Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Жаңалықтар 4243 0 пікір 5 Наурыз, 2013 сағат 04:32

«Рух пен тіл» Тіл комитетінің жұмысына сараптама жүргізді

Қазақстандағы тілдік ахуалды жақсартуға мемлекеттік билік органдары тарапынан ешқандай құлшыныстың жоқтығына міне, 22 жылдың жүзі болды. Бұл о баста билікті билеп төстеген бұрынғы коммунистер саясатының «жемісі» болса керек. Кеңес үкіметі тұсында интернационалдық тәрбие алғандардың тіл, ұлт деген құндылықтарды білмейтіні анық. Тәуелсіздік жылдарында тілдік саясатты, әсіресе мемлекеттік тілге қолдау көрсетіп, қазақ тілін жалпыхалықтық қолданыс тілі етуге жауапты мемлекеттік органдардың бірі - Тіл комитеті болды. Бүгінгі Тіл комитеті атауы бар, бірақ жүргізіп жатқан жұмысы мардымсыз, қарапайым жұртшылыққа жабық орган болып табылады. Тіл жанашырларының ордасы боулы тиіс орган қазіргі таңда космполиттік биліктің айтуымен келеді. Осыған орай «Рух пен тіл» қоғамдық ұйымы істері көлеңкелі Тіл комитетінің жұмысына сараптама жүргізді.

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің сайтында http://www.mk.gov.kz/kaz/komitety/komitet_po_yazykam/plan_raboty_3/ Тіл комитетінің 2012 жылға арналған операциялық жоспары деп берілген құжатты алып, комитеттің мемлекеттік тіл дамуына қаншалықты үлес қосып жатқанын, жалпы қандай жұмыс істеп жатқанын жария етпекпіз.

Қазақстандағы тілдік ахуалды жақсартуға мемлекеттік билік органдары тарапынан ешқандай құлшыныстың жоқтығына міне, 22 жылдың жүзі болды. Бұл о баста билікті билеп төстеген бұрынғы коммунистер саясатының «жемісі» болса керек. Кеңес үкіметі тұсында интернационалдық тәрбие алғандардың тіл, ұлт деген құндылықтарды білмейтіні анық. Тәуелсіздік жылдарында тілдік саясатты, әсіресе мемлекеттік тілге қолдау көрсетіп, қазақ тілін жалпыхалықтық қолданыс тілі етуге жауапты мемлекеттік органдардың бірі - Тіл комитеті болды. Бүгінгі Тіл комитеті атауы бар, бірақ жүргізіп жатқан жұмысы мардымсыз, қарапайым жұртшылыққа жабық орган болып табылады. Тіл жанашырларының ордасы боулы тиіс орган қазіргі таңда космполиттік биліктің айтуымен келеді. Осыған орай «Рух пен тіл» қоғамдық ұйымы істері көлеңкелі Тіл комитетінің жұмысына сараптама жүргізді.

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің сайтында http://www.mk.gov.kz/kaz/komitety/komitet_po_yazykam/plan_raboty_3/ Тіл комитетінің 2012 жылға арналған операциялық жоспары деп берілген құжатты алып, комитеттің мемлекеттік тіл дамуына қаншалықты үлес қосып жатқанын, жалпы қандай жұмыс істеп жатқанын жария етпекпіз.

Айта кетейік, комитет 2012 жылы, яғни өткен жылы 22 шара өткізуді жоспарлаған. Дегенмен, оның бірі де мемлекеттік тілдің дамуына айтарлықтай ықпал тигізе алмайды. Өйткені, ең алдымен іс-шаралар көпшілікті қамтымаған, аясы тар және мақсатты аудиториясы тіл білмейтіндер немесе елімізде тұратын диаспора өкілдері емес, мемлекетті тілді білетін азын-аулақ топқа бағытталған.

Биыл ғана тек «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ономастика мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңы парламент қабырғасынан өтіп, оған президент қол қойған болатын. Бірақ, бұл өзгертулердің қазіргі жағдайды өзгерте алуы тағы да күмәнді. Себебі ономастикалық өзгерістер көп жағдайда Ақорда тапсырмасымен жүргізіледі.

