Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Жыл қорытындысы 2272 4 пікір 27 Желтоқсан, 2022 сағат 14:56

Жыл қорытындысы: Күз (IV бөлім)

Соңы

Басы: Қазақстан. 2022 жыл... (I бөлім)

Жалғасы: Жыл қортындысы. Көктем. (II бөлім)

Жалғасы: Жыл қорытындысы: Жаз (III бөлім)

2022 жылдың күзі де саяси жаңалыққа толы болды. Толығырақ шолудан оқыңыз.  

ЖОЛДАУ, САЙЛАУ...

Президент Тоқаев оқу жылын халыққа кезекті жолдауын арнаумен бастады. Бұл бір жыл ішінде екінші мәрте жасалған жолдау болды. Тоқаев жолдауда экономикалық бірқатар бастамаларды айта келіп, саяси бағытқа ауысты. Жолдау барысында кезектен тыс президент сайлауы өтетіні белгілі болды.

Қасым-Жомарт Тоқаев: "Мен биылғы күзде кезектен тыс Президент сайлауын өткізуді ұсынамын. Әділетті Қазақстанды құру жолында түбегейлі және жан-жақты реформаларды табысты жүзеге асыру үшін халықтың жаңа сенім мандаты қажет. Мен үшін мемлекет мүддесі бәрінен биік. Сондықтан мен өкілеттік мерзімімді қысқартуға және кезектен тыс Президент сайлауына баруға дайынмын. Сондай-ақ, мен көп ойланып, Президент өкілеттігі мерзімдерінің санын және ұзақтығын қайта қарау қажет деген байламға келдім. Президент мандатын ұзақтығы 7 жылдық бір мерзіммен шектеуді ұсынамын. Бірақ қайта сайлануға тыйым салынады", - деу арқылы ел күтпеген мәлімдеме жасады.

Осылайша күздің бірінші күнінен бастап ызу-қызу талқы, саяси науқан қазаны қайнай түсті. Алда сайлау күтіп тұрған еді.

ДЕМОКРАТИЯЛЫҚ КҮШТЕР КОАЛИЦИЯСЫ

Президент Жолдауынан кейін саяси күштер мәлімдеме жасай бастады. Қоғамның бір тобы жолдауды қолдаса, енді бір тобы қарсылық көрсетіп жатты. Біріккен оппозиция мәлімдемесі де болды. Оны "Демократиялық күштер коалициясы" деп атады.

Демократиялық күштер коалициясын құрушы азаматтардың мемлекет басшысының 2022 жылғы қыркүйектегі Жолдауында айтылған кезектен тыс президент сайлауына қатысты үндеуі жарияланды. Үндеуде коалиция кезектен тыс президенттік сайлауды 2024 жылы өткізуге шақырды. Билікке бірқатар талап қойып, сайлаудан бас тартпаған жағдайда коалиция біріккен кандидатты шығаруға үндеді. Үндеудің соңында демократиялық күштер коалициясы "президенттен, қос палатаның төрағаларынан және барлық депутаттардан саяси реформа жасау жөніндегі жоғарыдағы талаптарды орындатқызуды алаңдарға, көшелерге шығып талап етейік!" деді. Алайда коалиция біріккен кандидат шығарған жоқ, сайлаудан кейін де, дейін де алаңға бармады.

ТІЛСІЗ ЖАУ

Қыркүйектің басы Қостанай облысын қызыл өрт қаулады. Бірнеше ауданда өрт шығып, облыс бойынша ТЖ жарияланды. Өрт Әулиекөл ауданында басталды. Жүзден астам нысанды жалмап кеткен қызыл жалынның себебін анықтау жұмыстары жедел басталды.

Қостанайдағы өртке қатысты ресейлік арналар да жазып жатты. Ресейдің ақпараттық-бақылау кеңістігінде “Жоспарлы түрде азық-түлік тапшылығын жасау" деген мағынадағы хабарлар белсенді түрде таратыла бастады деп жазды "РПУ Данк" телеграм арнасы.

"Қазақстанның солтүстігіндегі Қостанай облысында ормандар мен бидай алқаптары өртеніп жатыр, жақын маңдағы елді мекендерде бірқатар "түсініксіз" өрт шықты. Зардап шеккендер бар, әкімшілік орталыққа, Қостанай қаласына апаратын басты тас жол жабылды. Айта кету керек, Лисаковскіде бірнеше күн бұрын 600-ге жуық саяжай өртенді. Фермерлердің хабарлауынша, қазір егін жинау науқаны және дәл осы уақытта бидайдың өртенуі бекер емес" дейді ақпарат көзі.

Қостанайдағы өрт Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығымен бірдей уақытта болып, Алаш арысының мерейтойы кейінге шегерілді. Президент Қостанай облысына жасаған сапарында міндетті түрде Ахаңның 150 жылдығы аталып өтетінін айтты.

