Жұма, 19 Сәуір 2024
46 - сөз 2389 1 пікір 22 Желтоқсан, 2022 сағат 13:27

Өлмейтін шалдар туралы

Жұманың түстен кейінгі уақыты еді. Операцияларымызды бітіріп, қағаздарымызды жазып болып ақырындап үйге жинала бастағанбыз.
Бөлім меңгерушісінің кабинетіне танысымыз кірді. Ақ көңіл, қолында барын аямайтын жақсы жігіт еді. Қабағы түсіп кеткен, көзінде жас. Бір жамандық болғанын сезіп, жағдайын сұрай бастадық.

Жолдасымыздың сексеннен асқан әкесі бар еді, бірге тұратын. 3-4 күн болыпты төсек тартып жатып қалыпты. Не су ішпейді, не тамақ өтпейді. Шамасы уақыты келген сияқты. Жүріп кетсе қонақтар, туыстар келеді. Сондықтан көз жұмса ауруханада бола тұрса екен, мен тездетіп үйді жөндеп, ауылдағы малды сойып, дайындалсам деп едім – деп жолдасымыз көзіндегі жасын сүртті.

Әрине біз келістік. Ақсақалды құжаттарын жөндеп, жеке палатаға жатқыздық. Шынымен жағдайы ауыр. Әбден денесі кеуіп кеткен. Тек қана ине сұғып, қатты әсер етсең ғана тірлік белгілерін білдіреді. Қан қысымы өте төмен. Шынымен-ақ, уақыты келген секілді көрінді. Қажетті дәрілерін жазып беріп өзіміз үйге қайттық.

Дүйсенбі күні әдеттегідей таңғы 7 жарымда жұмысқа келіп, науқастарымызды тексеріп болған соң өлгелі жатқан шалымызға кірсек, тетя Валя деген санитаркамыз ақсақалымызға қасықпен ботқа беріп отыр. «Ну давай дедуля, красотуля еще ложечку ради внуков» -деп ауызына ботқаны салуда. Ақсақалымыздың көңіл-күйі керемет, мәз. Бізге көзін қысып қояды. Біз аң-таңбыз.

Сонымен не керек, ақсақалдан жөн сұрасақ, соңғы күндері қатты белі ауырған екен, содан үйдегі келіні ауыртпайтын дәрі беру керек деп дәріханадан дәрінің ең күштісін сатып алып беріпті. Ақсақал бірден 2 таблеткасын ішіп алып, содан кейін тағы да белі ауырса іше берген болуы керек. Арғы жағы есінде жоқ.

Біз күлдік. Әрине ондай дәріні бақылаусыз ішсең ес-түсіңнен тез арада айырылуың ғажап емес. Ақсақалымыз сөйтіп, қажетті «дозасын» алған нашақор сияқты балқып-шалқып жата берген. Оны көрген бала-шағасы жамандыққа жорып, бізге әкелген. Дәрі құйып, қанын аздап тазалағаннан кейін әрине қариямыз есіне кіріп, ең бастысы қою шәй мен тамақ сұраған. Қайтсын енді байғұс шал.

Түстен кейін баласы келді. Қасында жасы үлкен кісісі бар. Атамыздың сүйегін алып кетейік деген едік дейді. Біз жымың-жымың етіп, сонда да сыр бермеуге тырысып, медбикелерге ана шалды дайындаңдар, алып кетеді деп тапсырма беріп күтіп отырмыз (не болар екен деп).
Бір уақытта кабинетке ақсақал кірді. Күтіп отырған жолдасымыз бен туысқаны орындарынан атып тұрып, ақсақалдың бетінен шөлпілдетіп сүйіп жатыр. Арасында көз жастарын сүртіп қояды. Жолдасымыз түк түсінбей екі көзі алақандай болып бізге қарады.

«Әкелеріңді алып кетіңдер, бізге түскен адам өлмейді» - деп біз де қарқылдап күлдік.

Жолдасымыз туысымен ақсақалды үйлеріне апарыпты (кейіннен айтқаны). Үйінде сапырылысқан туыстар, дүниенің төрт бұрышынан келген қонақтар. Қазанда пісіп жатқан ет, есік алдында киіз үй. Бәрімен амандасып, көріскеннен кейін ақсақал не болғанын түсініп, мұндай боларын білгенде баяғыда бір өліп тірілер едім сендерді көру үшін деп, елді мәз қылған екен.
Сол шалымыз жүзге таяп көз жұмды. Яғни сол уақиғадан кейін тағы да оншақты жыл өмір сүрді. Болған жағдайды әлі күнге дейін жолдасыммен еске аламыз.

Мұны жазуымның себебі мынау. Қазақтың бір қызық жері үлкендері жетпістен асса болды оларды о дүниеге дайындай бастайды. Қариялардың бір жері сырқыраса қойылатын диагноз біреу ғана – кәрілік. «Енді амал не, жас болса келіп қалды» - деп буын ауырса да, бас ауырса да диагноз қоя саламыз да аурухана немесе емханаға барудан бас тартамыз.

Өкінішке орай, мұндай көзқарас біздің медицинаға да жабысып қалған. Жетпістен асқан науқасты ауруханаға алып келсе жатқызбаудың амалын іздейміз.

Дәрігерлеріміздің де қоятыны сол баяғы «кәрілік» деген диагноз.
Ал енді сексеннен ассаң ол бітті деген сөз. Қаншама өмір сүргің келсе де бүкіл қоғам болып кемпір-шалдармызды аттандыруға асығамыз да жатамыз. «Асарын асады, жасарын жасады» - дейміз, асау мен жасаудың мөлшерін өлшегендей.

Медицина тұрғысынан алғанда, егерде дер кезінде қарияларымыздың жүрек тамырларын тазалап, қанын сұйытып, буындарын алмастырып, үлкейген бездерін алып тастап отырсақ олар жүзге жетіп, тіпті одан да асар еді. Ол естімейтін құлақ пен бұлдырлаған көзді былай қойғанда.

«Жасалған іс-шаралардың арқасында қазақстандықтардың өмір сүру жасы 72 жасқа дейін ұлғайды» - дегенді жиі естиміз, мақтанамыз. Бірақ бұл көрсеткіштің біздің қоғамдағы кәрі адамдардың санының көбейгенін көрсететінін, яғни олардың санының көптігі біздің мемлекеттің әлеуметтік саясатының жақсарғанын білдіретінін кейде ойламаймыз.

Осы бір сұраққа көңіл бөлетін кез келген сияқты.
Аман болайық!

Эрик Абенович

Abai.kz

1 пікір