Жұма, 29 Наурыз 2024
Әуезов тағлымдары 5592 3 пікір 8 Желтоқсан, 2022 сағат 15:22

Қорғансыздың күні

Мұхтар Әуезовтің алғашқы әңгімелеріндегі ақ түтек боран – ылғи жолындағы тіршілік атаулыны жайпап-жалмап, жып-жылмағай жұтып жіберетіндей ысқырып-үскіріп, жер-дүниені қармен бітеп-көміп, қусыра келеді. Мысалы, оның «Қыр суреттері» атты цикліне енетін «Қысқы түн» әңгімесінде мынадай жолдар бар: «Кей кейде бұның бәрін тастап, ұрысайға тығылып отырған кішкене қораның үстіне келіп, ақ түтек болып ұйытқып, ойнағын салып, жер жүзінен жоғалтпақшы болады. Суық болып үскіріп, боран болып аласұрып, әлсіз адамға қыр көрсеткендей қаһарланады». Сол әңгімеде: «...Биік тауға екпіндеп ойнап шығып, шың басында өнеріне сүйсінгендей ойнақ салып, етекке қарай ысқырып құлап жөнелгенде, долы дауыл сай бойындағы жын-перінің күйіне билегендей болады… Ағындап құтырып келіп, жартасқа соғып қорқытпақ болып, көрігін басып гуілдейді». «Жалғыз қабат терезеге екпіндеп келіп соққан қатты дауыл біресе гуілдеп шыдамсызданып, біресе ысқырып әлек салып, біресе дүрсілдетіп ат ойнатқандай болып құтырып, ауру баланы қайта-қайта шошытып оятады» деген жолдар да бар. Автор ызғарлы боранды «жандандырып», көз алдымызға елестетеді. Барлық жағдайда Боран – адамға, оның тіршілігіне «ыңғайсыз», керағар қарама-қарсы күш, күш болғанда, айбынды да, қуатты күш болып суреттеледі. Сол бейне Мұқаңның алғашқы әңгімелерінің ішінде әсіресе, «Жетімде» «адами» кейіпте келеді («Алдында тісі ақсиған, ұзын бойлы, қолында ұзын қара пышағы бар қара кісі»).

Осы тажал, аждаһа кейпіндегі Боран образының толыққанды әдеби образ дәрежесіне жетіп, шығарманың негізгі өзегіне айналған тұсы – Мұқаңның «Қорғансыздың күні» атты әңгімесі.

Әңгіме Арқалық тауының суреттемесінен басталады. Әлқисса, Арқалық тауы... «Не бауыры, не сыртында ықтыртын жоқ ысқаяқ. Арқалық жадағай, жалғыз қабат болған соң, қыс күнінде жел терісінен соқса да, оңынан соқса да паналығы жоқ, азынап тұрады...

Жыл сайын қыс басынан қарлы болып малға панасы жоқ болғандықтан, бауырын жайлаған ел малын өлтіріп, өзге ел аман отырғанда, шолақ жұттың құрығынан құтылмайтын. Сондықтан бауырын мекен қылған ел көбінесе кедей болатын... Бұл жерді мекен қылған ел... «құдайына жылап» отыра беретін»... Осы суреттердің өзі адам жанын тоңазытып, әңгіме басында-ақ оқушының ынтасын шиеленістіреді. Сұрықсыз қысқы даланың келбеті – оның бойында өлген малдың, «құдайына жылап» отыра беретін» ыққан жұрттың құпиясын жасырғанын біле түскен сайын өзгеріп, аяз боп қарыған суықтықтан қалшылдаған шарасыз «жалаңаштанғандық» сезім өрши түседі.

