Жұма, 27 Қараша 2020
COVID-19 ҚАЗАҚСТАНДА. Жұқтырғандар — 128400. Жазылғандар — 114821. Қайтыс болғандар — 1990
Жаңалықтар 1815 0 пікір 4 Наурыз, 2013 сағат 05:06

Геройхан Қыстаубаев. Ж әдиге жауап (66-ның бірінен)

Жәди Шәкенұлы латын әліпбиіне өту туралы интернетте (Abai.kz, 04.02; -18.02.2013ж) екі ашық хат жазды. Бірі - Мұхтар Шахановқа, екіншісі - ұлы Абай атамыздың әруағына. Екеуі де жалынышты, дәрменсіздікті паш еткен хат екен. Бірінде: «Мұхтар аға, латынға тезірек көшейікші,...  Аға, а-ғ-а, тағы бір мәрте ойланыңызшы...» десе, екіншісінде: «Абай ата,... рухыңыз сезсе екен деп осы ұшбу хатты жазуға мәжбүр болдым. Тым құрығанда періштелердің құлағына іліксе екен» дейді.

Жалыну - Жәдидің қанына сіңген қасиет. Әсіресе Президентке бір нәрсе жазса, бітті, басынан аяғына дейін құлдық ұрып жазады.

Ашық хат Президентке, Абай атамызға, т. т. десекте, негізінде қалың оқырманға арналады. Сондықтан оның ішінде басы артық бір сөз болмауы тиіс. Нақты мысалдарды, фактілерді келтіре отырып, не айтпақсың, соны ғана жазу керек. Болмаса, оқырмандардың ішінен жазғаныңнан жиіркеніп кететін адамдар кездеседі. Мысалы, мен өзім осыдан екі жылдай бұрын Жәдидің Президентке жазған (Abai.kz, 23.06.2010ж) ашық хатын «Жас Қазақ үні» газетінен оқығанымда, осындай күйде болғанмын.

Ашық хат жазу үшін адамда ең бірінші айтатын ойы, соған сай жасаған тұжырымы болуға тиіс. Ал ойың тайыз, тұжырымың әлсіз болса, онда міндетті түрде жалынуға, сөздің ащысына жүгініп, тауысыла жазуға ұрынасың.

Жәди Шәкенұлы латын әліпбиіне өту туралы интернетте (Abai.kz, 04.02; -18.02.2013ж) екі ашық хат жазды. Бірі - Мұхтар Шахановқа, екіншісі - ұлы Абай атамыздың әруағына. Екеуі де жалынышты, дәрменсіздікті паш еткен хат екен. Бірінде: «Мұхтар аға, латынға тезірек көшейікші,...  Аға, а-ғ-а, тағы бір мәрте ойланыңызшы...» десе, екіншісінде: «Абай ата,... рухыңыз сезсе екен деп осы ұшбу хатты жазуға мәжбүр болдым. Тым құрығанда періштелердің құлағына іліксе екен» дейді.

Жалыну - Жәдидің қанына сіңген қасиет. Әсіресе Президентке бір нәрсе жазса, бітті, басынан аяғына дейін құлдық ұрып жазады.

Ашық хат Президентке, Абай атамызға, т. т. десекте, негізінде қалың оқырманға арналады. Сондықтан оның ішінде басы артық бір сөз болмауы тиіс. Нақты мысалдарды, фактілерді келтіре отырып, не айтпақсың, соны ғана жазу керек. Болмаса, оқырмандардың ішінен жазғаныңнан жиіркеніп кететін адамдар кездеседі. Мысалы, мен өзім осыдан екі жылдай бұрын Жәдидің Президентке жазған (Abai.kz, 23.06.2010ж) ашық хатын «Жас Қазақ үні» газетінен оқығанымда, осындай күйде болғанмын.

Ашық хат жазу үшін адамда ең бірінші айтатын ойы, соған сай жасаған тұжырымы болуға тиіс. Ал ойың тайыз, тұжырымың әлсіз болса, онда міндетті түрде жалынуға, сөздің ащысына жүгініп, тауысыла жазуға ұрынасың.

Жәдидің осы жазған екі хаты да сондай. «Мұхтар аға, латынға тезірек көшейікші,...  Аға, а-ғ-а» дегеннен басқа түк жоқ. Бар айтқан ойы, жасаған тұжырымы: «Латын әліпбиінің басты табысының бірі - жер бетіне тарыдай шашылған әлем қазақтарының рухани бірлігін қалыптастыруында.... Латын әліпбиіне көшу - әлем қазағының рухани тірегіне айналып қалмастан, түркі халқының бір тудың астына жиналуына да елеулі еңбек еткелі отырған жоқ па!?» дейді. Сонда осы себептер үшін міндетті түрде әліпбиіміз ауысуы тиіс пе? Жоқ, басқадай көңілге тұшымды себептері бар ма? Бар болса, жазбай ма? Екі хатын қайта, қайта оқығандағы тапқаным осы. Басқа түк жоқ! Тіптен осы жасаған тұжырымын да дұрыстап дәлелдей алмаған. Мысалы, «тарыдай шашылған әлем қазақтарын» латын әліпбиі қалай бір уыстағыдай етіп жинайтынын, «соқырға таяқ ұстатқандай етіп» көрсетпей ме? Міне сонда әңгіме басқа болар еді. Оның орнына тауысылып, езіліп, егіліп боздай берген. Екі хатта іліп алар екі түйін жоқ.

