Жұма, 19 Сәуір 2024
Билік 2659 22 пікір 12 Желтоқсан, 2022 сағат 14:02

Тоқаев: Үкімет іске қауқарсыз болып шықты

Бүгін Президенттің қатысуымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. Оған өңір әкімдері мен Үкімет мүшелері қатысты. Үкімет басшысы Әлихан Смайылов есеп берді. Жиында сөз болған басты мәселелер қандай? Біз шолып шықтық.

Мемлекет басшысы Қазақстанның соңғы 14 жылда болмаған инфляцияға ұшырағанын айтты.

«Бүгін еліміздің биылғы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне тоқталамыз. Алда тұрған басты міндеттерді айқындаймыз. Қордаланған мәселелер аз емес. 11 айда экономиканың өсімі 4,6 пайыздан 2,7 пайызға дейін төмендеді. Инфляция соңғы 14 жылда болмаған деңгейге жетті. Қазір бұл көрсеткіш – 19,6 пайыз. Мұндай ахуал жұрттың табысына және әл-ауқатына кері әсерін тигізіп отыр», - деді Тоқаев.

Президент енді әр лауазымды қызметте отырғандардың іс-әрекеті есеп-қисаппен емес, нақты нәтижемен өлшенетінін атап өтті.

Есеп – қағазбен емес, іспен өлшенеді!

«Жуырда өткен Президент сайлауы – бұл халықтың бізге артқан зор сенімі және қолдауы. Азаматтарымыз нақты оң өзгерістер бүгін және қазір болады деп үміттеніп отыр. Осы үміт пен сенімді ақтау – алдымызда тұрған ең басты міндет әрі қастерлі парыз. Сондықтан, сайлау алдындағы бағдарламаны жүзеге асыру үшін арнайы жоспар қабылданды. Барлық іс-шара уақтылы және толық орындалуы керек. Әрбір министрдің, әкімнің жұмысы статистикамен, есеп-қисаппен емес, нақты нәтижемен өлшенетін болады», - деді ол.

Үкіметтің кеңейтілген отырысында Тоқаев Екібастұздағы апаттың себебі анықталып, жауаптылардың жазасыз қалмайтынын ескертті. Президент Еліміздегі кейінгі уақытта жылу электр орталықтарында апаттың жиілеп кетуіне қатысты әкімдер мен энергетика министрлігін сынға алды.

Екібастұздағыдай апат енді қайталанбасын!

«Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласындағы мәселелерді шешу қажет. Негізі, бұл – ауыл мен қаланың ауқымында шешіле беретін тұрмыстық мәселе. Бірақ біз оны Үкіметтің деңгейінде қарауға мәжбүрміз. Өйткені осы саладағы төтенше оқиғалар тым көп болып кетті. Петропавлда, Теміртауда, Степногорскіде, Балқашта, Қарағандыда, Ақтөбеде және Риддерде апаттар болды. Бірақ соның ешқайсысынан әкімдер мен министрлер, ең бастысы, меншік иелері тиісті қорытынды жасаған жоқ. Ал жақында Екібастұзда болған төтенше жағдай бұл саладағы ахуалдың қаншалықты күрделі екенін айқын көрсетті.

Жауапты қызметкерлер қысты қалыпты режимде, аман-есен өткіземіз деп есеп берген. Бірақ іс жүзінде жағдайдың қалай болып жатқанын көріп отырсыздар. Павлодар облысының әкімі өз өтінішімен қызметінен босатылды. Ал құзырлы мемлекеттік орган – Энергетика министрлігінің ешқандай әрекетін көрген жоқпыз, бұл мекеме апатқа селқос қарап, бейтараптық танытты. Сондай-ақ төтенше жағдай қызметтерінің жұмысы дұрыс жолға қойылмаған. Олар баяу қимылдап, салғырттық танытты», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы тозығы жеткен Екібастұз жылу электр орталығының 50 пайызын мемлекет меншігіне алып, кәсіпорын иесі ЖЭО-ны күрделі жөндеуден өткізетінін айтты. Ал мемлекет меншігіндегі энергия нысандары бюджет қаражаты есебінен жөнделуі тиіс.

