Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Саңлақ 4326 2 пікір 28 Желтоқсан, 2022 сағат 14:03

Биыл қазақ спорты несімен есте қалды?

Биылғы жылы отандық спорт көптеген сенсация, тарихи жетістіктердің тіркелуімен ерекшеленді.

Ресей чемпионына ауысқан отандық футболшы

22 жастағы қорғаушы Нұралы Әліп Ресейдің белді клубы "Зенит" клубына жалға алынып, артынша 2,5 жылға келісім-шарт жасасты.

Еуропа чемпионатынан жүлдесіз қайтқан футзал құрамасы

Қазақстан – Словения 4:2

Қазақстан – Финляндия 6:2

Қазақстан – Италия 4:1

1/4 финал.

Қазақстан – Украина 3:5

Еуропа чемпионатында Біржан Оразов 8 гол соғып, "ең үздік сұрмерген" атағын иеленді.

Жүлдесіз қалған қысқы олимпиада

Бейжіңде өткен қысқы Олимпиадада елімізден 34 спортшы бақ сынап, жүлдесіз қайтты.

Ең үздік көрсеткіш көрсеткен Абзал Әжіғалиев (шорт-трек) — 4-орын алды. Қысқы Олимпиададан бүгінгі күнге дейін төрт спортшымыз жүлдеге сәл ғана жетпей қалған. 1994 жылы 22 жастағы Инна Шешкиль (биатлон. 7,5 шақырым), 1994 жылы 25 жастағы Людмила Прокашёва (конькимен 3000 метрге сырғанау), 1998 жылы 33 жастағы Владимир Смирнов (шаңғы. 10 км) үздік өнер көрсеткен.

Ұлттық құраманың пенальти тебуі

Футболдан Қазақстан құрамасы С дивизионында қалу үшін, Молдовамен 2:2 есебімен тең ойнап, ресми ойындарда алғаш рет пенальти сериясымен жеңіске жетті. Бұл 2 ойында Андрей Карпович бапкер болып, ел тарихындағы ұлттық құраманы ең аз басқарған 2-ші бапкер атанды.

Ел чемпионатындағы VAR

Футболдан ел біріншілігіне алғаш рет VAR (даулы сәтті видеодан қарау) жүйесі енгізілді. Түркістанда өткен Тұран – Тараз 0:0 ойынында VAR қараудың кесірінен қосымша 19 минут  қосылды.

Жеңіл атлетикадан 10 жыл күткен жүлде

Жеңіл атлетикадан жабық кешенде өткен әлем чемпионатында Надежда Дубовицкая биіктікке секіруден қола жүлде алды. Бұған дейін 2012 жылы Ольга Рыпакова жүлдегерлер қатарынан көрінген еді.

Кезекті олимпиада алтынынан айырылдық

2016 жылы Риода өткен жазғы Олимпиадада ауыр атлетикадан чемпион атанған Ниджат Рахимовтың сынамасынан допинг табылып, жүлдесінен айырылды. Сонымен қатар 2029 жылға дейін спорттан шеттетілді.

Гиннесс рекордындағы жаңа белес

Блиц шахматтан ең жас әлем чемпионы атанған 17 жастағы Бибісара Асаубаева Гиннесс рекордына кірді.

UFC-де  үздіктер қатарындамыз

28 жастағы Шавкат Рахмонов америкалық Нил Магниді уақытынан бұрын жеңіп, жартылай орта салмақта ТОП-10 рейтингісіне кірді.

Уимблдонды жеңген Елена Рыбакина

Үлкен теннистен 23 жастағы Елена Рыбакина айтулы Уимблдон турнирінде топ жарып, сенсация авторы атанды. Нәтижесінде 1 млрд 152 млн теңге сыйақы алды. 1877 жылдан бері 12 елдің спортшысы чемпион атанған. Қазақстан сол тізімге енді.

Шахмат олимпиадасындағы қыздар құрамасының тарихи жетістігі

Шахматтан Үндістанда 162 команданың қатысуымен өткен Олимпиадада қыздар құрамасы өз тарихында алғаш рет 5-орыннан көрінді.

Украина — 18 ұпай;

Грузия — 18 ұпай;

Үндістан — 17 ұпай;

4-орын. АҚШ — 17 ұпай;

5-орын. Қазақстан — 17 ұпай алды.

Қартаймайтын Головкин

40 жасқа келсе де, Геннадий Головкин 2 жекпе-жек өткізді. Әзірге қазақ тарихында 40 жасқа дейін кәсіпқой бокспен айналысқан һәм чемпиондық атағы бар боксшы — Геннадий Головкин.

Кәсіпқой бокстағы жаңа чемпион

Жәнібек Әлімханұлы қазаққа бұйырмаған WBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы атанып, орта салмақта алғаш рет қос бірдей отандасымыз чемпиондық атағын ұстап тұр.

Ұлттар лигасындағы 1-орын

Футболдан Магомед Адиевтің шәкірттері Словакия, Әзірбайжан, Беларусь құрамасын артқа қалдырып, Еуропа құрлығында алғаш рет топтық кезеңде топ басшысы атанды. Нәтижесінде маусым айында FIFA рейтингісінде 31,5 ұпай жинап, айдың "ең үздік құрамасы" болды.

Жеңіл атлетикадағы алғашқы әлем чемпионы

3000 метрге қарғып жүгіруден Кениядан келген легионер Нора Джеруто топ жарып, Қазақстан тарихындағы алғашқы алтын жүлдені алып берді. Бұған дейін тарихымызда 2 күміс иеленгенбіз.

Қанат Байұзақов

Abai.kz

2 пікір