ДІНДЕР СЪЕЗІ, ПАПАНЫҢ САПАРЫ

Астанада 14-15 қыркүйекте әлемнің 50 елінен 108 делегация қатысқан әлемдік және дәстүрлі діндер съезі өтті.Бұл бірінші съез емес еді. Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі алғаш рет 2003 жылғы 23-24 қыркүйекте Қазақстан Республикасының бастамасымен шақырылды. Астана қаласында 2003, 2006, 2009, 2012, 2015 және 2018 жылдары өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің алты съезіне ислам, христиан, иудаизм, буддизм, синтоизм, даосизм және басқа да дәстүрлі діндердің басшылары мен көрнекті өкілдері қатысты.

Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII Съезінің басты тақырыбы: "Пандемиядан кейінгі кезеңде адамзаттың рухани және әлеуметтік дамуындағы әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің рөлі" деп бекітілді. Съезге араға 21 жыл уақыт салып Рим Папасы қатысты.

Съезге қатысқан Рим Папасы Франциск: "Кеше мен домбыраның бейнесін алдым. Бүгін мен дауысымды музыкалық аспаппен байланыстырғым келеді. Осы жердің ең атақты ақыны - оның қазіргі әдебиетінің атасы, домбырамен жиі суреттелетін композитордың дауысы - Абай. Ол артында діншілдікпен сусындаған туындылар қалдырды, онда осы халықтың жан дүниесіндегі ең жақсы нәрсе көрсетілген - бейбітшілікті аңсайтын және соған ұмтылатын үйлесімді даналық.

Абай адамзаттың бастауы - махаббат пен әділдік екенін еске салады. Ешқандай жағдайда зорлық-зомбылықты ақтауға болмайды. Адамға лайықты құралдар - балаларға, жас ұрпаққа ерекше қамқорлықпен өткізетін кездесулер, диалог, шыдамды келіссөздер керек. Абай осыған байланысты білімін кеңейтуге, өз мәдениетінен тыс шығуға, таным, тарих және басқалардың да әдебиетін оқуға, білуге шақырды. Өтінемін, қару-жараққа емес, білімге ақша салайық", - деді.

Cъезден кейін Рим Папасы діни жоралғы орындап, оған үш мың адам қатысты.

АТ БАСЫН АСТАНАҒА БҰРҒАН ШИ ТӨРАҒА

Пандемияға байланысты үш жылға жуық елінен шықпаған Қытай төрағасы Ши Өзбекстанда өтетін ШЫҰ саммитіне барар жолда, ат басын Астанаға қарай бұрды. "Бұл үлкен саяси мәнге ие" деді сарапшылар, себебі Қытай басшысы әлемдік саясат пен экономикаға трансформация жасаған пандемиядан кейін алғашқы сапарын көршілес елден бастаған болатын.

Кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Қытай арасында дипломатиялық қатынас орнағанына 30 жыл толғанын атап өтті. ҚХР Төрағасы араға 5 жыл салып Қазақстанға қайта келгеніне қуанышты екенін айтып, қазақ халқының қонақжайлығы мен мемлекеттік сапармен келуге шақырғаны үшін Қазақстан тарапына ризашылығын білдірді.

Ши төраға ресейлік сарапшылар кеңінен талқылаған мәлімдеме жасап, былай деді: "Қытай үкіметі Қазақстанмен арадағы қарым-қатынастарға зор көңіл бөлетінін тағы да қайталап айтқым келеді. Халықаралық жағдай қалай өзгерсе де, біз алдағы уақытта Қазақстанның тәуелсіздігін, егемендігін және территориялық тұтастығын сақтауына қолдау көрсетеміз".

МОГИЛИЗАЦИЯ...ОРЫС ҚАШТЫ

Ресей әскері Украинада жеңілістен көз ашпай, Кремль тілімен айтсақ "тактикалық шегіністер" саны артты. Путин билігі мобилизация жариялауға мәжбүр болды. 21-қыркүйек күні Ресей өз тарихындағы үшінші мобилизацияны жариялады.

Путин арнайы үндеу жасап, былай деді: "Арнайы операция сәтті іске асуда. Неонацистерден азат етілген халық еркін болғысы келеді. Бізбен бірге, қатарласа күн кешуді қалайды. Ол біздің халқымыз, олардың қолын кері қайтармаймыз. Мен жартылай мобилизация жариялауды жөн көрдім".

Путин мобилизацияға 300 мың адам тартылатынын айтты. Бұл Ресейден жаппай ер азаматтардың өзге елге кетуіне әсер етті. Мүмкіндігі барлар ұшақпен, көлігі барлар көлікпен, кейбірі тіпті жаяу қашты. Қазақстан, Грузия, Армения, Беларусь шекарасының қақпасын қақты.

Қашып келген ресейліктер елімізде бірқатар әлеуметтік мәселелерді өршітті. Бұл ең алдымен пәтер бағасының шарықтап кетуіне әсер етті. ІІМ жыл басынан бері 74 371 Ресей азаматы Қазақстандық ЖСН алғанын мәлімдеді. Ақпарат көздері Қазақстанға қыркүйек айында 180 мыңға жуық ресейлік кіргенін жарыса жазып жатты. Ал кей деректер "бірнеше есе көп" дегенді айтты.

