Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Жаңалықтар 5833 0 пікір 4 Наурыз, 2013 сағат 11:17

ИРАН-ҒАЙЫП: «ФАТИМАНЫ» ҚАЙСЫ «БАЙЫНА» ҚАЛДЫРЫП КЕТТІҢІЗ...»

- Жақында Дариға жеңгеміз сізге арнап кітап жазыпты деген әңгімені естіп қалып едім. Осы рас па?  Әңгімемізді осыдан бастайықшы...

- Жақында Дариға жеңгеміз сізге арнап кітап жазыпты деген әңгімені естіп қалып едім. Осы рас па?  Әңгімемізді осыдан бастайықшы...

- Ол рас әңгіме, жеңгеңнің «БҰ ДҮНИЕ ҒАЙЫБЫ» атты кітабы баспаға дайын. Кітапты ақынның жарының ақын туралы диалог-күнделігі деуге болады. Бір мүшелден асар-аспасында қайтыс болған Мұнарымды жоқтап, жылап, жер жастана қайғы кешіп жүргенімде тағдыр жолықтырып, «Мың бір түндегі» Шехризадай Дариға да маған мың бір сауалын қоя жүріп, Мәрмәр, Ақмұнар атты күміс шолпылы қыз, Жайын-Шахтай алтын айдар ұл туып берді. Кітап - сол жайлы. Менімен ерлі-зайыпты ғұмыр бойына жасаған сырт көзге тылсым, жұмбақ, құпия бейресми сұхбаттары жинақталған жинақта.  Кітап жарыққа шығаруға негізінен дайын тұр, бірді-екілі қарап, күзеп-түзейтін жерлері ғана бар. Өйткені, сұхбаттар - менімен өткен ғой. Өз сөзіме өзім жауап беруім - шарт. Оқуға әзірге денсаулығым болмай тұр. Жүректен инсульт алып, содан бері таяққа сүйеніп әзер жүрмін. Кітабын оқи бастасам, басым айналып, көзім қарауытады, қайғыдан қан жұтып жүрген кездерім көз алдыма қайтадан келеді. Он жыл бойы «Қазақ әдебиеті» газетінде поэзия бөлімін басқардым. Мәскеудің Жоғары Әдебиет институтын бітіріп келіп,  болдым-толдым деп тұрған шағымда аяқ астынан ұлымнан айырылдым. Сол күндерді еске алсам жүрегім қақ айрылады. Қызылорда театры Алматыға гастрольдік сапармен келіп, «Күшігінен таланған» атты Ақсақ Темір туралы менің спектаклімді сахналап еді. Қоюшы режиссер  Ерғали Оразымбетов болатын. «Күшігіне таланғанды» Оразымбетов өте жақсы қойды. Мұнарым екеуміз бір малды сойып, спектакльдің режиссерін, театр әртістерін күтуге дайындалып жүргенбіз. Балам ол уақытта 9-сыныпта оқитын. Сатыбалды Нарымбетовтың «Созақтан келген Гамлет» атты фильміне түсіп жүрді. Құдай аузыма салды ма, базарға мал алуға барғанда баламның қасымда құлдыраңдап жүргеніне еміреніп кетіп: «Балам, айналайын, сен тірі болшы, менің бұлай талтаңдап жүргенім сенің арқаң ғой...», - деп қолпаштадым. Қойылымда ұлымды қасыма ертіп жүрдім. Қазір тіл-көз тиді ме екен деп те ойлаймын. Жұрттың бәрі: «Мұнарбегің Адам болып қалыпты ғой», - деп шуласты. Кейде Ақсақ Темірдің шамына тиіп алдым ба, бірдеңесінен мүлт кеттім бе деп те өкінемін. Ақсақ  Темір туралы драмалық дастанды жастықтың сәдірмек буымен, басқалай  ештеңені ойламай жаздық қой, қазір түсінгенім  Ақсақ Темірге кімде-кім «ауыз» салса, сол адам қайғы құшағында қалады екен. Мен де қарадай ұрындым ғой, оны білсем Ақсақ Темір жайлы жазып нем бар? Ақсақ Темірді ойнаған Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Тұрысжан Айнақұлов ағамыз сол күні сахнада ішіп ойнады. Ағамыздың мұнысын көңіліме алып қалдым. Қайғыдан қара жамылғанда қайдан қате кеткеніңді ойлап, неден болсын себеп іздейді екенсің. Гримдеу бөлмесіне барып: «Аға, спектакльге дайындалғалы бері аузыңыз құрғаған жоқ қой. Ақсақ Темірді ащы судың буымен ойнауға болмайды» - деп кейіген едім, сонда. Қызылорда театрының Алматыдағы мәдени күндері, Ақсақ Темірмен аяқталды... Сол күні түсте аяқастынан Мұнарым Ажал құшты... Балам қайтқан соң, менің ғұмыри қасірет-намам басталды...