Әңгіменің одан әргі дамуы – Күшікбай кезеңімен байланысты. Осыған дейін бір қалыпты дамып келе жатқан оқиға бұйдасы үзіліп, осы жерде өткенге, өткенге болғанда, Күшікбай батырдың тарихына шолу жасалады. «...Дәл қара жолдың аузында, Арқалықтың бір кішілеу биігінің басында тастан үйген оба секілді жалғыз мола бар. Сол мола Күшікбай батырдікі. Кезең де сол себепті Күшікбай атымен аталған». Осындай қысқа кіріспеден кейін батырдың өмірбаянынан аздаған деректер беріледі. Әңгіме – жазушының белгілі бір эстетикалық тұтастыққа жету үшін оқиғаны, немесе оқиғалар шоғырын шығарманың өн бойына «шашыратуында». Сөйтіп, оқырман ынтасын, сезімін саналы түрде игеріп, басқарып, өзінің қорытынды ойына қатысты «жұмсап отыруында». Мұндай жағдайда, алғашқыда стихиялы, бейберекет орналасқан оқиғалардың – жазушының құпия ойына, белгілі бір эстетикалық тұжырымдамасына бағынатындығын бағдарлауға мүмкіндік туады.

Сонымен, Күшікбай батырдың өмірбаяны қысқаша беріледі де, жазушы бүгінгі шындыққа қайта оралады. Және оралған кезде оған беймәлім сыр таңып, бойында көптеген сұрапыл жұмбақтар барлығын паш етеді. Сөйтсек, бұл Күшікбай кезеңінің өз сыры бар екен: «Батырдың көп мұратына жете алмай, жас күнінде қуаты қайнап, долданып өлгендігінен, моласы тұрған биіктің бауырынан боран, ызғар айықпайтын болған екен, – деп бағанағы кәрі әңгімесін тоқтатушы еді». Осылайша алай-түлей боран дүниенің алабөтен долдануына себеп бар боп шығады. Сөйтсек, дүние «жас күнінде қуаты қайнап» өлген Күшікбайдың жырын жырлап азынап тұр екен. Содан ба... «Күні бойы тыныш болған жел Күшікбайдың бауырында ғана ызғырықтап, жаңадан жауған көбік қарды жаяу борасындатып тұр».

Мұхаң осылайша кеңістікті ширықтырып, оған әлдеқандай мән-мағына сыйғызып, «жандандырғаннан» кейін ғана «Январь айының аяқ кезі» – деп, негізгі оқиғаға көшеді. Сөйтіп, біз әңгіменің негізгі кейіпкерлерімен танысамыз. Олар – Ж.-ның болысы Ақан мен оның жолдасы Қалтай. Олар... «күні бойы тоңбай келсе де, кешке жақын күн суытыңқырап, Күшікбай бауырының ызғырығы қатайған соң тоңази бастайды». Ал Күшікбай кезеңінің сыры бізге мәлім. Әңгіме кейіпкерлерінің мінездемелері қысқа да, салқын, Мұхаң олардың ешқайсысына көп тұрақтатпайды. Енді «Божы ұстап отырған Қалтай бетін уқалап, кішкене қозғалып, Ақанға қарап: – Батыр-ау, мына Күшікбай – «мені өлтірген шешек – осы Ж. қаласы» дей ме? Немене бір емес – екі емес, ызғырықтайды да тұрады – деп күлген» кезде, алай-түлей боран әлем, ызғырықтаған әлемнің олардың да қазіргі көңіл-күйлерінің бұрауын өз арнасына бұрғандығына шүбәміз қалмайды. Бүкіл әлем – әлденеге өштенген, ызаланған, өз бойында жас өмірді тұншықтырған әлем болып елестейді; құдды оның бойымен Күшікбайдың аруағы, жаны ұшып жүрген секілді. Осы кезде суықтан қалтыраған жолаушыларға... «Күшікбай кезеңінің түбінде бір жіңішке қара сызық секілденіп Қанайдың жалғыз қорасы көрінеді». Сөйтсек, бұл «қорадан жарты шақырымдай жерде басы қожалақ болған кішкене төбешіктің үстінде томпайып жатқан бір үлкен кісінің, бір баланың бейіті» бар екен. Ал Күшікбайдың басынан соққан боран жаңадан шыққан бейітті қармен көміп, қараушының көзінен тез жасырудың қарекетін істеп жатыр. Иесінің бұл дүниеден уақыт оздырғандығын сездіретін ақырғы белгісі саналатын бейіт аз уақытта жоғалмақ, із бітпек... Кейде себелеп, сырғып өтіп жатқан ұсақ қар өзінің мейірімсіз, ырзасыз, бірақ бір куә екендігін білдіріп тұр». Иә, кеңістікті, әлемді енді «мейірімсіз, ырзасыз боран» билеген.

