Жұма, 29 Наурыз 2024
Жаңалықтар 3553 0 пікір 27 Ақпан, 2013 сағат 10:23

Өнер адамдарының елден кетуі сәнге айналып бара ма?

 

Күнделікті күйбең тірлік бәрібір пендені айтқанымен жүргізіп, айдағанына көндіреді-ау... Тіпті жер-жаһанды дүр сілкінткен жандар, мейлі әнші, мейлі киножұлдыз, мейлі талантымен тас жарған тағы біреу, көзден кетсе болғаны, көңілден де өше бастайтыны өтірік емес. Редакциямызға таяуда біреу хабар­ласты, салғаннан-ақ «осы Аянат қайда жүр өзі?» деп бастады әңгімесін. Әй-шай жоқ сөзді осылай бастаған соң, біз ойланып үлгермей қалдық «Аянат... кімді айтып тұр?» деп тосырқай қалдық. Содан соң барып біртіндеп көңіл түкпірінде көмескіленіп бара жатқан «Көшпенділер» жадымызда қайта жаңғырды.

 

 

Күнделікті күйбең тірлік бәрібір пендені айтқанымен жүргізіп, айдағанына көндіреді-ау... Тіпті жер-жаһанды дүр сілкінткен жандар, мейлі әнші, мейлі киножұлдыз, мейлі талантымен тас жарған тағы біреу, көзден кетсе болғаны, көңілден де өше бастайтыны өтірік емес. Редакциямызға таяуда біреу хабар­ласты, салғаннан-ақ «осы Аянат қайда жүр өзі?» деп бастады әңгімесін. Әй-шай жоқ сөзді осылай бастаған соң, біз ойланып үлгермей қалдық «Аянат... кімді айтып тұр?» деп тосырқай қалдық. Содан соң барып біртіндеп көңіл түкпірінде көмескіленіп бара жатқан «Көшпенділер» жадымызда қайта жаңғырды.

 

Есмағанбет пен Мұхаммедті елде қалдырып, Кісенбай мен Керей шетел асып кетті

Су түбінде жатқан тасты жел толқытса шығатынын кезінде Асандай атамыз айтып кеткендей, бір ғана жайт, кейде басқа да көп­теген дүниеге қозғау салып кетеді. Аянатты іздеген кездейсоқ бір қоңыраудан кейін біз жалғыз ол жайлы емес, жалпы қазір көрінбей кеткен «жұлдыздар» жайлы ойланып кеттік. Қазақ таудай үміт артқан тарихи туынды «Көшпенділердің» басты рөлін жүздеген, мыңдаған дәмелі қыздар­дың арасынан суырып алып кеткен Аянат­тың бағы емей немене? «Нағыз қазақ қы­зына тән бояуын жоғалтып алмаған көркі үшін алдық» деп режиссерлер түсініктеме берген еді, «фильмнің басты кейіпкері ретінде өзіне артылған жауапкершілік жү­гін сезіне алмаған, неге басқа біреуді таң­да­мады?» деген көрермен сынына. Оған дейін Аянат Есмағамбетова Сатыпалды На­рым­бетовтің «Қыз жылаған» атты тра­гедиялық фильмінде көрінгені есте болар. Ол кезде небары 14 жаста болса, араға екі жыл салып Аянат қыз 16 жасында «Көш­пен­ділерге», ал 20-ға толғанда «Ұлжан» атты тағы бір кинокартинаға түсіп үлгерген. Оның режиссері - «Оскар» сыйлығының иегері Фолькер Шлиндорф. Қысқаша айт­қан­да, Аянаттың 20 жасына дейін тындыр­ған ісі - осы, яғни айтуға тұрарлықтай. Алай­да қазақ көрерменін дәл қазір «Аянат қайда?» деген сұрақ мазалап жүрсе керек. Сонымен сұрау салып көрсек, қызымыз шекара асып кеткеніне көз жеткіздік. Атап айтқанда, АҚШ-тың белді бір қаласы Нью Йорк киномектебінде оқып жүргенге ұқ­сай­ды. Айтпақшы, Аянатты қазір Есмағам­бето­ва деген тегімен іздесеңіз таппайсыз, се­бебі ол өз тегін Кісенбай деп өзгертіп жібер­ген.