 

- Мұнарыңыздың басына  «Бесік» жасап, орнатқаныңызды естіп едім. Баласының құлпытасына Иран-Ғайып өз өлеңін қашап жазып қойған дегенді де көп естиміз. Ол қай өлеңіңіз, білуге бола ма?

- Бүкіл тапқан-таянғанымды жиып, бір зауытқа тапсырыс беріп, өз қолыммен конструкциясын жасап, 23 детальдан құралатын «Бесік» жасаттым. Балам қазір сол «Бесікте» жатыр, Мәңгілік - «Әлдиінде». Құлпытасына Баламның туылған күнін жаздым да, өлген күнін жазуға «қолым» бармады:
«Ұлым!
Бәлкім, бұл -
Менің Өлген Күнім?!» - деген  өлең жолдарын қашадым. Мұнардың қазасынан инфаркт алдым. Ұлымның анасы Фатиманың қайғыдан ішек-қарнының бәрі жабысып қалып, іш құрылысына ота жасатты. Алғашқы махаббатым Фатимамен 8-сыныпта танысып, институт бітіргенде үйленгенбіз. Алтайы, Шырын, Индира деген үш қызымыз бар, ұлдан бөлек. Ұл кеткен соң шаңырағым ортасына түсіп, жылап-еңіреп мен қалдым. Бес жыл өмірден баз кешіп... «көшеде» жаттым. Газеттердің бәрі сол кездегі қайғыдан қан жұтып жүріп жазған өлеңдерімді шектеусіз-ақ берді. Алланың рахман нұры жауғырлар!... Жұрт менің одан кейінгі өміріме «қызығушылық» танытып, бәрі қалай болғанын, Дариғамен қалай табысқанымызды білгісі келеді. Екі қатынды мен жетіскеннен, желік қуғаннан алыппын ба? Дариға жеңгең де менің сол жылдардағы өлеңдерімді оқыған,  жалғыз баласынан айырылған ақынға жаны ашыған... Кезінде Дариғамен «Жазушы» баспасында бірге істедік. Бұл кісі маған шеше жақтан нағашы қарындас болып келеді. «Жиен» ағасының  жырларын оқыған сайын «нағашы қарындасы» көңілін білдіріп, өзінше бірдеңелер жазған ғой?! Сол дүниелері  қолындағы «БҰ ДҮНИЕ ҒАЙЫБЫ» деген мына кітапқа арқау болса, екіншіден - мені сол кездегі «хайуани» қалыптан аман-есен құтқарды, қарлығаш-қанатымен су септі  ішімдегі өртке!.  Ол кездегі өмірімді, Құдай өзі кешірсін, өмір деп айтуға болмайды. Мұны басынан өткермеген адам түсінбейді, қалқам...

- Бұлай айтқаныма кешіріңіз әрине, бірақ сіз туралы «Иран-Ғайып тағдырлы ақын болып көрінгісі келеді» деген пікір айтылып қалады. Осындай әңгімелерді естігенде қандай күйде боласыз?

- Мен туралы кейбіреулер солай да ойлайтын шығар, қайсысының аузына қақпақ болайын?!  Баласы өлген адам туралы бұлай айтатындарды мүлдем түсінбеймін. Тек тумысынан көргенсіз, затсыз адамдар ғана соларша оттайтын болуы керек. Мен не сонда, тағдырлы ақын болу үшін баламның өлімін Құдайдан тілеппін бе? Мұндай сұрақты маған неге қойып отырсың, шырағым?! Өте ауыр емес пе маған... Сауалыңа қаншалықты күйініп отырсам да, басыма түскен тосын тағдырымды басқаға тілемеймін. Мұндай қайғыны досың тұрмақ, дұшпаныңа бермесін, тіпті Қазақстанды үптеп, тонап, елдің байлығын жекеменшігі еткен жебір-жәһилдерге де бермесін. Бұл - адам көтеретін қайғы емес. Жайын-Шах есейіп, оң-солын танығанша, мені тірі өлік болды деп есепте. Тірі өлікте қандай мақтан, қандай мақсат болуы мүмкін?!