Ол боран енді Күшікбайдың басынан соққан боран. Ол әлем ендігі жерде тек қана Күшікбай өлімінің куәсі емес, ол сұрқия әлем сонымен қатар, томпайып жатқан бір үлкен кісінің, бір баланың бейітін бойына сыйғызған әлем. Сезімсіз, суық, ызғырық әлем, мола – әлем. Оның құдіретті екпінінің жанында, оның ышқына соққан дауылының өтінде кішігірім екі қора, не тәйірі?! Олар да... «бейіт секілді мүләйім». «Жан-жағына үйілген қар, қыс басына бір күрелмегендіктен, қораның үстіне шығып, біржолата басып алған. Аз күнде қораны көзден жоғалтуға айналған». Ақан мен Қалтай осы үйге түнемелікке тоқтайды. Аранын ашқан боранның өңешіне ендігі сәтте бүлк ете түсейін деп тұрған бұл үйдің иелері – кемпір, соқыр әйел, жас қыз Ғазиза. Олардың «қуаныш – қызығы да, үміт-қорғаны да сол суық қабырға өліктерімен бірге көмілген».

Жазушының ой ағысы тірі жандарды да өлілермен байланыстырады. Себебі сол екі бейіт – Ғазизаның әкесі Жақып пен жалғыз бауыры – Мұқаштың бейіті. Шай үстінде кемпір келген қонақтарына өз жайы, күйкі тірлігінен сыр шертеді. Оның әңгімесінен баласы мен немересінің сүзектен өлгендігін, олардың өлімінен кейінгі ағайындарының зорлығы туралы, ақыры жақын-жуықтың пұшық Мәрденге Ғазизаны бермек болған ниеттері туралы білеміз. Тағдырдың жауыздығына (баласы мен немересінің сүзектен өлгені) адамдардың жауыздығы қосылып, панасыздық, қорғансыздық дегеннің жаһандық гим¬ні ойналады. Ол гимн сырттағы, бәрін жалмап-¬жұтып, па¬насыз, «қорғансыз» әлемді ықтатпай, тепеңдетіп қуып келе жатқан Боран уілімен сабақтасып, азалы әуенге басып, әлемдік жалғыздық гимніне ұласады. Ал адамдар – соның «қақпақыл ойыншығы».

Әлқисса, кеңістік толы азалы үн, гуіл, боран, сол боран адам тағдырымен ойнап, оны қақпақыл ғып, қаңбақ қып шыр көбелек айналдырғандай... Әңгіме барысында кемпірдің де өткеніне қысқаша саяхат жасап, оның да жасында шешесі өліп, өгей шешесінің қолында жетімдіктің зардабын көргендігін білеміз. Өлім-жітім, жетімдік, сөйтсек, бұл әулеттің түп-тамырына жабысқан зобалаң екен. Ғазиза бесіктен туа сала қорғансыз, панасыз екен. Кемпір «Құдайдың менің өз басымнан, менің ұрпағымнан аяған қазасы бар ма?» деп еңірегенде, оның құдайы – өгей тағдыры екендігіне мойынсұнасың. Ал кемпір әңгімесін салқын да салғырт тыңдап отырған Ақан туралы... «жүрегін зорлықпен жұмсартайын десе де, аздан соң сезімсіз салқын қалпына қайта барып отырды» деген жазушының қолданған психологиялық штрихы – «екі көзі жамаулы кішкене терезеге гуілдеп соғып, әр жеріндегі тесігінен бу болып, кіріп тұрған» әлемдік ызғармен астасып, бұл үйдің ішін де мұздата бастағандай әсер қалдырады.

Сол ызғырық ендігі бүкіл дүниені жалмап, жұтып алатындай.

