Сенбі, 20 Сәуір 2024
Әдебиет 12836 0 пікір 27 Желтоқсан, 2022 сағат 13:23

Көдектің ақындық айналасы

Көдектің ақындық болмысы киелі Аспантау елінің рухынан жаралған

                                                              І

Көдектің арқалы ақын болуына ықпал жасаған басты факторлардың бірі – қазақ халқының сарқылмас қайнар бұлағы, өнер үйрену мектебі саналатын ауыз әдебиеті болса, екінші жағы өнерлі Жетісу өлкесінің дуан бұзған жыр жұлдыздары Албан Асан, Сүйінбай, Жамбыл, Құлмамбет, Қызылбөрік Бөлтірік ақын қатарлы өнер арыстарынан үлгі-өнеге алуы болды. Оның үстіне Көдектің атасы Маралбай, әкесі Байшыған өз тұстарында айтыс өлеңдері ел ішінде кең таралған от ауызды, орақ тілді кісілер болған, атасы мен әкесінің жез таңдайынан төгілген інжу-маржан сөздері бала Көдектің болашақта дарынды ақын болуына мықтап негіз қалады.

«Маралбай жас кезінде қай жерде ақын бар десе сол жерге іздеп барып айтысқа түседі екен. Әкесі көне құдалық жолын қуып баласына шалғай дулат елінің Жаныс руындағы бір қызға сөйлесіпті. Маралбай күндердің бірінде алыстағы қалыңдығын көруге бірнеше жігітпен аттаныпты. Жол-жөнекей Мәзинамен өлеңмен танысып, бұрынғы қалыңдығымен ажырап, әкесінің әміріне көнбей Мәзинамен той жасапты.

Мәзинаны ұзатып келе жатқанда, алдарынан бейтаныс қариялар кездесіп: қайдан келесіңдер? – деп жөн сұрайды. Сонда Маралбай іркілместен:

Барып қайтып келеміз біз Жанысқа,

Ат беталып жүрген соң жер алыс па?!

Қалыңдықтан ажырап, қалап алдық,

Бір тойда кезігіп қап бейтанысқа, - деп өлеңмен жауап қайтарыпты» (Әскер Тойғанбекұлы: «Өлең құшақтап туған ақын», «Шұғыла» журналы, 1998 жылы 4-сан).

«1917 жылғы “Қазан төңкерісінің” жеңісі ақ патша үкіметінің билігіне аударып тастап, жаңа Совет үкіметін құрады. Сол кезде ақ патша тұсындағы күміс теңгені күшінен қалдырып орнына “Шеруен” атты жаңа жасалған қағаз ақша таратылады. “Шеруен” ақша таралысымен ел ішінде түрлі өсек-аяң тарайды, бұл өсек-аяң жергілікті мансапты ауылнайдың құлағына жетеді, ауылнай ауылдағы адамдарды түгел жиынға шақырады. Бірақ, Маралбай қария жиынға бара алмай қалады, ауылнай Көдекті Маралбай қарияны шақырып келу үшін қайта жібереді, тізгін ұшымен үйіне келсе, атасы Маралбай бесін намазын оқып сәждеге басын қойып жатыр екен. Тықыршып асығып тұрған Көдек атасы Маралбайға ауылнайдың сәлемін былай деп жеткізген екен:

Құтпаннан кейінгісі бесін бе еді,

Жиынға ата сізді келсін деді.

Таратпай ел ішіне өсек-аяң,

Айтарын бізге келіп десін деді.

Намазын асықпай оқып болып, Маралбай орнынан тұра бере:

Әзіргі оқығаным бесін еді,

Намазшам, намаздыгер кешінде еді.

Өсек-аяң дегенің “Шеруен” шығар,

Жақында айтқан бір сөзім есімде еді.

Қолқаласа барайын қорықпай-ақ,

Жас бура тісі өтсе жесін мені! - деп ауылнай шақыртқан жиынға Көдекпен бірге барады» (Айтуған Көдекұлының қолжазбасынан алынды).

Маралбай айтыпты деген ел ішінде көптеген өлең тараған, бірақ, уақыттың өтуімен оны білетін қазыналы қариялар бұл дүниеден аттанып кетті.

