Жұма, 19 Сәуір 2024
Жаңалықтар 4948 0 пікір 1 Наурыз, 2013 сағат 04:40

Адалбек Ақмәдиұлы. Айжанар

БЕТАШАР СӨЗ

БЕТАШАР СӨЗ

Осы  баланың  атын  əу  баста  Адалбек  деп  тауып қойған секілді. «Атына- заты сай» деп осындай  азаматтарды  айтады. «Ақынды  ақын  ететін өмірбаяны», - дейді білетіндер. Осы - əсте дұрыс сөз. Біздің Адалбекжанның бесіктен белі шықпай жатып көрмегені жоқ. Бүгінгі географиялық бөлініс  бойынша  Қытай  Халық  Республикасында өмір сүріп жатқан қандастарымыз туралы біз əлі де  аз  білеміз.  Тұрмысын,  салтын,  дəстүрін  білу, күнделікті тірлігінен азды-көпті құлағдар болу - оларды толық білеміз деген сөз емес. Олардың қазақ деп соққан жүрегін, ата қонысқа табаным бір тисе арманым  болмас  еді-ау  деген  ыстық  ықыласын түсіну,  өкінішке  қарай  кез  келген  қазақтың маңдайына  жазылмаған  бақыт,  сондықтан  болар, оралмандар  туралы  кей-кейде  болымды-болым-сыз əңгімелердің шаң беріп қалатыны. Анығында, əрбір  оралманның  көкірегінде  бүкіл  қазақтың мұңы бар. Маңғыстаулық ақын Сабыр Адай айтқан, (оның-дағы  бабалары  бір  кезде  жат  жұртқа ауған) «Əр қазақ менің жалғызым» дегенді түсінуге тиістіміз. Адалбекжан сол Қытайдағы іргесі сөгіл-мей  отырған  қалың  қазақтың (əлдекімдер  айтып жүргендей ат төбеліндей аз емес) қайнаған ортасында туып-өскен азамат. Білімді Қытай жерінде алған. Ат жалын тартып мініп, жілігі толып жігіт болған мекені де Шыңжан өлкесі. Бірақ ес біліп, етек жапқалы Қазақстаным бар, қазағым бар, менің қабырғалы  Отаным  бар,  түптің  түбінде  мен  сол жаққа  кетемін  деп  іштей  қайнап,  өзімен-өзі  арпалысып,  өзімен-өзі  күресіп  өскен  нағыз  қайсар жігіт. Қазақстан егемендік алып, көк туы төбемізде желкілдей  бастаған  күні  жүрегі  өрекпіп,  ерекше қуанбаған қазақ бар ма екен?! Қазақстанға кететін кезім келді деп қуанғандардың бірі осы- Адалбек.

Бірақ, қалай кетеді? Арғы бетте Қытайдың темірдей тəртібі, бергі бетте қазақтың«ə» десең, «мə» деп жағаласа кететін заңы жəне бар. Адалбек үшін қысқа  күнде  қырық  шапқын  аласапыран  күндер қайта басталады. Сол кезде Моңғолияның Нұрбат деген азаматы екі елдің арасында ірілі-ұсақты сау-да жасайды екен, мұның өлеңдерін тыңдап көріп:  «Ай,  қарағым,  мынадай  талантыңмен  жат  жерде қор боласың ғой, не болса да елге жетуге тырыс! Мен  сені  жүк  машинасының  бір  қуысына тығып шекарадан асырамын, əрі қарай қазақ жеріне табаның тиген соң өлмессің. «Ел іші- алтын кеніш», өз жөніңді табарсың», - дейді. «Құланның  қашуына- мылтықтың басуы», Адалбек келісе кетеді. Сөйтіп, қақаған қыстың қақ ортасында киім-кешек басқан машинаның қорабына тығылып, ауыр жүктің астында он төрт сағат жатып, өлдім-талдым дегенде бір қараға жетеді. «Қауіпсіз аймаққа келдік,  бала, енді бері шығуыңа болады», - деген Нұрбат ағасының  дауысын  естігенде,  бұл  машинадан секіріп түсіп, топырақты құшып, жылап жібереді.  Қазақ деп- Нұрбатты айт, қазақ деп- Адалбекті айт! Кейін осы ісі үшін дүрілдеп тұрған саудасынан айырылып,  əбеқоңыр  күйге  түсіп  қалған  Нұрбат бауырымыз  əлі  күнге  сол  Моңғол  жерінде  өмір сүретін  көрінеді.  Қазақстанға  бір  қазақты,  қазақ əдебиетіне бір ақынды əкеліп қосқаны үшін сол Нұрбатқа ізет-құрмет, шан-шараф. Бала-шағасының қызығын көрсін!

Сөйтіп,  біздің  қатарымызға  тағы  бір  тамаша  ақын  қосылды.  Қазақстанға  келген  соң  да Адалбектің тасы өрге домалай жөнелген жоқ. Біздің «шаш ал десе, бас алатын» сақшыларымыз осы бала алыстан ат арытып, тон тоздырып, елім деп келді-ау демей, ізіне шырақ алып түседі. Жұмыс жоқ, үй жоқ, тамыр-таныс тағы жоқ. Базарға шығып,  сауда-саттық жасап, бірсыпыра ақша тапқан екен, ақыннан  саудагер  шықсын  ба,  тірнектеп  жиған мүлкін бір-ақ күнде жоғалтып, қара жұртқа отырып қалған күндері де болған. Əйтеуір, бағына орай Жанар келініміз бір жақсы елдің қызы боп тап келіпті.