Әңгіменің ішкі ағынына беріліп, сол әуенмен жүріп отырсақ, мынаған куә боламыз: шай ішіліп, ет желініп болған соң, қонақтардың аттарына шөп салуға шыққан Ғазизаны Ақан зорлайды, қыз арына сөйтіп сызат түсіреді. Иә, осынау салқын да, ашулы дүниенің ең соңғы жып-жылы көбелек жаны тапталып, оған «қатты тоң жер, суық балшық, көрдей қап-қараңғы дүние куә болды». Манағыдан бәрі әңгіменің негізгі оқиғасына қосымша, одан бөлек өмір сүріп келген (суреттеме дәрежесінде) ақ түтек боран ендігі жерде оқиға мұрындығын өз қолына алады. Дүние кезген сол ақтүтек боран – ажал бейнесі, соның елестері. Әңгіменің аты тектен-тек «Қорғансыздың күні» деп алынбаған. Автор құдіретті де, құрығы ұзын Боран – Ажалдың алдындағы дүние-жаһанның «қорғансыздығы» туралы әңгімелейді. Бір жағы қазақ өмірінің «қорғансыздығын», сөйтіп, дүниелік, экзистенциалды  масштабта қарастырады. Жер-дүние Боран-Ажалдың құрсауында жетімдіктің зардабын шеккендігін паш етеді. Адам атаулы – күллі әлемді молаға толтырып, Күшікбайдың бейітінен ысқырып келе жатқан ақтүтек тажалдың алдында «қорғансыз», «панасыз» жетім. Әңгімелердегі кеңістік тұйықталған вакуум секілді. Жер-дүние Өлім деген тұйыққа тіреліп, ажал құрсауынан шығар тесік таба алмай қымтырылулы. Адам осы тұйыққа туа сала тасталған, одан шығар-шықпасы екіталай.

Әлем және жалғыздық. Дүние және жетімдік. Кеңістік және қорғансыздық. Тағдырдың ақтүтек боранының алдындағы тұлдай жалаңаш Адам, «қорғансыз» адам. М. Әуезов адам жалғыздығының қасіретті трагедиясын осылайша суреттейді. Қазақ даласына небір алпауыт, алмағайып заман төніп келе жатқандығын осындай образ, сурет арқылы кескіндейді. Интуитивті тұрғыда астан-кестен зұлмат құбылыстарды өзімен бірге алып келе жатқан жаңа Уақыт, төнген сұрапыл замананың сұрқын осылай бейнелейді.

Алайда Әуезовтің әңгімесінің шарықтау шегі – Ғазизаның өз тағдырына, яки жалмап, жұтуға айналған ажалға қар¬сылығынан басталады. Әңгіменің өн бойында елес, көркемдік бейне ретінде өмір сүрген өлім енді қарсы келген, қасарысқан ақиқатқа айналады. «...Бірталай отырған соң, ептеп есі кіре бастағандай болды. Бірақ есі кірген сайын ойына келген нәрсе өзгеше суық түрде. Әуелі әкесі өлгеннен бергі басына түскен ауыр хал түгелімен көз алдына тез елестеп өтті. Ақырында соқыр болып, мүгедектеніп отырған шешесі, қартайып қайратынан айырылып, кемтар болып отырған кемпір әжесі есіне түседі. Басында бір ойына келген нәрсе шешелеріне барлық көрген қорлығын айтып жылап, зарлап жету еді. Артынан әлгілердің әлсіздігін ойлағанда: іші құсаға толып, жас жүрегі жаншылып, бұл күнге шейін көрмеген азабын тартты... Бұрынғы бейнет, бишаралық былай тұрсын, мынау көрген мазақ не? Осынша қорлау, рәсуалау не?.. Бүгінгі өмір бойында құлағы естімеген зорлық, зұлымдықты көруге не жазық қылып еді?.. – Ешбіріне жауап жоқ. Бірақ бір жылау». Ғазиза осылайша бүкіл өмірін көз алдынан өткізеді. Басында өз тағдырына мойынсұнғандай кейіп танытса, оның аяғына таман ширығып, қатая түседі. Бұл – шындық алдында, тағдыр – «қорғансыздық», яғни ажал алдындағы қатаю.

Мұхаң кеңістікті әдейі алай-дүлей боранға, сұрапыл құбылыстарға толтырып, кейіпкерін соған қасқайтып қарсы қояды.

Алайда Ғазиза – тағдырына мойынсұнбаған, тіпті, оған қарсылық көрсетуге талпынулы. Сондықтан «Ол – әулие!» («Қорғансыздың күнінің» алғашқы, 1922 жылғы нұсқасы: «ол ғазаптан, қайғыдан, жауыз, зұлымдықтан құтылған. Ол – әулие» деп аяқталған).

