Бейсенбі, 18 Сәуір 2024
Билік 4286 11 пікір 22 Желтоқсан, 2022 сағат 14:40

Қазақ-өзбек қатынасы: Қандай келісім жасалды?

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстанда ресми сапармен жүр. Екі ел арасында бірқатар маңызды құжаттарға қол қойылды. 

Қазақстан мен Өзбекстанды тарихи және бауырластық байланыс біріктіреді. Ортақ шекара мен өзара тиімді экономикалық жобалар екі ел арасындағы қатынасты терең етуге ықпалдасуда. Өзбекстанның басты экономикалық серіктесі Ресей саналады. Ресеймен сауда-саттықты дамыту үшін Ташкент Қазақстан арқылы өтеді, сол себепті де транзит-логистикалық байланыстарды дамыту жобаларына Өзбекстан үнемі қызығушылық танытып келеді.

Мемлекет басшылары бірқатар мәдени шараларға қатысты. Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан Республикасына мемлекеттік сапарының барысында Шавкат Мирзиёевпен бірге Төле би кесенесіне зиярат етті. Ташкент қаласының территориясында орналасқан кесене XV ғасырдың бірінші жартысында салынған.

Сапардың бірінші күні президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ташкент қаласындағы Тәуелсіздік монументіне гүл шоғын қою рәсіміне қатысты. "Янги Узбекистон" саябағында орналасқан монумент былтыр осы ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай орнатылған. Ескерткіште өзбек халқының тарихындағы ең маңызды оқиғалар мен белгілі мемлекет қайраткерлерінің, қолбасшылары мен ғалымдарының бейнелері кескінделген еді. Бұл ескерткішке гүл шоғын қоя Өзбекстанға деген құрмет пен достық пейілді білдіреді.

Ресми кездесулер бүгін өтеді. Соған қарамастан екі ел арасында бірқатар келісімдердің мән-жайы белгілі бола бастады. Қазақстан мен Өзбекстан кәсіпкерлері қатысқан бизнес форумда құны 2.5 млрд доллар болатын 40 құжатқа қол қойылды. Ол сауда-саттық, бірлескен кәсіпорындар ашу, қызмет көрсету және басқа салаға байланысты.

Дәл осы күндері Қазақстан, Өзбекстан және Әзербайжан автоөндіріс саласында бірлесе жұмыс жасайтыны да белгілі болуда. UzAuto Motors, "Азермаш" және  "Сарыарқаавтопром" бірлесе жұмыс істеуге ниет білдірді. Бұл үш елде құрастырылатын көліктер саны артады деген сөз.

Ка Мырза

Abai.kz

11 пікір