Жәдидің өзі «мен ақын емеспін» десе де, хатына мынадай өлең жолдарын қосыпты: «Ер Мұқа, егей Мұқа,...  Ақылың болғаны ма айдан жұқа». Мұндағы «егей» деген сөз, не сөз? Қай халықтың тілі? Сонда кім көрінген бір шумақ өлең жазамын деп, осындай жоқ сөзді енгізе берсе, тіліміз не болмақ? Өзі жазушы, «тіл, тіл» деп, зарлап хат жазып жүрген адамның ісі осындай болса, өзгеден не күтуге болады?

«Ақылың болғаны ма айдан жұқа» деп, мағынасыз сөз тіркестерін жазушымын деген адам қалай жазды екен? «...айдан жұқа» деген теңеу бола ма? Ақыл көптік, не аздық мөлшермен өлшенбейтін бе еді? «Ақылың қалың екен» деп, дені сау адам айтпайды ғой. Жәдидің бұл тірліктеріне қарап, қандай жазушы екенін аңғару қиын емес. Бұдан Жәдидің жазған хаттарының да салмағы көрініп қалады.

Жәди, шамасы, латын әліпбиінің пайда, зиянын анық білмейді. Білсе жіктеп тұрып айтар еді. Мысалы, бір оқырман, тіпті бірнеше рет былай сұрақ қойыпты: «# 20.  Қонақ, 02/18/2013-17:06.  Жәди аға,  шала қазақтар ешқашан өз еркімен латын әліпбиін  оқымайды ! Ол ақиқат ! Сондықтан  алдымен, Қазақ тілді мемлекет болып алсақ дұрыс болар. Сіз не айтасыз бұған, аға?! Ізгі ниетпен ініңіз Өнербек Радолда».

Жауап жоқ! Жауптың орнына, тығылып алған біреу (бәлкім Жәдидің өзі): «# 31.  Қонақ, 02/18/2013-18:46. Мен Жәди ағамды айызым қанып оқимын. Өлсеңдер өле қалыңдар. Құр далбасалағанша одан асырып бірдеме жазып барып айтсаңдаршы. Өңкей қиқым, қырттар!» деген сияқты пікірлерін шұбыртып тастапты.

Біздің көптеген жазушыларымыздың мәдениеті төмен, негізі. Жиналыстарда өзі сөйлеп бітсе болды, басқалардың сөзін тыңдамай, кетіп қалады. Адам интернетке мақала берсе де, өзі сол мақаланы талқылауға қатысып отыруы керек. Бірақ көп «жазғыштардың» ой таласқа өресі жетпейді де, тығылып отырып, бөтен біреу болып қана пікір жазады.

Жәди осы белсенділігін қандай оймен жасап отыр екен? Ұлтым деп шынымен шыр-пыры шығып жүр ме, әлде мақсаты биліктің көзіне көрініп қалу ма? Егер ұлтым десе, онда неге бұрынырақ, мәселен, ұлтты мүлдем жойып жіберетін «Ел бірлігі» деген, аты жақсы, ал заты «Қазақстандық ұлтты» қалыптастыратын доктринаға қарсы ауыз ашпады? Жақсының жақсылығын айту - парыз, ұлттық дәстүріміз. Егер Жәди осы «дүбара топтың басы» деп отырған Шаханов болмағанда, «Ел бірлігі» доктринасы қабылданып кетер еді. Сонда Жәди бүгін не айтар еді? Ол бүгін «Әліпбиді ауыстырайық» деп, кісілік көрсетіп отырса, әуелі Құдай, сосын осы Шахановтың арқасында жетіп отыр емес пе?

Шаханов - ширек ғасырдан бері, кірпік қақпай, қазақтың ділін, тілін қорғап тұрған солдат! Қазаққа қандай қауіп төнсе, соны бірінші болып көріп, бірінші болып  дабыл қаққан адам. Ендеше, Шаханов тобырдың басы емес, керісінше ұлттық иммунитетті қалыптастыруға ұмтылған жасампаз топтың көшбасшысы!  Мұны өресі жеткендер осылай бағалайды.