Осы тұста бір айта кететін жәйт, Әуезов жасаған тұжырым, образдар жүйесі – XX ғасырдың орта шенінде ғана біртұтас философиялық һәм әдеби ағым ретінде әлемдік ой-өріс кеңістігін жаулай бастаған экзистенциализм атты құбылыспен үндес, сарындас екендігі. Мұқаңның сонау 20-жылдары, бұл бағыт әлі толыққанды қалыптаса қоймаған тұста, жоғарыдағыдай, терең жаһандық философиялық байламдарға жетуі таң қалдырады.

Экзистенциализм (лат. «экзистенция» – «өмір ағыны») философиялық, әдеби ой-өрісі ретінде негізінен, Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін қалыптасты. Оның негізгі өкілдері – М. Хайдеггер, К. Ясперс, Жан-Поль Сартр, Г. Марсель және А. Камю, т. б. Рухани ағым ретінде өз бастауын М. Унамуно және Ф. М. Достоевский шығармаларынан алады. Экзистенциализмді пәлендей қалыптасқан біртұтас философиялық не әдеби ағым деп айта қою қиын. Шындығында, ол – әртүрлі ағымдағы, әртүрлі рухани, интеллектуалдық мұрат пен сұраныстағы байламдар жиынтығы. Оның «өмірлік концепцияларының» негізгі тұжырымы – адамның «онтологиялық жалғыздығы», жанына жат, бөтен дүниеге «тасталғандығы» («заброшенность» – Хайдеггер), ұмыт қалғандығы. Сондықтан, әрбір адам үшін – физиологиялық, тәни деңгейде сезіне алатын, көзбен көріп, қолмен ұстайтындай екі ақиқат бар: оның біреуі – нақ осы шақта тоқтаусыз ағып бара жатқан өмір ағыны («экзистенция») да, екіншісі – түптеп келгенде сол тіршілікке үкім шығаратын ажал.

Экзистенциализмнің негізін салушылардың бірі Мартин  Хайдеггердің концепциясы бойынша: «Адам – қоршаған дүниенің жалғандығын, жалаң иллюзияға толы баянсыздығын түсінгеннен кейін ғана өз өмірінің шынайы мағынасын ашады; сол кезде ол – өмір дегеннің өзегі еш үзілмес, бітпес-таусылмас «мазасыздық», «бақилық қорқыныш» һәм үрейден құралатын мағынасыз тіршілік екендігін түсінеді». Иә, «адам өзінің бейтаныс, қауіпке толы, мазасыз, қорғансыз дүниеге «тасталғандығын» сезінеді», «Сондықтан оның еркіндегі, қолынан келер жалғыз тірлігі – өлім. Адам өз ғұмырында «өлім алдында ғана ерікті». Себебі өлім – тіршіліктегі бар «қасіреттен», бақилық қорқыныштан, мазасыздықтан және үрейден» құтқарады. Әрі адамның өз еркіндегі, өз қолынан келер жалғыз мүмкіндігі. Нобель сыйлығының иегері атақты Альбер Камю да, сол сыйлықтан өзін жоғары санап, одан бас тартқан Жан Поль Сартр да осыған саяды.

Белгілі орыс ғалымы В. Я. Пропп бір еңбегінде жалпы әдеби сюжеттің тууы туралы: «Сюжет қоғамдық құрылыстың тікелей көрінісі боп тумайды. Ол бірін-бірі ауыстырған қоғамдық құрылыстардың қақтығысынан, солардың қайшылығынан туады. Біздің негізгі міндетіміз де осы қайшылықтарды зерттеу, тауарих алаңында ненің немен соқтығысқанын, сол соқтығыстың қандай сюжет туғызғанын қадағалау», – деген екен (В. Я. Пропп. «Фольклор және шындық». М., 1976, 162-б.).

