Сейсенбі, 23 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3503 0 пікір 6 Наурыз, 2013 сағат 02:12

Жанат Ахмади. Дүрбелең (жалғасы)

 

2

 

...Иә, ол бір заман еді. Қазір, міне, ағайынмен алыстырған, өтпестей болған уақыт жылжып өтіп, сол Тайлақбай бұрынғы Әнкежан, Есімжан дегендердің ұрпағымен бірге отырыпты. Кешегі ерлер көзі - бүгін бұл боп қалыпты.

Сол жақ қатарда төрге таман отырған мынау, сары сақалды кісі - Сауырық, сондағы Есімжан баласы. Тайлақбай бір кезек соған қарап, көз тоқтатып қалып еді, Сауырықтың сағалданып қарайтын, отсыз көзі мұнан тез тайқып кетті. Өз көзін енжарлау ажармен Тайлақбай да бұрып әкетті. Көңілі шорқақтың көзі шорқақ деп ойлады.

 

2

 

...Иә, ол бір заман еді. Қазір, міне, ағайынмен алыстырған, өтпестей болған уақыт жылжып өтіп, сол Тайлақбай бұрынғы Әнкежан, Есімжан дегендердің ұрпағымен бірге отырыпты. Кешегі ерлер көзі - бүгін бұл боп қалыпты.

Сол жақ қатарда төрге таман отырған мынау, сары сақалды кісі - Сауырық, сондағы Есімжан баласы. Тайлақбай бір кезек соған қарап, көз тоқтатып қалып еді, Сауырықтың сағалданып қарайтын, отсыз көзі мұнан тез тайқып кетті. Өз көзін енжарлау ажармен Тайлақбай да бұрып әкетті. Көңілі шорқақтың көзі шорқақ деп ойлады.

Анадағы қамаудан шыққан - Құлайғыр атанған, әзір мынау төмендеу отырған Ілебай осы Сауырықтың інісі. Тайлақбай Сауырықтан гөрі Есімжанға бір мінезі тартыңқырап туған деп, әр кезде бүлдіріңкіреп жүретін Құлайғырды бағалайтын. Қазір қонақтар алғашқы шай дастарқанын аяқтап қалған мезгіл еді. Тайлақбай самауырын жақта шай құйғызып отырған Керімбектің бәйбішесі Қанікені «Дөле» дейтін лақап атымен атап: - Дөле келін, осы әлгі асып берген етіңді Әнкежан атаңның итке қалай тастағанын айтын берші мына жұртқа, -  деп, үй ішіне оқыс бір әңгіме енгізгендей болды. Бұл сөздің мәнісін білетін бірен-саран үлкендер үнсіз жымиысып қойды. Керімбектің ел аузына ілінген есті әйелі Қаніке осы болатын. Бет, маңдайы кең келген, ақсарылау Қаныке көзінде еркін бір саналы қайрат оты бар бітімді әйел. Ол Тайлақбай ойына салған жаңағы сөзге аз ғана сыпайы күліп, ширап алып «жарықтық» деп қойып, сұралған әңгімені айтуға амалсыз бейімделді. Үй-іші тынышталып қалып еді, суырылып, білгір сөйлейтін Қаніке терезе жаққа қарап толғанды да, атасы Әнкежанды «аға» деген әдетімен сөзін бастап:

- Ағаның кәртейген кезі ғой, енелерім дүниеден қайтқан соң, өзін жеке үйге қойып, бағым-күтімін мойынға алдық қой. Тамақты күнде дәл бесін кезінде беретінмін. Басында өзі солай тапсырып «шаңырақтан түскен күн тура мына қара абдыраға келгенде асыңнан дәме ғып отырам, қарағым» деп таяғымен сандықты тоқ-тоқ еткізіп, көрсетіп қойған, - дегенде кейбір кісілер Тайлақбай жанындағы күміс пен сүйек шаптырған қысқалтаң имек таяққа қарасып қойды. Осы таяқ Әнкежанның Тайлақбайға өлерінде өз қолынан берген «теберігі» болатұғын. Қаніке әңгімесін бұзбай:

- Кешегі арыстандай адамның пенде боп қолыма қарап қалғанын ойлап, айтқанын екі етпеуші-ақ едім. Бір күні қу боқшылық дүниеге алданып жүріп, еттің наны жайылмай, тамағым күндегісінен едәуір кешігіп түсірілді. Рухыңнан айналайын, ер адам дегеннің жүрегінде не жатқанын өресіз пенде тани ала ма. Жақсылар дүниеде өзгемізбен бірге босқа әурешілік үшін жасайды ғой. Бағасына кім жетер дейсіз! Жарықтық күндегісіндей, бұл күні де алдына келген еттің біразын әдемілеп турап алды. Бірақ, оны өзі ауыз тимей алдымен балаларға үлестірді. Күнде дәл осындай тамақ дайын болғанда қолдарына бір-бір тостағандарын ұстап ауылдағы бар баланың жиылып келетін әдеті болатын. Оны да әу баста өзі тапсырып: Менің ендігі тең, серігім осы кішкене ұрпақтарым ғана. Өзге қиял-ойымды бәрібір ешқайсың өздігіңнен ұғып, өксігімді тауып жатқан жоқсын. Күлге шөккен қарт бура қаңтарда  күйі түсе алмас, қаһарға қайта міне алмас, қара маяны қайыта алмас болған соң, оның ендігі не ойлап жатқаны кімге бешкеш. Бір маубас жатқандағы! Тамақты мол-мол сал, - деген...