Көне көз сұңғыла қарттардың айтуынша Байшыған атақты ақын Жамбыл Жабаевпен айтысыпты деген дерек көздерін бізге жеткізіп отыр. Ауылы аралас, қойы қоралас отырған осы екі ақын айтысыпты деген сөздің қисыны шындыққа әбден жанасымды. Олай болса бұл екі ақын айтысыпты, нелерді айтты бұл жалғасты ізденуді қажет ететін, Байшыған өміріне қатысты маңызды мәлімет.

Ақындық алымы бар Байшыған баласы Көдекке қалай әсер жасады, оны ақындыққа қалай баулыды, бұл жөнінде ілгерлей ізденуге тура келеді. Қолда бар Байшыған мен Сейділданың айтыс нұсқаларына негізделіп Байшығанның ақындық деңгейі туралы аз аялдай кетуді жөн көрдім.

ІІ

Сүйіндік тұқымынан тараған Көдектің туған акесі Байшыған ысылған, жүйрік тілді атақты ақындардың бірі болған. Көдек он жасқа шыққан жылы Байшыған баласымен жарысып өлең айтуды ерсі көріп, шипагерлікпен айналысып кетеді. Сөзіміздің дәлелі ретінде айтар болсақ, бір жолы жас жігіт кезінде қара өлеңнің жүйрігі аталған Сейділда деген қызбен айтысыпты.

Байшыған:

Бір қыз бар Жетібайда аласұрған,

Байталдай міне шауып таң асырған.

Бай дауына кедейді жығып беріп,

Халыққа жақсың барма жаны ашыған?! - депті.

Сонда Сейділда қыз:

Үйі кедей, түзі бай сен бір делбе,

Ел сынаған неңді алды сендей селге!

Мың салса бір баспайтын топас тұғыр,

Ат екен деп бола ма шабуға өрге?

Шаңымды бір көрмейсің жүгіргенде,

Мүдірмей бірдей шауып ылди-өрге.

Жансеркең қазымыр, Сұлтанқұл жемір болып,

Бар Бидайшы алыстап жатқа кетті, - деп төгіп-төгіп жібереді.

(Тілеужан Сақалов: «Көдек ақын» 1999 жылы, Алматы, «Парасат» алманағы).

Сөз кезегі келген Байшыған ақын:

Жылқы бар бір мың үш жүз Сұлтанқұлда,

Жансерке Айт- бозымға болған тұлға.

Жүз атқа қажы атамыз ішік алған,

Жылқымыз аз ба, көп пе өзің ылға?

Би атам ашамайда билік айтып,

Үкімі топты жарып, толған сынға,  - деген екен. Байшығанның өлеңі үзіліс жасай бере, қолма-қол іле жөнелген Сейділда:

Білесің менің атам Саурық батыр,

Үстіне сауыт киген, қолда шатыр.

Жаулап ап Бұрганбыны бір тәулікте,

Түсірген кең басына заман ақыр.

Баласы оның туған Ұзақ батыр,

Жерінде Ресейдің даңқы жатыр.

Жылқы болса түз малы бір-ақ жұттық,

Жылқыңның көп болғаны неге татыр, - депті.

Сонда Байшыған:

Сейділда, сөзің жаман ашындырған,

Емеспін қызға сөзді басындырған.

Сол жылқыны шетінен айдап беріп,

Сұлтанқұл сендей қызды қатын қылған, - дегенде жаңжал шығып араға жегжат-жұрат, басқа албан түсіп оларды қайта айтыстыруға көндірді. Байшыған тағыда өршелене жөнеліп:

Бұл кемпір алдымен бізді ұрса екен,

Бізді ұрып болған соң қызды ұрса екен.

Бірлесіп біз төртеуміз қашып кетіп,

Осы апамыз далақтап із қуса екен, - дегенде қайтадан жаңжал шығып бір үлкен кісі өзінің бөркі мен шекпенін Байшығанға кигізіп топтан шығарып жібереді (Әскер Тойғанбекұлы: «Өлең құшақтап туған ақын», «Шұғыла» журналы 1998 жылы 4-ші сан).

Және бір реткі айтыста Байшығанды сөзден түсірмек болған ақын Сейділда қыз айт елінің Жанбаба, Кембаба деген екі ағайынды екі бала болушы еді, Кембаба іздеусіз, сұраусыз қайда кетті? – деп өлеңмен былай қағытыпты:

Кембаба көп жыл болды жоғалғалы,

Шерлі боп іште кетті көп арманы.