Комитеттің жұмыс жоспарында екінші шара ретінде әдебиеттер шығару бойынша жұмысты ұйымдастыру тұр. Қазақ тілінің дамуына байланысты ғылыми әдебиеттердің, еңбектердің шығарылуы орынды, оған ешкім қарсы емес те. Бастысы ол еңбектердің іс жүзінде жағдайға әсер етуі, оны халықтың оқып-білуі.  Ал, сіздер «Терминологиялық хабаршы» бюллетені, «Ономастикалық хабаршы» бюллетені, «Тіл және қоғам» альманахы, «Туған тіл» альманахы, «Балапан әлемі» балаларға арналған журналы деген аттағы әдебиеттерді естіп көрдіңіздер ме? Аталған басылымдарды оқығандарыңыз бар ма? Тіл комитетінің осыншама альманах, бюллетень шығарамыз деп ауыз толтырып айтуы енді ұят. Өйткені 1000-2000 данамен шығатын әдебиеттер халықтың қолына тимейді, тек кітапхана мен мұражайлар көрмелерінен орын тебеді. Егер  жаңғы бюллетендер мен альманахтар халықтың қолына тимесе, мұны шығарудың қандай қажеті бар? Біздің ұсыныс бұл әдебиеттердің барлығының басын қосып, бір ғана әдебиет шығарып, оның таралымын көбейткен дұрыс. Сіздердің шығарып жатқан кітаптарыңыз ең алдымен, халыққа керек, осыны түсіңіздер! Екіншіден, егер оны ешкім оқымаса, тіл дами ма?

Назар аударатын жайт, Тіл комиттетіне қарасты Үкімет жанында бірнеше комиссия бар екен. Бұлар - Мемлекеттік ономастикалық комиссиясы, Мемлекеттік терминологиялық комиссиясы, Мемлекеттік тіл саясатын одан әрі жетілдіру жөніндегі комиссиясы, Сараптама кеңесі. Шындығын айту керек, егер бұл комиссиялардың барлығы ұлт мүддесі үшін жұмыс  істесе, бізде не терминологияда, не ономастика саласында проблема  болмайтын еді. Жалған тіл жанашырларын жинап алып, отырыс жасау ешқашан да мемлекеттік тілді дамытпайды, күрделі тіл ахуалының күрмеуін шеше алмайды. Тіл комитетіне сауал: бұл комиссиялар қандай жұмыс істейді, нәтижелері қайда? Халықтың көңілінен шығатын, ұлттық құндылықтарды жаңғыртқан қандай шешім қабылдады соңғы жылы? Неліктен Тіл комитеті және осы Үкіметтік комиссиялар Петропавл, Павлодар қалаларына тарихи атауларын қайтаруға ұсыныс білдірмеді?   Біздіңше мұның жауабын барлығы жақсы біледі.

Бұл комиссияларға қатысты жұмыс барынша жабық, жариялы емес, сол себептен де аузы мұрны жоқ отаулардан бізге пайда да жоқ.

Тағы бір осал тұс - Тіл комитеті 20 жылдан астам уақыт бойы қазақ тілін оқытудың әдістемесін жасай алмай келеді. Жыл сайын әдістеме жасау үшін қыруар қаржылар төгілгенімен, ынталандыру шаралары жүргізілгенмен, комитет өз мақсатын орындай алмауда. «Қазақ тілі, шет тілі  немесе екінші тіл ретінде» үзіліссіз білім беру моделі арқылы  қазақ тілін оқытудың стандарт-технологиясын, типтік оқу-әдістемелік кешенін әзірлеу, Мемлекеттік тілді оқытуға арналған жаңа, альтернативті оқыту бағдарламаларын әзірлейтін және жасайтын мамандарды ынталандыру іс-шараларын өткізу» деп алдарына міндет қойғанымен, неге бұлар өз нәтижесін бермеді? Егер қазақ тілін үйрететін әдістеме шығаруға шамасы жетпесе, онда Тіл комитеті не істеп жүр?

Тіл комитетінің операциялық жоспарының маңызды орындарын түрлі байқау, фестивальдер, конкурстар алады. Мысалы, Тіл комитеті «Тілі бірдің - тілегі бір» атты республикалық форумды, «Абай оқулары» республикалық байқауын, Оралхан Бөкей  атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің байқауын, «Мемлекеттік тіл және БАҚ» байқауын, «Тіл - барлық білімнің кілті» байқауын, «Тіл - халық жанын танудың кілті» сайысын, «Тілдарын-2012» республикалық олимпиадаларын, алуан түрлі конференцияларды, семинарларды, семинар-тренингтерді, «дөңгелек үстелдерді» ұйымдастырады екен. Республикалық бюджет есебінен өтетін іс-шаралар көп жылдан бері тек «орындалуы тиіс іс-шара» ретінде ғана қалып қойып жатыр. Жаңашылдық деген атымен жоқ. Мәселен, «Абай оқуларында» оқушылар Абай өлеңдерін жүздеп жаттаса да,  Абай рухымен биіктегені байқалмайды. Мемлекеттік қызметкерлерге байқау ұйымдастырылғанымен, одан қызметкерлердің ммелекеттік тілге деген қызығушылықтары артқан жоқ. Сондықтан, бұл шаралар өкінішке орай қазақ тілін жалпыхалықтық қолданыстағы тілге, танымал тілге айналдыра алмады.