Жәди кезінде неге биліктің «Көп ұлтты Қазақстан», «Көп дінді Қазақстан», және т. б. тұжырымдарына да қарсы шықпады? Бұлардың бәрі дерлік ұлт мүддесіне мүлдем қайшы тұжырымдар ғой. Анық ұлтын ойлаған адам болса мұндай нәрселерге қарсылық көрсетпеуі мүмкін емес еді. Ұлтжанды 15 мыңға тарта азамат "Ұлт үшiн өлуге бармыз!" деп,  (Жас Алаш №95, 26 қараша, 2009) аштық жариялауға бел буып жатқанда, Жәди неге олардың ортасынан көрінбеді? «Мыңдаған, милиондаған қазақ өзінің арын емес, жанын беріп ұрпағының мәңгі азаттығы - көк байрақтың желбіреуі үшін күресіп келді. Ендеше, біз неден тайынамыз. Шегінерге жолымыз жоқ.  Шығынсыз, күрессіз қолға келген жеңіс - құлдыққа тез бейімдейді» деп, қазір емес, сол кезде, не «Қытайға бір млн гектар жер беріледі екен» дегенде айтса ғой, Жәдидің бағасы болмас еді. Жоқ. Ол, қаріп ауыстыратын кезде ғана «жалындатты». Себебі, латынға көшуден басқасына Президент өзінің «ақ батасын» берген жоқ!

Міне «Жусаннан аласа, бөтегеден биік жүрген» Жәди, Президент берген осы «батадан» кейін «батыр» болды. Бір қарағанда ұлт мүддесіне сай келіп тұрған ұсынысты Жәди жұлып ала жөнелді. Ойлануға да мұршасы болмады, оның. Ұпай жинайтын мұндай сәтті кезең, енді бола қоймас, сірә. Сондықтан да Жәди басын «тауға да, тасқа да» ұрды. Тіпті, кейбірі өз әкесінен жоғары, ұлтымыздың аяулы ақсақалдарын: «Тобыр дейін десең - азды-көпті еңбегі бар, өмірі ізіңе өрт қоюдан шаршамайтын, халық дейін десең, Алла мен адам алдындағы парызын дұрыс танымайтын осы дүбара топтың не айтып, не қойғанын өздері біле ме, жоқ па, ол жағы әзірше анық емес!» деп, ата-баба салтына теріс қылық көрсетті. Сонда Жәдиді өлтіріп бара жатқаны, біріншіден, «Сізге қарсыларды мен жерден алып жерге салдым» деп, «үмітсіз - шайтан деген», Президенттің көзіне түсіп қалам ба деген дәмесі болса, екіншіден халық алдында ұпай жинау. Бұл Жәдидің ешкім білмейді деген ойы еді. Менің жария етіп қойғаным обал болды.

Жәди «менің сақалды-сақалсыз замандастарым тайталасқан мына күнде «арамыздағы жамандар» тезірек жақсылар қатарына қосылса екен дегенді де тілейміз.» - деп, тағы бір күпірлік жасапты. Осы «жамандардың» арасында (жалпы саны 66 адам) мен де бармын. Сөзді тырнақшаға алғанымен, тура мағынасында қолданған. Мақұл, мен «Сасық ауыз не демейді, ит не жемейді» дей салар едім. Бірақ сол тізімде халқымыздың бетке ұстар аяулы ақсақалдары бар ғой! Мұзафар  Әлімбаев, Амангелді Айталы, Мекемтас Мырзахметов, Мұхтар Шаханов, Қабдеш Жұмаділов, Нұрғали Нүсіпжанов, Оразалы Сәбден, Софы Сматаев, және т. б. Қазақ осындай абзал азаматтарының арқасында текті емес пе? Бұлар туралы ондай ғайбат сөзді айтуға қаны таза қазақтың аузы бармас, сірә. Мұндай асылдарымызды өзіміз «жамандар» десек, не қайдан пайда болғаны, не шыққан тегі белгісіз кез келген бір сасық ауыздарға ұлтымыздың көсемдерін осылай таптата беретін болсақ, онда қайтіп ел болмақпыз?!

Бұл, бұл ма?!... Жәди, тіпті Абай атамыздың аузына да сөз салып беріпті: «Тіпті, сол таяқтың ұшын ең әуелі осы Мұхтарлардың көкесі Әуезовке кезер ме едіңіз кім білсін: «Мені орысшыл етіп көрсетіп, бүкіл қазақ баласының бетін теріс жолға бұрған сен!» дегізіп. Абай мен Әуезов аталарымыздың өзін «бүгінгі мәңгүрт қазақтардың өмірге келгеніне кінәлі» дегенге келтіріп отыр. Мен бұдан «Жаманға дес берме. Дес берсең анасын табанға салар» деген ой түйдім, ағайын.

Ал енді өресі осыған жеткен Жәдилер елге тұтқа бола ма?

