Жұма, 29 Наурыз 2024
Әне, көрдің бе? 2721 0 пікір 20 Желтоқсан, 2022 сағат 11:16

Лукашенконың алқымынан алуда...

Араға үш жыл уақыт салып Путиннің ұшағы 19 желтоқсан күні Минск әуежайына қонды. Бұл кездесу геосаяси қақтығыстар ушыққан сәтте өтуде.

Путин мен Лукашенко 2022 жылы 8 мәрте кездескен. Оның жетеуінде Беларусь басшысы Ресей президентінің шақыртуы бойынша Ресейге келген немесе халықаралық форумдар, аймақтық бірлестіктер аясында кездесу өткізген. Кездесулердің барлығы дерлік екі ел арасындағы саяси-экономикалық және бейресми форматта әскери мәселелерді талқылауға арналған.

Бұл жолы екі ел басшысы ресми түрде екі ел арасындағы сауда қатынасы мен экономикалық байланыстар мәселесін, санкциялық қысымды азайту тақырыптарын талқы етті. Путин ұшақтан түскен сәтте өзіне ұсынған бір құшақ гүлді қабыл алып, наннан дәм татты. Бұған дейін Путин өзге елге сапарлап барғанда сақтық шараларын қатаң ұстанып, тіпті қарсы алушы тараппен қол алысу рәсімін де жасамастан көлігіне отырып кететін. Кешегі кездесуде олай етпеді. Бұл Ресей халқына арналған месседж дейді сарапшылар. "Путин ешкімнен қорықпайды, барлық шараларға өзге ел басшылары іспеттес қарайды" деген ым-ишара жатыр-мыс. Соғыс басталғалы қауіпсіздік шарасын күшейтіп, ресми кездесу барысында ондаған метр үстелге отыратын Кремль басшысы соңғы уақытта ол форматтан бас тарта бастағандай. Бұл оның имиджіне кері әсері барын түсіндірген кеңесшілерінің сөзінен кейін қабылданған шешім болуы керек.

Путин мен Лукашенко арасындағы келіссөздер екі жарым сағатқа созылды. Кездесуге Ресейдің қорғаныс министрі Шойгу мен Лавров та келді. Үш саяси тұлға үш уақытта, үш түрлі ұшақпен келгенін айтуға тиіспіз. Бұл да қауіпсіздік мақсатында жасалғаны анық.

Путин мен Лукашенко негізінен энергетика саласы мен несие беруді талқы етті. Путин Ресейдің өзіне шығын болса да, Беларусь жерінде АЭС салуды жалғастырып жатқанын айтты.

"Ресей үшін шығыны көп болса да, біз атом жобасын іске асырып жатырмыз. АЭС салудамыз, бірінші блогы жұмыс істеп тұр. Ол 4.5 млрд куб метр газ сыйымдылығына тең", - деді Путин. Лукашенко "Ресей үшін шығыны көп" деген сөзді түсіндіріп беруді сұрады.

"Қосымша газ жеткізуге болар еді. Оның орнына электростанция жұмыс істеп тұр. Өндірілген энергия көлемі 4.5 млрд куб метр газға тең. Ондай газды "Газпром" сатар еді, бірақ енді сата алмайды. Бұл жобаны ары қарай да жалғастыруға дайынбыз. Блоктар іске қосылып, жұмыс істеп тұр", -деп түсіндірді Кремль басшысы. Лукашенко Ресеймен газ бағасына байланысты тиімді келісім жасалатынын айтты. "Келер жылы газ бағасы Беларусь үшін өте тиімді болмақ" дейді ол.

Ресей мен Беларусь бірлескен жобаларды жүзеге асыруды жалғастырмақ. Бұл "Одақтас мемлекет" жобасының аясында іске асады. Ол ортақ газ нарығын қамтуды да қарастырады. Сондықтан Мәскеу мен Минск жақын аралықта ортақ газ қорын құрып, ортақ газ нарығына көшпек.

Екі ел арасында әскери жаттығуларды бірлесе өткізу де жалғасын табады. 2022 жылы Ресей мен Беларусь екі айға созылған бірлескен әскери жаттығу өткізіп, соңы Украинаға басып кірумен аяқталған болатын. Қазан айынан бастап Беларусь жеріне Ресей әскері келе бастады. Шойгудың бұйрығы бойынша 9 мыңға жуық сарбаз Беларусь полигондарында дайындықтан өтуде. Кеше Путин мен Лукашенко әскери жаттығуларды жалғастыратынын мәлімдеді. Путин екі ел бірлесіп жаңа әскери техникаларды шығаратынын айтты. 2023 жылы Ресейдің қолдауымен беларусь ғарышкері ғарышқа ұшатыны да белгілі болды.

Сарапшылар бұл кездесудің бейресми бөлігінде Путин Беларусь басшысын Украина соғысына араласуға бопсалады деген ойда. Лукашенко Украина соғысы басталған сәттен бастап, Мәскеудің әскери агрессиясына тікелей қатысушы болмау үшін уақыт созуға тырысуда. Соғыс басталған сәтте екі тарапты келіссөз басына отырғызуға тырысты, алайда одан түк шықпады.  Артынша тәуелсіз сарапшылардың мәліметінше Беларусь әскерін соғысқа жіберуден бас тартып, орнына Мәскеуге әскери техника берді деген ақпарат бар. Тамыз-қазан айларының аралығында Украинаның қарсы шабуылы жойқын болған сәтте, Мәскеу Минскке қысымды арттырып, соғысқа қосқысы келді. Дей-тұра Лукашенко режимі соғысқа ашық араласудан қашқақтап келеді. Беларусь бұл агрессиялық соғыстың бір қатысушысы. Ол өз жері арқылы Украинаға шабуыл жасауға мүмкіндік беріп отыр. Беларусь әуежайларын Ресей әскері қолдануда, ал Беларусь ауруханаларында жаралы Ресей сарбаздары ем алуда. Лукашенко режимі бұл соғыста бұдан артық ашық қадамдарға бара алмайтын сияқты. Режимнің Путинді қолдап, Украина соғысына ашық кірісуі Лукашенконың тағын шайқалтуы мүмкін. Сырттағы беларусь оппозициясы Минсктің әр қадамын аңдып-бағуда, ал Украина үшін соғысып жатқан ерікті беларусь жасақтары соғысқа Беларусь әскері ашық кіріссе, бірден ақпарат берері анық. Сондықтан Лукашено соғысқа араласқан күннің өзінде оны жасырын форматта өткізуі мүмкін. Мысалы беларусь сарбаздары Ресей әскери формасын кию арқылы қарулы қақтығыстарға қатысады. Бұл Лукашенко үшін өз халқына "соғысқа араласпадық" деуге, ал Путинге "сарбаз бердім" деуге ең ыңғайлы нұсқа болмақ. "Беларусь соғысқа киліккен күннің өзінде әскери ресурсы шектеулі, сондықтан 10 мыңнан астам сарбаз беруі екіталай" дейді мамандар.

Асхат Қасенғали

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1567
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2261
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3544