Қай жерде көз түрткі боп қорланып жүр,

Іздеусіз болғаннан соң обал дағы, - дегенде сөзге жүйрік Байшыған ақын іліп алып:

Кембаба өзі сері, өзі батыр,

Сіздің елде болды ма ондай ақыл.

Ел өседі, жер аз деп жер шолыған,

Енді сауық құрып келе жатыр, - деп табан астында жауап қайтарыпты. Сонда ақын Сейділда қыз «Сүйегі қурап қалған Кембабаны сауық құрып келе жатыр деген Байшығанды қара өлеңмен ешкім жеңе алмайды екен», - деп оның ақындық дарынын мойындапты.

Байшыған 45 жастан асып шар тартып қалған кезде алыс жерде біреудің жалғыз ұлы ауырып, соны емдеуге барады. Сол ауылдың бір әйелі үй иесіне:

- Мына кісі менің қыз кезімде атақты ақын еді, осы кісімен бір рет айтысып көрсем, – деп талап қояды.

Мұны естіген Байшыған айтуға мақұлдық беріп:

- Мен бір ауыз өлең айтамын, соған жауап берсе, айтыс басталсын, - дейді.

Сонда Байшыған ақын:

Қолымда бір қамшым бар қылдан өрген,

Сермегенді түсірер ұрған жерден.

Мен жасымда қызықты айтайын қыздан көрген,

Сен жасыңда қызықты айт ұлдан көрген, - дегенде әлгі әйел үнсіз отырып қалады.

Айтуған Көдекұлының айтуынша, Айт ауылында бір қыздың тойы болып Шыныбек қажының балалары Бәйімбет, Байтен бірнеше жігіт жиып, Байшығанды ұрып, Айт ауылының шаңырағын ортасына түсіреміз деп күпиді. Байшыған ақын мен Сейділда қыз және де бір рет айтысқа түседі.

Байшыған Сейділдаға былай өлең бастапты:

Бек қартайды түйенің маясындай,

Шыныбек бүрлі ағаштың саясындай.

Бұлалардың өсіп-өнген балалары,

Бұғының мүйізінің саласындай.

Өлең – сөзді тыңдайды ықыласпен,

Үлгілі жақсы ауылдың баласындай.

Сейділдамен айтысқан менің сөзім,

Ұялас өр қоянның қаласындай.

Сөз кезегі келген соң айтып қалдым,

Сейділда тыныш жүрші ала сұрмай, - дейді.

Бәйімбет пен Байтен айтысты тыңдап отырып:

Өлең тыңдаған Құрман ауылының қариялары Байшығанды неге қорғаштайды екен десек, бұл біреуге ерегесіп, пәле жаппай өлеңді жақсы айтады екен, - деп Байшығанды ұрмақ болып жинап әкелген бірнеше жігітті таратып жіберіпті.

Жоғарыдағы дәлелдерге негізделгенде Көдектің жетелі ақын болуына әкесі Байшығанның әсері өте күшті болғанын көруге болады.

«Әке көрген оқ жонар» дегендей әкесі Байшыған мен атасы Маралбайдың өлең құмарлық қандастық қасиеті бала Көдекке жалғасып, 7-8 жасынан бастап өлең жарысы, сөз сайысына араласып, алғашқы ақындық дарынын байқатты.

Көдектің 7-8 жасар кезі екен, ауылдың Жылқыбай деген жылқышысына жылқыға мені апар деп жалыныпты, бірақ, Жылқыбай ертпей кетіп қалыпты. Біраздан кейін біреу одан Жылқыбайды сұрапты, сонда бала Көдек:

Жылқыбай кетті ар жаққа, жылқы жаққа,

Жаман адам көнбейді ынтымаққа, - деп өз нараздылығын өлеңмен білдірген екен.

Әкесі Байшыған өлең айтуды тоқтатып, баласы Көдекке жол беріп, оны ауыл арасындағы айтыстарға салып баулып тәрбиелейді. Бала жасынан зерделі де зерек болып өскен ол ауыл арасында болған өлең айтыстарға түсіп өлең көмбесінен өзінің бағын сынайды.