«Жылу-электр орталығы мен желілердің меншік иесіне жеке тоқталығым келеді. Тозу көрсеткіші 90 пайыздан асатын Екібастұз жылу-электр орталығын 1 теңге сату ұсынысы сараптаманы қажет етеді. Бұл нысанға тәуелсіз аудит жүргізу керек. Әбден тозған орталықты мемлекет тиімді басқара ала ма, ең алдымен, осыны зерттеу керек. Кәсіпорынның 50 пайызын алып, меншік иесіне Жылу электр орталығын күрделі жөндеуден өткізуді тапсырған жөн», - деді Мемлекет басшысы.

Апаттан болған шығынның жартысын Клебанов төлейді

Президенттің сөзінше, апаттан зардап шеккен Екібастұз тұрғындарынын шығынын мемлекет пен кәсіпорын иесі бөліп төлейтін болды.

«Екібастұз тұрғындарының шығындарын өтеуге кететін шығындар меншік иесі мен республикалық бюджет арасында бөлінуі керек. Үкіметке кейінгі жылдары иесі ешқандай әрекет жасамаған, жағдайы шетін әрбір нысанның жағдайын кешенді қарап, әрқайсысы бойынша жеке шешім қабылдау керек. Дәл осындай жұмысты жергілікті деңгейде өңір әкімдері атқарсын», - деді Президент.

Сондай-ақ мемлекет басшысы Үкіметке жағдайы сын көтермейтін жылу желілерінің мәселесін 3 жылда шешуді тапсырды. Оған 528 млрд теңге қаржы бөлінбек.

«Бүгінде 1,5 мың шақырымнан астам жылу желісі шұғыл арада ауыстыруды және жөндеуді қажет етеді. Олардың орташа тозуы 75 пайыздан асып түседі. Ал Арқалық, Риддер және Шемонаиха қалаларындағы желілер толықтай тозған. Үкіметке 3 жылдың ішінде аталған мәселені шешу керек. Комиссия баяндамасына сәйкес, сөз 528 млрд теңге жайында болып отыр. Бұл қаражатты бюджеттік кредиттеу және тарифтік саясат арқылы қарастыру қажет», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент жеке меншікке өтіп кеткен активтерді қайтаруға баса назар аударылып отырғанын айтты.

«Қазір жеке меншікке заңсыз өтіп кеткен активтерді қайтаруға баса мән беріліп отыр. Бірақ кейбір мәселелер назардан тыс қалып барады. Экономикаға мемлекеттің қатысуын азайту, монополистерді өзіне жанама қатысы бар нарықтың қызметіне араластырмау – өте маңызды жұмыс. Әкімшілік кедергілерді азайтып, нарыққа баға белгілеу арқылы қысым жасауды тоқтату керек», - деді Президент.

Үкіметке Бас прокуратурамен бірлесіп, заңсыз берілген кен орындарын мемлекет меншігіне қайтару үшін тиісті шаралар қабылдауды тапсырды.

«Сосын бұл жерлер адал жұмыс істейтін инвесторларға ұсынылады. Оларға тиісті міндеттемелер жүктеледі. Соңғы кезде геология саласындағы реформаларды созбалаңға салуға әрекет жасалып жатқанын көріп отырмыз. Баяғы кеңестік жүйеге қайта оралып, жер қойнауын «шағын топтың ғана игілігіне» айналдырғысы келетіндер бар. Қазақстанның жер қойнауы инвесторлар үшін ашық болуы керек. Сондықтан Үкімет бұл салада тәртіп орнатуға тиіс», - деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ Бас прокуратураның жанынан құрылған арнайы комиссия заңсыз жолмен алынған және сыртқа шығарылған активтерді мемлекетке қайтарумен шұғылданып жатқанын еске сала кетті.

