Сейсенбі, 16 Сәуір 2024
Алашорда 4723 5 пікір 22 Желтоқсан, 2022 сағат 13:44

«Алаш әскері» өлеңі

«Сарыарқа» газеті (1917-1919). Семей қаласында «Алаш» баспаханасында басылды. 1917 жылдың маусым айынан бастап шыға бастады.

Газет беттерінде Алаш әскерінің шайқастары, соғыстағы ерліктері туралы және Алаш әскеріне арналған өлең-жырлар да басылып, жауынгерлерді жігерлендіріп, ерлікке шақырды. Газеттің 1919 жылғы №83 санында «Алаш әскері» деге өлең жарияланған. Өлең авторы Бекмұхамед Серкебаев. Қазақстан ғана емес әлемге танылған музыка саласының майталманы – Ермек Серкебаевтың әкесі, Байғали Серкебаев пен Жамиля Серкебаевалардың атасы еді.

 «Алаш әскері»

Алашдың намысын сақтаймыз,
Отанды жат жұртқа сатпаймыз,
Жау шықсын, тау жүрсін, оқ жаусын,
Бір шыққан жолдан еш қайтпаймыз.

Көрпеміз жамылыс қар болсын,
Төсегім қара жер саз болсын,
Бөгелмей тоқталмай асармыз,
Мейлі жолымыз жар болсын.

Құм, дәриа, ысқытда, шөлдерден,
Қиа тас, асқар тау белдерден,
Өтерміз, кетерміз, ойға алсақ,
Көк теңіз көз жетпес көлдерден.

Айанбай соғысқа кірерміз,
Дұспанға қасқырдай тиерміз,
Шегініп қорғалау бізге ар,
Қанымыз Алашқа ақ төгерміз.

Ұрандап шақырса қалмаймыз,
Ұзаққа, жайауға талмаймыз,
Ат мінсек, асынсақ сайманды,
Киікдей, орғыған ойнаймыз.

Біз қормал Алаштың баласы,
Ардақты көзінің қарасы,
Күңіренсін, жаңғырсын дауысдан,
Ұйықтаған қазақдың даласы.

Біз қырдың бос жүрген құланы,
Арқада мекені тұрағы,
Ілетін қиадан қаз, үйрек
Ақ иық тұйғынның қыраны.

Бекмұхамед Серкебаев.

(«Сарыарқа». №83. 1919).

Дайындаған Абай Мырзағали

Abai.kz

5 пікір