Тегі дегеннен шығады, осы біздің қазақ өнерпаздары шетел асса неге аты-жөнін өзгер­теді екен? Ең бірінші осы үрдісті жез­таңдай әншіміз Майра Мұхамедқызы бас­тап еді. Еуропаның шақыртуымен ән салу­ға кеткен, кетісімен Керей болып шыға келді. «Онысы несі, әкесінің атынан руы артық боп кетті ме, тіпті қазақ болғаннан гөрі керей болғанды артық санады ма?» деп үдере көтерілген елдің сұрағына әнші­нің берген жауабынан аңғарғанымыз, еуро­палықтар Майра Мұхаммед деп ай­туға қиынсынады-мыс. Бұл - бір, екін­шіден, Мұхаммед деген тегінен ел шошы­на­ды-мыс. Әсіресе, 11 қыркүйектегі оқи­­ғадан соң дегенге саяды. Бұл, негізінен, қисынсыздау, себебі Пайғамбарымыз (с.ғ.с) Мұхаммедтің есімі еуропалықтарға жат емес, тіпті дәл сондай есімді қара нәсілді боксшы Касиус Клей исламды қабылдағаннан кейін өзіне есім етіп алып, бүгінде «Мұхаммед Әли» атанғанынан күллі ғалам хабардар.

Із-түзсіз кеткен бір әнші, бір биші...

Қазақта әлі клип онша жоқ кезде «Звез­дные ночи» деген әнінің бейнеклипімен жарқ етіп экранға шыға келген Рахат Тұр­лы­хановтың жасы да сонда 15-те болатын. Артын­ша-ақ бірден «Асыл әжем» деп қазақ­шаға көшкен Рахат «Ботагөз», «Са­ғын­дым, аяулым сені» секілді бірнеше хит әндерді нөсерше төпелетті де, көп ұзамай көкжиектен жоғалды. Шыны керек, көрер­мен оны жақсы көріп үлгерген, сондықтан өң мен түстің арасында аң-таң болды да қалды. Бірақ Рахат жай жоқ болып кетпеп еді, Ұлыбритания астанасы Лондонға оқуға түскенін естіп, «жөн» дестік.

Осылайша, орнын сипатып кеткен бір тұлға - биші Шұғыла. Қазақ сахнасына мың бұралған биімен келгенде жарқ етіп таң атқандай болып еді. Билегенде тура буын-буыны былқылдайтын туматалантты көршілес Қытайда жүрген жерінен еліне арнайы алдырған Елбасымыздың өзі болатын. Ал бүгінде сол Шұғыла қайда? Би өнерін шынымен тастап кеткені ме? Неге бұлай дейміз, себебі бір-екі рет ән салып, клипімен шыққанын көргеніміз бар, бірақ тағы да басқа атпен. Анық-қанығын өзінен сұ­райын десек, елден сұрап әзер қол жеткізген нөмір­ге қоңырау шалсаңыз, «бұл нөмір уа­қытша сөндірулі, кейінірек хабар­ла­сыңыз» деген оператор даусы өрекпіген көңіліңізді су сепкендей басып тастайды. Ал ел Шұ­ғы­ласын сағынып жүр...

