Жұма, 29 Наурыз 2024
Жаңалықтар 3542 0 пікір 7 Наурыз, 2013 сағат 09:14

Гауһар Әлімбекова: «Біздің шенеуніктерде ұлттық намыс жоқ»

 

Белгілі әнші Гауһар Әлімбекованың өзгелерден ерекшелігі - айтатын әндерін өзі жазады. Оның сазгер ретіндегі біраз әндері елге кең тараған. Қазақтың қоңыржай тірлігін айтамын деп, талай жерде аузы күйсе де, «Бейсенбідегі бетпе-бетке» келген Гауһар ханым халықтың қызы екенін тағы да дәлелдеп берді. «Халықтың қарызға алып жасаған тойы мен одан алған нәпақама қарап, қазақтың жағдайын жақсыға балай алмаймын» деген әнші тозығы жеткен қоғам мен тұрлауы кеткен өнер жайлы да сыр шертті.

 

- Гауһар ханым, келген көктемгі мерекеміз құтты болсын!

- Рахмет! Сізге де әйел бақытын тілеймін!

- Бүгінгі қыз-келіншектер 8 наурызда ғана әйел екенімізді сезінетін болдық деп әжуалайтын көрінеді. Сіз не дейсіз?

- Енді ана атануға тиіс қыздар ат-көлікке мініп, бала туғандары тірлік үшін базарға шығып кетті ғой. Кейбір отбасында әкелері бала бағып, әйелдері табыс тауып жүргендері де бар. Бір алмағайып заманға тап болдық қой...

- Ал өзіңізді неге сирек көретін болдық? Қарбаласқа толы қоғамда той-бизнестің қамымен сахна мен теледидарға уақыт таппай жүрсіз бе?

 

Белгілі әнші Гауһар Әлімбекованың өзгелерден ерекшелігі - айтатын әндерін өзі жазады. Оның сазгер ретіндегі біраз әндері елге кең тараған. Қазақтың қоңыржай тірлігін айтамын деп, талай жерде аузы күйсе де, «Бейсенбідегі бетпе-бетке» келген Гауһар ханым халықтың қызы екенін тағы да дәлелдеп берді. «Халықтың қарызға алып жасаған тойы мен одан алған нәпақама қарап, қазақтың жағдайын жақсыға балай алмаймын» деген әнші тозығы жеткен қоғам мен тұрлауы кеткен өнер жайлы да сыр шертті.

 

- Гауһар ханым, келген көктемгі мерекеміз құтты болсын!

- Рахмет! Сізге де әйел бақытын тілеймін!

- Бүгінгі қыз-келіншектер 8 наурызда ғана әйел екенімізді сезінетін болдық деп әжуалайтын көрінеді. Сіз не дейсіз?

- Енді ана атануға тиіс қыздар ат-көлікке мініп, бала туғандары тірлік үшін базарға шығып кетті ғой. Кейбір отбасында әкелері бала бағып, әйелдері табыс тауып жүргендері де бар. Бір алмағайып заманға тап болдық қой...

- Ал өзіңізді неге сирек көретін болдық? Қарбаласқа толы қоғамда той-бизнестің қамымен сахна мен теледидарға уақыт таппай жүрсіз бе?

- Менің шығармашылықтан қолым қалт етіп босай қалғанда ауылға тартып кететін әдетім бар. Мынадай аумалы-төкпелі заманда шаңырағымыздың шадыман тіршілігі үшін үйдегі шаруашылыққа бас-көз боламын. Ал сахнаға сәті түскенде шығып тұрамын. Теледидарға - шақырса ғана барамын, шақырмаса - ешкімге зар емеспін. Оның өзінде шақырған бағдарлама халық көретіндей тұщымды болса ғана қатысамын. Әйтпесе, өзгелерге ұқсап, өздігімнен сұранып барып, қадірімді кетіргім келмейді. Дегенмен бос жатырмын дей алмаймын. «Махаббат ордасы» атты ән жинағымды шығардым. Қырыққа жуық әндерден тұратын үнтаспама біраз жаңа әндерімді енгіздім.

- Өзіңізге туған жеріңіз Шымкенттегі бір мәдениет үйіне басшылық қызмет ұсынылыпты дегенді естіп едік...