1901 жылы аталас туысы Мұқай Терлікбайұлы деген жігіт қайындап барғанда қасына 13 жастағы Көдекті күйеу жолдастыққа ертіп алады. Сонда бір қыздың тойы болып Көкең өз әріптесіне былай өлең бастапты:

Алыстан әдейі іздеп тойға келгем,

Төгілген құйрық-жалы жорға кермен.

Аралап әріптесті іздеп жүріп,

Өзіңді топ ішінен зорға көргем.

Атың кім? қайсы русың? – жөніңді айтқын,

Көрікті қос перизат бойға келген.

Әкең мен шешеңнің аттары кім?

Нағашың кім болады ордалы елден.

Алдымен жөніңізді ұғып алып,

Айтуға одан кейін ойға келгем, - деп бала ақын қарсы әріптесін сайысқа шақырады. Қарсы алдында отырған қыз әріптесі:

Ұқсаңыз, сұрасаңыз атым Әйім,

Қожбамбет руым, білсең жайын.

Жолыңды ал, тоғызыңды ал құда бала,

Кісі атын қиыстырып айта алмаймын, - деп жеңілгенін мойындайды. Сонда ақын жалғасты:

Құдаша, сенен тоғыз сұрамадым,

Тоғызбен дүние жинап құрамадым.

Жай сөзбен жағдайыңды ұқпақшы едім,

Адамын білмек болып бұл араның.

Тоғызбен өлең жолын тоқтатқаны,

Өлеңнің шығармады-ау тиянағын, - деп кейістік білдіреді.

Көдектың қасындағы жігіттер бала ақынның өнерін сынамақ болып қоярда қоймай жүріп тойда өлең айтып жатқан және бір қыздың тұсына отырғызады. Шабытына мінген бала ақын:

Тағады қыз-келіншек сілер үзбе,

Тұсыңа құрбың келді білдіңіз бе?!

Құдаша бізден бұрын неше тойда,

Өлеңмен Қаршығаны ілдіңізбе?

Ілсеңіз, қай жағынан торға түсті,

Келіп тұр соны ұғып білгіміз де.

Бар болса ондай өнер қуанамын,

Жақсы боп көрінеді игі бізге.

Қанеки, өлеңіңді байқайыншы,

Әйтеуір көптің бірі жүрсіңізбе?! – деп қыздарға қырғидай тиеді.

Сонда айтысты тыңдап отырған бір кемпір қызына қарап:

- Қоя тұр өлеңіңді айтпа, құдай-ай! осы жасқа келгенше «Өлеңмен қаршығаны ілді» деген сөзді естіп көрмеппін, бұл өлең бе, жұмбақ па, ондай өлеңді қызым емес, мен де естігем жоқ, қарағым, қызымның тұсына отырып қалыпсың, тоғызыңды алғын да қайтқын, - дейді.

Аталас туысы Мұқайдың айтуынша сол тойда Көдекпен айтысуға ешкім шықпаған екен. Көдек Бұхардан оқыған, білімі жоғары Мұқай деген кісіден оқып тәлім алады. Көдектің 13 жас кезінде жазған мына өлеңіне назар салайық:

Бала кезде шолжаң боп оқымадым,

Оқып жазған Мұқаңнан тоқырадым.

Шолжаңдықтың аяғы мынау болды,

Қатарынан қалыппын осылардың.

Қолдан жазған шимайың ойға кесте,

Жазу болып оқылар тілмен шешсе.

Дүниенің барлығын матастырып,

Оқығанда жарайсың ақыл-еске.

Әліпбиді ежіктеп танып алдым,

Бірте-бірте шимайлап қанығармын.

Шимай-шимай ішіне сырым түйіп,

Қыз балаға хат жазып қағынармын, - деп араб әліппесін үйреніп, сауатын ашқанын өлеңге қосып, білімге деген оттай ыстық ықыласын білдіре келіп, бала кезде бос өткен уақытына ашынып «Қатарынан қалыппын осылардың» деп опық жейді. Бұл Көдектің бала шақтағы алғашқы ағарту идеясының ұшқыны еді.

                                                 III

Дауылпаз ақын Қасым Аманжолов кезінде ақынның «Қызырлы не боп кетті біздің Албан» деген шығармасын оқығаннан кейін Көдек ақын жайлы: «Көдек өз дәуірінің шындығын жазған семсер тілді ақын, оның қуғындалып, аумалы-төкпелі өмір сүруіне сол дәуірдің өзі жауапты, мен Көдектей қылышынан қан тамған заманға қарсы өлең жазған ақынды сирек кездестірдім» («Көдек шығармалары», Шыңжаң халық баспасы, 2005 жылы желтоқсан. 342-бет.) – деп жоғары бағалаған екен.