Астана атауы қайтарылған жағдайда қосымша ақша талап етілмейді

ҚАЙТА ОРАЛҒАН МЕРЕКЕ, ҚАЙТА ОРАЛҒАН АСТАНА

17-қыркүйекте Қасым-Жомарт Тоқаев Нұр-Сұлтан қаласының атауын Астана деп өзгерту туралы жарлыққа қол қойды. Жарлық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізілді.

2-қыркүйекте мәжілістегі "Жаңа Қазақстан" депутаттық тобының мүшелері елордаға Астана атауын қайтару туралы бастама көтерген болатын. "Бірнеше жыл бұрын елорданың атауын өзгерткеннен бастап қоғамның ішінде пікірталас толастамады. Әлі күнге дейін жүріп жатыр. Халық арасында алуан түрлі пікір бар. Соның көбісі бұрынғы атауын қайтаруға қатысты. Сондықтан депутаттар "халық үніне құлақ асатын мемлекет" ретінде халықтың үніне құлақ асу қажет деген ұсыныспен осы мәселені көтерді. Енді алда қандай шешім болатынын күтейік", - деп бастаманы мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов түсіндірген болатын.

22-қыркүйек күні Республика күні қайта оралды. Парламент депутаттары "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне кинематография және мәдениет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын мақұлдады. "25 қазан – Республика күні ұлттық мереке ретінде атап өтіледі, ал 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні болып қала береді" деді депутаттар.

ЕРДОҒАННЫҢ САПАРЫ

12-қазанда Қазақстанға Қазақстанға Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған келіп, президент Тоқаевпен жолықты. Мемлекет басшылары екіжақты бірқатар келіссөздер жүргізді.

Түркия Президенті жаһандық және аймақтық тұрақсыздық белең алған шақта түркі мемлекеттерінің ынтымағын одан әрі нығайту қажет екенін, сондықтан стратегиялық серіктес әрі бауырлас ел Қазақстанның қауіпсіздігіне, тұрақтылығына, территориялық тұтастығына және экономикалық әл-ауқатының жақсаруына айрықша мән беретінін жеткізді. Тараптар 14 құжатқа қол қойды.

АБАҚТЫДАН ҮЙҚАМАҚҚА

2-қараша күні тіркелмеген Демократиялық партия жетекшісі, белсенді Жанболат Мамай түрмеден шығып, үйқамаққа ауыстырылды. Ол ақпан айынан бастап 8 ай бойы қамауда отырды.

Белсенді абақты алдында қарсы алған жақтастарының алдында «өзіне тағылған айыпты мойындамайтынын, шындық үшін күресетінін» айтты.

"Сіздерге көп рақмет! Бұл мен үшін күтпеген жаңалық болды. СИЗО-дан шығып, үйге баруға еш дайындалмаған едім. 8 жарым айымды камерада өткіздім. Аяқ астынан бостандыққа шығасын деп қағаз алып келді. Сіздерге алғысым шексіз! Бұл – тек қоғамның жеңісі деп ойлаймын. Бұл – толық бостандық емес. Үйқамаққа ауыстырылдым. Егер қоғам наразылық білдіріп, халықаралық ұйымдар қолдау білдірмесе, бүгінгі жағдай орын алмас еді. Маған тағылған айыпты мен мойындаған емеспін және мойындамаймын да. 8 жарым айдан бері мен саяси себеппен түрмеге қамалдым. Денсаулығым өте жақсы. Оған қатысты ешқандай арыз-шағымым жоқ. Бүгінге дейінгі әлемге деген менің терезем жұбайым мен қорғаушыларым болды. Сотта шындықты дәлелдеп күресуге мен дайынмын", - деді Жанболат Мамай.

Қазақстан президентін кезектен тыс сайлау қорытындысы туралы ОСК шешімі жарияланды - zakon.kz

ЕКІНШІ ОРЫНДА - "БӘРІНЕ ҚАРСЫМЫН"

20-қараша күні кезектен тыс президент сайлауы өтті. Орталық сайлау комиссиясы 20 қарашада өткен кезектен тыс президент сайлауында Қасым-Жомарт Тоқаевтың жеңіске жеткенін айтты.

ҚР ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіровтің дерегінше, Қасым-Жомарт Тоқаевқа 6 млн 456 мың 392 сайлаушы немесе олардың 81,31%-ы дауыс берген. "Бәріне қарсымын" бағанын 460 484 немесе 5,8% сайлаушы таңдаған.

Жигули Дайрабаевқа 271 641 немесе 3,42 пайыз, Қарақат Әбденге 206 мың немесе 2,6 пайыз, Мейрам Қажыкенге 200 907 немесе 2,53 пайыз, Нұрлан Әуесбаевқа 176 116 немесе 2,22 пайыз және Салтанат Тұрсынбековаға 168 731 немесе 2,12 пайыз дауыс берілген. Нақтыланған сайлаушылар тізімдеріне сай, жалпы сайлаушылар саны 11 млн 953 мың 465 адамды құрады.

Ка Мырза

Abai.kz

4 пікір