Күндегі әдетінде бір шеңгел ғып тураулы еттен маған да салып беруші еді. Бүгін олай етпейді. Мінімді білем, ішім қылп ете қалды. Тамақты қартайғанша аш бурадай асап жейтін еді ғой, жарықтық. Ағаш табағым толы майлы еттің қалғанын турамастан, қамыр-мамырмен қолтығына ұстап, түсі сынып бір қолына таяғын ала берді. Екі бетім от тигендей ду ете түсті. Сөзге келу қайда, орнынан түрегелген соң, екі бетіммен жер басып, кебісін лажсыз аяғына қойдым. Бар тұла-денем біртүрлі тітіреп кетті. Ойыма өз-өзінен бір суық хабар сияқты қорқыныш кірді. Ол кісі есіктен шыққан соң ақырын басбағып жабықтан сығалап қарасам, немене, табақты аударып өзі жақсы көретін қой өбеттің ыдысына салып жатыр. «Қо-ой төбет, қой - төбе әһ! Кәһ» - деп еді, даусына тау жаңғырығып, таңертең қойшымен бірге кеткен көк төбет ырс-ырс етіп, әлде қайдан ағызып жетті. Үй-ішінде кіріп кетерге тесік болмады! Енді неде болса, көзіне көрінбей қарамды батырайын деп, кәриям бұрылам дегенше есіктен зып бере шығып, үйді айналып жөнелдім. Жарықтық, өзіме батасын берген! Біреуге бір ауыз сөйлетпей, жолымда құрбан боп тұрушы еді. Енді бүгін соның бәрі бір күнгідей болмай, қолыма қарап қалғанда сенімін құлатып, бала құсап өкпелегенін көрген соң, көңілім өз-өзінен босап ойпы-тойпы болып кетті. Астаң-кестеңі шыққан тасқынымды баса алмай, отау үйге жетіп өртеніп жыламасым бар ма. Енді қайтып бұ кісі маған риза болмастай көріп, ағыл-тегілім шықты. Өмір бойына жанындай жақсы көрген адамың, келіп-келіп енді өлер шағында жүрегіне дақ түсіп отырса, бұ бар болғыр дүниеге қайтып сиярсың!

Ол кісіні шындап назаландырғаннан өлгенім жақсы емес пе! Өзім сөйтіп күйіп отырсам, көресіні енді ауылдағы жасы үлкен бәйбішелерден көрдім. Жаңағы балалар бар көргендерін үйді-үйіне айтып барған соң ол замандағы бәйбішелер қандай! «Қаніке атасын ренжітіпті! Тамағын мезгілінде бермей, атасы өкпелеп итке салыпты, масқара!» десіп, кейбір қартаңдау, саба бәйбішелер келіп өзіме де ұрысты. Жарықтықтардың аттарын қайдан айтайын, біреуі «жыламай шел қаптасын көзіңе! Қазаныңды қайтадан қамдамай, енді не бетіңмен көзіңді ағартын отырсың!» деп тұс-тұсынан есімді шығарды. Қайта сонысы қамшы болып, ес таппай отырғанда бетті жуып жібердім де қайтадан қазан көтердім. Соны екінтіге жеткізбей, анық құлама бесін кезінде қайта апарып тағы алдына енгіздім-ау әйтеуір, - деп Қаніке жадырап күліп алды да: - Жоқ, жарықтық бағанағыдай емес, көзіме жалт етіп, бір қарап жіберіп жайымды ұқты да, жанынан бәкісін алып етін турай бастады. Асау қандының естісі тілін тапсаң, адамға сая болады ғой. Жалғанда ісің балақтағы бит құсаған қорғаны жоқтарға түспесін! Содан былай кәнеки, дүниенің бір жағы опырылып жатыр десе де, қашан өтер-өткенінше аяғымды қия баспай қарайтын болдым. Әнеки, тек содан басқа жерде күтімін жаза бастырмадым-ау деп ойлаймын, патша-құдай сауабынан құр коймасын, - деді.