Жанар- қатонқарағайлық Төлеген Рахымжанұлы деген ақынның қызы.

 

Адалбек бəріне шыдады, бəріне көнді... Қазақ болғаны үшін, қазақ ақыны болғаны үшін көнді.

Дүниеде қазақ болудан артық қандай бақыт бар! Осындай сезімі болмаса, ол Қазақстанды қайтеді? Қазақстан оны қайтеді?!

Енді бір-екі ауыз сөз оның өлеңдері туралы. Ең бірінші анық байқалатын нəрсе, ол- қайсарлық.

Екінші ерекшелігі- адалдығы. Екеуі де өлеңге өте керек қасиеттер. Мысал келтірелік:

Түн.

Таулардың етегі тыныш табын,

Қалбаң-қалбаң етеді жыныста кім?!

Ай астында ақсүйек арманымды,

Алғаш рет аялап уыстадым.

Елес.

Жарық жұлдыздар қашан ақты?

Ай шуағым, сүт сəулем шапағатты.

Шығып кеткен жүректің шеңберінен,

Таппай жүрмін аяулы махаббатты.

Түс.

Бəрі де бұлыңғыр түске айналды,

Арғы бетте ақ тырнам ұшпай қалды.

Күте-күте суыған сезімдердің,

Кірпігіне тұңғиық шық байланды.

 

Таң.

Тағы да сағыныш сарсаңы ма?..

Уһ, жеттім-ау ақыры аңсарыма.

Сақтап келген сабырдың сақинасын,

Жүрегіңнің салайын саусағына!..

Теңіздің  дəмі  тамшыдан  дейді  ғой,  осы  төрт шумақтан-ақ аяқ алысы көрініп тұр емес пе? Жал-пы,  Қытай  қазақтарының  бізді  таңғалдыратын, таңғалдырып қана қоймай, сүйсіндіретін керемет

қасиеттерінің бірі - тілді таза сақтай білгендігінде. Соншама қылбұрау мен темір тұсауда өссе де,

қазақтығын,  тілін,  дінін  көздің  қарашығындай сақтап қалғандығында. Адалбектің жалғыз айырмашылығы - тілінде  емес,  ол  ақынға  керек  көп қасиеттің бірі ғана, ол тілге қоса көркемдікті де жақсы меңгерген. «Түн- бота, бозінгеннің қоңырауы» деген секілді жолдарды тек қазақ ғана жаза алады.

«Қараторғай» деген  дастанын  тебіренбей  оқу мүмкін емес. Осы поэманы оқып отырып өз басым

сол Шыңжаң жерінде Омарғазы Айтанұлы деген жақсы ақын өткенін білдім. Мен оның ешбір кіта-бын оқығам жоқ, бірақ, біздің Адалбекжан эпиграф етіп алған«Азырақ, жаз, ақыным, Азырақ ақсын, Табиғаттың көз жасы!» - деген жолдарынан үлкен таланттың  тегеурінін  аңғаруға  болатынынын  сездім. Бұдан былайғы жерде Омарғазы ақсақалдың қандай-дүр шығармасы көзіме түссе, міндетті түрде оқимын.

Енді бір сөз. Адалбек əлі талай жақсы өлеңдер жазады, мұның шығармашылығы туралы сөз болғанда, іргетасы мықты қаланған үлкен сарай көзге елестейді. Ол сарайдың есік, терезесі, өзге жасау-жабдықтары əлі түгенделе жатар, ең бастысы - берікіргетас бар. Ол іргетас темірдей берік ұстындардың үстіне құйылған. Іргетас деп отырғаным- өмірбаян.

Адалбектің өмірі алда, немен айналыссын, кіммен дос болсын, қайда жүрсін, не жазсын, не жазбасын,  ең бастысы- бала кезінен армандаған Қазақстанға келді. Өзінің Қазақстанында. Бұл Қазақстанға менің, Аманханның, Аманхан еместердің қаншалықты хақы болса, Адалбек жəне Адалбек секілділердің де соншалықты хақы бар. Ондай құқық Адалбекке заң-зəкүннен бұрын қазақ деген қасиетті ұлттың өкілі болғаны үшін берілген.

Талабыңа нұр жаусын, жас дос! Алға қарай нық сеніммен аттай бер! Неге жасқанасың?! Мына Ел-

сенің Елің, мына Жер- сенің Жерің!

Есенғали Раушан

23. 04. 2012 ж.

 

 

ТАМШЫ

Таңдайына тастап нəр,

Жапырақтың тамшы- Ана.

Жауды жаңбыр аспаннан,

Жұтты дала тамсана.

Жауды жаңбыр, жарқыным,

Тəңір Нұры сияқты.

Жанарынан тамшының,

Көріп тұрдым шуақты.

Көріп тұрдым бұлақты,

Құрсағынан Тамшының.

Бір түйір НҰР сияқты,

Мен дағы- бір Тамшымын!