Көдек 1926 жылдары Ілияс Жансүгіровпен кездеседі.Ілияс Жансүгіров Көдектің бір таң өлеңін мейірлене тыңдап отырып: «Мен сіздің төкпе ақындығыңызға, өмірді бейнелеген шындығыңызға разымын. Бірақ, заманды да ойлауыңызды өтінемін», – депті. Сол жолы Ілияс Жансүгіров пен кездесу барысында Көдек оған «Алаштың азаматы» деген мына өлеңін арнапты:

Алаштың азаматы қандай болар?

Елдің жаны өзіне жандай болар.

Елі үшін еміреніп, тебіреніп,

Айтқаны шекер менен балдай болар.

Қанша артса да еселеп көтеретін,

Көшбасы жүк артатын нардай болар.

Бүкіл елдің көзі мен көңілінде,

Төбесінде толқыған айдай болар.

Бұл заман азаматқа ерік қоймас,

Арғымақ арықтаған тайдай болар.

Айтқаны, істегені анықтап тұр,

Шыңырау алдын қазған жардай болар.

Бір кездері оларға пәле жапса,

Қозғалтпай басып қалар таудай болар.

Қи сыпырып қиратып жоғалтады,

Төбесінен төнетін жайдай болар.

Тоз-тоз боп қатын-бала, әке-шеше,

Бейкүнә жан халыққа жаудай болар.

Ұлттан, діннен ажырап қалғандары,

Сасық көбең, өр кеуде дай-дай болар.

Бір алла істің түбін өзің оңла,

Кім білер кейінгі ұрпақ қандай болар...

Әке мұрасын көзқарашығындай аялап, жинақтаған зерттеуші, қарт педагог Көдектің ұлы Айтуғанның айтуына қарағанда, Көдек ақын Жүсіпбекқожа Шайхисламұлымен жастайынан төс соғыстырып достасып, өле-өлгенше барыс-келісі үзілмепті. 1931 жылы Жүсіпбекқожа Сүмбеден қашып өткеннен кейін Қытайдағы Көдек ақынды іздеп Аттың тауына барады. Ақынның  үйінде Рамазан деген адамның отырғанын көріп екеуі бірін-бірі бас салып құшақтасып көрісіп амандасады.

Рамазан деген адам Жүсіпбекқожаның Сүмбеден қашып өтуіне қол ұшын берген екен. Көдек ақын бұл туралы мынандай өлең шығарыпты:

Қожеке, ел қуанды келгеніңе,

Ақ жолын құдай оңдап бергеніне.

Қадырлы Рекеңді құрмет еттің,

Сүмбеден сізді өткізген еңбегіне.

Осындай адал адам халықта бар,

Семсердей сертке шыққан сенгеніне.

Құдай-ау, бұл халықтан ажыратпа,

Өмірде бар кезінде, өлгеніңде.

Бұл рет Жүсіпбекқожа ырым етіп үстіндегі жейдесін Көдектің жалғыз ұлы Айтуғанға шешіп берді. «Қожекең жас жағынан әкем Көдектен 31 жас үлкен, әкесінің құры еді. Оны бүкіл ауыл бойынша сыйлайтынбыз, шешем Мәтім атақы ақын Жүсіпбекқожаның жейдесін кішірейтіп беріп, бір талай уақыт кигенім әлі есімде», – дейді Айтуған.

Ғұлама ақын, білгір, үлкен оқымысты Жүсіпбекқожа Шайхисламұлы Қытайға барғаннан кейін Көдек ақындға ұстаздық етіп, үлгі-өнеге көрсеткені даусыз, өйткені осы екі алып ақын өмірінің соңғы мезгілін Қытайдың Текес өңірінде бірге өткізді.

