Жұма, 19 Сәуір 2024
Жаңалықтар 4140 0 пікір 6 Наурыз, 2013 сағат 11:14

Ең төменгі күнкөріс деңгейі қашан көтеріледі?

 

 

Әдебиетте реализм мен романтизм бар. Бұ дүние мен о дүние секілді. Біреуі көз алдыңыздағы күлгін пердені жұлып алып, өмірдің ащы-тұщысын қатар көрсетеді. Біреуі... Армандаудан, аңсаудан, қиялдан құралады. Біздің қоғамда реалистерден романтиктер көп. Нақты ойлаудан гөрі ауа жайылып, тым-тым, көз ұшында сағымданған болашақты айтатын қиялилар көп. Әсіресе жоғары жақтағылар. «Тоқ баланың аш баламен ойнамайтыны» секілді. Реалист болғыңыз келсе, бұқараның ортасына түсіңіз. Сонымен...

Мамандар «Қазақстанда ештеңеден таршылық көрмейтін, не қаласа соған қол жеткізе алатын әлеуеттілердің үлес сал­мағы 3 пайызды құрайды» дейді. Бұлар - бірінші категориялы тұрғындар. Екінші, Алматы мен Астанадан пәтер сатып алуға қаржысы жетпесе де, қалғанын ойланбай-ақ сатып алатын тұрғындардың үлесі 10-12 пайыздың айналасында екен. Оларды орта тап өкілдеріне жатқызады. Сонымен, халықтың 15 пайызы кетті. Ал қалған 85 пайызы ше? Битін сығып, қанын жаламаса да, қарны тойып, аузы асқа жарымайтын, иығы бүтінделіп, киім кимейтін байғұстар...

ҚР Статистика агенттігінің мәліметтері бойынша 2011 жылы сатылған ауыл­шаруашылық өнімдерінің бағасы өсімдік шаруашылығы өніміне 34,1%, мал шаруашылығы өніміне 5,7%-ға өсті дейді. Бұқараның алатын ең төменгі айлық жал­а­қы мөлшері мен ең төменгі күнкөріс деңгейі, статистиканың айтуынша, қаң­тарда 16 983 теңгені құрапты. Бір басы­лымда беделді бір ағамыз күйінгенде сонау бір жылы «күнкөріс деңгейін 15 мың теңге» деп бекіткен адамның қолын кесер едім» деген еді. Қолын кескен аз...

Ал енді жұрттың «қарнын аштыр­майтын» ең төменгі күнкөріс деңгейі бойынша есептеп көрелік... Қарағандыда жылуға төлемнің бағасы бір шаршы метрге - 84 теңге 81 тиын. Ыстық суға - 883 теңге 16 тиын. Суық су - 263 теңге 23 тиын. Жарық - 7 теңге 10 тиын. Орташа есеппен айлық коммуналдық төлеміңіз бір бөлмелі пәтерге 7-8 мың теңге (қыстың күні). Бұған телефонды, телевидениені қоспағанда.  Бұл коммуналдық төлем бір бөлмелі пәтерге ғана төленеді. Ал 2-3 бөлмелі пәтері бар кембағалдар қайтпек?

Мұның сыртында азық-түлігіңіз, жұ­мысқа баратын жолақыңыз бар. Сонда тамағыңызға кем дегенде 5-6 мың теңге кетеді. Бұл арада үстіңізге жаңа киім алу туралы жақ ашудың өзі ұят. Жә, бұл айлығы 15-20 мың теңге болатындар үшін. 30-40- 50 мың алатындардың да аузы аққа жарып жүргені шамалы.

Еуропалық стандарт бойынша орта тап өкілінің бір айлық жалақысы 200 мың теңгенің айналасы немесе 1500 доллардан кем болмауы тиіс. Айталық, АҚШ-та орта тап өкілдері барлық тұрғынның 50 пайызы болса, еліміздегі азаматтардың көбі 50 мың теңгені капитал деп есептейтінін ай­татын да мамандар.

Небары құрамында 43 тамақ түрі бар азық-түлік себетінен соң ел ішінде ауру-сырқау неге көп деп қайран қаламыз тағы да. Ал өзге елмен салыстырар болсақ, отқа қарап отырған жұрт секілді екенбіз. Мәселен, бұл себетте Ресейде - 150, ал АҚШ-та 360 тұтыну тауары бар екен. Бірақ сол өзіміздегі 43 тауардың өзін еліміздегі кез келген отбасы сатып алып қарық болмайтыны тағы анық. Осы тұрғыда былтырғы жылдың соңына қарай халық қалаулылары да күнкөріс деңгейін талқыға салған болатын. Тіпті Ауыл шаруашылығы, Сауда және экономикалық даму министр­ліктерін боз кілемнің үстіне шақырған еді. Күнкөріс деңгейі көтеріледі деген үміт те сонда жылт еткен.

Гүлнәр СЕЙІТМАҒАНБЕТОВА, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Кейбір статистикалық деректерге қарайтын болсақ, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Маңғыстау облыстарында ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен өмір сүріп отырған халықтың үлесі 40 пайыздан асады.

Демек, азық-түлік себетіндегі тауар­лардың бағасы күнкөріс минимумынан жоғары. Ал әр адам бір айда екі келі ет пен 170 грамм күріш тұтынады дегенге кім сенеді? Бұл - Қазақ тағамтану инс­ти­тутының ұсынған нормасы.

Алайда Статистика агенттігінің «2013 жылғы 1 ақпанда қаңтардағы күнкөріс деңгейі 16 983 теңгені құрады» деген ақ­парын көргенде, жылт еткен үмітіміз қалай жылдам пайда болса, солай жылдам сөніп қалды.

Сарапшылардың айтуынша, бүгінгі таңда елімізде өте бай және өте кедей тұрғындар бар. Ал олардың арасын жалғайтын орта тап жоқ. Сондықтан бай, кедей деген ұғым қалыптасып отыр.

ҚР Статистика агенттігінің мәліметінен:

«2013 жылғы қаңтарда күнкөрістің ең төменгі деңгейінің шамасы 16 983 теңгені құрады.

Негізгі тамақ өнімдерін тұтынудың ең төменгі нормаларынан есептелген орта есеппен халықтың жан басына шаққандағы күнкөрістің ең төменгі деңгейінің шамасы 2013 жылғы қаңтарда өткен аймен салыстырғанда 1,7%-ға, 2012 жылғы қаңтармен салыстырғанда 7,4%-ға өсті. Оның құрылымында ет пен балықты сатып алуға жұмсалған шығыстардың үлесі 23,6%, сүт, май және тоң май өнімдері мен жұмыртқаны - 16,3%, жемістер мен көк­өністерді - 10,2%, нан және жарма өнім­дерін - 7,8%, қант, шай және дәмдеуіш­терді - 2,1%-ды құрады».

Осындайда ойлайсыз, бірінші кате­гориялы тұрғын болмасақ та, ең бол­мағанда қалағанымызды еш ойланбастан сатып алатындай «екінші сортты» «орта тапқа» қашан жетер екенбіз? Үздіктірген ең төменгі күнкөріс деңгейі қашан көтерілер екен?..

Автор: Қызғалдақ АЙТЖАНОВА

"Алаш айнасы" газеті

0 пікір