- Жайын-Шахыңыз қазір қандай бала болып өсті? Ұлыңызға көңіліңіз тола ма?

- Жайын-Шах екеуміздің арамызда контакт жоқ. Менің айтқанымды түсінгісі келмей ме, әлде табиғаты сондай ма, білмеймін. «Атаңа не істесең, алдыңа сол келеді» деген тегі рас екен. Әкеме істегенімнің барлығын балам алдыма әкеліп жатыр. Бұл баладан көріп жатқан «рахатым» - әкемді түсінуіме септігін тигізді.  Мен де бір кездері «бәрін білетін», әкеге жүрдім-бардым жауап беретін, әкемнің қасында отырмайтын бала едім. Қазір ойласам, Жайын-Шахпен сөйлескен қазіргі мен сияқты бір кездері әкемнің де айызы қанбаған екен. Бес қызым да тұрмыста, құтты мекендеріне қонып, бөлек кетті. Ал жалғыз ұлмен тілдесіп, әңгімелесе қояйын десем, балам менімен сөйлеспейді. Сөйлеспейді емес, менімен жалпы «тілдескісі» жоқ, дұрысын айтқанда. Сөйлесетін ортақ тақырып таппай жүрміз...

- Шығармашылықтан хабары жоқ па балаңыздың? Жайын-Шахыңыз неге бейім?

- Саксофонда ойнайды... Сабағын жақсы оқиды, өте жақсы оқиды десем де болады.

- Ұлыңызбен қарым-қатынасыңызды түзеуге, әкелі-балалы болып сырласып, шүйіркелесіп отыруға тырысып көрмедіңіз бе өзіңіз?
- Тырысып көрмеді ғой дейсің бе, қасына жолатпайды...

- Мүмкін ұлыңызды сіз түсінбей жүрген шығарсыз...
- Білмеймін, айналайын. Оны жеңгеңнен сұра...

- Ал Мұнарбегіңіз қандай бала еді? Сізді түсінетін бе еді?
- Мұнар - қайырымды-тұғын, мені бір кісідей түсінетін. Бәлкім, бұл киноға түсіп, өнерге ерте араласқанынан ба екен. Үнемі жанымда жүретін. Ол уақыт - менің өз буыма өзім мас болып, өмірдің таусылып бітпестей көрінетін серуенінде жүрген сәдірмек кезім ғой. Ал қазір мен «қорқып» қалған адаммын. Жайын-Шахым көзімнен таса болса, мазам кетеді. Өз-өзіме: балаға қол көтермеймін деп ант бергенмін. Қатты сөйлегім де келеді, бірақ жалғыздығы жаныма батады-дағы сырт айнала беріп... өксіп... жылап-жылап аламын. Тағы не сұрайсың?

- Осы жерде сіздің мінезіңіз туралы сұрайыншы. Сізді «арыстан мінезді» десек, артықтық емес шығар. Бұрындары қоғамға қыжылыңыз бардай көрініп, өктем сөйлеп, жүрген жеріңізде көңіліңізге жақпаған жайттарды ащы сөзбен айтып салып, арыстандай ақырып жүруші едіңіз. Жазушылар Одағындағы жиын-той, әдеби кештерде залдың қараңғылау бұрышында ең соңғы қатардағы «тұрақты» орыныңызға жайғасып алып, риза еместігіңізді білдіретін репликалармен гүрілдеп отырушы едіңіз. Соңғы жылдары Иран-Ғайып тізгінін тарта бастады ма, бұрынғыдай өткір пікірлеріңізді естімейтін болдық қой?..
- Бір жарым жыл бұрын инсульт алдым. Таяққа сүйеніп жүргенімді көріп жүрсіңдер ғой. Инсульт алған адамда ненің арыстандығы, ненің айқайы, жаным-ау?! Ақырмақ түгілі азанда оянғанда тірі екеніме шүкіршілік етіп тұрамын. Қазақтар керемет бір батырды, арқыраған ақынды көрсе, арыстаным менің деп арқасынан қағып, арыс екен деп жатады. Менің арыстан болғым келмейді. Өйткені, арыстан бұ дүниядағы ең бір қажыр- қауқарсыз, өмірінің басында - әлжуаз-нашар, ақырында тамағын өзі тауып жей алмайтын бейшара-сорлы хайуан... Тек «прайдына» еге болған өліара төрт-бес жылғы «махаббатына» өле мас кезі болмаса?! Оның өзінде де, «махаббатының» - махаббат сияғы жоқ... «дыз» етпе, әншейін... Арыстанның өйтіп арыстан болғаны құрысын. Сондықтан арыстан болғым келмейді, мені арыстан мінезді демей-ақ қой. Ақындар туралы түсініктерің таяз сендердің.
Ақындарға сендер бір-ақ өлшеммен қарайсыңдар: «ой, мықты ақын, мінезі жақсы, иі жұмсақ» немесе «мінезі итке бергісіз, қыңыр, қырсық ақын» деп. Менің де мінезімді итке бергісіз деп ойлайтын шығарсыңдар. Олай ойлаған адам «боғын» жепті. Мінезі жаман адамнан жақсы өлең шығушы ма еді?! Тәні, жаны, тегі таза шығып, алған тәлім-тәрбиесі жұрттан көш бойы озық болмаса, Ол - Ақын болып  не жарытпақ?! Маған өзің сұранып келіп, сұхбат алып отырып: «Мінезіңіз нашар, соңғы кезде бұйығы боп бара жатырсыз», - дейсің. Келгелі бері асты-үстіңе түсіп бәйек болып жатырмын, «сұхбат алмай-ақ қойшы, мен нашар адаммын» деп те айттым. Не керегі бар осы сұхбаттың? «Бүкпесіз әңгіме» деген айдарға дейсің... Көңіліңе келсе де айтайын, газетің шындықты ашық айтпайды. Сен жазғың келгеніңмен, сенің үстіңнен қарайтын, «қожайының» бар. Осы айтқандарымды алып тастайсың біліп отырмын...