Жалпы, әлемдік әдеби процестің даму заңдылықтарының бірі – ұқсас ойлардың кейде бір заманда туып, бір мезгілде бірнеше елде, әртарап ендікте өмір сүруі. Біз, әрине, М. Әуезовті экзистенциалист қылғымыз келіп отырған жоқ. Біздің айтқымыз келіп отырғаны – қазіргі кезде солай аталып, біртұтас рухани-көркем, тегеурінді өркениеттік құбылыс ретінде әлем әдебиетінің төрінен орын сұрап жүрген экзистенциалды ой ағымының Мұқаң санасында да орын алып, сонау өткен ғасырдың 20–жылдарында шығармаларында творчестволық әдіске айналғандығы. Осы тұрғыдан келгенде, Мұхтар Әуезовті – Мигель де Унамуно, Ф.М.Достоевскийлермен бірге экзистенциализмнің негізін салушылардың санатында қарастыруға да болар еді.

Дат философы Серен Кьеркегор кез келген адам өмірінің негізгі тіреуі – «Құдайға деген сағыныш» («тоска по Богу») дейді. Ал адамның бар қайғы-қасіреті, тиянақсыздығы, мазасыздығы – оның құдайға деген сенімінің жоғалғандығынан деп есептейді. Дүниеге келу белгісіздігі (адамның ес біліп, есеюге дейінгі кезеңі) мен дүниеден өткеннен кейінгі белгісіздіктің (өлім) арасындағы қаңғалақтаған адам жанының байбалам таппауының сыр-себебін де – ол содан, яғни, сенімсіздіктен, былайша айтқанда, имансыздықтан іздейді. Экзистенциализмдегі «құдайды іздеу», «құдайды жоғалту» («богоискательство», «богоутрата») деген ұғымдар осыдан туындаған.

Осы тұрғыдан қарағанда, Ғазизаның қорғансыздығы – жаһандық «қорғансыздыққа», жер дүниені тіміскілеген өлім – тағдыр алдындағы онтологиялық жалғыздыққа, оларға қарсы қояр сенімінің, иман күшінің балғын әлсіздігіне ұласады. Бүкіл тіршілік осынау баянсыз өмірден қағажау етер сенім талшығын та¬ба алмай, өлімнің ұйытқыған желінің өтінде молаларды қал¬дыра, «қорғансыз», панасыз қалып, етегі түріліп, жалаңашта¬нып, «тоңып¬-шашырап», ығып келеді. Біздің сенім деп отырғанымыз тіршіліктің баяндылығына деген сенім. Ғазизаның әжесі ағайын-тумадан жапа шегіп, құдайдан да тілегені болмай: «Құдайдың менің өз басымнан, менің ұрпағымнан аяған қазасы бар ма?» – деп етегі жасқа толып отырғанда, өмірдің тұрлаулылығына, ізгілікке деген, адамға деген сенім-иман дәндерін шарқ ұрып іздегендей боласың. Онтологиялық жалғыздық сырын сезесің..

Экзистенциализмнің белді өкілдерінің бірі, тіпті, оның «рухани атасы» Жан-Поль Сартр адамның шекаралық (өмір мен өлім арасындағы) ситуациядағы физиологиялық халін зерттейтін «Қабырға» әңгімесінде ажалмен бетпе-бет келгенде ғана адам өмірінің баянсыздығы мейлінше қатыгез ашылатындығын айтады. Сондықтан өлім Сартр үшін – аса маңызды ақиқат, себебі тек өліммен бетпе-бет келгенде ғана адам өмірінің шынайы мәні (яки, баянсыздығы) ашылып, адам өзін-өзі таниды.

Ғазиза трагедиясы да, біздің ойымызша, осы ақиқатты растай түседі. Мұхаң қысқа әңгімесінде «әдеби бұрылыстарды» кең пайдаланып, өлім образын көз алдымызға елестететіндей етіп «жандандыра» түседі де, ақыры оны көзкөрім образға айналдырады.

«Қорғансыздың күнінде» ажал ақыры көркемдік шындыққа айналып, Ғазизаға... «жүр-жүр», дегендей болып, дедектетіп алып кетті... «Тек онымен бетпе-бет келгенде ғана... («Бұл сезім бұл уақытқа шейін көңіліне келмеген аса жат бір суық сезім...») Ғазизаға өз өмірінің шын мағынасы ашылып, сол ашқан ақиқаты өмірінен түңілтіп, өлімге жетелейді.

Экзистенциализмнің бір арнасын құрайтын француз жазушысы, Нобель сыйлығының лауреаты Альбер Камю болса, осынау ажал атты тығырықтан шығар жолды басқа жақтан табады. Былай қарағанда, оның да концепциясы жоғарыда келтірілген М. Хайдеггердің концепциясына үндес, сарындас.

