Бейсенбі, 18 Сәуір 2024
46 - сөз 3022 4 пікір 26 Желтоқсан, 2022 сағат 13:21

Мен жазбасам болмайтын болды

Қайту

Қарлы тау арасындағы көштен,

Адасып қалған төбет-

Өзінің аңғалдығына налып,

ұлыды кенет.

 

Айнала ымырт үйіріліп,

Ұйтқыиды ақтүтек боран.

Жеке бір үйшігің болмаса да,

Қайда әлгі жып-жылы қораң.

 

Қоңторғайлау иесі мұны,

Қайырылып іздеген де шығар.

Әлде басқа ит тауып алды ма?

Қасқыр келгенде сынар.

 

Бай ауылының тазыларына

ілесіп нең бар еді.

Сені жолдан қалдырған -

Майлы жіліктің әлегі.

 

Алдың тұман, артың мұз,

Ал, енді сен нетпексің?

Қай иеңді паналап,

Қайда сапар шекпексің?!

 

...Ескі жұртқа тартарсың,

Нар тәуекел бекініп.

Басқа қылар қайран жоқ.

Ұлығанмен өкініп.

 

Көштен адасып кеткенің де

Негізі - дұрыс болды.

Тауып алдың міне -

Туған жерге апаратын жолды.

 

Әйтсе де, иесіз қалған жұрттағы,

Қорқаулар сиғызар ма?

"Бопты. Жолай өзім сынды

адасқандарды жиып,

тартайын сол бар тауға!"

 

Тәуелсіздік

Шыңырауда қалған соңғы тамшыдай бағалы,

Жарлының алғаш тонындай киген жағалы.

Мың жылдық шөлге нөсер боп құйған телегей,

Аралда қалған жалғызға жақындаған кемедей.

Күркіреп көшкін қуғанда далда боп қалған төбедей,

анам бір жайған өредей.

Қымбатсың ғой сен маған!

 

Терезені тырмалап анасын күткен сәбидей,

Татар дәмі біткенде көзді арбаған пәнидей.

Махаббатқа мәжнүн боп жан баураған сыйқырлы,

Шымыр-шымыр жайылып буынды алған күй сынды.

Мен бөлтірік, сен ене желден аулап исіңді -

Ұмтылдым ғой мен саған!

 

Аялаған жетімді алақанның табындай,

Үзілгенде тірсегім ұстап тұрған тамырдай.

Құйрығыммен ұшқанда, қанат болған талдырмай,

Көктемді аңсап келгенде, шалқып жатқан айдындай.

Ғасырлық тас түнекті жарып өткен жасындай,

Кешегі өткен қаблан ер Кененің ғазиз басындай! -

Қастерлісің сен маған!

 

Тамырым қаңсып қалғанда, қанып ішкен шәрбәттай,

Тамұқта күйіп жатқанда, жарқ ете қалған жәннәттай.

Шам түбінде жымыңдап орамал тіккен сұлудай,

Таудың иісі аңқыған әкемнен қалған жылудай.

Қызыр жайлап жататын атамның құтты төріндей,

Күннің иісі аңқыған әжемнен қалған мейірдей,-

Ыстықсың ғой сен маған!

 

Ояу көрген түсімдей - жалғандағы шындығым!

Ар мен рухты әлемге тарататын кіндігім.

Ақиқаты алланың, көзімнің ақ пе қарасы -

Міне бұл қазақ даласы!

Аңың үрікпесінші - томарың боп жатайын.

Құсың үрікпесінші - су түбіне батайын.

Жаса тәуелсіздігім!- тарқамайтын сағыныш!

Қазағыңды мәңгілік сапарларға алып ұш!

 

Әтір

Жайнаған жасыл баққа сыңғыр қағып,

Жұпар шашып бойжеткен кірді ұрланып.

Бір бозбала «chanel» мен қарсы алды оны...

Қауызына қонды ара гүлдің барып.

 

Ғашықтарға бақыттың бәрін үйші,

Өмірдің соңы күйші, басы биші.

Түн ауа шықты екеуі қолтықтасып,

Бұрқырап баққа сіңді әтір иісі.

 

Дегендей ұзақ қылсын қызығыңды,

Төбеден ай күлімдеп жүзі нұрлы.

Бірақ та сіңіп қалған әтір иісінен

Құстар мен гүл-бәйшешек тыжырынды.

 

...күз де жетті, құс та жоқ, гүлдер ғайып,

Өмір солай ол үшін бұлданбайық.

жалғыз кепті бойжеткен әтірленбей...

Білмедім, не болғанын кімдер де айып?!

 

Ана

Алатаудың қабағы құрсаныпты –

Анамның омыртқасы қисайыпты.

Айдын көлдің ажарын мұң шалыпты –

Анамның омыртқасы қисайыпты.

 

Бозторғайдай шырылдап ала таңда,

Балапандай өсірдің алақанда.

Жарың кетіп отыздан аса бере,

Айдын көл де, сен болдың алатау да!

 

Көз ұшында бұлдырап қалған дәурен,

Тағдырдың тас қамалын талқандаумен.

Еңбектеп көтердің ғой - беліңде ағам,

Қарындасым желкеңде, арқаңда мен.

 

Біз үшін өзің болдың мың толағай,

Жылытты қабағыңнан түскен арай.

Өсірем деп жүргенде ұл-қызыңды,

Шеміршегің де өсіпті ішке қарай

 

Арқаңа салмақ салып табыт – ғалам,

Қу жалған ыржың-ыржың шалықтаған.

Сонда да ризамын тағдырыма,

Омыртқаң опырылмай қалыпты аман.

 

...Тәңірім сынамақ па тағы құлын,

Тар жерде тұтқа болды тағылымың,

Мен кағбаны іздептім пәруана боп...

Жәйнамазым екен ғой жауырының.

 

Шатағым жоқ, дыр-думан - алқасында,

Мінәжәт қып жатайын қалқасында,

Жердің шары шайқалмай аман тұрса,

Бәрі, бәрі ананың арқасында,

 

...Тиылайын менде енді «көп ұрттаудан»,

Енді берер құтыңды кемітпе аллам.

Анажан жатыңызшы, демалыңыз.

Тізерлеп сүйейінші омыртқаңнан!

XXX

Мен жазбасам болмайтын болды -

Басты емес, поэзияны.

Өйткені мына ғаламның

Көбейді пәле зияны.

 

Мен жазбасам болмайтын болды -

Басты емес, драманы.

Өйткені ұлы режиссер

Тәңірім кінәлады.

 

Мен жазбасам болмайтын болды -

Басты емес, романды.

Өйткені мына адамзат

Қапасқа қамалды.

 

Мен жазбасам болмайтын болды -

Басты емес, шедевр.

Өйткені, дүниенің бәрі

Айқай-шу, ереуіл.

 

Мен жазбасам болмайтын болды -

Жершарының дімкәсін.

Тебірентіп жүрегін,

Шымырлатып құйқасын.

 

Мен жазбасам болмайтын болды -

Емес бұл тілегім.

Өзіммен-өзім оңаша,

Бас жазып жүр едім.

 

Мен жазбасам болмайтын болды -

Өзгерді мән бөлек.

Қап-ай ә, адамзат

Қойдың ғой әурелеп.

 

Аршын Нұрбақыт

Abai.kz

4 пікір