Сәрсенбі, 17 Сәуір 2024
46 - сөз 2438 1 пікір 21 Желтоқсан, 2022 сағат 14:14

Көшбасшыға керек 7 қасиет

Стратегиялық тұрғыда көшбасшыға керек 7 қасиет:

1. Командаңызды әділдік пен идея үшін жұмылдырыңыз

Қазір адамдар іштегі бос кеңістікті мәнсіз қиялмен толтырады. Сол үшін олар сенетін бір идея, күресетін әділдік қажет. Сіз соны ұсыныңыз.

2. Қарындары тоқ болсын

Команданы өтірік идеямен де, идеологиямен де алысқа апара алмайсыз. Олардың материалдық проблемасын да шешу қажет.

3. Алдыңғы қатардан табылыңыз

Сіз алдыңғы қатарда тұрған кезде ғана команданың бойында сенімділік болады. Команда артынан итеріп отыратын адамға емес, алдындағы кетіп бара жатқан көшбасшыны қуып жетуге тырысады.

4. Энергияны бір нүктеге қарай бағыттау

Команда бос жүріспен жүре берген сайын бір күні ортақ құндылық пен бірліктен ада болады. Ақыры ішкі эго оянып, бәрі жан-жаққа тартады. Сол үшін команда әрдайым бір іспен шұғылданып, дамып отыруы тиіс.

5. Іштегі сезімді оятыңыз

Команданың ішкі әлеміне әсер ететін, олардың эмоциясын сыртқа шығаратын шешен, сөзге шебер болыңыз. Дұрыс сөйлеу, қолдау арқылы олардың іште бұғып жатқан сезімін оятасыз.

6. 50/50

Қатал әрі мейірімді болу. Яғни баланс ұстау. Мейірімге сараң болмау керек. Сол секілді қатал болатын жерде оны көрсету де керек.

7. Жалқаулар мен сылтау көп айтатындардан қашыңыз

Командада осындай адамдар болса, орындарын басатын басқа көздері жанып тұрғандарға иек артыңыз. Себебі сылтау көп айтатындар ұйып отырған команданың ішінде шу шығарады, артқа тартатын өсек жібереді. Сондықтан олардан бірінші құтылу керек не мүлде жоламаған дұрыс.

Бірнеше командамен жұмыс істедім әрі істеп те жатырмын. Одан бөлек жаңадан команданы құрып та көрдім. Бір нәрсені анық айта аламын: сіздің бойыңызда сенім артуға болатын титтей ғана бір тамшы "мән" болса, артыңыздан ерген командаға алдынан шығатын қиындық от па, су ма қарамайды. Себебі сіздегі мән олардың жүрегіндегі мәнді оятады. Ол сізбен бірге үлкен жетістікке жету немесе сол жолдағы күрестің дәмін татып көру.

Марғұлан Ақан

Abai.kz

1 пікір