 

Тіл комитеті 2012 жылы шетелдерде тұратын отандастардың мәселелері туралы әлеуметтік және аналитикалық зерттеу, Қазақстан Республикасында  тіл саясаты мәселелері бойынша  әлеуметтік және талдау зерттеулер өткізу жоспарлаған. Дегенмен, бір жылдан астам уақыт өтті, бұл зерттеулердің өткізілгені туралы ешқандай ақпарат жоқ, біз өзіміздің отандастырымыз жөнінде бейхабармыз. Егер әлеуметтік зерттеулердің нәтижесі жарияланбаса, сол бойынша жұмыс жүргізілмесе, жалпы мұны жоспарлар ішіне кіргізудің қажеті не? Әлде Тіл комитеті орындалмайтын іс-шаралар негізінде қаржы ұрлап отыр ма?

Тағы да бір маңызды жағдайдың бірі, Тіл комитеті қазақ және ағылшын тілдерін үйрететін интерактивтік оқулықтарды, инновациялық әдістемелік бейне сабақтар, ғылыми, анықтамалық, публицистикалық әдебиеттер әзірлеу және шығаруды жоспарлаған. Сонда осы күнге дейін қазақ тілін, ағылшын тілін үйрететін әдебиеттердің, интерактивтік оқулықтардың жоқ болғаны ма? Мұнда да шикілік бар. Анығында, осыған дейінгі әдебиеттер қайта баспаға беріліп, жаңа оқулық ретінде шығуы әбден мүмкін. Дегенмен, өткен жылы қазақ тілін үйрететін жаңа публицистикалық, анықтамалық әдебиеттерді де көре алмадық.  Ал Тіл комитетінің Дүниежүзі қазақтарының кіші құрылтайын өткізуі бос әурешілік. Өйткені, Үлкен құрылтайдың өзінде ешқандай шешім, ұсыныстар қабылданбайтындықтан кіші құрылтайдан не күтуге болады?. Сонымен қатар, неліктен осы құрылтайда тоқтап қалған «Нұрлы көш» бағдарламасын қайта жандандыру идеясы айтылмады? Неліктен Тіл комитеті өз құзіреттілігін пайдалана отырып, қазақтарды Қазақстанға көшіру бастамасын айтпайды? Кіші құрылтай тек көзбояушылықпен айналыспауы тиіс.

Орталық және жергілікті мемлекеттік органдарда Қазақстан Республикасы тіл туралы заңнамасының орындалу барысына тексеріс жүргізу шарасы өтуі тиіс болғанымен, заңнаманың орындалуын тексеру өз нәтижесін бермейтіні өкінішті. Себебі, осы кезге дейін мемлекеттік органдарда іс-қағаздар қазақ тіліне көшкен жоқ, қателер толып жүр.

Біздіңше, Тіл комитеті этно-мәдени  ұйымдар жанындағы жексенбілік  мектептерде мемлекеттік  тілдерді  оқыту курстарын  ұйымдастырылуы жөнінде ақпарат беруі тиіс. Өйткені еліміздегі кез келген диаспора өкілі мемлекеттік тілді білуі қажет. Дегенмен, соңғы жылдар көрсеткендей, диаспора өкілдері қазақ тіліне немқұрайлы қарайды.

«Рух пен тіл» ұйымының наразылығын тудырған шаралардың бірі бұл Славян жазбасының күніне арналған іс-шаралар болып табылады. Қазақстандағы негізгі және дара ұлт қазақ ұлты болып тұрғанда, діні мен тілі бөлек халықтың жазбасына көңіл бөлу қаншалықты орынды? Біздің қазір қолданып жүрген қарпіміз кирилл болғанымен, оны құрметке лайықтап, жеке іс шаралар ұйымдастыруды ұлттық құндылықтарға қиянат жасау деп бағалаймыз. Егер Славян жазбасының күні өткізілсе, онда тарихымызбен тамырлас руна жазбасы күнін, латын жазбасы, түркілік жазбасы күндерін белгілеп, соған байланысты шара ұйымдастыру қажет. Сондықтан, Тіл комитетінің біздің тарих пен мәдениетімізге жат, Славян жазбасына байланысты іс-шараны ұйымдастыруы, оған қаржы бөлуді қате деп санаймыз. «Рух пен тіл» ұйымы бұл шараны  Славян орталықтары өз қамқорлығына алып, өткізулері керек деп санайды.