Үй-іші Әнкежан батырдың әртүрлі мінезін еске алып, біраз сөйлеп азырақ қобырасып басылды. Тайлақбай түксірейіп, есік жаққа аз жоғарылата көз тастап толғанып отырды да:

- Иә-ә, енді бір айналғанда бәріміз де бір-бірімізді таба алмай қаламыз-ау! Өмірі түскірің осы-ау! - деп қойды. Соңынан Қанікеге қайта бұрыла беріп:

- Келін, осының ішінде соны да естімеген көп қой, атаң батасын қалай берді, соны айтшы? - деп үй-ішін Қанікеден тағы бір әңгіме тыңдатпаққа бұрды. Тыныш үйде зор үні аршындап шықты. Шай құюшы әйелдің өр жақ қасында салмақпен отырған, келісті бәйбіше - Қанікенің үстінде шатырдай ақ кимешек-шылауышының түсін ашқан, жеңіл жасыл манат шапаны бар. Ол көп ішінде енді тағы әңгіме айтуды орайсыз санаса да атасының көзіндей боп отырған, ел ағасы - Тайлақбай әдейі сұраған соң лажсыз қайта сөйлеуге бекіді.

Әнкежан тұңғышы Керімбек он үш жасқа келгенде, өзінің нағашы жұртында бой жетіп отырған, он сегіз жасар Қанікені келіндікке алады.

Тегі Әнкежан әкесі Өркенбай деген кісіден жалғыз еді. Өркенбайдың ары жағында «Бес Айтпай» деп атанған, өскен ауыл Әнкежанды «қу жалғыз» қоятын көрінеді. Сол себеппен баласының алды Керімбекті Әнкежан асығыстау үйлендіреді. Сондай ниетпен Қызайдың Оразай руынан алған келінді түсіріп келе жатқан сапарында, осы Шерудегі аталасының бақ-күндестеу, бір белгісіз үш-төрт жырынды кісісі бас қосып, жолын ториды екен. Қыз жасауын торушылар; бәрі де мінген аттарын өзгерткен, бет-ауызда көзден басқа жерді таңып байлаған. Әнкежан батыр атанғанымен, бай атанған адам емес. Қыз отауын екі түйеге артып, жұпынылау көш болып келе жатады. Қызға ерген жеңге-шешелердей, қатын-қалашпен ғана жол тартқан жалғыз Әнкежанға торуылшылар бір қылтаңға жеткенде тиіп те кетеді. Ондай айқасты өз ғұмырында сан көрген Әнкежан:

- Уай, зәніңді ұрайын, жел көбік! Тамаққа тойса тасыған шұнақ, бұ қайсың? - деп «ер сыймас» деген атқа айқайлап қамшы ұрып, төрт қарақшыға кілем теңдерді қидырмай қарсы майдан береді. Тақымынан тез суырып, жоғары көтеріп алған қатқан қара шоқпарымен киліккенде алғашқы бетте-ақ біреуін аттан жығады. Артынша таяқ тиіп меңдеген тағы бірін бір қиырға жалын құштырып аты алып кетеді. Мұны көрген өзге екеуі шетті ала, қаша ұрсып бара жатады. Алғашында шуласа жылап, сасқан әйелдермен бірге ес жия алмай қалған бой жеткен қыз Қаніке атасының мына қайратын көрген соң көңілі тасып, тез серпіледі де, түйенің қомына қыстырылған жеңіл бақанды суырып ала салып, бәйге қара атпен құйындатып атасының артынан кетеді. Әнкежанды екі орталарына кіргізіп алып, тынымсыз сойыл қағысып бара жатқан екі қарақшының бірін нысанаға алады. Ақжол шабдарға мініп, бетін қызылмен таңған, сол жақтағысына құйғыта ағызып жете береді. Сол бойда бастырмалата кеп қара кұстан қиғаштата қағып өтеді. Екі араға түсіп қалған Әнкежан ат жалына жата отырып, берік шоқпарды әлуетті қолымен шыр көбелек айналдырып, екі жағындағы сойылды бірдей қағып, өзіне онша таяқ дарытпай барады екен.

Сондай сәтте босап шыққан шабдар атты көреді. Ат артынан жандап кеп, қос бүктеулі қамшысымен шылбырын жерден қырғидай ілген Қанікені де көзі шалады. Мұны білген Әнкежан соңғы аттыны өршеленіп қумайды. Шабдар аттының далиып барып, жерге жайылып түскенін аңғарғанда «Япыр-ай, жығылысы жайсыз екен, жазым болмаса игі етті» дегенді ойлайды.

Қазір осының бәрін Қаніке еркін, жетік тілімен күле отырып, аса бір қызықты әңгімелеп кеп:

- Ең соңғы жығылмай кеткен көкқасқа атты еді. Бар болғырдың жаны тәтті екен, қасындағы ақырғы серігі құлағанда бар даусымен шарылдап, аттандап қашты. Аға оны неге екенін білмеймін, бұрынғы екпінімен аз ғана бастырмалатып барды да, бой салып қумай, қайта орағытып маған таман ойыса берді. Жарықтық, рухы өр емес пе, көзі жасты, көңілі зарлы кісі еді ғой, қарсы алдыма анадай кеп ат басын тарта тоқтай қалды да, күңіреніп кетті:

