Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Ой түрткі 2310 14 пікір 16 Желтоқсан, 2022 сағат 11:40

Астананың атын Алтын Орда қаласы деп атау керек!

Енді қазақ тілінің, яғни, мемлекеттік тілдің көтеретін  жауапкершілігін кеңейтіп, атқаратын рөлін күшейтпесе және осы бағытта түрлі шараларды ұйымдастырып, арнайы бағдарламалар қабылдамаса  тым  кеш болады. Тәуелсіздік жылдары ұлтымыздың үшінші ұрпағы желкілдеп өсіп келеді. Олардың болашақта мемлекетіміздің шаңырағын ұстап тұратын нағыз отаншыл болып өсу үшін, ана тіліміздің республикада жан-жақты дамуы, сондай-ақ, оның елді, қоғамды біріктіруші күшке айналуы аса қажет-ақ. Мысалы: Ресейдің патриотизімі - (отаншылдығы) оның тілінде ғана. Ал енді, Американың әсіре мақтанышы -  демократиясы мен экономикасының шарықтап дамуы, әспеттеп айтқанда, «Әлем қожасы» атануы.

Еліміздің бір уысқа жиналмай тұрғаны, біздегі екі тілді қоғамның қалыптасуы. Қазіргі күндері республикамызда қазақтардың саны жетпіс пайызға жетті (шындығында одан да көп болуы мүмкін). Кезінде, елдегі төл ұлттың пайызы елуге жетпей тұрғанда, экс-президент Н.Назарбаев біздегі телеарналардың біреуін ғана, орыс тілділерді алдарқата жүріп, әйтіп-бүйтіп, толықтай қазақ тіліне көшіріп еді. Сонда, қазақ тілді көрермендер бір қуанып еді. Ал енді, қазіргі күндері, сол бір арнаның қазақшасы, біздің оңтүстік және батыс өлкелеріне, сонымен қатар, өзге де қазақ тілді өңірлерге аздық етуде. Елу де елу дегеннің күні байағыда өткен (бұл теория сонау Г.В.Колбиннің тұсындағы дәуірде пайда болған, содан бері әлі келеді). Елімізде ұлтымыздың пайызы бүгінгі күні жетпістен асқан соң және бұл қазақ мемлекеті болғандықтан, еңкейген қартынан бастап, еңбектеген баласына дейін теледидарға әр уақыт телміретіндіктен, бізге қазақ тілінде сөйлейтін арналардың санын көбейту, бүгінгі күннің басты талабы. «Қазақстан» телеарнасы секілді, «Хабар» арнасын да, толықтай қазақ тіліне көшіру керек. Уақыты келді.  Солтүстіктегі кішігірім орыс тіліді қоғамға жөн-жосықсыз жалтақтай берудің керегі жоқ. Оларға еліміздегі коммерциялық және Ресейдің біздегі (атыс-шабысқа толы) телеарналары да жеткілікті. Ұлттық тілімізді, дәстүрімізді, сондай-ақ, сенімімізді (дінімізді) өзге тілдің ықпалына түспей және ұйыған ортамызды ірітпей,  ұстап тұруымыз керек.

Тағы бір айтарымыз, аралас мектептердің санын қысқарту, Оқу-ағарту министірлігінің күн тәртібінде тұруы тиіс. Ол үшін, республикамыздың түкпір-түкпіріндегі  балабақшалардың тек қана мемлекеттік тілде болуын қамтамасыз ету қажет. Сонда, өзге тілдегі мектепке баратын жеткіншектердің саны, күрт кемиді.

Осыдан біраз жылдар бұрын Иманғали Тасмағамбетов ағамыз Астана қаласының әкімі болып жұмыс істеп жүргенде, қала тұрғындарымен кездесуінде: «Биыл Елордада елу балабақша ашылды, елуіде ана тіліміздегі балабақшалар», - деп айтқанын тыңдап едім. Міне, осылай жаңадан ашылатын бөбекжайларды қазақ тілінде іске қосу, сонымен қатар, бұрыннан келе жатқан екі тілді тобы (қазақ, орыс тіліндегі) жұмыс істейтін балабақшаларды мүмкіндігінше  мемлекеттік тілге айналдыру, қажет. Бұл ана тіліміздің елімізде кеңінен қанат жайуына үлкен көмек болары еді.

Сондай-ақ, тіліміздің күшейуіне, Ата Заңымызда мемлекеттік тіл - қазақ тілі болған соң, мемлекеттік қызметке жаңадан қабылданатын жастардың, осы тілде емтихан тапсыруын заңдастыру керек-ақ. Кейінгі кезде, еліміздің азаматтығын алу үшін, қазақ тілінен емтихан тапсыруды Үкімет іске асырып жатыр емес пе?! Сонда, билік дәлізінде мемлекеттік тілдің  жағдайы жақсарып және республика аумағында қаптаған қара орыстардың саны қысқарар  еді.

Тарихқа үңіліп қарасақ, біздің ұлтымыз бір емес, бірнеше империялар құрған ел-жұрт болып табылады. Дегенмен, біз тұрмыс кешіп жатқан төл мемлекетімізде көкірегімізді керіп  мақтанатын, өз уақытында ата-бабаларымыз құрған,  Ұлы тарихымызға арналған ешбір дақпыртты атаулар жоқ. Мысалы: Кейінгі жылдары Сарыарқаның төсінде, кезіндегі Жошы қағанаты құрған  Алтын Орда империясына байланысты айтарлықтай жұмыстар жасалынып жатқанын көріп жүрміз. Бірақ, солтүстіктегі есуас көршімізден қорқып, өте құпия атқарылуда. Тіпті, осы жұмыс жайында және оның тарихи мән-мағынасы жөнінде жастарымыздың көбі білмейді де. Сондықтан, еліміздегі бір қаланың, немесе елордамыз Астананың атын Алтын Орда қаласы деп атасақ, артық болмас! Шындығында, бұл ұлтымыз үшін және алдымыздағы келер жас ұрпақ үшін, үлкен отаншылдықты (патриотизм) туғызар еді. Сонымен қатар, айналадағы үлкенді-кішілі мемлекеттерге, әсіресе екі жағымыздағы  айдахар мен аюға кереметтей сес болары еді. Ел болу үшін, ұлтқа  керекті істерді атқару , биліктің негізгі міндетінің бірі деп ұғуымыз қажет -ақ. Елдің ұлы  бола алмаған билік, ешуақытта ағасы да бола алмайды.

Бейсенғазы Ұлықбек,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Abai.kz

14 пікір