Өмірден өткен, сондай-ақ бақытымызға қарай қазір тірі жүрген ұлы тұлғаларымызды айтпай-ақ, ұлтжандылығым ғана болмаса, ешкімге белгісіз менің өзім-ақ, Жәдиден он, тіпті жүз есе жақсы, артық екенмін. Себебі мен Жәди сияқты емес, ұлтымның ұлымын. Баласы, немересі мақтан тұтар әке, атамын. Сондықтанда мен бақытты адаммын. Жәди де бақыттымын дер. Бірақ ол - өтірік. Ұлт мүддесімен шын айналыспаған адам - жалған бақытқа ие! Ал ұлт мүддесімен шын айналысатын адамның болмысы батыр, санасы азат болуы тиіс. Ондай адам жалынып жазбайды, Президент болса да, одан талап етіп жазады.  Бұл шындық. Қараңыз.

Мамандығым математик еді. Бірақ қазақтың өз жерінде «өгей ұлдың» күнін күйттеп жүргені мені журналист етті. Он жылдан аса уақытта жүзге тарта мақала жазсам - бәрі дерлік ұлтымның жайы туралы. Солардың ешқайсысында жалынған жоқпын, табынған жоқпын. Тіптен «Елбасы» деген де емеспін. Бар айтарымды «Президент мырза» деп-ақ жеткізгем.

Соңғы он, онбес жылдан бері ұлт мүддесі көтерілген бірде бір шарадан тыс қалған емеспін! Бірде бір! Шаңырақ оқиғасы, Шелектегі - ұйғыр, Маловодноедағы - екі мыңға тарта адам жиналған митинг, шешен оқиғалары. Маятастағы (ОҚО) ұл бала, Бесағаштағы қыз бала зорланғандағы жағдай, Қаладағы тіл, жер акциялары, рұқсат етілген, етілмеген митингтер, т. т. Бәрін теріп жазу мүмкін емес.

Мысалы, 2011 жылы 1 маусым күні Алматыдағы Думан ықшам аудынының жанында бос жатқан жерді қазақтар басып алып жатты. Мың, мыңжарым адам болды. Мен солардың ішінде біте қайнасып жүрдім. Ертесіне (2 мамыр) таңнан, түннің жарымына дейін, жалпы саны 80-90 белсенді, бәрімізді Талғар ауданының ІІБ-нің ғимаратында қамауда ұстады. Түсініктеме жаздырды. Мен «Ұлт мүддесіне байланысты кез келген шарада болып жүрмін. Келешекте де бола беремін» деп жазып бердім. Бұл архивте тұрса керек. Тұрмаса, бірге болған жүздеген куәлерім бар.

Жаңаөзен оқиғасына байланысты сотталып жатқанда Серік Сапарғалидың артынан Атырауға бардық (М.Тайжан, Ө.Ақжігіт).  «Передача» беру үшін. Арон Атабекке де барып едік, бірақ Арқалық қаласының әкімі - Берік Әбдіғалиевтің көмегімен де, ештеңе бере алмадық.

Ал Жәди кім? Ұлты үшін не істеді? Мен сол жүрген жерлерімде он жылдың ішінде бірде бір рет Жәдиді көрмеппін! Бірде бір рет! Сонда, шамамның келгенінше ұлт үшін барымды салып жүрген мен «жаманмын» ба, әлде ел басына «күн туғанда» қашанда бұғып жататын Жәди, сен «жамансың» ба?

Мен Жәдиге былай айтқым келеді: «Жәди, сен қай салада өзіңді мықты санайсың? Батырлықта ма, жоқ әлде өзіңді майталманмын деп есептеп жүрген жазушылық, яки саясатта ма, болмаса көсемдік, ұйымдастырушылық өнерде ме? Жоқ, тағы басқа да ма? Сол сен таңдаған салада екеуіміз сайысқа түсейік. Қайсымыз жеңілсек, сонымыз ел алдында өзің айтқан «жаман» екенімізді мойындайық»

P.S. Мұны жазғанда мақтанғандай болып көрінсем, ғафу өтінемін. Мақсатым: адамдарға ақша төлеп оқыттыра алмайтын кітап, өлеңдер жазып алып, жазушымын, ақынмын, атағым бар деп жүрген «Өңкей қиқым, қырт!» еместерге, жәй жүрген қарапайым қазақтың ұлтжанды кез келген баласының өзі онан артық болмаса, кем емес екенін ұғындыру еді.

03.03.2013 ж.

Abai.kz

Редакциядан: Геройхан Қыстаубаевқа жазушы Жәди Шәкенұлы тарапынан жауап болып жатса, жариялауға дайынбыз. Жауаптасу  қоғамдық ойға құнарын беретін салихалы сұхбатқа жалғасады деген сенімдеміз.

0 пікір