- Жоқ, ондай ұсыныс түспеді. Егер сондай мүмкіндік болғанда да, одан бас тартқан болар едім. Өйткені басшы болу менің қолымнан келмейді. «Көтере алмас беліме шоқпар байлап» қайтейін?! Айтпақшы, біздің елде өнер иелерін мәдениет ошақтарына басшы етіп тағайындау - құрдымға кеткен үрдіс. Өнер десе ішкен асын жерге қоятын жандар мәдениеттің құрығын ұстаса, әнші атаулы тойда тентіремес еді. Ауыл-аймақтағы мәдениет үйлері жабыраңқы күйде қалмас еді. Бәрі тістегеннің аузында, ұстағанның қолында кетті. Облыс орталықтарына барсаң, мәдениет үйлерінің қожайындары құдайдың құлағын ұстағандай болып отырады. Концерт өткізуге рұқсаттарын алу үшін, жоғарыдан бір көкең ескерту жасауға тиіс екен. Тек Қызылорда, Орал, Семей сияқты санаулы ғана өңірлер жылы шыраймен қарсы алады. Ал қалған жердегі мәдениет басшылары Халық әртістерінің өзіне осқырына қарайды.

- Соңғы берген «Анаға сәлем» атты ән кешіңіз көптен бергі арманыңыз еді, мойныңыздан бір жүк түскендей болды ма?

- Соңғы концертімнің өткеніне төрт жылдан асыпты. Одан бері талай жаңа әндер жазылды. Олардың кейбірі тыңдарманға жете қойған жоқ. Сол әндерімді жиыстырып, биыл тағы концерт берсем деймін. Оған моральдық тұрғыдан дайынмын. Мәселе материалдық жағдайға тіреліп тұр.

- Қарсы болмасаңыз, енді сіз екеуміз әйел затына тән сыр шертісіп көрейікші: мәселен, сізді жалғыздық шаршатып жіберген жоқ па?

- Мен өзімді ешқашан жалғыз сезінген емеспін. Бұйырып дәм тартқан күні бір әулеттің босағасын аттаймын. Құдайға тәуба, өнерде өз есімімді қалыптастырып, халықтың алғысын алып үлгердім. Сондықтан келін атануға өзім де іштей дайындалып жүрмін. Бақыт Жұматова деген эстрасеанс мені тұрмысқа шығады деп жорамал жасапты. Соны естіген жұрт қашан кететінімді сұрап, жүргізбейтін болды. Құдайға серік қосқаным емес, алайда өзім баратын бір көріпкел келіншек бар. Ол кісі басқалар құсап небір байқауларға қатысып, бағын сынап бақпайды. Бір білетінім - айтқаны айдан анық келеді. Сол кісі биыл босаға аттайтынымды меңзеген еді. Тіпті осыдан жиырма жыл бұрын марқұм анам алдына барғанда: «Кенже қызыңыз өз жолын тапқан халықтың қызы болады. Сондықтан оны түртпектемеңіз, қырық бірден асқан соң барып тұрмыс құрады» депті. Сол уақыттың таянғанын Жәмила көріпкел өткенде өзіме де қайталады. Әйтсе де бәрі бір Алланың қолында...

- Үйлі-баранды құрбыларыңыз сіздей өткір қыздан күйеулерін қызғыштай қоритын шығар, ә?

- Күйеуін қызғану былай тұрсын, қыздардан дос табу да мүмкін емес. Өйткені әйелдердің іші тар келеді. Сондықтан менің әңгімем көбіне жігіттермен жарасым табады.

- Әріптесіңіз Меруерт Түсіпбаеваға Алматының ортасынан бір дөкей 300 мың долларлық үй сыйласа керек. Сізге де осындай бір жомарт жолыққан жоқ па?

- Ондай жомарт миллиардтың бірінен табылар. Меруертке сол «алтын балықтың» бірі кездескен шығар. Әйтпесе қымбат сыйлық жасаған «жомарт жігіттердің» өзіндік «есебі» болады. Өз басым өнерге шын жаны ашитын жанды өмірімде бір рет қана кезіктірдім. Қаржылай қомақты демеушілік жасай тұра, атын да құпия қалдыруымды өтінді. Ондай адамдар өте аз. Әйтпесе жылт еткеннің бәріне жабысып, біреудің алдында міндетті болғанды қаламаймын.

