Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Өзгелер 2481 6 пікір 16 Желтоқсан, 2022 сағат 12:52

«Путиннің тұтқыны» өлім аузында

Грузияның бұрынғы президенті, қазір түрмеге тоғытылған Михаил Саакашвили сәрсенбі күні аштық жариялап, көп уақыт өтпей ол ойынан бас тартты. Оның түрмеден босап шығу немесе үкімнің орындалуын кейінге қалдыруға қатысты ресми өтінішінен кейін сот отырысы өтпек болған. Тбилиси соты отырысқа Саакашвилиді қатыстырмайтынын айтады әрі процесті кейінге қалдырды. Оның аштық жариялау себебі – осы.

«Бүгін маған ең қарапайым құқығымды пайдалануға – өз сотыма қатысуға рұқсат етілмеді. Бұл Грузияның заңы мен халықаралық нормаларды бұзу. Сондықтан мен наразылық ретінде аштық жариялауға мәжбүрмін. Әрине, мұның денсаулығыма қауіпті екенін білемін. Бірақ мен өз сот процесіме қатысуыма кепілдік алмайынша аштық ұстаймын. Осынша мазақ етіп, қорлық көрсеткендерінің де шегі бар», - деп жазылған Саакашвилидің мәлімдемесінде.

Бірақ бірнеше сағаттан кейін экс-президент Еуропарламент депутаттарының өтініші бойынша аштық жариялаудан бас тартатынын айтты.

Сот отырысты 22 желтоқсанға ауыстырды. Осы оқиғадан кейін Грузияның қылмыстық-атқару қызметі Саакашвилидің «ауру адам болып өтірік ойнап жүргенін» көрсетпек болып, оның палатада жүріп-тұрған видеосын таратты.

«Вивамеди» емханасынан түсірілген бейнежазбада әртүрлі даталар көрсетілген, тіпті кейбірі өшірілген, яғни, монтаждалған. Бұл кадрлар 2022 жылдың тамыз-желтоқсан айлары аралығында түсірілген.

12 желтоқсандағы кадрда Саакашвилидің құрылғының көмегімен жүріп-тұрғаны, әбден азып-тозғаны білінеді. Бірақ қылмыстық-атқару қызметі «Саакашвилидің өтірік ауру болып отырғаны айқын көрінеді, сол арқылы ол қоғам мен халықаралық серіктестерді адастырғысы келеді, сот төрелігін жүзеге асыруға кедергі келтірмек», - деп мәлімдеген. Сондай-ақ мемлекеттік орган экс-президентті аурухана қызметкерлеріне мінезін көрсетті деп айыптаған.

Саакашвилидің бұрынғы баспасөз хатшысы Дарья Чиж, оның ауыр жағдайын мазақ қылып, шоу жасап отырған билікті кінәлады.

Саакашвилидің жақын адамдары Саакашвили Тбилисидегі көпсалалы клиникада жатса да, оның денсаулығы күн сайын нашарлап бара жатқанын көптен бері айтып, дабыл қағуда. Айтуларынша, ол әрең қозғалады, тамақ іше алмайды, 40 келіден артық салмақ тастаған.  Сондықтан оған шетелде емделуге мүмкіндік берілу керек.

«Эмпатия» орталығында шетелдік мамандар мен сарапшылар тобының дәрігерлері жасаған сараптама нәтижесі де Саакашвилидің ауыр жағдайда екенін дәлелдеді.

Сарапшылардың тұжырымдарына сәйкес, Саакашвилидің жағдайы өте ауыр және оны енді қамауда ұстау мүмкін емес. Оны Америкалық немесе Еуропалық емханаға ауыстыру керек, сол жақта оған қажетті бірқатар медициналық процедуралар бар. Сондай-ақ толық диагностикадан өтуі қажет. Сарапшылар Саакашвилидің шашынан ауыр, зиянды металдар тапқан. Металдар оны тек физикалық күйретіп қана қоймай, психикасын бұзуға қауқарлы екенін айтты.

«Саакашвилидің мұндай жағдайға ұшырауы уланудың немесе инфекциялық процестің нәтижесі болуы мүмкін. Сондықтан ол ағзасындағы улы заттарды анықтайтын диагностикадан өтуі керек. Болмаса комаға түсіп, не өліп кетуі мүмкін», - деді сарапшылар.

Саакашвили мамыр айынан бастап бұрынғысынан үш есе жылдам салмақ тастай бастаған. Мамандардың айтуынша, бұлай жалғаса берсе, бірнеше айдан кейін дене салмағының индексі шегіне жетеді. Ол өз кезегінде адамның ішкі органдарын қайта қалпына келместей етіп зақымдайды.

Саакашвилидің америкалық адвокаты шетелдік сарапшылардың жүргізген зерттеулеріне сілтеме жасай отырып, Саакашвилидің денесінен сынап пен мышьяк табылғанын айтты.

Оның сөзінше, экс-президентке FDA (АҚШ-тың азық-түлік және дәрі-дәрмек басқармасы) мақұлдамаған дәрілер ішкізілген. "Оған шұғыл детоксикация қажет», - дейді адвокат.

Грузияның Батыстағы серіктестері Саакашвилиге қажетті медициналық көмек көрсетілуі керек және оның жағдайына Грузия билігі жауапты деп санайды. Ал Грузия билігі экс-президенттің денсаулығын сылтау қылып, бостандыққа шыққысы келетінін айтқан.

Михаил Саакашвили грузин-украин саяси қайраткері. 2004-2013 жылдары екі рет қатарынан Грузияның президенті болды. Президенттіктен түскен соң, ол елден де кетіп қалады. 2020-2021 жылдар аралығында Украина Ұлттық реформалар кеңесінің атқару комитетінің басшысы болды. 2021 жылы Грузияға оралған сәтте оған бірнеше қылмыстық айып тағылып, ұсталды. Екі айып сырттай тағылып, алты жылға бас бостандығынан айырылған болатын.

Ол өзін «Путиннің тұтқынымын» деп атайды және оған тағылған барлық айыптарды саяси себептермен қудалау деп санайды. Ұсталғаннан кейін ол екі рет аштық жариялады. Биылғы жылдың мамыр айында Рустав түрмесінен Тбилисидегі «Вивамеди» көпсалалы емханасына ауыстырылды.

Айжан Темірхан

Abai.kz

6 пікір