Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Билік 1747 2 пікір 20 Желтоқсан, 2022 сағат 13:27

Ақбөкендерді атуға қатысты мораторий тағы бір жылға созылмақ

Ақбөкендерді атуға тыйым салған мораторий мерзімі 2023 жылға дейін ұзартылмақ. Бұл туралы Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев айтты.

«Бүгін біз ақбөкендерді атуға қатысты мораторийді ұзартуды ұсындық. Егер біздің ұсынысымыз қабылданса, 2023 жылдың соңына дейін ақбөкендерді атуға тыйым салынады. Яғни, келесі жылы ақбөкендерді атпаймыз", - деді Брекешев.

Естеріңізге сала кетейік, маусым айының соңында экология министрі ақбөкендердің санын реттеу үшін 80 мың дала жануарын ату туралы түпкілікті шешім қабылданғанын айтқан болатын. Себебі, ақбөкендердің саны көбейіп, жайылымдар мен егіс алқаптарын бүлдіре бастаған. 1 қазаннан бастап 500 бас ақбөкен атылады деп жоспарланған еді. Алайда президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл шешімді негізсіз деп санап, Брекешевке сөгіс жариялады.

Президент оған "бұл мәселеге кәсіби тұрғыдан қарауға" тапсырма берді. Кейінірек, шілде айында Серікқали Брекешев ақбөкендер популяциясындағы экожүйелерді бағалау бойынша зерттеуге қаражат сұрағанын, бірақ қаржы бөлінбегенін айтты. Бір айдан кейін министр бұл мәселе бойынша түпкілікті шешім қазан айында қабылданатынын айтты, бірақ ведомство оны әлі күнге дейін жарияламаған.

 

Abai.kz

2 пікір