- Қара-ғе-ем! Қолыңды жайшы, қарағым! Жекемін десем, екеу болған екенмін ғой, қарағым! Жалғызбын десем, жасақ болған екем ғой, қарағым! Көгеріп, көкте, шырағым! Өсіп-өн, шырағым! «Жалғыз» деген қу қазық аттан құтылдырған екенсің ғой! Қаніке деген атыңды табыстап, баламның баласына қалдырттырармын! Көзінің тарам жасы сақалынан ағып кетті!  - деп, Қаніке бұл әңгімесін сәл күліңкірегендей болып баяндап отырғанмен, аяқтай келе үніне діріл ілесіп, өз көзінің де жасы ыршып кетті. Бұл сөзді үлкен сабырмен тыңдап, Қанікеге кең, сын көзбен барлап қарап отырған ішінара кейбір көшелі қариялар бас изесіп қана, тырс етпей үнсіз отырып қалды. Қанікенің сағыныш толқынын көңілдерімен көргендей. Тайлақбай сыртына шығарып ешнәрсе айтпағанмен іштей рақым ойлап, «көгергенің осы емес пе, төредей бес ұлың бар», - деп отырды. Қаніке, сөзінің аяғын және азырақ жалғады.

- Маған сол істі «ешкімге айтпа, аузыңнан шығармағайсың» - деп тапсырып еді. Әсіресе «кісі аттарын аузыңнан шығарушы болма, кер-кесірі кеткен бізбен кетсін. Бүгінгі ел бірлігіне нұқсан, кейінгі ұрпақтың көңіліне кір, жүрегіне дақ болады» деуші еді. Сонысын еске алып, кісі атын айтқан емес ем.Ақыр аяғы бізден шықпаса да, сол бәтірлердің өздері айтып, алты алашқа өздері таратыпты.

Тайлақбай қабағы аз ғана жазыла келіп:

- Бәрекелді! «Жақсы еркектің ішінде алтын ерлі ат жатады, жақсы әйелдің ішінде алтын бесік ұл жатады» дегенді қазақ осындайдан айтады. Ол ата-келін сай қосылған Әнкежан екеуіңіздің ішіңізге сыйғанмен өзге кімнің шарасына сыйсын! Жаңағылар кімдер екенін, солардың өздері жайғаны рас. Сондағы төрт көзелдің біреуі, әлгі ең соңғы көк қасқа атты - «бақырауық батырың» дәл қазір осында отыр. Тап қасыңда, ішінде отыр, - деді.

Бұл істі білмейтін кісі көп екен.

- О кім? О кім? О қайсысың? - десіп, жұрт бір сәтте күлкілілеу, үдірек жүзбен бір-біріне қараса бастады.

Үй толы адам қызық бір күдік шақырысып, үріккендей үдеріп қалды. Қаніке Саполат ата жағында болса, қайнаға жолы бар деп, «көкқасқа аттыны» ауызға алып, қозғамас еді. Жұрт күдігі енді сырттан келген екі ата: Дербісалы, Жайнақ жаққа ауыса берді. Бар қонақ бұнда отырған көп Саполатты қойып, өзге екі ата кісілеріне көз тастасты. Бұл анығында рулы елдің бар ақсақал - атқамінері отырған мынадай алқалы жиынында кімді де болса жерге қаратқандай әңгіме еді. Дербісалыдан келіп отырған үлкен қызыл бурыл сақалды, шадырайған теке көзді Бурабай бар-тын. Бүгін дәл бұл әңгімені шығады деген, оның тіпті үш ұйықтаса ой-қиялында жоқ-ты. Жұрт қазір енді бір ерекше қызық күткендей, ермек, тәлкек іздегендей қозғалыс көрсеткенде өзі ашуланшақ, ызақор жасы егде Бурабай намыстан жарылып кете жаздады. Бағана Қанікенің бастаған әңгімесінен бері қарай өз ішінде әлденеше ойран бола тығылып, қапыда отырғын-ды. Өзі бір атаның иелік етіп, сөзін ұстаған кісілерінің біреуі бола отырып, тап мынадай қас-қарғысқа арандағанда екі көзі қатты ашудан шадырайып шықты. Жұрт әлгіндей тұтас қаулап, қыбыржығанда оң жақ төрден ұзын сақалын Тайлақбайға серпи қарап, мойнын оқыс бұра:

- Уай, тәңір-ай! Атам замандағы аңыздай болған бірдемеге мойныма кескек тағатын болсаң, мен! Мен! - деді. Үні жарықшақтанып, тым оғаш шығып кеткен. Бұл сөзге біреулер дар етіп күліп, біреу күлмей, үй-іші дым боп тоқтап қалды. Тайлақбай мұндай сөзді кейде әдейі шығаратын. Тегінде, осы отырғандардың ішінде неше түрлі құлық-бейілмен: қулық-сұмдық баққан, алымды-шалымдылық сайлаған, әр мінездің кісілері болады. Сөз бақпай, шаруасын баққан момын елдің ішінде аяғын аттап басса, бері тарт, олжа көздейтін пайдакүнем ауылбасы, ел басылар, бақмасылдар жүреді. Соларды Тайлақбай осындай жерде әдейі сынайды. Қой-тәк қып бетін жасқайды. Бурабай райына заманнан бері айтылмай келген жаңағы әңгімені шығарып отыруына да бүгінгі күнге байланысты тағы бір сыр бар. Атқамінерлердің кем-кетігін осындайда айтатын ел қазысы Тайлақбай өз ішінен соны түптеп отыр. Кейінге сақталып отырған, ашылуға тиісті басқа бір тұрғы. Ешнәрсеге кеудесі басылғысы келмейтін Бурабай да Дербісалының санаулы айдапсалдарының біреуі. Сондықтан бұл әңгімені Тайлақбайдың Қанікеге әдейі айтқызып отыруында мән жатыр. Бурабай өзі Шеру ішінде Саполатқа күйеу. Кәрі күйеудің мынау ортада жаңағыдай шарт кеткенін көрген соң, үй іші бұл мінезді ешбір сөзбен жуа алмай, тынышталып қалып еді. Нығыз жиын ішінде суырылып шыққан ешкім болмаған соң, Тайлақбай өзі жаймашуақтатып:

- Жезделеріңнің қырық жыл бұрынғы «олжасын» желкесінен шығардыңдар-ау, - деп, үй-ішін ойнақы әзілмен күлдіріп өтті де: - Е-е, батыр, уақыт сан жараны емдеп жазады. Бұл ұмыттырмайтын, ол жеңілдетпейтін қай дерт бар? Ерге құнды бол да, тірі қал, етігіңнің нәлісі тозғанша ұмыт болар деген. Кімге не істетпейтін өмір бұл? Соның бәрін уақыт жұтқан соң сыртымыздан қараса, бәріміз де түктен-түкті көрмеген, ақтан-сопы кісі болып шыға келеміз, - деп бұл сөзді осымен тоқтатып тастады.

Енді аз отырған соң үй іші бір тың әңгіменің шығуын тосқандай. Осы кезде Тайлақбай азырақ қозғалыс байқатып, имек басынан ұстаған таяғын алдыңғы жаққа ұзыннан сала отырды да, өткір отты көзі үлкейіңкіреп, ширығып сөз бастады. Кесек жүзі ажарланып, үй ішіне жағалай қарап алды да:

- Қош, ағайын! Келген қадамың қайырлы болсын! Бірақ сөзің тәтті, айтарың қатты болсын... Шеру ата! Сен бұрын ынтымақты ел атанып едің. Сенің кешегі жер ауа көшіп осында келмегің де заңның әлегі еді. Оның үстіне ойсызды құрметтеп, тәкаппар еткен қазақпыз. Кейбір ел басы сымақтар алым-салықты үкімет бір алса, ол өз жанынан екі салып, еліңе залалын тигізген. Ұлыққа артын тыққыш, үйкеншек билер ырқына Шеру сенің көнгің келмеген. Айтыстың, тартыстың. Ауа көштің. Дүниеден бір-бірлеп өтіп, алдыңғы басшың түгеп барады. Көзіміз көрмесе өтірік болар еді. Шеру, сенің кешегі үлкендерің ел үшін өткен. Үйім демей, елім деп жылаған. Соның саған ұрпағым деп артқан үмітің, кәне, немен қадірлей аласың, немен ақтайсың? Бұрынғыдан қалған, «Сүлеймендей қуатымен қылдырықтай құмырсқаға тимеген» деген сөз бар. Ал бүгін сен қандайсың?.. Төрт тұрманың түгел бай, тырнақтай тарту аласың. Қос уыс алтын берсе, екіншісінен дәмеленетін пейіліміз бар. Олай емес, көптің басын райың мен мерейің болса құрайсың. «Ел - бірлігі», «Көп берекесі» деген сөзді жайдақ мініп, жауыр ғып болмадық па, ағайын! Жаба тоқып жүре беру мұраң ба? «Баланың тентек болмағы үйінен, жігіттің тентек болмағы биінен» деп, өз ішіңдегі ісіңді уақытында тексермейсің! Ұсақ дауды ел ішінен бездірмейсің! Аяқты аттап бассақ, шикіміз шығып жатады. Осы отырғанымыздың талайымыздың басымызға байланысты дау-шар бар. Қым-қиғаш кезетін арыз көп. Тексеріп көрсең қай-қайсысы болмасын, нашарға жоқ, барға бар! Алысқа жоқ, аталасқа бар! Жақын отырған құрметтісі, алыс отырған нем кеттісі боламыз. Біз бәленше деген өз атымыздан ғана сескенгіміз келеді. Ауылыңда шыққан бассыздыққа ие болмасаң, ағайын талқысы алдыңда сен айыптысың деген сөзден ғана шайлығамыз. Содан ғана тайлығамыз! Ал ол, басқадан шықса тағы бір сәрі-ау! Осы отырған өзіңнен шығуы қашан қалады. Кәне, қайсы ауылыңда не жоқ - осы отырған, ағайын?.. Жесір десе жесір дау, зорлық десе зорлық дау, ар дауы десең ол бар толып жатқан бір кесір дау бітпейді! Қайда көрсең қонса шетте, кешсе артта болып, жоқ-жітік, нашар арыз айтады. Осымен жүріп қайтіп тізе қосасың?! Кіммен халық, кіммен елсің? Сол елдің барлығымен, соның бірлігімен елсің. Теңгерсең - меңгересің. Айналдырған бір болыс ел күндес көргеннің қызындай болма!.. Қарыңа, білек күшіңе тарта бермей, қарындастың да қамын ойла, жарандар! - деп тоқтады.