- Бүгінгі жанталасқа толы қоғам толғанып ән жазуға мұршаңызды бермей жүрген жоқ па?

- Керісінше, әділетке жарымай, тауы шағылған азаматтың, ары тапталған арудың, еңбегінің зейнетін көре алмай отырған қарттардың, жұмыссыз сенделген жастардың мәселесі маған шабыт береді. Табиғатқа еліктеп, не болмаса шетелде шабытым оянады дейтін сазгерлердің қатарынан емеспін. Мен әнді қаңғыған қазақтың зарымен жазып, оны қарабайыр халықтың үнімен жеткіземін. Сондықтан менің әндерімнің дені қапаланған кезде туындайды.

- Сонда көбіне неге бола қапаланасыз?

- Жампоздар мен жандайшаптар бір адамға табынушылыққа алып келді. Қазақтың амандығына Құдайдың қатысы болмай қалды. Бұрынғылар бір Алланың арқасы деуші еді, қазір барлығын бір адамның арқасына таңиды. Қара қазан, сары бала қамы үшін, тайсалмай ханға «дат» айтатын азаматтар қалмады. Барларының быт-шытын шығарды. Пәленше біреу түгенше қаржы жеді дейді. Бірақ соларды жазаға тартып жатқан билікті көрмейсің. Қала берді шетелге қашып кеткен болып шығады. Қазынаның сұрауы жоқ, ұрласа қайтымы жоқ. Әйтеуір қазақтың несібесі талан-таражға түсіп жатыр...

Мен әкімдердің ішінде Иманғали Тасмағамбетовты тәуір көремін. Ол кісінің істеген қызметіне разы болғаны сонша, Атыраудың әкімдігінен кеткенде көзіне жас алған қарттарды көргенім бар. Қай өңірді басқарса да, халыққа қажетті жағдайды жасап бағады. Президенттің Тасмағамбетовке жаңа қала Астананы сеніп тапсыруы да тегін емес сияқты.

Дегенмен, біздің халық жуас болғанымен, ақымақ емес, кімнің қаншалықты қызмет етіп отырғанын жақсы біледі. Билікке халыққа жаны ашитын азаматтар келу керек. Мәселен, қазақ десе төбе шашы тік тұратын орыстар кіші жүздің жігіті Аман Төлеевті неге төбесіне көтереді дейсіз. Бір облыстың губернаторы бола тұра, күзетсіз үш бөлмелі пәтерде тұрады екен. Міне, осындай азаматтар ел тізгінін қолға алғанда ғана жағдайымыз оңалады. Ол үшін қазаққа рушылдықты тамырымен жойып, бір ғана қазақ боп қалыптасу керек.

- Осыдан біраз мәжіліс депутаты Дариға Назарбаева әншілердің жиын тойларға шығып, ән салуына ресми түрде рұқсат беру керектігін айтты. Алайда әншілер қазақтың тойынан нан тауып жүргенін ескерсек, президенттің әнші қызы көтерген бастама әріптестерін жарылқап тастайды деуге жанаспайтын сияқты ғой...

- Егер ол кісі шынымен қазақ әншілерінің қамын ойласа, шетелден әнші шақыртуға тыйым салғаны дұрыс болар. Сонда өз ішімізде қазақ әншілеріне деген сұраныс артып, өз жыртығымызды өзіміз жамар едік. Жыл сайын өтетін Астананың тойына қаншама қаржы шығындап, тағы сол шетелдіктерді шақыртады.

Ал жабық есікте өтетін кештерге сырттан келетін әншілер қаншама? Мәселен, Шымкенттегі бір байшыкеш жеті-сегіз қонақтың арасында атап өтілген қызының туған күніне қырық мың долларға Дима Биланды алдыртыпты. Ал Ресейдегі қай орыс Мақпал мен Роза апаларымызды тойына шақырып еді? Республика сарайының жалға беру ақысын да жергілікті әншілердің қалтасы көтермейді. Халыққа бір концерт беру үшін, қанша жыл тырбаңдап, той аралауыңа тура келеді. Ел игілігіне қатысты осындай мәселелердің реттелуіне арнап неге заң шығармасқа? Біздің шенеуніктерде ұлттық намыс жоқ.

- Ал 2030 жылы гүлденеміз деген арманымыз енді 2050 жылға шегерілгені жөнінде не айтар едіңіз?