Тоқаев келесі жылы кадрлық саясатта үлкен өзгерістер болатынын айтты. Вице-министр және әкім орынбасары лауазымдарына «әке-көкемен емес» нағыз кәсіби мамандар тағайындалуы тиіс екенін баса айтты.

«Келесі жылы біз орталықта және жергілікті жерде ауқымды кадрлық өзгеріс жасаймыз. Бастықтардың үнемі бүйрегі бұрып тұратын адамдарымен қоштасуына тура келеді. Олардың орнын жаңа кадрлар басады. Қазақстанға тиімді жұмыс істейтін технократтар қажет.

Министрлер және әкімдер өзіне қолайлы адамдарды ғана қызметке тағайындайтын әдетті доғаруға тиіс. Министрліктердің өзінде «керек адамын» тағайындау үшін заң талаптарын аттап өтетін немесе қалауынша өзгертіп алатын жағдайлар бар. Бұл әрекеттер барлық жерде кездеседі. Жер инспекциясы, құқық қорғау саласы, ревизиялық комиссия және басқа да бақылау органдары жергілікті биліктің ықпалында болмауы керек. Әділ бәсеке болмаса, кәсіби мамандар мемлекеттік қызметке қызықпайды», - деді президент.

Үкімет тиімді жұмыс істей алмады!

Қасым-Жомарт Тоқаев биыл Үкіметтің тиімді жұмыс жүргізе алмағанын айтты.

«Сөзімнің соңында тағы бір маңызды мәселеге тоқталғым келеді. Ашығын айтуымыз керек, Үкімет биыл еліміз тап болған сын-қатерлерге қарсы тиімді жұмыс істей алмады. Қойылған міндеттер толыққанды орындалған жоқ. Ал кейбір бағыттар бойынша мүлде жұмыс жасалған жоқ.

Мысалы, әбден ескірген, қажеті жоқ нормативтік актілерді жою керек екені осыған дейін де бірнеше рет айтылды, Үкіметке тиісті тапсырмалар да берілді. Соның кесірінен министрлер және мекеме басшылары өздігінен әрекет етіп, жедел шешім қабылдай алмайды. Бітпейтін жиналыстарға, құжатты келісу жұмысына өте көп уақыт кетеді. Министрлік және ұлттық компания басшылары нақты шешім қабылдауға келгенде, өздеріне жауапкершілік алудан бастарын алып қашады.

Ал тұтас елдің, халықтың тағдыры сол маңызды шешімге байланысты болып жататыны, өкінішке қарай, ескерілмейді. Үкімет пен Президент Әкімшілігі арасындағы өзара іс-қимыл дұрыс жолға қойылмаған.

Жұртшылық Үкіметтің де, барлық деңгейдегі әкімдердің де жұмысына қатысты арыз-шағым айтуда. Халықтың сөзінің жаны бар. Өйткені шын мәнінде, күн көру қиындап барады, баға шарықтап өсуде.

Қаладағы және ауылдағы тұрғындардың өмірі үшін аса маңызды инфрақұрылымның тозығы жеткен, тіпті, мүшкіл халде десек те артық емес. Мұндай кезде қол қусырып, жайбарақат отыруға болмайды. Осындай жағдай бәрімізге қауіп төндіретіні анық. Оның үстіне, келесі жыл қазіргіден де күрделі, қиын болуы әбден мүмкін», - деді мелекет басшысы.

Президент Тоқаев Үкімет басшысы Әлихан Смаиыловқа Үкімет құрамын қайта қарау туралы тапсырма қойды.

«Мен премьер-министр Әлихан Смаиыловтан шыншыл жауап естігім келеді: Дәл осындай Үкімет құрамымен Жңа Жылға қадам басу қаншалықты дұрыс? Үкімет Президенттің сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыруға қауқарлы ма? Үкімет ішкі және сыртқы экономикалық қауіптерді еңсеруге қабілетті ме? Меніңше, бұл сұрақты Президент, Парламент депутаттарымен ақылдасып, шешу керек», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Abai.kz

22 пікір