Сенбі, 20 Сәуір 2024
Жаңалықтар 2623 0 пікір 5 Наурыз, 2013 сағат 08:03

Өміржан Әбдіхалықұлы. АЛАШ КӨКТЕМІ

 

«Түген деген хан, пәлен деген би, батыр өткен, ерлігі, еңбегі көп деп мақтанамыз. Олар сондай болса, қазақ неге сорлы? Біздің кемшілігіміз - әркім тарих арқалатқан жүкті белгілі жерге апармай, соңындағыларға тастап кететіндігі»

Әлихан Бөкейхан

05 наурыз - Әлихан Нұмұхамедұлының туған күні

Алашқа ауыз жол емес!

 

 

«Түген деген хан, пәлен деген би, батыр өткен, ерлігі, еңбегі көп деп мақтанамыз. Олар сондай болса, қазақ неге сорлы? Біздің кемшілігіміз - әркім тарих арқалатқан жүкті белгілі жерге апармай, соңындағыларға тастап кететіндігі»

Әлихан Бөкейхан

05 наурыз - Әлихан Нұмұхамедұлының туған күні

Алашқа ауыз жол емес!

 

Әлихан мырза пұтқа айналама  деп қорқамын. Себебі, Әлихан, Алаш дегенде сөзге бар, іске жоқ адамдардың қарасы соңғы бір-екі жылдың бедерінде көбейгені байқалады. Осылай жалғаса берсе, Әлихан да пұтқа айналған Абайдың аяғын құшады - аузымызда бар, ісімізде жоқ. Жарық дүние есігін тіршілік бастауы көктемде ашып, өзі де қазаққа саяси  көктем болып келіп, ескіні жаңаға ауыстырып, ұлтты қайта түлеткен Әлиханның ісін, Алаштың саяси мектебін қайта жаңғыртып жүрген жан бар ма? Әй, жоқ. Бар болса, дәл қазір жарқырап шығатын уақыты ғой. Демек, Алаштың саяси ісі тоқтап тұр. Сонда біз не істеп жүрміз? Біз, бәріміз алаштанушылардың бақшасында жүрміз: Конференция ұйымдастырамыз, кітап шығарамыз, дөңгелек үстел өткіземіз, Алашқа қатысты даталы күндерде «Алашшыл» екеніміз есімізге түсіп, жоқтан бар жасап бір нәрсе жасаймыз (мұның бәрі қалай өтеді, солай ұмытылады. Тек жарық көрген кітаптар ғана қалады), оны жатып кеп жарнамалаймыз - осы біздің іс. Бұл әрекетіміздің атын - ағартушылық деп атаймыз тағы. Ал, Алаштың ісі болса, жалғастырушысын күтіп сарғайып жатыр.

 

Жарайды, Алаш үшін іс жасағамыз келеді екен. Онда неге Міржақыптың атындағы көше Астананың шетінде, ескерткіш тақта көрер көзге қораш жерде тұр? Әлиханның атындағы Астанадағы көше неге бір тұтам, бір қуыста жатыр? Екі ірі қалада Әлиханның ескерткіші неге жоқ, құрметті «алашшыл» мырзалар!  Иә, Алаш даңқы өлмек емес, бірақ, Алаштың сөзінен цитата келтіру, нәтижесіз іс қылу - Алашшылдық емес.

Тағы бір нәрсе - Алаштың идеясын қайта түлетіп, ісін жалғастыру өзіміз үшін керек. Әйтпесе, Алашқа біздің таң қалып, мадақтауымыздың көк тиынға құны жоқ.

АЛАШ КӨКТЕМІ

Әлихан Нұрхмұхамедұлы қазақ даласына саяси көктем алып келген адам екенін айттық. Алаш ісі - тарихтың сарғайған беттерінде сайрап жатыр. Тіпті бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанның территориясын да құжатпен бекітіп берген Әлихан еді. Ал, сол Әлекең бастап кеткен саяси жол ізбасарларын жоқтап әлі жатыр.

Жасырып-жабары жоқ, қазіргі Қазақстанның қоғамдық-саяси жағдайы өзгерісті жан-тәнімен қалап тұрғаны рас. Тек саяси үрейден тілі күрмеліп тұр. Әйтпесе, әр қазақтың жүрегі өзгеріс деп сайрап тұр. Өзгерісті - табиғатқа да, саясатқа да көктем әкеледі. Ал, қазаққа керегі - Алаш ісінің жалғасқаны. Алаштың, Әлиханның саяси ісі жалғасса, оның ізін басып бүгінгі қазаққа да саяси өзгеріс болып, Алаш көктемі оралады. Әне, сол кезде Құдай тағала бізді қатарынан жаратқан ұлтымыз дүркіреп қайта өрлейді.

Иә, біз тығырыққа тірелдік. Тіреді. Демек, енді адаспауымыз үшін бастауымызға қайта оралуымыз шарт. Бастау - Алаш!

Алаш партиясының қатарында, Алаш көктемін көріп, Көк туды ұстап күлімдеп жолығуға жазсын!

«Жасасын, Алаш, жасасын!»

Abai.kz

 

P.S.

«Біздің кемшілігіміз - әркім тарих арқалатқан жүкті белгілі жерге апармай, соңындағыларға тастап кететіндігі», дейді Әлихан. Бұл кемшілік бізде де бар. «Жастарға сенемін, олар біз жасамағанды жасайды, біз алмаған асуды алады» деп келетін әрі жиі еститін тіркестер ұлт болашағы үшін ең сұмпайы сөздер. Бұл - жеңілген адамның сөзі. Демек, әр буын ұрпақ тарих арқалатқан жүкті діттеген жеріне дейін жеткізіп барып қана сапарын аяқтау тиіс. Өз жүгін баласына қалдыратын әкелердің өз ісін аяқтамай өлуге қақы жоқ.

Біздің жүк ауыр. Өйткені, бүгінгі билік бізге өте ауыр жүк қалдырып барады. Оның үстіне өз жүгіміз тағы бар. Демек, бізге салмақ екі есеге ауыр түседі. Бұл бізге тарих арқалатқан жүк. Сол жүкті жеріне жеткізу міндет.

Сурет Болат Мүрсәлімнің "Алашорда" кітап-альбомынан алынды

0 пікір