Айтпақшы, осыдан біршама жыл бұ­рын қазақтың жап-жас балерині Дастан Шы­ны­баевтың шетелге сап-сау кетіп, сүйегі оралғаны есіңізде болар. Қыршын кет­кен қайран жасты сонда біріміз іздедік пе? «Қайда, қандай халде жүр, аш па, тоқ па?» деп біріміз ойладық па? Кезінде із­демеген соң, артынан өкінгенмен не пай­да? Қысқасы, бір Аянаттан басталған әңгі­ме, талай шерді толқытып, біраз жайтты қоз­ғап кетті. Әрине, іздер болса, өнерде де ат­тары мұнда аталмаған талай тұлғалары­мыз бар, басқа саланы айтпағанның өзін­де. Бір ауыз сөзбен түйіндегенде, айта­ры­мыз - көзден кетсе, көңілден де кетіре салмай, өз перзенттерімізді іздей жүрейік те. «Балам дейтін жұрт болмаса, жұртым дейтін бала қайдан болсын» деп Ахаң, Ахмет Байтұрсынов текке ескертіп кеткен жоқ қой?!.

Тұрсыновты не түлен түртті?

Биылғы жыл «Шал» секілді кесек туын­ды түсіріп, қазақтың қара шалын кайта ті­рілт­кен, көрерменнің көзіне жас алдырған кинорежиссер Ермек Тұрсынов кенет елді селт еткізер мәлімдеме жасамасы бар ма? Ол не мәлімдеме дерсіз? «Елден кетем!» деген. Әрине, дәл қазір емес, зейнет жасы­на жеткенде. Неге? Себеп, «Өзінің қартта­рына құрмет көрсете алмайтын мұндай елді мен де құрметтей алмаймын. Сондық­тан зейнет жасына жетісімен бұл елден ке­тем» деді ол «Мегаполистің» қойған сұра­ғы­на берген жауабында. Бүгінде 51-ге кел­ген Тұрсынов, шынында «кетем» деп шеш­се, онда оның бұл елді тастап кетуіне көп қалған жоқ. Бірақ шынында кете ме? Кү­мән­дануымызға себеп Ермек Тұрсынов­тың өз сөзі. Газетімізге берген сұхбатынан үзінді келтірсек: « - Сіз қаншама жыл шет­ел­де, атап айтқанда Сирия, Йор­дания секілді ислам елдерінде өмір сүрдіңіз. Шетте өмір сүрген адам елдегі адамнан гөрі елін, Отанын әлдеқайда кеңірек танитыны сөзсіз. Сол жат елде өмір сүрген кездеріңізде, қазақ елі, Қазақстан жайлы не ой түйдіңіз? Біздің өзге елдерден қай қырымыз артық, қай жағынан бізге қарныңыз ашты? Елге қайта келген соң қандай сезімде болдыңыз? Қайтадан шекара асып кеткіңіз келе ме, әлде қандай да болса осы елде сүйегіңіздің қалғанын қалай­сыз ба?

- Ешқайда кетпеймін, кетпек те емеспін. Бұл - менің жерім, мен өз үйімде жүрмін. Есімде, АҚШ-та өмір сүрген бір жылымда өң мен түс арасындағыдай күй кештім. Араладым, таныстым, оқу-шоқу­мен айналыстым, Ал одан соң... одан соң туған топырақты аңсай бастадым... Өзіме жайлы жұмыс, жақсы өмір ұсынған жат мем­лекетте тып-тыныш жата беруіме болар еді. Киноны ол жақта да түсіруге бола­ды. Төңкеріс жасаймын деген де ойым жоқ. Біреуге өз дүниетанымымды таңып, үйреткім келмейді. Тек өз күмәнімді ортаға саламын. Тек... киномызды қазір бәрі езіп жатыр... Шиеленіскен шаруа же­тер­лік. Алайда бір нәрсені ашып айта ала­мын. Елдің бәрі шетелге қашып жатқанда менің шетелден оралуымның да себебі сон­да...»