«Адам өз тағдырының көрікшісі бола алмайды... Ол тіршілігінің баянсыздығын, өмірінің мағынасыздығын сезгендіктен, оған қарсы жеміссіз күрес ашады да, сол мағынасыз күрестен алған азын-аулақ, өткінші ләззатын көңіліне медеу тұтып, өміріне азық етеді» дей келе, тұжырымын – «В бунте и повторении безнадежных попыток изменить свое положение человек – раб судьбы – может найти суррогат свободы» деп бітіреді. Камю өзінің бұл қағидасын атақты «Сизиф туралы аңызында» тиянақтай түседі. Оның бұл эссесі – «құдайлар алдында күнәкар» атанып, сол күнәсі үшін мәңгі-бақи бітпейтін іспен жазаланатын Сизиф туралы. Ол үлкен тасты таудың етегінен басына дейін домалатып, енді шығарайын деп жатқанда, тас төмен құлдырап, қайтадан сол тасты биікке сүйреп әуре болады және бір ғажабы, өзінің тасты ешқашанда тау биігіне шығара алмасын біледі. Камю «Қазіргі заманның ең күрделі философиялық проблемасы – өз-өзіңе қол жұмсау» деп бастайтын осы эссесінде, адам өмірінің «мағынасыз Сизиф еңбегі» екендігін айтады, сонымен теңестіреді. Камю экзистенциалды ой ағымына абсурд («мағынасыздық») дегенді қосты. Яғни, адам өмірі – Сизифтің тірлігі, Ғазизаның тірлігі, абсурд. Осы бір сезімтал да аса дарынды жазушының өз өмірі де сол тағдыр мен пенде тағдыры арасындағы күрестің жеміссіздігін растап өткендей болды. Ол 1960 жылы 47 жасында автомобиль апатынан қаза тапты.

Ал енді тығырықтан, тағдырдың әзәзіл шеңберінен қалай шығу керек? «Күрес керек» дейді Камю. Бірақ Камю үшін тағдырмен күресу – оған мойынсұнумен бірдей, яғни, өз өмірінің мағынасыздығын, баянсыздығын мойындап, соның өзінен, яки, сүреңсіз өмірден ымыра табу, мән-¬мағына, үміт табу.

Ал Ғазиза – басқа құбылыс, басқа өркениет. Ол тағдырына мойынсұнудан аулақ, қайта соның өзін тізерлетпекші. «...Ол азаптан, қайғыдан, жауыз, зұлымдықтан құтылған. Ол азаптан өзін құтқарудың бір ғана амалы – осы дүниеден – «қорғансыздық», «қорлық» алаңынан – өзін-өзі аластату екендігін түйсінеді. Сөйтіп, тығырықтан шығатын жол табады. Өлу еркіндігінің ғана өз қолында екендігін түсініп, соған жүгінеді. Бұл жасы 2О-дан енді асқан қазақ әдебиетінің классигі Мұхаңның байламы, Мұхаңның образы.

Ұлы орыс әдебиеттанушысы М.Бахтин бір кезде: «Шекспир шығармалары – өз заманы бітім-болмысын толық танып біле алмаған мән-мағыналар қазынасы» деген екен (М. Бахтин. «Сөз өнерінің эстетикасы». М., 1986, 351-б.). Сол секілді, Мұхаңның творчествосында да өз кезеңінің рухани – интеллектуалдық өресі танып біле алмаған «мағыналар қазынасы» мол. Бұл – даму заңы. Әр ұрпақтың өз кредосы, рухани сұранысы бар. Оның бергі жағында, бүгінгі біз бастан кешіріп отырған кезең – «мәдени қабаттардың» қалыңдап, бір-біріне деген ықпалының бұрынғыдан бетер күшейіп отырған жаһандану заманы. Сондықтан, біз Мұхаң творчествосына тосындау қырдан қарасақ, сол арқылы шығармашылық әлемін байыта түсіп, оның әлемдік әдеби процеспен, жаһандық рухани ой ағысымен қабысқан біртұтас, іргелі құбылыс екендігін айтамыз.

Ермек Аманшаев

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1564
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2260
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3539