Жалпы, Тіл комитетінің 2012 жылға жоспарлаған іс-шаралар легі сондай. Іс-шаралардың, комитет саясатының мемлекеттік тілді дамытуға арналмағанын байқау қиын емес. Мұндай қадамдармен біз алдағы онжылдықта да тіліміздің көсегесін көгерте алмаймыз. Тіл комитетінің жалпы жұмысы қоғамға жабық, ақпараттары қолжетімсіз. Жыл басынан бері екі айдан астам уақыт асқанымен, ведомство сайтында 2013 жылға арналған жұмыс жоспары жоқ, оған қоса, өткен жылдың атқарылған жұмыс есебі де жарияланбаған. Қайткенменде, Тіл комитеті халық алдында есеп беруі тиіс пе? Комитет жұмысы басшысына да байланысты. Комитет сайтының мәліметтеріне сәйкес, комитеттің қазіргі төрағасы - Сқақов Мақсат мырза тіл мәселесінен мүлдем алшақ, онымен еш байланысы жоқ маман. Тарих, құқық және экономика негіздерінің мұғалімі және «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығы бойынша оқып,  Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарында,
Президенттің Күзет қызметінде әскери қызмет атқарған адамның Мәдениет министрлігінде, әсіресе ең маңызды комитет басшылығының төрінен табылуы көптеген күмән мен күдік тудырады. Неліктен Тіл комитеті басшылығында  мемлекеттік тілге қатысы бар, кресло мүддесіне қарағанда ұлт мүддесін жоғары қоятын адамдар жоқ?! Мұндай келеңсіздіктер еліміздегі барлық мемлекеттік органдарда кездеседі. Жалпы, біз Тіл комитетінің іс-шаралары мен оның орындалуы мәселелерін ғана қозғадық. Алайда Тіл комитеті жұмысының қаржылық жағдайы қозғалмады. Өйткені бөлінетін қаржы жөнінде анық ақпарат жоқ. Дегенмен, бүгінгі тіл ахуалына қарап, қаржылардың мақсатсыз жұмсалып жатқанын байқау қиын емес.

Айта кетейік, өткен жылдың сәуір айында Тіл комитетіне қарасты Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдiстемелiк орталығының түрлі шараларды (конференциялар, жарыстар, т.б.) өткізу үшін бөлінетін қаражаттарын іс жүзінде орындалмайтын келісімшарттар жасау жолымен ұрлау мақсатында қылмыстық жоспар құрып, мемлекетке 9,5 млн. теңге сомасына залал келтірді. Астана қаласының Сарыарқа аудандық №2 сотының үкімімен Қ.Жақыпова ҚР ҚК 28-бабы 2-бөлігі (орындаушы), 176-бабы 3-бөлігі «б», «г» тармақтары (сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иеленіп алу немесе ысырап ету) бойынша кінәлі деп танылып, 3 жыл сынақ мерзімімен шартты түрде 5 жылға бас бостандығынан айыруға сотталды. Ал М. Камшилина ҚР ҚК 28-бабы 2-бөлігі (орындаушы) 176-бабы 3-бөлігі «б» тармағы (сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иеленіп алу немесе ысырап ету) бойынша кінәлі деп танылып, 3 жыл сынақ мерзімімен шартты түрде 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Бұл тек біз білетін және анықталған қылмыстық істің бірі ғана.

Осыған байланысты, «Рух пен тіл» ұйымы Тіл комитетіне  бірнеше ұсыныс білдіреді:

- Тіл комитеті қазақ ұлтының тарихы мен мәдениетінің маңыздылығын назарға ала отырып, Ресей империясы, Кеңес одағы кеезінде қойылған жер-су, қала атауларын  ауыстырудың кешенді жоспарын әзірленсін;

- Тіл жанашырларымен бірге «Мемлекеттік тіл туралы» Заң дайындалып, Парламентке ұсынылсын;

- Тіл комитеті өзінің жұмысы туралы ақпараттарды қолжетімді, уақытылы жариялап отырсын;

- Үкіметтік емес ұйымдармен, қоғамдық ұйымдармен мемлекеттік тілді дамыту бағытында байланыс орнатылсын;

- Тіл саясатына бөлінетін қаржы жарияланып, халық алдында есеп берілсін;

- Қазақ тілін үйрететін бірыңғай бағдарлама жасалсын;

- 22 қыркүйек күнін «Тілдер мерекесі» ретінде емес, «Қазақ тілін құрметтеу күні» деп белгілеу жөнінде бастама көтерілсін.

 

«Рух пен тіл» қоғамдық ұйымы Тіл комитеті алдағы уақытта мемлекеттік тіл - қазақ тіліне қатысты, ономастика мәселелеріне қатысы бастамалар мен ұсыныстар білдіре алмаған жағдайда, «Тіл туралы» Заңның орындалуына ықпал ете алмаған жағдайда Мәдениет және ақпарат министрілігінің құрамынан Тіл комитетін тарату жөнінде жалпыхалықтық наразылық шараларын бастайтынын ескертеді.

Abai.kz

0 пікір