Бұл сөздің біразы Абдоллаға да тиіп өтті. Айтылмай, қозғалмай келген біраз сөзді Тайлақбай бүгін әдейі шығарып отыр. Бұрын Мамозыны дос көріп жүрген Абдолла бар. Мамозы үшін ел үстінен, көп үстінен жем жиып, жемсауын бітеп келген Абдолла. Ол қазір Тайлақбай сөзінің бет-ауқымына қарап, анада Арыппайға барлық әрекетті істеткен Керімбек пе деп, содан тап осы жерде күдіктеніңкіреді. Соның бәрін жасатып, іс аяғын осылай шешуді ойшыл Керімбек ерте күннен жобалаған ба деп сезік алды.

Төрде Тайлақбайдың оң жағын ала, бір-екі қариядан кейін отырған алпамсадай зор денелі, шоқша сақалды, жігіт күнінде Маңғұлкүреде исі қазақ-қалмақ сайысында қалмақтың үкілеп арулаған, шынжыр ноқталы «көк бұқа» деген балуанын өлтірді дейтін Шерудің Қызайға әйгілі Абдолласы осы. Ноқтаның екі жақ шынжыр бұйдасынан үш-үштен алты қалмақ ұстағанда «көк бұқа» иелік бермей, дедектете сүйреп шыққан дейді. Дырылдатып сүйреген алты адамға ә дегенде ноқтасын да алғызбай жерді тарпып ұмтылған дәуді Абдолла қатты жыққанда қолқасы үзіліп кетеді. Елеңсіз, батыр пішіндес жуан болыс жаңағы ойымен «көсеумен түрткеннің кегі бітпейді» дегенді еске алды. Арыппай ісін Керімбек істетсе, онда тәп сол көсеумен түрткені болады.

Тайлақбай сөзінен кейін ширығыңқырап кеп, өзінің дархан бітісімен сөздің бір жағын ұтымды әзілге сүйегендей, ашық жүзбен көтеріле:

- Осы Тайлекең айтып отырған жесірі де, кесірі де өзі біз жақтан-ау деймін. Құрығырды ары аттап, бері аттап, мәймөңкелегенше, өті жарылып кетсе де Дербісалы, Жайнақ сен едің деп неге айтпайсыз, Тайлеке! - деп еркін, кесек, ақжарқын күлкісімен қарқылдап үй толы жұртты да қоса ду күлдірді. Ешнәрсенің кәрі өтпестей, бетті аужайымен еліктіріп әкеткен. Бірақ Абдолла аузымен Дербісалы аты аталғанда, жаңа Тайлақбай сөзінен бері түйіліңкіреп, түсін суытып қалған Дербісалы кісісі - Әбділда шақ етіп сөйлей кетті. Ата жолымен қуғанда Шеру ішінде: Дербісалы, Жайнақ бір табиғы болады. Абдолла өзімен кетпей сол Дербісалы нәмін қоса былғап кеткенде, жайшылықта да томсарып отыратын көкбөрте сақалды, кейіс көзді кісі Әбділда қатты ұстасып, дауласа кеткен.

- Ау, осы көріп қалғандарың Дербісалы бола ма? Жол торушыны айтсаң, әлімсақта өтіп кеткен бірдеме үшін Дербісалыны айт! Жесір мен кесірді айтсаң, Дербісалыны айт! Бұ Дербісалыдан өзгең боз биенің сүтіне шомылып жүрсің бе, осы?! Көрсең, неге көрмейсің, сен - Саполат, қойныңа тыққан ұрың менен бөріңді! - деп салды. Көз-қабағының кейісті бітісімен көңілі шамшыл екені білінетін, салқын адам сөйлеп болғанда да ақырын қалш-қалш етіп отыр еді. Өзінің әдет қып кеткен ешкі қотыры бар кісі. Екі білегін сыртынан осы ашу үстінде де өзі аңдымай сипай түседі.

Бұл адамның «ұрың мен бөрің» деп отырғын - Саполаты - Шеру ішінде өзге аталардан атқа мінген кісісі мен жігіті көп тап. Рулы елдің ішінде ұйымы берік, қоғамды аталатын белді атаның бірі. Соны арқаланған ел ішінің тентегі мен телісі ұрлық-қарлықтан да құры болмайды. Өзгесін айтпағанда Арыппайдың биылғы ісі де олқы емес. Әбділда ашумен кімге жанасарын білмей, соны шарпыған. Рас, бұның сілкініп отыруында өзге бір себеп және бар. Өткен жылы қыстыгүні осы Әбділда ауылында бір қойшы далада үсіп өліп, соның жас қалған әйелін өз жақын әмеңгері алмай, оның кедейлігін пайдаланып арада жыл өткенде, биыл өзге бір егделеу ағайын жолсыз алады. Алған осы Әбділданың ет жақыны. Биылғы жаз бойында сол іс көп дау болып, қазірге дейін басылмай, өршіп жүрген.