- Бағдарламамен бақытты болды деген халықты естімеппін. Ел үшін еңбек ет - сол бағдарлама болсын! Латын графикасына көшу керек дегенді естігенде не күлерімді, не жыларымды білмедім. Қазақстандағы орыстардан бастап, орыстілді қазақтардың барлығы жаппай қазақша сөйлей алатын болса, онда бұл бағдарламаны құптауға болар еді.

Әйтпесе қымбатшылық қамытын киіп, онсыз да сіркесі су көтермей отырған халықтың дүбәра болып қалу қаупі бар. Біздегі шығып жатқан ұзын-сонар бағдарламалар халықты жарылқағаннан бұрын, жегі құрттай жеп жатыр. Күн санап өсіп келе жатқан жарық пен суға базардағы азық-түлік бағасын қосыңыз. Отырсақ та, тұрсақ та салық төлейтін болдық. Бір қараңғы түннен кейін, бір жарық күн туады деуші еді. Бірақ біз көгендеулі түннен шыға алмай-ақ қойдық. Әйтеуір ел іргесінің тыныштығына тәуба дейміз...

- Бүгінгі қымбатшылық заманында баланы тауып та, асырап та жатқан замандас құрбыларыңызға жаныңыз аши ма?

- Әйелдерге «туыңдар!» деді. Соған орай әрбір туған сәбиге қомақты өтемақы тағайындаған үкіметті көрмедім. Біздің мемлекетте жоғары сомада жөргекпұл алатын санаулы ғана әйел бар екен. Қазақстан қайыр тілеп кететіндей енді соларға төленетін соманы қысқартпақшы.

Өз басым қазақтың қарыз алып жасаған тойына, онда ән салып алған нәпақама қарап, тірліктің барлығын жақсыға балай алмаймын. Көпшілік көліктерінде қабақтары қатулы болып кетіп бара жатқан жандарды көргенде жаным ауырады. Алатын елу-алпыс мың жалақысын халық қай қажетіне жеткізеді? Бүгінгі инсульт пен инфаркт сияқты қаптап кеткен жүрек аурулары осындай жоқшылық пен жетіспеушіліктің салдарынан туындап жатыр.

- Ендеше жоқшылықпен айқасып, бардан жоқ жасап жүрген ана мен әже, әпке-сіңлілеріңізге не тілейсіз?

- Қазақ әйелінің өзгеден ерекшелігі сол - бір қолымен бесігін тербетсе, бір қолымен тірлігін қиыстыра білген. Келе жатқан мейрам сол ақ жаулықты аналар мен әпке-сіңлілеріме денсаулық пен бакыт әкелсін. Қазақтың қайсар қыздары аман болсын!

Әңгімелескен -

Динар КАМИЛОВА,

«D»

 

Өмірдің өзі анекдот

Өткен жаз айының бірінде әріптесім Мәдина Сәдуақасова қалтафоныма қоңырау шалды, дейді Гауһар. Аман-саулықтан соң: «Күйеуге қашан шығасыз?» - деп сұрады. Мен сасқанымнан: «Ойбай, шықсам сенен жасырам ба?» деп ақталып жатырмын. Әлгі сөзіме сенбесе керек: «Шыныңызды айтыңызшы?!» - деп, одан бетер шүйліге түсті. Ақыры болмаған соң: «Оның саған не қажеті бар?» - деп, өзіне тап бердім. Бірақ Мәдина қымсынбастан: «Егер шығатын болсаңыз, міндетті түрде маған хабарын айтыңызшы», - деп, ескерту жасады. Сірә, тойыма шақырмай қалар деп ойлаған болар деп: «Сіңілім-ау, бірінші сені шақырамын ғой!» - дегенді айтып жұбата түстім.

Сөйтсем Мәдинамның: «Өткенде көріпкел Бақыт Жұматова бірталай қыздың күйеуге шығатынын айтыпты. Бірінші болып Қарлығаш Мұхамеджанова кетеді деп еді, оған айтқандай-ақ құда түсіп жатыр екен. Содан кейін сіз, оның артынан мені кетеді депті. Егер шын болса, дайындала берейін дегенім ғой», - демесі бар ма?

«Общественная позиция»

проект «DAT» № 08 184  07 наурыз 2013 жыл

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1582
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2281
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3616