- Алмаймын, не айтсаңыз солай беремін, уайымдамаңыз...
- Бүкіл қоғамның «егесі» бар, ең үлкен «қожайын» бар, одан кейін «кіші қожайындар» бар. Осыдан соң не туралы айтуға болады, айналайын-ау?! Қандай шындық жайлы сөз етеміз? 16 миллион халықты он төрт облысқа бөліп қойып, бар-жоғы 20-қаралы министрге қайта-қайта кезек басқартып, қойды күпкіге салғандай дүркін-дүркін тоғытып, оларды екі қайтара министр, үш қайтара әкім, төрт қайтара агенттіктің басшысы еткеннен бірдеңе өзгере ме? Бұдан нені аңғаруға болады? Биліктің халыққа деген сенімінің жоқтығын ба?! Халықтың арасында да небір білімді, білікті марғасқалар жүр... Саясатты да білетін, шаруашылықты да дөңгелетіп әкететін атпал азаматтар бар, соларды көретін көз болмай тұр ғой, демек... «Ерді кебенек ішінде тануы керек» емес пе?!

- Аға, күні кеше Ғ.Мүсірепов атындағы Жастар театрының сахнасынан «Фатима» атты қасіретнамаңыз сахналанды. Қойылым қарапайым халыққа ұнағанымен, көзі ашық, тарихты білетін адамдар әртүрлі қабылдап жатты. Фатима Ғабитова - үш бірдей алыбымыздың тағдырына қатысы бар әйел. Сондықтан  Фатиманың бейнесі туралы көзіқарақты адамдардың пікірі әр алуан. Сіз қасірет-нама жазып, Фатиманы халықтың анасы етіп көрсеттіңіз. Біріміз Фатима Ғабитованы Біләл Сүлеев, Ілияс Жансүгіров, Мұхтар Әуезов сынды ұлт тұлғаларының зұлматты жылдарда жанын түсініп, жар бола білген ақыл-парасат иесі санайтын болсақ, енді біреулер күйеуден-күйеуге тиіп, айдалып кеткен арысының артын күтпеген әйел санайтын күрделі болмысты Фатима туралы  қасірет-нама жазуыңызға не себеп?

- Кешегі қойылымнан, Қарлыға, сен айналайын, оңбаған, жүргіш әйелді көрдің бе?

- Ондай жеңіл жүрісті әйелді көрдім демей-ақ қояйын, өйткені ол зұлматты жылдардың тағдыры ғой... Бірақ маған ерсілеу көрінген тұстар да бар...
- Көрдің бе, өз сұрағыңа өзің жауап айтып отырсың. Мен сендерді түсінбеймін, драматургке жазғызасыңдар, тағы келіп неге олай жаздыңыз деп жазған адамнан сұрайсыңдар. Шешімді көрерменнің өзіне қалдырайықшы. Мен драманы жазсам, оны артынан өзім айтып, талдап берсем, нем қалады, Құдай-ау?! Пісіріп жеңдер онда мені... Кешегі театрда қойылған «Фатима» спектаклі көркем шығарма! Өмірде олай болмаған деп, тарихты қопарып, дәлелдеп, тырнақ астынан кір іздемей-ақ қойыңдаршы.