«Не әмеңгерімді, не бір жесірлік малымды әпер» деген есе іздеуші кедей жігіттің тілек арызы бар. Ол өзі кедейлік, жоқтықтан жасы қырыққа жақындағанша әлі еш жерге қалың бере алмай келе жатқан, қолы қысқа, өзі момын, кәріп біреу болатын.

Қатын осыны қалайды. Бұл арыз алғашында Абдоллада еді. Кейін онан асып Тайлақбайға жеткен. Бірақ жертабандаған мінезі бар Әбділданың жеңілгісі келмей, тілге тиек қып бір ұстанатын дәлелнамасымағы бар. Адасып үсіп өлген қойшының қасындағы аңшыда қасқыр ішік болады. Қазақта «қасқыр ішігі бар адамның қасында біреу үсіп өлсе, құнын сол төлейді» деген тәмсіл бар. Әбділда жаңағы әмеңгер жігітке: анау қасқыр ішікті адамнан өлген бауырының ең болмаса жарым құнын алсын. Сонда екі алып биге шықпақ па, деп естіген адам күлерліктей қаратаяқ дау соғады. Қазір Шерудің бар абырой, намыс баққан дейтін, салмағы ауыр, алқалы тобы алдында «жесір-кесір» деген сөзге шыдамай тулағаны болмаса, Әбділданың құтыла алмай отырғаны белгілі. Көп үндемейтін сөзге сараң адам, аз түйіліп, кіржиіп отырды да:

- Бұл тынатын шаруа. Тыныстырамын. Бірақ ешкімнің куәлі сөз, некелі қатыны емес болатұғын. Ол енді отырған жерінен ешқайда шүйгілмейді! Тек мұндай әмеңгердің жесірінің басына қазақтың жолымен не кесік кесілетінін белгілеп  берсеңдер болыпты, - деді. Жыл бойғы елге күлкі байбаламның ақырғы түйіні осы болған еді. Бұл сөз мұнымен бітті.

Осы тұста аз сақталған тыныштықты Сауырық бұзды. Ол сағал көзін сәл жымсықтандырып Абдоллаға қарап өтті де:

- Тайлеке, осы бүгін ақыр алдарыңызға түсіп қалған екенбіз. Енді бәріміз де бір-бір жұмыс қозғай отырсақ қалай болар екен?.. Менің әйгілі бәйге ақтабан атымды араға кісі салып Абдолла қалап алып еді. Алғанына, міне, жылға айналып барады. Орнына бір жарамды мақтаулы ат, және басқа да үстек, өтеу бермек болды. Аруақты айтып: «Елге ие болған Есімжан баласы сенен енші етіп бір ат мінбеймін бе» деп хат жазып, бір сөз білер қуаяқты жіберген екен. Ол құрдым қазір осында, ішімізде отыр. Сауырық жақсы ат мінсе сауырынан сыпырылып қала ма екен деп, алғашында қатайып-ақ отырып ем, жаңағы екі араға дәйекші болып келген қужақ өзіммен құрдас неме еді: «Өй, ит болсаң, үлкен үйдің иті бол» демекші, сені кешегі Есімжанның баласы деп, ардақтап, қолқа салып отырған жоқ па, болыс туысың. Бетеге кетіп бел қалады, ажар тайып ар қалады. Былтырғы айғыр қуалағанда жардан ұшып өлетін есегіңді мен ажыратып қалып ем ғой. Жылқы өмірі адаммен тең емес, бұл жолы бермесең, ат өлген кезде ағайынға не бетіңді айтасың. Мен болсам шобырдан жығылғанды тұлпарға мінгізгелі отырғам жоқ, деді. Ары ойлап, бері ойлап мына сұмның сөзіне амалым құрып отырдым да, жануарды ақтық сапар шомылдырып, жетектетіп жібердім. Болат қанжарды жұмсақ қайраққа қайрайды, жаңағы сөз буынымды құртып тастады. Ал енді Әбекең айда-жылда, аста-тойда кездессек, «ауылға» кел дейді. Атымды атап әдейілеп адам жібере ме десем, ол дәмем орындалмайды. Міне құтты мешіттің үйі екен, осы сөздің құдай бар аузымнан далаға шығып отырғаны да осы. Қобызымен кеңескен бақсыдай, Әбекең не ойлайды, мен не ойлаймын, білмеймін. Бірақ менің өз аяғымнан сол бармағаным бармаған. «Сыйлық қымбат емес - сыйлау қымбат» деген қазақтың баласымыз. Шындасам бір тайды алмай қоярыма да дінім кәміл. Бірақ алашағым кетсе де, айташағым кетпесін. Мал иесінің көзімен су ішеді, деп бұрынғылар неге айтқан дейсің. Жануар су ішкенде қалай жұтқанына дейін қарап тұратын күлігім екенін ел-жұрт біледі. Көбіңізге сынатпағым осы еді, - деп тоқтады. Бұл әңгімеге бәрі де, Сауырық сөзінің аяғына шейін, тырс етпей қарасып, ұйый тыңдап қалған-ды. Тосын туылған бұл жәйдің аяғы не болып тынар екен дескендей. Кейбіреулер қыбырсыз отырып шақшаларын шығарып, ерніне үнсіз насыбай қыстырды. Біреу қамшысының сабымен тісін тықылдатып қағып, біреулер аңырып қапты. Тайлақбай Сауырықтың қазақкершілік кісілігін жөн көргенмен, бұл сөздің дәл мұндай жерде, бұлайша азғынданып шығуына наразы болып қалды.