 

* * *

Сəулелі көктен сыр тыңдап,

Сүйдірдім түнге бетімді.

Саф алтын өлең бір шумақ,

Бір шыны шарап секілді.

Шөлмекте жатқан аппақ у,

Улады Сəуле-санамды.

Масайтып артық мақтану,

Маңдайдан аттым маралды.

Көзінен марал жас ақса,

Жуады келіп бетімді.

Арманым түсті қасапқа,

Маралдың тəні секілді.

Үзіліп көктен құлаған,

Үмітім жұлдыз секілді.

Жапанда жортып жылаған,

Жұбатшы Марал-жесірді.

Шеңбері күннің тарайып,

Тартылып барад Аралым.

Қуатың дағы азайып,

Барасың өліп, Маралым.

Қош енді, қош-қош, Марал-бақ,

Қарсы алам сенсіз ғасырды.

Өзімді-өзім тағы алдап,

Құбылаға бұрдым басымды.

 

 

ҚАСЫҢА КЕТЕМ...

Ажалға да адам асығады екен,

Тəуекел, сенің қасыңа кетем.

Жаныма сəуле құймады қайтем,

Бұл жердің тауы, тасы да бөтен.

Ботадай боздап, бозарып арман,

Тозады жаным, озады жалған.

Мен-дағы бір күн мəңгілік сіңем,

Далама баба мазары қалған.

Тəнімді қайта шайқасын далам,

Сен жылап жоқтау айтасың маған.

Мен өлген күні жоқтайтын адам,

Бар екендігін байқасын ғалам.

Тəуекел, сенің қасыңа кетем,

Ай қада, өлсем басыма, көкем!

 

* * *

Əй, өмір-ай, өзегімді өртеген,

Есігімді қақтың тағы ертемен.

Жаза-жаза жалықтым ғой мен сенен,

Дерт өлең.

Шырылдатпай қоңырауын есіктің,

Дерт өлең-ау, неге сонша кешіктің?!

Қар-өзегім Жерге тартып барады,

Көшіп күн.

Сен- өлеңсің! Жазылмаған жылауық,

Жазайыншы, жыламашы бір ауық.

Сезім селі жанарынан жүректің,

Тұр ағып.

Салдақы түн санамызға саңғырып,

Сауырымды сағынармын мəңгілік.

Арғы бетке неге өтіп кеттің сен,

Қаңғырып?!.

Маңдайымды тасқа сүйеп сен жоқта,

Балықтайын тыпыршыдым қармақта.

Елім мені қалған шығар сағынып,

...ар жақта.

Қара өлеңім, қайта жауған нұрсың сен,

Сүңгі-кірпік сынар ма екен сілкінсең?!.

Мұзын жарып өзегімнің көктеген,

Гүлсің- Сен!

 

КӨКТЕМ КЕЛГЕНДЕ

Түйе-таудың сілкіп қарын өркеші,

Келді көктем, сүйді беттен еркесі.

Өрістерде төрт түлігін емізіп,

Босайды енді сүтке толған Жер төсі.

Тіршіліктің өзегіне тамса нəр,

Топыраққа торқа жапты майсалар.

Ұйқыдағы өлеңімді оятып,

Дидарымды аймалады Сал-самал.

Таң бозынан шопан атам жайса мал,

Жүрегімнің бозторғайы əн салар.

Қайың-қыздың қытықтап тұр тамағын,

Айналайын жапырақтар, алқалар.

Самал есіп, саумал жаңбыр себелеп,

Гүл санады, гүл қанатты көбелек.

Менің де ойым дəл солардай ұшар-дүр,

Жырдың дəнін қауызынан көп елеп.

 

ҮРКІН ОЙ

Түсінбеймін, Құдай-ау, түсім бе бұл?

Көмейімнен төгілген түтін бе жыр?!

Адамдардан барамын бөлектеніп,

Əйтеу менің бір пəле ішімде жүр.

Мұң байланып əрбір тал шашыма да,

Түсіп келе жатырмын сахынадан.

Құмырсқалар кеудеме кеулеп кіріп,

(Толып алған сияқты басыма да.)

Бір халықтың қайғысы бір басында,

Өмірге ақын келген соң жырласын да.

Менің жаным тербеліп тұрған сынды,

Түндей қара сайқал қыз сырғасында.

 

ЕГІЗ ШУМАҚТАР

Қатыгез өмір, тоң жүрек,

Көңілге қайғы тұна ма?!

Ұлытау, өзің елжіреп,

Құлата көрме жыраға.

Сыртымнан менің сен де қыз,

Сылқылдап күліп сынама.

Жесірім бе едің жеңге- күз,

Желкеме келіп жылама.

 

* * *

Кедергім қалың ежелден,

Сезінем, бəрін, сезем мен.

Безбүйрек өмір безерген,

Асырмай келед кезеңнен.

Жоғалып жастық көктемі,

Сезімдер сергек неге өлген?

Босатар түрі жоқ мені,

Қасірет- қайыс көгеннен.

 

* * *

Жырымда менің мың ырғақ,

Əй, өмір, тыңда, тыңдама?!

Дүниеге келген шырылдап,

Бір өлең- бейне бір бала.

Көз алдың тартса қараңғы,

Шапағын кештің киерсің.