Көдек ақын екі жылға таяу әскерде болып 1920 жылы азамат соғысынан қайта оралған сапарында Жетісу өлкесінің маңдай алды дарабоз ақыны Жамбыл Жабаевпен кездесіп, көп әңгімеде болған. Бұл туралы мынандай деректерді кездестіреміз: «Көдек 1918 жылы қызыл әскер қатарында алынып, Хиуа, Бұхар хандықтарына қарсы соғысқа қатынасады. Сол ұрыстарда екі рет ауыр жараланып 1920 жылдың күзінде жарамсыз әскер ретінде елге қайтарылады. Ауыр жолдан арып-ашып келе жатқан жаралы солдат Түргендегі атақты шапырашты Жүнісбай болыстың үйінде Жамбыл ақынды кездестіреді. Тумысынан өнерге жақын Жүнісбай екі ақынды бірнеше күн күтіп, құмары қанғанша өлең, жыр тыңдайды» (Тоқтар Әлібекұлы «Баласы мұны жазған Маралбайдың...», «Әдебиет айдыны» газеті, 2007 жылы шілденің 19 күні).

Көдек ақын Жүнісбайдың үйінде әйгілі «Бұхарға сапар» поэмасын айтып өлең тыңдап отырған дүйім жұртты таңғалдырады.

Жамбыл ақын бірнеше күн  Көдек айытқан өлеңдерді сүйіне тыңдап қатты риза болады.

«Көдек жолға шығар күні Жамбыл Жүнісбай болысқа құлақ қағыс етіп:

Көріп едім албанды,

Қарқараны жайлаған.

Түйе тізіп қатарлап,

Мыңнан жылқы айдаған.

Қойы толған қораға,

Желілеп бие байлаған.

Он алтыншы жылында

Басшылары ұсталып,

Қырғын тауып қалғаны,

Соры сөйтіп  қайнаған,

Жақсылап сыйла, Жүнісбай,

Керек қой бұл әр уақытта,

Қаражат беріп аттандыр,

Мал бар ма жиған солдатта, – деп үстіне киім, астына ат мінгізіп қайтарыпты» («Әдебиет айдыны» газеті, 2001 жылы шілденің 19 күні).

1901 жылы Көдек ақынның 13 жас кезінде, Сүйіндік ауылында бір қыздың тойы болады. Сол тойға Қызыл бөрік руынан шыққан Бөлтірік ақын келіп өлең той бастайды. Той иелері Бөлтірікті құрметтеп, шапан жауып, ат мінгізеді. Ауыл ақсақалды Бөлтірік ақынға Көдекті сынату үшін өлең айтып берсін деп көкпар тартып жүрген жерінен шақыртады. Шақырып барған баладан ақсақалдар мені неге шақырады? – деп сұрайды Көдек.

–  Сені атақты ақын Бөлтірікпен айтыстарғалы жатыр, – дейді шақырып барушы әзілдеп. – Айтысам айтысайын, – деп көкпарды тастап, жиналған топ ішіндегі Бөлтірік ақынның алдына шауып барып, қос қолын кеудесіне басып тұрып:

Ассалаумағалейкум алдияр,

Шақырған соң кеп қалдым

Жүрісім өте асығыс,

Көкпарды қуып бетке алдым.

Нокерлерім қасымда,

Өкшелей қуып жетсе алдым,

Айалдасам кешігем,

Аттың тері бос қалдың.

Жасыңа  құлдық аталар,

Айтарыңды деп қалғын, – депті. Баланың өткі өлеңінаңғарған Бөлтірік ақын:

– Ауылдарыңнан дауылды ақ тұйғын ақын шыққалы тұр екен. Жолы болып алдыннан нұр жаусын! – деп ризалығын білдіріп, қолындағы домбырасын ұсынып, батасын берген екен.

Атақты ақын Бөлтірік Атыханұлы бала Көдекке өлең өнері жағынан үлгі-өнеге көрсетіп, ақындық жолға түсуге бағыт сілтеп, ақыл-кеңес беріп отырды.

IV

Ақын 15 жас пен 18 жас аралығында Құрман ауылындағы бір қыздың тойында «Маржандаған» атты өлеңін былай айтқан екен:

Бұл қыздар шашын өріп маржандаған,

Киімінің бәрі моншақ қайран қалам.

Жалтылдап көз қырымды моншақ тартты,

Болды ма қыздың көркі арзандаған?

Болмағы қыздың жақсы мінезінде,

Өз бойын түземесе кінә өзінде.

Тағынып бар моншақты бір өзіне,

Өмірлік жеткені ме тілегіне.

Моншақтың түпкі тегі тас пен темір,

Оны ләззат көрмейді жастық өмір.