- Көркем шығарма екенін түсінеміз, әрине. Әйтсе де Біләл Сүлеевтің аузымен айтылған ана бір «Жеңгесінің бір бұты...» деген сөзде тым артық кетіп қалғандайсыз. Қанша жерден көркем шығарма дегенімізбен де шынайы өмірде Біләл Сүлеев жап-жас Ілияс пен Мұхтардың алдында: «Жеңгесінің бір бұты...» деп қағытпа үшін болса да айтпаған шығар...
- Көлдегі бақа-шаян жайындікі,
Бір бұты жеңгесінің қайындікі.
Ежелден ел аузынан нақыл сөз бар,
Қайныңнан артылғаны байыңдікі, - деген халықтың қара өлеңін қайда қоясың?!  Мұны мен шығарғаным жоқ қой...

- Мұхтармен көңіл қосатын жерінде Фатима: «Оң-солыма әйел көзбен қарасам, сенен басқа еркек жоқтай әлемде», - дейді. Осы бір сөзі Фатиманың бейнесін төмендетіп, алып- ұшпа сезімнің адамы сынды әсер қалдырды маған. Ілияспен арасы махаббат, шынайы ғашықтық дейік, жарайды.  Мұхтар Әуезовпен тағдыр тақсіретінен жолыққан, қиын кезеңде арқа сүйеген етіп көрсетуге,  Фатиманы солай сөйлетуге болмас па еді қойылымда?

- Мұхтарлардан басқа еркек қалмаған ғой ол уақытта шын мәнінде де. Біләлдан бастап, Ілияс, Бейімбет, Сәкендер атылса, Фатима Мұхтарға: «Сенен басқа еркек жоқтай әлемде» демегенде не дейді? Жеті баланы қалай асыраймын деп жылап отыр өзі. Мұхтар қиын кезде Фатимаға қамқор болып, қаражат салып жүрді. Мұхтарда сезім болмады деп тағы айта алмайсың. Біләлдің, одан кейін Ілиястың қатыны болса да, кезінде Фатимаға оның да көңілі кеткен, қызыққан. Жеті бала тапса да, Фатиманың нұры таймаған, келбетті әйел. Әрі Мұхтардың ұлы жоқ ол кезде. Мұхтардай арысымыздың ұлға зәру болғанын ойлауға болмай ма? Қазақтың қатынынан бір ұлым болса екен деп, Мұхтар армандамады деп ойлайсың ба сонда? Орыстан өзін аман сақтап қалу үшін қатын алмағанына - кім кепіл?!

- Сіз өмір бойы дара­матургиялық шығар­ма­ларыңызды өлеңмен жазып келесіз. Кеше «Фатиманы» көріп отырып, ұйқас үшін айтылған кейбір өлең жолдарын құлағымыз шалып қалды. «Көңіл-күйім тасулы, қазанда етім асулы» деген жолдар қажет пе еді, қалай ойлайсыз?

- Сен мына сұрағыңмен менің «нервіме» тиіп отырсың, айналайын. Мені тірідей өлтіріп, көзімше бауыздап отырсың.  Менің драматургиямды білмейсің, дұрыс баға бере алмай отырсың. Мен өмір бақи өлеңмен жазып келемін. Осынымнан көп таяқ жедім. Өйткені, Эзоп пен Дантелердің дәуірінен бастап, драматургияның анасы - өлең. Басқасын айтпағанда Пушкиннен бастап, Лермонтов пен Маяковскийге дейін бәрі «мықты ақын драматургияға келуі керек» деген пікірді ұстанған.  Драматургияның түп атасы - поэзия. Қара сөзбен драма жазу деген - нағыз драматург  ақындардың бәрі жұтылып, өлеңмен жазатын ешкім қалмағанда шыққан сынды... Жаны қысылғанда қара сөзбен жазатын драматургтер де өлеңдетеді, ышқынады бәрі. Ал енді сен келіп: «Анадай жолдар керек пе еді, мынадай жолдар қажет пе еді?» - деп миды шірітесің. Мен бұған дейін елу шақты пьеса жазған адаммын. Бәрін өлеңмен жаздым. Мен неге «Фатимаға» келгенде жырғамауым керек?