Қаншалық сүйсең балаңды,

Өлеңді сонша сүйерсің.

1984-2011 ж.ж.

 

* * *

Жүректі бөліп тəнімнен,

Тапсырып Жерге денені.

Ілесіп сайқал- сағыммен,

Бір жаққа кеткім келеді.

Сайында таудың көктеген,

Бұтаның түбін паналап.

Шуағы Күннің өппеген,

Бір кесек мұзбын домалақ.

Айғайы жардың көңілсіз,

Жазуға енді отырсаң.

Ошақтың асты өмірсіз,

Қаңырап жатыр бақыршам.

Тұрасың көше бойында,

Сапында жоқтар жұмысы.

Жазбаған өлең ойыңда,

Келесің үйге түн іші.

Көтеріп ойлар ап-ауыр,

Өлеңі өліп ішінде.

Оянды кеше баһадүр

Ауылын көріп түсінде.

Майы жоқ, кемік кеміріп,

Майысып қалған тісімде.

Марапаттарға көміліп,

Айналған күні мүсінге,

Тұрармын...

Əзір түсінбе!..

Тас қала.

 

* * *

Білмеймін жанымда бір қиналу бар,

Кесемде қолымдағы құйған у бар.

Десем де оңашада жолығайын,

Көшемде жарығымды ұрладыңдар.

Қинағың келсе мені, қиналайын,

Басындай таз төбенің тырналайын.

Асылдай жүрегіңді қақ айырып,

Жасындай жанарыммен бір қарайын.

Көктемнің көзіндегі сұрақтардан,

Қашанда қара Жерге жылап тамғам.

Жасаңда жастығымды жоғалтып ап,

Жапанда жапырақтай қурап қалғам.

 

 

БІР ШӨКІМ БҰЛТ

Бір кешінде көктемнің,

Шығып ауыл сыртына.

Сұрағымды көп бердім,

Шексіз əлем бұлтына.

Бозінген-бұлт шөкімдей,

Балақ жүнің жалбырап.

Қаралы ел көшіндей,

Барасың ба зар жылап.

Айтшы маған, шөкім бұлт,

Қайғысы ма ең даланың.

Жібітпесе өкіндік,

Тамшың тастың тамағын.

Көктемде көп жыламай,

Күзде неге боздайсың?!

Жүр мінезің ұнамай,

Өткенімді қозғайсың.

Анам менің күзде өлген,

Күз жұтады көктемді.

Сырласамын кімдермен,

Кімге айтамын өкпемді?!.

Шөкім бұлты Сауырдың,

Жаңбырыңды сағындым.

Кірбеңдігін кеткейсің,

Жуып-шайып жанымның.

Көктеменің кезі дəл,

Қандыратын Жер шөлін.

Ақ сүтіңді төгіп ал,

Босап қалсын емшегің.

 

* * *

Сары дала,

Сырымды тыңда менің,

Сіңіп бара жатқандай құмға көлім.

Өмір тепті өзекке өгей ұлдай,

Мен бақытын кімдердің ұрлап едім?!

Сары дала, жанымды білсең еді,

Шуағы жоқ сөзіңе кім сенеді?

Жүрегімді жасырып жапырақ мұң,

Жанарымның ішінде нұр сөнеді.

Сары дала, мен саған мұң шағамын,

Мойынымды қылдай-ақ қырқа ма Күн?

Өртеп жатыр кемпір-түн кеудемдегі

Жұлып алып төзімнің шыршаларын.

Қырау мұңды қабақтан түсір келіп,

Барған сайын барады күшім кеміп.

Жем шаш маған, бір күні қалатындай

Кеудемдегі көгершін құсым да өліп.

Төге салып басыма түн түнегін,

Сынап əлі жүр ме екен мүмкін елім?!

Көбелек жыр қондырып мен келемін,

Көктем шашқан гүлдерге бүртік ерін.

Барып едім батысқа Күн бармаған,

Тоңдырды мұң тəнімді мұздан жаман.

Екі ғасыр өткеріп келіп тұрмын,

Ақыныңды жарылқа тұрғанда аман,

Айналайын алтын ел,

Иманды Анам!

 

 

БЕУ, ДҮНИЕ

 

Ержан Қыдырбайұлына!

 

Беу, дүние, сен осы не білесің?!

Тұлпар жырдың шаңына көмілесің.

Бетің жарық тұрғанда бері қарап,

Бедіреймей бесті ұлдың бер үлесін.

Беу, дүние, сен осы білдің қанша,

Жарық сила жүрекке мұң құйғанша.

Өлеңімді айтамын қара тасқа,

Өзегіңде өлтіріп қор қылғанша.

Сенсіз қолым салмаймын өзіме-өзім,

Арбамаса жыландай өмір- өлім.

Беу, дүние, мен сенің жүрегіңді,

Бөрісіндей таулардың кеміремін.

Қара жердің қадалып кеудесіне,

Қаңтарылған тұлпармын кермесіне.

Қара түнді қақ жарып келе жатқан,

Өтемістің баласы келді есіме.

Махаң туған еді ғой Өтемістен,

Сол бабамның сарқынын шешем ішкен.

Беу, дүние, жауласпа меніменен,

Мен өзіңнің кеудеңнен кесел ішкем.