Жалынды өңде жанары шолушыдай,

Сенгеніне талпынар тіл мен көңіл.

Қыздардың бәрі жаңағы шашын маржандаған қызға қарайды. Қыз қатты ұялып, үйіне ыза болып келіп шешесіне айтады. Шешесі Ұзақ батырдың кіші әйелі Қанымға айтады: Айт ауылының балалары тойға барған қыздарды ұялтып өлеңге қосыпты, – дейді.

Батырдың ойына бұрынғы Сейділда қыз бен Байшығанның айтысы түседі... неше рет болған соғыстың ақыры Айт-Бозымның қыз алысуына жалғасып содан бастап олар екі болыс елге бөлінген еді. Бұлар не деп жүр деп ертесі балаларды шақыртады. Мұны естіген Көкеңнің жолдастары қашып кетелік дейді. Көдек баралық деп 3-4 баламен бірге барыпты.

Ұзақ батырдың үйінде адам толып қымыз ішіп отырыпты. Олар төмен отырыпты, батыр төрдегі қарияларға қарап сөйлеп отырған екен, бұлардың келгенін байқамапты. Сөзінің бір үзілісінде әйелі Қаным:

- Балалар келіпті, - дейді.

Сонда Ұзақ батыр балаларға қарап:

- Ей, балалар, сендер біздің ауылдың қыздарын өлеңге қосып ыза қылыпсыңдар, айтушы болсаңдар, қыздың әке-шешесі бізді де өлеңге қосқын, естілік, - дейді. Сонда Көдек:

- Алдияр тақсыр, - деп орнынан атып тұрып, қос қолын кеудесіне қойып иіліп, төрдегі адамдарға бір қарап өтіп:

Тақсыр сіз келген сөзді қайтармаған,

Адамның бет-жүзі деп жалтармаған.

Ойыма келіп қалды айтып қалдым,

Әлі сөзім орнында тұр жайтаңдаған, - дейді. Сәл кідіргенде төрде отырған қариялар:

- Балам, не деп кеттің қайта айтшы? – дейді. Ақын өлеңді қайталайды.

Жастарға сыншыл Ұзақ:

-Ей, балам, адам болам десең тауып сөйле, қауып сөйлеме! тауып сөйлесең ел разы, досың артады, - деп одан әйелі Қанымға бұрылып, - баланың айтқаны дұрыс сияқты, отау үйге апарып мал сойып, қонақ етіп жіберіңдер, - деген екен. Ұзақтың ақыл-кеңесі Көдекке үлкен ой салды, кейін келе Көдек халық тағдыры, ел арыстары жайлы озық өлеңдер шығарып үлкен-үлкен ойлар айта білді.

Сөз жияр

Көдек ақын қайтыс болардың алдында өзінің көрген түсін былай баяндапты:« Мен дүниеден қайтсам да жаман болмаспын, бұрын өзім бармаған қараңғы жерге барыптым деймін. Біраздан соң әліде бір нәрседен үстіме жап-жарық нұр жауып кетті»  ( Нұрлан Сәрсенбаев.«  Төкпе жырдың дауылы»,  « Іле тарихи материалдары», 19-сан), -дейді.

Иә, терең ой иірім қатпарынан асыл тұлғаның өзі айтқан күн шұғыласына шағылып, жалт-жұлт етіп шашыраған нұр сәулесін іздеймін!

Бұл жарық сәуле болашаққа керуен тартқан ұлы ақынның Аспантау елін жыршылық дәстүрінің терең тамырласып жатқан ақындық мектебін байқаймыз. Өйткені ақын тақыр далада емес, қызыр шалып, бақ қонған жер жанаты Жетісудың құнарлы топырағында дүниеге келген, бүгінгі күні Көдектің атағы мен даңқы күллі әлемдегі қазақ халқына аңызға айналды, ол сонау қуғын-сүргін кездегі халық басына түскен ауыр тағдырды, қылышынан қан тамған заманға қарсы  сескенбей жыр жазған семсер тілді күрескер ақын, Ұлы ғұлама жазушы Мұхтар Әуезовтай тұлға баға берген Маралбаев Көдек Байшығанұлының ақындық болмысы киелі Аспантау елінің рухынан жаралған!

Нұрлан Сәрсенбаев,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жазушы, этнограф, әдебиет зерттеуші

Abai.kz

0 пікір