Сенбі, 20 Сәуір 2024
Дін мен тін 1796 9 пікір 13 Желтоқсан, 2022 сағат 12:42

Құдайдан қорқып, пендеден ұялып...

Қаншама заман өткенімен, адамдық қасиет, халыққа адал қызмет, имандылық жолын елге үлгі қылу ұстанымы адамзаттың жаратылысынан белең алып келе жатқанымен, еріксіз мойындайтынымыз баршаға аян.

Осындай қасиетті ұстанымдардың ел ішінде кең тарағаны - сопылық жолы болып келеді. Ол жолды дұрыс ұстанып, өзін тәрбиелей отырып, білген-түйгені мен оқығанын халықтың ортақ мәселесін шешу жолында орынды пайдаланып, тарихта аты қалған кісілер ел аузында.

Сол жолды өз дәрежесінде дұрыс ұстай алмай, өзінен бөлек қоғамға аталған жолды жат қылып, өзі терең түсінбеген, өздерінің сол жолға терең мағына бермей тұрып қоғамдық ортаға насихаттағысы келетін, айтып жеткізгісі келетін діни белсенділер қазіргі уақытта жетерлік.

Дін – ғылым, дін – идеология. Әрбір теріс түсіндірілген идеология, адамның санасын улайтыны, қазіргі қоғамда айтпаса да көрінетін жағдайға жеткенін көзбен көріп, құлақпен жиі еститін кейіпке ендік. Көпшілікте көп кездесетін сопылық жолына, сопылық сөзіне тоқтала кеткеніміз жөн болар.

Сопылық – Суф деген сөз, үлпілдек, нәзік деген сөзден шығады. Мұхамед Пайғамбарымыздың заманында елдің азып тозуы, ел ішіндегі берекесіздік, мәдениетсіздіктің деңгейі адами қабілеттің азғындауының себептері халықтың топ-топқа бөлініп, мағынасыз, жеке мақсаттан аспайтын тобырлардың, қатыгездіктің белгілері ел ішінде үйреншікті қалыпқа айналғанын өмірбаянымен, тарихымен танысып білетініміз әлемге жасырын емес.

Пайғамбарымызға Жаратушы Құдайдан құлдарының жер бетінде бейбіт те еркін, иманды, мәдениетті, өркениетті ел болып өмір сүруіне Құран түсіріп, мейіріммен қоғам құруына бұйыруының өзі адамзатқа ортақ болғанын қаперге алғанымыз жөн.

Пайғамбарымыздың тарихына мән беретін болсақ, ол кісі мешітте отырып ел басқарып, халыққа адал да, таза қызмет көрсеткенін аңғару қиын емес. Мешіт – негізі ол заманда халыққа жол көрсететін, елдің ішкі және сыртқы мәселелерін, халыққа қызмет көрсетудегі маңызды жұмыстарын дұрыс та, әділ шешімін тауып отыратын жер болғанын, оны елдің бірлігіне, бейбіт өмір сүруіне, халыққа қызмет көрсеткен уақытта бұл дүниенің әділдігі ақырғы дүниеде әрбір пенденің алдынан шығып, екі дүниенің есебіне келетін шешімдермен есептелетін басқару жұмысының жүйесін ұйымдастырып атқарған.

Халыққа, елдің мәдениетті дамуына, экономикасының, тұрғындардың бейбітте тыныш өмір сүруін қамтамасыз ету жолындағы адал қызметте сопылық жолының рөліне, атқарған жұмысының маңыздылығына мән беріп қарайтын болсақ: Пайғамбарымыз ел басқарған мешіттің ауласында құрма ағашы болған, оның көлеңкесінде сәкі (тапшан), яғни халық отырып демалатын орын болған. Сол жерде елге танымал қарапайым халықтың ішінен шыққан сопылар отырып, қажет болған жағдайда түнеп жатып, бала-шағасы мен үйінен бөлек, елдің, халықтың дамуына, өркениетті елдің қатарына қосылуына байланысты өзекті мәселелердің мән-жәйін, заңдардың осал тұстарын зерттеп, дұрыс шешім қабылдауына, Пайғамбарымызбен келіп ақылдасып, ой түрткілерін ұсынып, айтарлықтай елге үлкен үлесін қосып еңбек ететін болған. Ол еңбекті таза да, адал, қара қылды қақ жаратын шешімдерді қабылдауға, оған үлес қосудағы жұмысты жасап отыру үшін ниетінің, мақсатының орнықты тазалығына ерекше мән беріп, өздерін жоғары мәдениеттіліктегі қалыптағы ұстанымда отыруын қадағалайтын болған. Сопылардың осындай адал еңбектерін бағалап отырған Пайғамбарымыз елдің зекетінен (салығынан) оларға қаражат бөліп қамтамасыз етіп отырған, ал, жұма күндері жиналғандардың ішіндегі ауқатты азаматтарға өтініш айтып сопыларға берген көмектері тарихта  көрсетілгенін ешкім жоққа шығара қоймас.

