Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Жыл қорытындысы 2551 2 пікір 24 Желтоқсан, 2022 сағат 14:33

Жыл қортындысы. Көктем. (II бөлім)

Басы: Қазақстан. 2022 жыл... (I бөлім)

Наурыз, сәуір, мамыр қатарлы көктем айлары Президенттің «Қасіретті қаңтар» оқиғасынан кейін уәде еткен саяси реформалары нақты көрініс тапқан, Қазақстандықтар Ресейдің Украинаға ашқан соғысының экономикалық, ақпараттық салдарын жақыннан сезінген маусым болды.

«Наурызда күн нар адым ұзарады» деп халық даналығы айтқандай көктемнің алғашқы айында адымдап болса да, саяси өзгерістер жасалды.

Наурыздың алғашқы күні Назарбаев дәуірінде партия құрып, сенатқа төрайым болып, жеке концертімен қоса халықаралық медия форум өткізіп шалқыған Дариға Назарбаеваның депутаттықтан кету өтінішін Парламеттегі 99 әріптесі қолдап дауыс берді.

Артынан құдасы Қайрат Боранбаевтың үстінен қылмыстық іс қозғалып, қамауға алынды.

Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалды да ұсталды. Оған да экономикалық айыптар тағылды. Заңсыз иеленген Қазақтелеком, Қазақстан Темір жолы компаниясы активтерін мемлекетке қайтаратын болды. Оған ел күткендей діни, идеологиялық айып тағылған жоқ.

Назарбаевтың жеке меншік партиясы «Нұр Отан» да, «Аманат» деп атын ауыстырды.

«Адал» партиясы онымен бірікті.

Кезінде Назарбаевтың бұлбұлы атанған Ермұхамет Ертісбаев атын «Халық» деп өзгерткен коммунистік партияның басшылығына келді.

Наурыз айының ең басты оқиғасы - президент Тоқаевтың 16-наурыз күні халыққа жасаған жолдауы болды. Онда саяси реформалардың, атап айтқанда Президенттің жаңарған құзіреті, Парламент, әкімдерді сайлау тәртібі, заң-құқықтық саладағы өзгерістердің нақты қадамдары ортаға қойылды.

Әсіресе, жұрт көңілінен шыққаны Абай, Ұлытау, Жетісу қатарлы үш жаңа облыстың құрылуы, Қапшағай қаласының атауының Қонаев болып өзгеруі болды.

Кадрлық ауыс-түйістер сәуірде де жалғасын тапты. Әлеуметтік желіде «Ханның қызы» аталып кеткен Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіхалықова қызметінен кетті.

Тараздық блогердің сүйікті иті «Персик» ит атушылар қолынан мерт болғаннан кейін, Назарбаев заманында аттан түспеген Бердібек Сапарбаев та орынын босатты.

Керісінше кезінде Назарбаев ел алдында «шаршап жүрсің бе», деген Тамара Дүйсенова ханым өзіне таныс министрліктің тізгінін қайта қолына алды.

Одан сырт «қаңтар оқиғасының» тергелу барысы жұрт назарында болғанын атап өткен жөн. Наурыздың соңында жақтастарымен көшеге шығып митингілетіп жүретін Жанболат Мамай «қаңтар оқиғасына» байланысты қамауға алынса, сәуірдің ортасында Алматы қаласы мәсилихатының депутаты болған Қайрат Құдайберген де тұтқындалды.

Жанболат дүрбелеңде ереушілер тарапынан оңбай таяқ жесе, Қайрат аты шулы дикий Арманға серік болып, қасында жүрген еді.

Қазақстандықтардың «қаңтар оқиғасы», саяси реформалар туралы көзқарасы ғана емес, Украина соғысына болған ұстанымы да екіге бөлінгені осы айларда айқын көрініс тапты.

Ресейдің телеарналарымен таң атырып, кеш батыратын кей тұрғындар арам пиғылдарын жасырып қала алмады. Путиннен аталмыш «арнаулы операциясын» Қазақстанда да жалғастыруды өтініп, видео жолдады. Оларға құқық қорғау орындары дер кезінде шара қолданды.

Мұндай теріс пиғылдағыларға Зюганов, Кеосоян қатарлылардың Қазақстанның мемлекет тұтастығына көз алартуы дем бергені анық. Ресей тарапынан болған ақпараттық шабуылдан сырт, экономикалық қысымның да күшейгенін баса айтқан жөн. Оның нақты көрінісі ретінде Каспий құбыр желісінде болған қолдан жасалған кедергілерді айтуға болады. Үкімет басында ақаудың ел экономикасына әсері болмағанын айтқанымен, артынан 185 миллиард теңге зиян келгенін мойындады. Ресейге мұнай тасымалы саласындағы тәуелділігіміз алдымыздан шығып қана қоймай, дастарқанымызды орыс өнімімен толтырып жүргеніміз де опық жегізді. Кәдімгі қант қат тауарға айналды. Құны қарық түрлі дертке дауа балдан да асып кетті.

Үкімет мамыр айында амалсыз қантты сыртқа шығаруға тыйым салды. Тағы да сол орыс бюджет шығынын ескеріп, 9-мамыр «Жеңіс күнінің» атап өтілмейтінін айтқан біздің тараптан түсініктеме беруді талап етті.

Қанішер Сталин мен Берияның суретін көтеріп Алматының қақ ортасымен жүріп өткен шерушілердің әрекеті де кеңес заманын, орыс өктемдігін қалайтындардың арамызда әліде көп екенін көрсетті.

Мамыр айының негізгі оқиғалары президент Тоқаевтың Түркия сапары, ҰҚШҰ-ның Мәскеудегі кезекті жиналысы, Ата Заңға өзгеріс енгізу жайында жарияланған хылықтық референдумның кеңінен талқылануы болды.

Қорыта айтқанда, мешін жылының көктем айлары ел іші мен сыртында да саяси оқиғаларға толы болды. Билік Украинаға соғыс ашқан Ресей мен оны қолдаған Батыстың арасында таңдау жасауға, экономикалық қатынастарды қайта түзуге мәжбүр болса, жұрт саяси оқиғалардың дүбірінен қайта бас көтерген билік пен оппозицияның ескі өкілдерінің науқаншыл белсенділігіне куә болды.

Наурызда Мұхтар Тайжан «Жерді қорғау», сәуірде Болат Әбілов «Біздің таңдау», Олжас Сүлейменов «Халық конгресі» партиясын қайта құратынын айтқан еді.

Есбол Үсенұлы

Abai.kz

2 пікір