өздерін өкімет қармағындағы мекемеміз деп атап алған Шычүй басқарады. Сол Шычүй ауру десе аурусың, сол қара десе қарасың. Олар алдымен түлкінің күлкісімен күліп келіп арбаса, артынан сақшылар (саңфаңгу пайшусуо және басқа) жіберіп қысым жасайлы. Талаптар қояды, өтірік сұраулар сурайды, шырғалайды. Қандайда бір WeChat желісіндегі жекелік информацияларыңды қалағанынша өзгерте береді. Сол арқылы жүріс-тұрысыңа бақылау  қойып, құғындай алады...

Мен, міне, осындай өмір кешіп жатырмын! Неге бүйте бересіңдер? Менде қандай бір қылмыс бар ма?! Бір бейуазды осынша жазықсыз мыжғылап сорлата бересіңдер ме? Заң қайда? Адамдық құқық қайла? Жандарың ашымай ма?

Неше мәрте сұрадым сақшылардан. Ол байқұстардың «Сіз ешқандай қате жоқ. Бар деген соң келдік. Біздің де жанымыз ашиды Сізге, бізде де амал жоқ!» дейді, кейбіреуі. Кейбіреуі төте құқай көрсетеді.

Мен осындағы әр дәрежелі құзырлы органдарға жағдайымды түсіндіріп, обалды болғанымды айтсам да еш өнім болмады, Чын Чуангоға хат та жазып, бадырайған дәлелдер көрсеттім, бірақ алдына жеткен-жетпегенін білмеймін. Орталықтағы арыз-шағым мекемесіне жазғаным да, Шычуй сақшы  бастап келіп, сені қайтадан оқуға немесе жындылар үйіне апарып тастаймыз деп, үйге басып кіріп сүйрелеп зорлықпен машинаға баспақшы болды. Маңайымдағы адамдар айтысып-тартысып жүріп алып қалмағанда, осы күнде не боларымды кім білсін?!

Осыған ұқсас жағдайлар бір емес, неше мәрте қайталанды. Тағысын тағылар!

Мен олардың қитұрқылығын тілмен жеткізе алмаймын! Алматыдағы істеп отырған жұмысым атсыз-аяқсыз қалып, онда бара алмай отырғаныма алты жыл болды. Шыңжаңдықтарға паспорт беруде орталықтан ерекше шарттар қойылған деп, жоқты сылтауратып паспортымды жиып алып, сіресіп бермей отыр.

Сол аталмыш шартының біреуі – Қазақстан Республикасының сыртқы істер министірлігінен «Қазақстанда шұғыл жұмыс бар» деген хат алдыру болатын.

Менің Алматыдағы Жұмағұлова Ләззәт Оңғарқызы (Тел: 87478747271) есімді серіктесімнің атынан сол мазмұндағы хат Үрімшідегі Қазақстанның визалық орнына түскелі төрт айдың жүзі болды.

Бұлар хаттың нұсқасын не осындағы уайбанға жолдамайды, не қолыма бермейді! Бастығы Болат Сыздыбайев деген мырза жоқты сылтауратып, анда- мында сендетеді. Өлмектің үстіне теппек болып, бар сенген байталға... дегеннің керін құшып, өзім шаршап жүргенде жаным қиналып, тіпті титықтап біттім. Басқасы басқа ғой, қазақтың осындағы қара шаңырағы деп, пана тілеп барғанда жандары ашығанның орнына, мыналардың кебін енді осылар киіп алған ба дейсің.

Мен 2020 жылғы 16 желтоқсаннан бастап жылап-еңіреп көмек сұрап, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына өтініш хат та жаздым. Бірақ, ешқандай жауап ала алмадым. Елшіліктің өзі келіп тұрған дайын хатты жетер жеріне жеткізбегеніне жүрегім қан жылады. Енді өз қандасымның тығырыққа тірегені жаныма қатты батты. Қайда барсам қорқыттың көрі, өстіп жүріп бір күні мерт қыла ма!! Менің жүйкем тозып барады, денсаулығымда да ақау көп!

Аға, өтінем, көмек беріңіз! Мен обалды болғанымды төрткіл дүниеге айтып көмек сұрағым келеді. Егер, шындап кірісер кісі болса, ақиқаты салған жерден қалқып шығатынына мен жүрегімнен сеніп тұрмын! Менің атымнан алыс-жақындағы құзырлы органдарға өтініш беріп, адамдық құқығымды қорғауға ат салысып, мені осы тозақтан құтқаруларыңызды өтінем!

Сізден көп үміт күтіп, көмек сұраған қара көз қарындасыңыз

Жанаргүл Жұматайқызы

Байланыс телефон және уйчатым:

18449890393

Abai.kz

21 пікір