Әрине, сопылық жолын ұстанамыз, сол жолда жүреміз дегендер де осы заманымызда ел ішінде көп кездесетіні ықтимал. Өкінішке орай, қазақ елінің терме жырауларындағы түйін сөздерде; «біреулер мен жақсымын дегенменен, жақсылығы өз басынан артылмаған» - деп бекерге жырламас еді.

Жеке басына, жеке мақсатынан аса алмай жүрген, сопылықтың мағынасы мен мақсатын елдік, қоғамдық деңгейінде түсінбегендіктен, өз беттерінше топ құрып пайдасы өз басынан артылмай жүргендерді заманында Қожа Ахмет Яссауи, Ыбырай, Абай, Шәкәрім, Тұрмағанбет, Мағжан және де сондай данышпан ата-бабаларымыз ашық сынауы арқылы өздеріне қарсы қойып алғандары арқылы өздері зәбір көргенін бірі білсе, бірі білмеуі мүмкін.

Ендігі жерде ел болып, халық болып әлемнің дамыған өркениетті елдердің қатарына ілесеміз десек, ойып тұрып өз орнымызды табамыз десек ортақ мақсат қойып еліміздің бейбіт сенімге жетелейтін бағытымызды айқындап алып жұмыс жасауымыз әрбір отанды сүйетін адамның міндеті деп қабылдауымыз нық сенімге байланысты.

Сопылықтың міндетін, атқаратын қызметін қазіргі заман талабын ескеріп ел билеген, елдің атынан өркендеп дамуына, халықтың бейбіт құқығының қорғалуына өте әділ шешім қабылдап отырған (Президент, Министр, Парламет, Сенат т.с.б)  кісілер, Абай атамыз айтқандай: «Құдайдан қорқып, пендеден ұялып», қызметін адал атқаратын болса, әлем бойынша өркениетті елдердің қатарынан көрінетінімізге сенім мол болар еді.

Сопылық жолды Қожа Ахмет Яссауи бабамыз да жоғары деңгейде көрсетіп, ел басқарған Пайғамбарымыздың дәрежесіндегі заманына келтіріп, халыққа қызмет билігін атқарғандарға терең мағынада ұсына білді.

Өкінішке орай, сол заманда дінді тар шеңберде қабылдаған, топтың көлеміндегі түсінген діни адамдардың ел билеушілерге ықпалы үстем болғандықтан, мақсатына жетіп түсіндірме жұмыстарын іске асыру жолдары жабылып отырған.

Егерде еліміз рухани да, мәдени де, ғылыми да техникалық, саяси да Отан сүйгіштікпен дамуын қолға алатын болсақ, биліктің тұтқасын ұстағандар, халыққа адал да таза қызметін атқарған уақытта жете алатынымыз анық.

Егер де халқымызға адал қызметтердің шешімін қабылдайтын жанашыр жандар көбейіп, олардың жұмысының нәтижесі мен жемісін ел көретін жағдайға жететін болса, Құран кәрімнің; «Әй адамзат қауымы мен жын қауымы, сендерге екі дүниеде бақытты болу үшін Құран түсірдік, Жаратушыларыңа қандай кінә арта аласыңдар» - деген аяты жанданып, тұжырымды түрде мойнұсынып, орындалғандай кейіпке келер еді.

Заманымызға лайықты Жаратушының алдындағы халық үшін атқаратын  міндетін орындап, бейбіт өмірге деген сеніммен(дін) елге адал да, таза қызметі жасаған адам ерекшелетіні белгілі. Осы ұстаныммен қабылдаған дін (сенім) ғана орнығып әлемдік деңгейде дами алады және елге де, халыққа да, әлемге де пайдасын(сауабын) әкелетіні кәміл сенімнен тұрады. Бұл мақсатты бабаларымыз; «Сопылық деген ауыр жол, ұстансаң оны тәуір жол» - деп бұл жолдың жауапкершілігінің ауыр екенін, салмақты жол екенін, ерекше жоғары шешім қабылдайтын кісінің міндетін меңзеген.

Жаратушының сөзі – бүкіл адамзатқа ортақ міндеттер жүктеп, оның сұрауы да ортақ екенін ұмытпайық ағайын.

Маратбек Нұржанов,

«Ақиқат нұры» қоғамдық бірлестігінің төрағасы,

Қызылорда қаласы

Abai.kz

9 пікір