Маң қыраны даламның Махамбеттер,

Жыр теңізге боп келген қашанда өткел.

Беу, дүние, қасыма келер болсаң,

Өз баламдай бауырыма басам деп кел.

Кеудемізде тұншығып тұмса қайғың,

Жарқылдасын жанарда бір сəт айбын.

Мен жетелеп барамын болашақа,

Махамбет пен тұлпарын Исатайдың.

Беу, дүние, келмей ме түсінгің де,

Сыртым мұңға,

Толып тұр ішім гүлге.

Білем сенің қолыңнан бəрі келер,

Ертең менің қанымды ішіп жүрме?!

1989-2010 ж.ж.

 

 

ЖАҢБЫРЛЫ ТҮН

Жаңбырлы түні танысып,

Жаңбырлы түні достастық.

Жаңбырлы түні қауышып,

Жаңбырлы түні қоштастық.

Сырымды несін қызғанам,

Өзімді-өзім ұмыттым.

Жаңбырда бізді мұздаған,

Жылытып еді тұнық Түн.

Біздерді аяп бау-бақ та,

Бауырына үнсіз қысып ед.

Біз тұрған жерден аулаққа,

Бір жұлдыз ағып түсіп ед.

Жұлдызы екен ол кімнің?!

Жүректі тұрды мұң қысып.

Өзімді əрең сендірдім.

Төбемде ажал жүрді ұшып.

Мен аман қалдым ажалдан,

(Келмеске) бірақ Ол кетті.

Мың тəубə деймін о, жалған,

Ошағың оты сөнбепті...

Ержаным!

 

 

СЫҢАР ҚҰС

Күз де келді, шық тұрды жасыл белге,

Ақ селеулер соғып тұр басын жерге.

Бұлттай боздап барады жалғыз аққу,

Жанарының тамызып жасын көлге.

Жаралы құс жанымды сезіне ме?!

Ұйып тұрды жас келіп көзіме де.

Қара жерге қадалып қалған үнсіз,

Қазық тəнім сияқты өлі дене.

Кеткен сынды тіршілік қақырап бар,

Көлдей мұңға малшынып атыраптар.

Тыр жалаңаш шешініп қызыл қайың,

Тым-тырақай қашып жүр жапырақтар.

Қабағында нар қайың қырау-қайғы,

Тырналардың тізбегі тыраулайды.

Сынық қанат сыңар құс төбемдегі,

Жалғыз қалған ботамнан бір аумайды,

АРҒЫ бетте!

 

 

МЕҢДІ ҚЫЗ

Бір кешіп едік таң шығын,

Алаулап арман көзіңде.

Балалығыңның сарқынын,

Силадың кімге кезінде?!

Айта алмай маған сырыңды,

Жүзіңді жуды тамшылар.

Тамшылар, бəлкім, бұрынғы,

Айтылмай қалған əн шығар.

Сезім бе қалған сарқылмай,

Өзіңді қинай бермеші.

Ашылған ба əлде, Ай тумай,

Терезеңнің пердесі?!

От едің шіркін, меңді қыз,

Жанымды бір кез өртеген.

Көзіңнен көріп енді күз,

Көзіңнен неге дерт емем.

Желкеңе біткен сүйкімді,

Тарыдай қара меңді анау.

Қашырып түнгі ұйқымды,

Сипаған күндер

Арман-ау!..

Не деген біздің дала кең?!

Алыста қалған тағдыр-ай.

Желкеңе біткен қара мең,

Желкеме мінген қайғыдай!

 

 

БАЛА КҮНГІ БАЛ АРМАН

Көк төбелер бауырында,

Теруші едік жауқазын.

Өтетұғын тау, қырға,

Сорғызып бұлт саусағын.

Көк жусанның нілімен,

Бояп екі балағын.

Ойнайтұғын түнімен,

Есіңде ме бала күн?!

Кездесуді өзіңмен,

Жазды тағдыр тағы да.

Жалғыз тамшы көзіңнен,

Түсті құлап жаныма.

Шөңет сенің көзіңде,

Сыр қалғанын жасырын.

Сезбеппін ғой кезінде,

Кешір, мені, асылым.

Бала күнгі бал арман,

Көзіңде бір сұрақ тұр.

Кеудемізде қамалған,

Жүрек үнсіз жылап тұр.

 

 

ЖЕЗТАҢДАЙ

Өлең жазсам шайырлардай байырғы,

Түніменен тауысып көз майымды.

Тамсанушы ең таңдайыңды қағып сен,

Сол дыбыстар тағатымнан айырды.

Өлең жазсам, тықылдайтын таңдайың,

Шықылындай сағаттың бұл қандай үн?!

Кірпігіңе дамылдайтын тамшылар,

Түнге тамып, шашылардай арманым.

Өлең жаздым, тамсануың басталды,

Көзімменен тербеп тұрдым жас талды.

Таңдайыңнан шыққан дыбыс ұлғайып,

Қақ айырып бара жатты аспанды!

 

 

ГҮЛНАРДЫҢ ҚОШТАСУЫ

Сен бүгін үйленесің,

Басқа бір үйге енесің.

Есіңнен шығар мені,

Ес-түссіз сүймегесін.

