Сенбі, 20 Сәуір 2024
Аласапыран 2676 0 пікір 17 Желтоқсан, 2022 сағат 15:15

Рухы жасық елдің елдік құруы екіталай

Кешелі-бері әлеуметтік желілерден оқып отырмын... 

Тәуелсіздік күнін көңілсіз қарсы алып, бұл күнді қайғылы күн есебінде біліп, қара жамылып жатқандар бар екен. Иә, желтоқсан айында болған төтенше оқиғаларды еске алып, жазықсыз төгілген қанның сұрауына салсақ, рас, кеше, бүгін, қазақтың қабырғасы қайысатын-ақ күн. Алайда желтоқсанда болған көтерілістерді еске алайықшы. Соның бәрі не үшін болды? Қазақтың азаттығы үшін болды. 86-жылы алаңға рухы асқақ азаматтар шықты. Олар — қас батырлар! Әлде алаңға алаңғасырлығымен алданып бара салған аңқау балалар ма еді олар? Қайталап айтамын, олар — батырлар, алғадайлар!

Жаңаөзендегі дүрбелең ше? Жаңаөзенде алаңға алшаң басып барған бауырларымыз әлдекімдердің жетегіне еріп, желіккен желөкпелер ме еді? Жоқ. Олар да — батырлар. Олар "елге есе, теңдік әпердік" деп қойып, әлеуметтік теңсіздік жасаған арам ниетті алпауыттарға, тамырынан шіри бастаған жүйеге қарсы шықты. Бұл қарсы шығудың мақсаты "ел болайық, елдігімізді сақтайық, қарға-құзғынға жем болмайықтың" қамы еді ғой? Ендеше, алдыңғы аға желтоқсаншылардың күресін Тәуелсіздік үшін күрес дейік те, кейінгі желтоқсан, қаңтар қайраткерлерінің күресін сол Тәуелсіздікті сақтап қалуға ұмтылған қаһармандардың күресі деп білейік. Солай екен, демек, жылап-сықтап, күңірене берудің қажеті жоқ. Жылай берген елдің рухы жаси береді. Рухы жасық елдің елдік құруы екіталай.

Тарихтан байқадым, араға жылдар салса да, батыр бабаларымыз жауынан есесі қайтып, сағы сынған айға туралап барып жорықтарға аттанып отырған екен. Сол жорықтардың бәрінде қазақтың мейманасы тасып, мерейі үстем болып, жерін азат еткен.

Желтоқсан да солай. Күреске шықтық. Жеңілдік. Қан-жоса болып қырылдық, қанға бөктік. Әйтсе де дүр сілкініп оянып, аяғымызға қайта тұрдық. Жеңдік!

Бүгінгі біз — бәріміз Тәуелсіздігіміздің әр күні үшін үлкен жауапкершілік арқалап жүрген ұрпақпыз. Күреспен, талаппен, жауапкершілікпен ер жете беретін Тәуелсіздігіміздің буыны беки түсетін күндер алда. Сол күндерге аман-есен жетейік, ағайын!

Тәуелсіздік күнін Егемендік алған күнге ауыстырайық дейтін ұсыныстар айтылып жүр. Бұл жалпы мүмкін бе? Халықаралық тәжірибеде бар ма тәуелсіздік жарияланған күнді өзге күнмен, аймен, жылмен алмастырған елдер? Ондай болса, айта отырсаңыздар артық етпес еді.

Дәурен Қуат

Abai.kz

0 пікір