Жұма, 19 Сәуір 2024
46 - сөз 2194 5 пікір 26 Желтоқсан, 2022 сағат 13:48

"Хабар" –  мемлекеттің қаруы бола ала ма?

"Хабар" агенттігін 2023 жылы "Самұрық-Қазына" қоры арқылы қаржыландыру бойынша Үкімет үкімінің жобасы талқылана бастады. Қаржыландыру параметрлері белгісіз. Себебі НПА-ға үкім жобасының өзі ғана шыққан. Ал көп жағдайда қаржы көлемдері үкімге қосымша құжаттарда жазылады.

Сонда біз қазір екі нәрсені білмейміз:

1. Хабар "Самұрық-Қазынадан" қанша ақша алуы мүмкін?

2. Хабар "Самұрық-Қазынадан" ақша алса, оған 2023 жылы бюджеттен мемлекеттік тапсырма арқылы қаржы беріле ме?

Әр жылдың басында келесі жылдың бюджеті бойынша (үш жылдық бюджет системасымен) Заң жобасы әзірленіп, алдын-ала мақұлданады. Үшінші тоқсанда ол Парламенттің екі палатасынан өтеді де, оған Мемлекет басшысы қол қояды. Ал желтоқсанның онына таман сол бюджетті іске асыру бойынша Үкімет Қаулысы шығады. Дәл сол қаулыда мемлекеттік тапсырма бойынша (Қазақстан арнасы, Хабар, Назарбаев университет, Медицина орталығы, Рухани жаңғыру, т.б.) кімнің қанша ақша алатыны жазылатын. Биыл осы Қаулы екі аптаға кешікті және әлі жарияланбады. Және осы кезде "Хабарды Самұрық-Қазына қаржыландырсын" деген құжат бой көрсетті. Бұл - "Үкімет "Хабарды" мемлекеттік тапсырма тізімінен алып тастады ма?" деген сұрақ туғызады.

Осы жылы Хабар мемлекеттік тапсырмамен 13 миллиард теңге, ал Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігі үлестіретін ақпараттық заказ бойынша кем дегенде 5 миллиард теңге алды. Сонда мемлекет қолдауы - 18 миллиард теңгенің үстінде. Хабардың мемлекет төлейтін эфирі - 33 412 сағат. Шамамен, мемлекет әр тәуліктегі 20 сағат эфирдің тек 3 сағатын төлеп отырады, ал эфирдің әр сағаты бюджет үшін 540 мың теңге тұрады. Бұл - күніне 1 жарым миллион теңге.

Әңгіме ақшада емес. Басты проблема - мемлекет Хабардан (жалпы телевизиядан) өзіне не керектігін білмейді. Немесе тапсырманы әлі күнге дейін нақтылай алмай отыр. Рейтинг жоғары болсын, мемлекеттік саясат жүргізілсін деген жалпылама міндеттер бір фокусты таңдап алып, бір нүктеге төпелей ұруға мүмкіндік бермей келеді. Хабарда кәсіби біліктілігі жоғары менеджмент, талантты телевизия мамандары жұмыс істейді. Тек олардың потенциалын тиімді пайдалану туралы мәселе қолға алынбады. Глобалды тұрғыдан алғанда, Хабар өзіне жұмсалатын 18 миллиард теңгеден экономикаға жыл сайын 800 миллиард теңге эффект бере алады және көптеген проблемаларымызды шеше алады.

Қалайша?

Өзіміз көріп жүргендей, біздің мемлекеттік телевизия контенттік тұрғыдан "мультиформат" стандартында жұмыс істеп келеді. Яғни көп жанрды қамтыған, халықтың барлық типіне арналған (балалар, студенттер, үйде отырған әйелдер, экономикалық белсенді адамдар, зейнеткерлер, тб) құрама контент. Мультиформат - саясат, экономика, жаңалықтар, балаларға арналған, әзіл-скетчер, концерттер, шоулар, сериалдар. Сонда, онда барлық тақырып бар және олар эфирді программалау құралдары арқылы аптадағы 140 сағатқа үлестіріліп орналастырылған.

Бірақ, әлемдік телевизияда соңғы жылдары пайда болған "Фокусты формат" өзінің сұрапыл тиімділігін байқатты. Мемлекеттік мәселелерді шешуде тележәшікті қалай пайдалануға болатынын Ресей тәжірибесінен көрдік. Олар 2013 жылдан бері телевизияның бар фокусын бір тақырыпқа - Украинаға аударды. Сол тақырыптың сөлін әбден сорды, халқын зомбилеп, өзінің бауырлас халқын жек көретіндей жағдайға жеткізді. Овертонның барлық кезеңдерінен өткізіп шықты. Осы концепцияны Эрнст пен Добродеев жасаған болатын.

Бізде Құдайға шүкір, сыртқы жау жоқ және ондай жауыздық бағыт керек емес. Фокусты форматтың дайын шешімдерін - дамуға кедергі болып жатқан ең басты ішкі жау - жемқорлыққа қарсы қолдануға болады. Яғни,  тәулігіне 20 сағат, 2 жыл бойы эфирден бір нүктеге ұру. 2-3 месседжді кодтау. Кодтау - бір сөзді 5-10 минут сайын қайта-қайта айта беруді білдіреді.

Хабарда таңертең Таңғы шоу - пара алудың адамның денсаулығына зиян екенін айтса, әншілер параға қарсы әндерін орындаса, түсте "Жемқордың жазасы" атты сериал жүрсе, түстен кейін "Адамдар проблемасына жемқорлар кінәлі" тақырыбында 3 сағаттық ток-шоу, кешке "Жемқорлар қазақты әдейі жою үшін жаралған" деген тақырыпта тағы 2 сағаттық ток-шоу, одан кейін "Қазақты қорлаған жемқор" сериалы, түнде "Нәрестелердің органдарын жеген жемқорлар" атты псевдодеректі фильм жүретін болса, және олар күн сайын (жаңа кейіпкерлермен) қайталана беретін болса - тура бір жылдан кейін Қазақстанда жемқорлық проблемасы ресми түрде жабылады.

Мемлекет 18 милллиард теңгемен - өмір бойы күресіп келе жатқан проблеманы шешіп, жыл сайын түрлі "антикоррупциялық шараларға" жұмсап келе жатқан 60-70 миллиард теңгені үнемдей алады. Бастысы - ел экономикалық даму жолына түседі.

Телевизияны осындай нақты тапсырмаларға тиімді пайдалануға, жұмсаған әр теңгенің сөлін сығып алуға болады.

Сондықтан, "Хабар" не "Қазақстанның" біреуін мультиформаттан фокусты форматқа ауыстыруымыз керек. Нақты нәтиже беретініне үлкен сенім бар.

 

Айбар Олжаев 

Abai.kz

5 пікір