Үйрілген жас па көзге?

Қонасың басқа көлге.

Сырғалы сезіміңді,

Сындырып, таста көрге!

Көміп кет мəңгілікке.

Атпайтын таңды күтпе.

Мен деген өзің жазған,

Өлеңге соңғы нүкте.

Ұшасың биік-биік,

Кеудеме күйік құйып.

Кел бері, ақырғы рет,

Қалайын сүйіп-сүйіп.

 

 

ЖҮРЕКСІЗ ДЕНЕ

Сезем маған, сенсіз бақыт қонбайды,

Ерімейді кеудемдегі сең-қайғы.

Бір күрсініп қойсаң ғана болғаны,

Көрген сəтте жалғыз ұшқан торғайды.

Есіңе алып ертелі-кеш ойлама,

Бақытыңды бұтағыма байлама.

Тағдыр жазып тар көшеде кезіксек,

Басыңды иіп, күліп өтші жай ғана.

Тағдыр бізді тас бетіне тамызған,

Екеуміз де айырылдық тамырдан.

Неге ғана беріп едің сен маған,

Жүрегіңді жұлып алып жаныңнан.

Сен де мені,

Мен де сені күйретіп,

Жанымызды жалғыздыққа үйретіп,

Екі бөлек кетіп бара жатырмыз,

Жүрегі жоқ құр денені сүйретіп.

 

 

* * *

Көңілім неге көк тұман,

Жүзімнен неге қашты қан?

...ботақаным-ай, мен кімге,

Тағдырыңды тапсырам?!

Көңілім неге ойран бұл?

Арылмадым-ау ойдан бір.

Алақанында тағдырдың,

Қурайсың-ау, қайран гүл.

Көңілім неге қан майдан,

Ажарым неге сарғайған?

Бақытың болып алдыңнан,

Жолығар екен қандай жан?!

Көңілім неден бұзылды,

Күдерім неге үзілді?!

Тоңдырмай тағдыр қызыңды,

Ақынға сыйла сызыңды.

 

 

ЖАН

 

Айым -«тәурат»,

Жаным -«зәбүр»,

Ар -«інжіл».

О, Тәңірім, Нұр«құранға» табындыр.

Төңірекке жайылады бір күні,

Жүректегі жусап жатқан Табын-Жыр!

 

 

* * *

Теріс қарап,

жатып қалдық екеуміз,

Не боп кетер екенбіз?!

Сен ойладың басқа жан,

Мен ойладым бөтен қыз.

Теріс қарап біз жаттық,

Сөйлемедік сыздап түк.

Көлдей көрпе жетіспей,

Тəнімізді мұздаттық.

Ай батады қия алмай,

Күн шығады ұялмай.

Мынау тылсым үнсіздік

Желкемізді қиярдай.

ЖАНАРЫМ!

 

 

АНА

(поэма)

І

Талықсып барып Күн батқан,

Таулардың тəні қып-қызыл.

Кеудемдегі құндақтан,

Шешіліп жырым, шықшы бір.

Тосырқап тұрмай мұндайда,

Тепкіле, өлең, кеудені.

Маңғаз даланың құрғай ма,

Малынған мұңға жөргегі?

Кеудеңде жүрген Үн өлсе,

Тулама жүрек, бұлқынба.

Ілесіп кетпе тым ерте,

Сағымдай сайқал сылқымға.

Теңізге теңеп қайтесің,

Тұңғиық түн-қыз жанарын.

Тартылып бара жатпай ма,

Табиғат-Ана, анарың.

Жанарда Күндей сөнеді,

Еңсеңді берме, Алатау.

Тарих шалдың өзегі,

Өлген бе, неге самарқау?!

 

Қарашы, тауға, беткейге,

Жусандар қайда, жалбыздар?

Қаһарын бір күн төкпей ме,

Түнеріп тұрған сал-құздар?..

Жатқан жоқ тегін күрсініп,

Жаралы Анам- дала жəй.

Тұр неден жаның түршігіп,

Ақ тамақ қайың, қарағай?

Қайыңнан азған адаммын,

Ойымды ауырсынбағын.

Қалайша ерте жоғалдың,

Сындарлы самырсындарым?

Таң атпай Күнім келмейді,

Ағады өмір өзені.

Тарих айтып бермейді,

Даланың кəрі терегі.

Басымнан бағым тайды ма,

Бəрібір өмір емес мұң.

Болмаңдар ортақ қайғыма,

Соңында кетсем елестің.

Жақсы жыр жазсам деп кейде,

Арманда жүрдім қанша күн.

Жете алмай АРҒЫ беткейге,

Қажыды жаным, шаршадым.

 

Жаныма жасын тамызып,

Бағымның бəрін Жер жей ме?!

Бір бақыт кетсе жан үзіп,

Бір бақыт тағы келмей ме.

Сағымды қуып жетер ме ой,

Көшімен уақыт жоғалған.

Осынша тозып кетердей,

Ауылға, көке, не болған?!

Қара бұлт ойнап аспанда,

Түн желі тербер қоғаны.

Тоңазып тұрған жас талға,

Торғай жыр қалай қонады?!

Өлгенмен бірге өлмек кім,

Тəуекел, сабыр қылайын.