Біз Тұрсыновтың осы сөзіне сенеміз, сондықтан оның «кетем» дегенін өзі үшін емес, қарттардың қамы үшін айтқанын се­зіп тұрмыз, яғни осы сөзі арқылы ол ел тізгінін ұстағандардан бастап, қарапайым тұрғындарына дейін қарттарға деген құрметін оятуды көздеп отыр. Бұл - бір, екіншіден, өз қарттығын да ойлап отыр­ға­ны болар: «тұла бойда күшім барда керек­пін, ал ертең сол күшімді сарқып берген соң, керек болмай қалсам, мұндай елден не қайран деп?» Ал бұл жалғыз Ермектің емес, бәріміздің жанымызды ауыртып, түн ұйқымызды бөлетін ой болуға тиіс.

Жалпы, бір емес, бірнеше жылдан бері үздіксіз жүзеге асып жатқан қазақ өнерпаз­да­рының шетелге кетіп қалуының сырын түсі­не қою қиын. Астарына үңілгіміз келді. Қазақта «Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар?» деген сөз барын білеміз. Ен­деше елде бәрі жақсы болса, өнерлілері­міз неге елден кетеді? Кімге, неге өкпе­лей­ді? Осы сұрақты бірнеше жылдан бері елі­міз­де төбе көрсетпей кеткен кинорежиссер Ардақ Әмірқұловқа қойып та көріп едік, бір кездескенде. («Алаш айнасы, 24 қара­ша, 2012 жыл»)

Ардақ Әмірқұлов, кинорежиссер:

- Халқымыз аз, «кішкентай» ғана ел­міз» дейсіз. Онда, Сіз, үлкен тұлға бол­саңыз, неге еліңізде тұрмайсыз? Неге біздің көп­теген өнер адамдарымыз, тұлғалары­мыз мұнда ел-жұрты рухани, мәдени жағынан қиын жағдайда тұрғанда, шетелге кетіп, сонда шалқып өмір сүреді? Кетпес бұрын неге ең болмағанда жоғары жаққа еліміздің өнер жағдайын айтып, ашық хат жазбайды? Әлде елге деген өкпесін солай үндемей кету арқылы білдіргілері келе ме?

- Өзгелердың неге кетіп жатқанын түбе­гейлі түсіндіру мүмкін емес, себебі әр­кім­нің өз себебі бар. Қазір мен олар жайлы бір­деңе дер болсам, сыртынан сыбағандық болады. Бірақ білетінім, жалпыға ортақ проблема - ақша. Бір жаманы, бізде елде жүрсең сыйың болмайды да, елден кетіп, содан соң сыртта жүріп жақсы туынды жасасаң, сосын барып өзіміздікілер саған жақсы ақша ұсынып, шақырады. Сондық­тан, меніңше, кетіп жатқан адамдар тек ақша үшін ғана емес, өз бойындағы дары­нын, өз мүмкіндігін көрсету үшін кетуге мәжбүр болатын сияқты. Ал өз басыма келсек, мен ешқайда кеткенім жоқ, осы Алматыда өмір сүремін. Тек, жеке бизнесі­ме байланысты шетелге жиі шығатыным болмаса. Үнсіз жатқаным, кетіп қалғаным болмаса керек. Сіздер ойлағандай, менің астамсып кеткенім жоқ. Өмірді сіздер қа­лай сүрсеңіздер, мен де солай сүремін. Бәлкім, өз алдыма жеке іс, жеке кәсібім болғанға «асып-тасып кетті» деп ойлайтын шығарсыздар? Білгілеріңіз келсе айтайын, мен негізі шығармашылықпен айналысуды армандаған адаммын. Ал енді жақсы тұрмысты, жайлы өмір кешуді аңсамайтын адам жоқ шығар. Бірақ менің қалауым тек ол ғана болған емес, қазір де өзгерген жоқ. Тек, бізде шығармашылықпен айна­лы­су өте қиын. Біріншіден, бізде бәсеке жоқ. Сондықтан қарқын да жоқ.

Автор: Мәриям ӘБСАТТАР

"Алаш айнасы" газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1569
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2265
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3559