Кешегі ел бастаған Есімжан баласының мынадай жерде өз қара басының осы бір өнімсіз даукерлігін ашып, өзінің ішкі әлегіменен таусылып отырғанын жаратқан жоқ. Абдолла болса дарқан адам. Ендеше бір сыр болуға тиіс. Тайлақбай Сауырықтың кескініне қарап: «Ішімдегім түрімде, түрімдегім тілімде!» деген мақалды еске алды. Оған бір-екі дүркін қанағаттанбай көз тоқтатып қарап та қойды. Бұған айтпақ алғашқы сөзіне сәл мысқылды әзіл араластырып:

- Қап, бәрекелді-ай! Сонымен не ақтабан ат жоқ, не мақтаған ат жоқ, сиырқұймышақ шөмейіп дос қалды десеңші. «Аларман арыстан, берермен тышқан» деуші еді, сен арыстан болмай алатынын алып, атқа тоқым салған соң, Абдолла арыстан болған екен ғой! - Бұл сөзді жұрт үнсіз ғана күлісіп, тіл қатпай тыңдады. Тайлақбай енді шыншыл түске ауысып:

- «Жақсы аттың жалын сақтағанша, жақсы жігіттің арын сақта» дейді. Ағайын деп ер сыйлағаның, азамат боп нар сайлағаның жақсы-ақ! Бұның мақұл. Ал бірақ Абдолланың өз ішінде анық не ойы бар екенін біз білмейміз ғой, жарқыным-ау! Екеуіңнің араңа қазір сөйлеген кісі жаңылысқалы, адасқалы сөйлейді. Ортан қолдай бәйге атты алып, Абдолла басымен үндемей кеткелі жүр екен деп, қане қай қазақ айта алады? - деді.

Аужай бағып отырған жиынға да жағалай көз салыңқырап өтті. Әр-әр кімді осы тұста барлай қарады. Көпшілік дәл кімді жығынды етерлерін біле алмағандай. Сауырық пен Абдоллаға кезек көз тастап, дағдарып қалған. Тек, көп қабақ бұл сөздің дәл осы арада жария болуын құптай алмай қалғандай. Абдолла ақалақшының ел ішінде өз салмағы, абыройы бар. Шеруден сыртқы елдерде де құда-жекжаттары көп, ойын басса ойы, қырын басса қыры солқылдайтын адам. Солардың бәріне ойнап сәлем айтса, шындап істейтін, сөз сөйлері жетерлік ақалақшының бірі. Және аз күн қамау көріп шыққандығын еске алған кей жасы үлкен, салдарлы кәриялар анық кейіп, қынжылып та қалды. Олар мына тұста Абдолланың бетіне қарай алмай, бастарын төмен салды.

...Абдолла өзінің жолдап жіберген бір ауыз хат сәлеміне Сауырық бәйге атын жетелеткен соң, енді оның келмей жүруін өз ішінде басқадай бір ойға қисындап жорыған. Кездескенде «ауылға бар» десе де Сауырық бөгеліп, тоқтала бергендей көрінді. Соған қарап өзінің бой жеткен қыздары бар дарқан адам Сауырықтың Оразақын деген жақсы баласының барын білетіндіктен, анау қолқаны үлкен жерден салғалы аялдап жүр ме деп, Сауырық ойынан біржола шалғай қонған. Сауырықты Шерудің қамын ойлаған, кешегі Есімжан баласы деп, алыста жатып, ішінен сыйлап тосуда жүрді. Сол қымбат қастерленген ниеттің аяғы енді кеп, тап мынау боп шыққанда, жақсы тілеуі бар адам едәуір налып қалды. Ол бағанадан бергі бар сыр үшін жалғыз-ақ ауыз сөз айтып:

- А, тәйірі, «күнәкәр болып кел, қарыздар болып келме» деген осы екен-ау! - деп қобалжулы, наза байқатты. Ел келесіне шақыртылып, осында келіп отырғандағы бүгінгі арқалап келген өзге тауқыметінен гөрі арқасына бұл батқандай еді.

Ішінен «өресі азға өкпе жоқ» деп өзін көндірді де, қымбатын қоса қиып, томсарып қалды.

(Жалғасы бар)

Abai.kz

0 пікір