Тоз-тозы шыққан жер-көктің,

Көз жасы болып тұнайын.

Қараңғы түнде қамығып,

Атырап, неге жылайсың?!

Қара шəлісін жамылып,

Өмірдің өзі мұңайсын.

Бозқарағыны боздаған,

Құшақта мені, боз дала.

Басымды қойып кеудеңе,

Алайын мызғып аз ғана.

 

Отына малып жалғанның,

Тағдырым тағы жылатпа.

Өлімге-дағы сан бардым,

Өле алмай қайттым бірақ та.

Өзіңді-өзің өлтіру,

Бəрінен қиын екен-ау.

Бар менде аздап бұлқыну,

Сағындым сені, көкем-ау.

ІІ

Жаңғырып жартас тау қайғы,

Жанымда менің бүгінде.

Ойымнан өлең қаулайды,

Тынымсыз шаһар түнінде.

Əлсіреп жанып алдымда,

Балауыз шам тұр кəдімгі.

Əкетіп қайда қалдыңдар,

Қасымда жүрген бағымды?

Тағдырым, жауап бер маған,

Не деймін ертең қауымға.

Қасымда жүрген сорлы адам,

Кетті ағып қайсы ағынға?

Бақытсыз маған күн қайда,

Бақытымды іздеп табайын.

 

Қайғымды қайың тыңдай ма,

Тəуекел айтып бағайын.

Қызарып батқан күндерге,

Қызарып ұзақ қараймын.

Қалада қаңғып түндерде,

Жұлдызын көктің санаймын.

Жанардан неге жас тамдың,

Бұлыңғыр ойлар басымда.

Жұлдызы ағып аспанның,

Жондарға сіңіп жатыр ма?

Жол іздеп жүрген жалғыздың,

Жанары болып жанайын.

Қырларды кезген қар қыздың,

Көз жасы болып тамайын.

Шаһарда менің ермегім,

Жұлдызбен ғана сырласу.

Ойымның тоқып өрмегін,

Мұнарлы таумен мұңдасу.

Келмеске кеткен Анама,

Барайын десем жаяумын.

Қуаныш түйіп санаңа,

Қасыма келші, аяулым.

 

Кеттің бе сен де ғайып боп,

Арғымақ елес, түсімдей.

Жаныңда бар деп айып көп,

Жүрсің бе əлі түсінбей?!

Бар ма еді сырым ашпаған,

Барасың үркіп сен неге?

Менімен бірге басқа жан,

Алған ба кіріп кеудеңе?!

Сақина сағым қуалап,

Қай маңға қаштың қасымнан.

Дұғалап əлде, дуалап,

Дүние, саған бас ұрман.

Екенсің мені қате ұққан,

Тамыры таза пендемін.

Ақылдан емес, бақыттан,

Азырақ қана кендемін.

Жылы деп айтпа қабағың,

Қабағым жылы, ішім у.

Өмірді шындап, қарағым,

Өлімнен қиын түсіну.

Арманға қашан жетем-ау,

Тауысып тағдыр күйбеңін.

Ажалдан ауыр екен-ау,

Түсінбей кетсе сүйгенің?!

 

ІІІ

Бозарып тұрған далаға,

Үзіліп ұзақ қарадым.

Қоштаса алмай Анама,

Шын ұлып, ұзап барамын.

Сауырдың салқын самалы,

Анамдай беттен сүйеді.

Шыланып жасқа жанары,

Теректер басын иеді.

Мұзтаудың мұндай мұзына,

Қызығып несін қарадым?!

Ауылдың қара қызына,

Айта алмай арман барамын.

Жарылғап туған тауыма,

Жамырай сіңген бала күн.

Жиделі бақша-бауыма,

Қош айтып кетіп барамын.

Қимастық меңдегені ме,

Қытықтап желі даланың.

Қоштасып жеңгелеріме,

Қуана алмай барамын.

Құшақтап достар тағы да,

Тамырды кезді сан ағын.

Қоштасып ұстаздарыма,

Қалаға кетіп барамын.

 

Жəудірей қарап көк шөпке,

Тағдырын кештім араның.

Қош айтып ана-мектепке,

Мекеннен безіп барамын.

Басымды тосып жауынға,

Шомылған күндер сағымға.

Елесі қалып жанымда,

Қоштасып тұрмын ауылға.

Жусаны Жұпар қыратпен,

Күлкісі кəусəр бұлақпен,

Қоштасып кетіп барамын,

Жүзімді жасқа шылап мен!

Қуаныш үшін жас төгіп,

Армандар үшін мың өлсем.

Қалады деме тас болып,

Көремін бəрін күні ЕРТЕҢ.

Қуана жылап көрмеген,

Пенделер сірə, не білсін.

Қуансаң көзден көлдеген,

Қуаныш жасы төгілсін!

ІV

Еске алып есіл Ананы,

Еңіремейін десем де.

Қасіреттердің шарабы,

Шайқалып тұрды кесемде.

 

Табылмай ешбір ағайын,

Жаралы жанға үңілер.

Маңырап марғау маңайым,

Жамырап қалды інілер.

Шықпай-ақ белі бесіктен,

Ұстады қазан қарындас.

Қуаныш шығып, есіктен

Қасірет кірді арылмас.