- «Фатиманы» көріп  оты­рып, спектакльді қоюшы-режисcер Мұрат Ахмановтың жұмысына өте разы болдық. Сахнаның декорациясын жасаған суретші Индира Ихсанның еңбегі де мақтауға тұрарлық екен. Ал актерлердің жұмысына көңіліңіз толды ма өзіңіздің?
- Актерлерге аса разымын, спектакльді мен ойлаған деңгейде алып шықты. «Фатиманы» сахнаға шығару әу баста қиын болды...

- Неге?
- Ол - ұзақ әңгіме... Әдеттегі, театр басшылары мен сахна сыншыларының: «репертуарға» лайықты - драматургиялық шығармалар, яғни, пьесалар жоқ!» - деп кесіп айтып жүргендері - Бос Сөз! Олар кімнің, қайсы драматургтың мемлекеттен тыс, жекеменшік портфелін тінтіп-ақтарып, түгесіліп-таусылып жүр?! Пьесалар неге жоқ болсын! «Халық іші - Қазына!» емес пе? Бар... Пьесалар бар! Тек сол «Барды» көретін «Көз» жоқ. Оны - «шел» басқанына көп болды... Мысалы, Әкемтеатрға арнап жазылған «Киелі Күнә» трагедиясының (Әдебиетіміздің алыбы Мұхтар Әуезов жайлы) дүниеге келгеніне жиырма жылдан асты. «Киелі Күнә» Әкемтеатр тұрмақ, былайғы театрлардың да бірде-бірінің назарына әлі күнге ілікпей келеді. Осы тұста бір айта кетерім, Ұйғыр ағайындар өз театрында  «Киелі Күнәні» тұңғыш, осыдан он жыл бұрын сахналады. Осы орайда, айта кететін тағы бір жайт, кезінде Ұлы Ғабеңнің (Ғабит Мүсірепов) «Қозы Көрпеш - Баян Сұлуын» да қазақ театры емес, осы Ұйғыр театры тұңғыш  сахналаған екен. Бірақ ұйғыр туғандарымыз қойған жап-жақсы бұл қойылым - белгісіз себептермен... «жетім баланың» күйін кешіп, атаусыз қала берді кейіннен. Сол сияқты, «Фатиманың» да жазылғанына  үш жылдың бедері болды. Бұл «байғұсқа» да әуелінде ешкімнің назары ауа қоймады. Сосын Астанаға әдейілеп барып, сол кезгі ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед мырзаның қабылдауына сұранып-еніп, «Фатиманы» оқып шығуын өтіндім. Құдайдың Қазаққа «оқитын» министр  бергеніне де - мың шүкір! Ол кісі - «Фатиманы» жеделдетіп оқып шығып, тиесілі жауабын да қолма-қол берді: «Республикалық Жастар мен балалар театрына, яки Талғат Теменов мырзаға табыс­тадым... сол театрға - жастарға лайық туынды. Олар мұны сахналауға тиіс. Қаржысын да  қарастырамыз...», - деді. Деді де, менің «сорыма ма», әлде «Фатиманың» бейнетіне ме, артынша көп ұзамай, өзі ҚР Мемлекеттік хатшысы қызметіне ауысып кетті. Мұхаң кеткен соң, Теменовтің қарамақ-қармағына іліккен «Фатима» - кептірілген «балықтанып...» аздап теперіш көрді. Себебі  Теменов - «Фатимадан» гөрі, алдымен (испан) «Карменситаны», одан соң (қазақ) «Ай-Қарагөзді» қолай көрді де, (татар) «Фатима» тірідей жесір күй кешіп қала берді. Оның үстіне, министрдің өзі ұсынған - «Фатиманы», театрдың көркемдік кеңес мүшелері «жарамсыз» деп тапты жастарға! Қойшы, не керек, ақыры қайыр болмаған соң, өзім Жазушылар одағына барып, бұрынғы - «уәде берген» Министрім, сол кезгі Мемхатшыға: «Құрметті Мұхтар Абрарұлы Құл-Мұхаммед мырза! «Фатиманы» - қайсы «Байына» қалдырып кеттіңіз...» - деп, шұғыл телефонограмма салдырттым. «Жыртық Үйдің - Құдайы бар!» - деген. Ол кісі телефонограммамды аяқасты етпеді: «Фатима» - қайтадан «Ерге» шығып, Қазақ сахнасына - өзінің табиғи, таңғажайып, тылсым сұлулық-сымбатымен қымсынбай көтерілді... Иә, Мың шүкір! Құдайға...

Сұхбаттасқан -  Қарлыға ИБРАГИМОВА

"Халық сөзі" газеті

 

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2254
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3522