Шағылып шаттық шаңырақ,

Сауылмай қойы, сиыры.

Үй-іші суып аңырап,

Əкенің түсті иығы.

«Немене, еркек емес пе,

Ертең-ақ қатын алады».

Көршілер күндес, керекте,

Біреуі қатынамады.

Көз жасын бізге білдірмей,

Əке жүр жылап оңаша.

Бір күнің болып мың күндей,

Суынып алды қараша.

Қасірет мініп арқаңа-ай,

Қалдың ба, көкем, шаршап-ай?!

Жап-жасыл өмір аршам-ай,

Шаттығың тұрсын тарқамай.

 

Торығып тұрмын өмірден,

Өзіңе өгей-жазғаның.

Кеткендей ұшып көңілден.

Оралмас жаққа қаздарым.

Шошынған аққу келе ме,

Көтеріп көктем, шалғайдан.

Қасірет емей немене,

Бүрлемей жатып сарғайған.

Бүлдіріп бесік даламды,

Алдың ба, қарындастарым.

Қуантып сəби ғаламды,

Келдің бе, қарлығаштарым?!

Шошынып сенде тұрмысың,

Ұяңды көріп бұзылған?!

Бармақтай ғана жыл құсым,

Қанатың неге қызыл қан?!

Ажал бар тосар алдыңда,

Жыл құсым, келші қасыма.

Кезігіп сен де қалдың ба,

Адамның қаршығасына.

Кеудемді тағы тепкілеп,

Тулама жүрек, жырлашы.

Əуені неткен өткір ед,

Бозторғай əнін тыңдашы.

 

Бозторғай жүрек боздасын,

Боз жусан, дала тербеліп.

Көзімнің жасы қорғасын,

Бара жатыр ғой жерге еніп.

Көктемейді əзір көктемде,

Таппадым іздеп даладан.

Тұқымың құрып кеткен бе,

Тобылғы, жыңғыл, қараған?

Сексеуіл шоғын басқандай,

Боздадың неге, бозінген?!

Үгіліп жатқан тастардай,

Түңіліп тұрмын өзімнен.

Күңіреніп түнде жылаған,

Үн естіп қара тастардан.

Төгілмей менің

Əй, адам,

Көзімде сарқын жас қалған.

Тұрғанда төзім азайып,

Ұялап үрей кеудеме.

Пейілі кеткен тарайып,

Не дейін мынау пендеге?!

Жатады кейде ағалар,

Жауыз деп, тəңір-қасқырды.

Біз тойып етке, ал, олар

Қаншама тəулік аш жүрді?!

 

Көзінде үрей көшкіні,

Не деген жүдеу кескіні.

Жегені үшін ешкіні,

Көріп жүр бізден тепкіні.

Жеп кетер ме екен өзіңді,

Қалғанда жалғыз оңаша?!

Сүйектен өтер желіңді,

Соқтыра көрші қараша.

Кеудеңе сенің есіктей,

Көз жасым менің төгілер.

Құри ма екен кешікпей,

Ұлыған Айға бөрілер.

Ойларға теңіз шомасың,

Оңаша қалған сəттерде.

Төгілмей жүрген сол жасым,

Төгіліп кетті дəптерге.

Шыдамым өлді расында,

Ауылға кетем, құрысын.

Көкемнің болып қасында,

Жеңілдетейін жұмысын.

Оқыдым жетер біраз жыл,

Алдым ғой білім көп-көрім.

Ұл болсам егер шын алғыр,

Оқиын өмір мектебін.

Түнеріп тұрған көк аспан,

Өмірім саған ұнай ма?

Əтештей жемге таласқан,

Таластық өзен, мұнайға.

Даламның төсін тілгілеп,

Каналдар қаздық су ағар.

Теңізден келген түнгі леп,

Сен-дағы мендей жылап ал.

Тарих, өзің баға бер,

Бөлінген бөрі топтарға.

Төзеді қанша Ана-Жер,

Төбеден жауған оқтарға?!

Табиғат əбден шаршады,

Ұлиды тауға бөрілер.

Анамыз болған Жер шары,

Анамдай менің көз ілер.

Кебінге жырымды орама,

Есіңе салар Құдайды!

Өзіңді туған Жер-Ана,

Өзіңнен ғұмыр сұрайды!

1988-2012 ж.ж. Жеменей Алматы.

 

 

КӨКЕ

Менің көкем қап-қара шұбар адам,

Қарамасын, қарауға шыдамаған...

Шұбарлығы болса да ұнамаған,

Болған анам жиырма жыл сыңар оған.

Менің көкем шұп-шұбар, қап-қара адам,

Ала жібін ешкімнің аттамаған.

Өз көкемді өзім-ақ мақтап алам,

Сырты қара, жүрегі аппақ адам.

Шұбар гүлі шешектің шыққан бетке,

Тамшылардың табы ғой бұққан бетте.

Қара деген ұғым ғой қасиетті,

Қара дағы бетімнің жусам кетпе.

Қара бояу, қара өлең- бай ұғымы,

Қара таулар қазақтың жайылымы.

Көкеміздің бетінде мың шұңқыр бар,

Біреуінің осы өлең қайырымы.

Abai.kz

0 пікір