Жексенбі, 26 Мамыр 2024
Аласапыран 3362 2 пікір 8 Желтоқсан, 2022 сағат 13:23

Қытайдағы қырғынның астарында не бар?

Америка құрлығын отарлаушылар жергілікті үндістердің қарсылығына жиі ұшырайды. Әрине, тектен-текке мың жылдық мекенін айдаладан келген ақ нәсілді жыртқыштарға бере салуға кім көне қояр еді? Сонымен отаршылдар үндістерді шетінен қыра бастайды. Жергілікті тайпа жұрттардың саны миллиондаған, аса көп еді. Ол жұртты құртып болу мүмкін де емес. Сонда әлде бір қасап шығып: «Бұл үндістерді құртудың жолы оңай. Бұлардың ішсе асы, сауса сүті, мінсе көлігі болған  бизондарды (сиыр тұқымдас түлік) қырып тастасақ, үндістер өзі-ақ қырылып қалады», – дейді.

Өткен ғасырдың алдыңғы ширегінде орыстар қазақтарды ашаршылықпен құртуға тура осы саясатты қолданды. Ол туралы ресми мәліметтер жетерлік. Төрт түліктен айырылған қазақ баудай түсіп қырылды. Тірі қалғандары бағынды. Бағынбаған бай тұқымдары шетел асып кетті. Бұл біздің ғана емес, адамзаттың тарихындағы ең қаралы, ең қанды қасапқа толы беттер саналады.

Қытайдың ондағы аз санды ұлттарға жүргізген құрту саясатының өткен ғасырдан бергісін жазып сөзді созбай-ақ, қояйық. Еті тірі қазақ халқы шынын айтқанда, күні бүгінге дейін асқар тау асып,  қарлы бел басып, миллиардқа сіңіп кетпей, тарихи мекендерінде көп сандысы дәстүрлі шаруашылықпен шұғылданып келеді. Қытайда алдымен өзіндегі аз санды ұлттардың үнін өшіру,  сосын көрші елдерді экономикалық қысымдармен құрсаулау саясаты соңғы жылдары белең алып келеді. Коронавирус шыққанға дейін де неше жыл бойы қазақ пен өзге де аз санды халықтың ішінен еті тірі адамдарды саяси лагерге қамағаны айдай әлемге паш болды. Коронавирус басталғалы шектен шыққан карантиндік шаралары арқылы онсыз да жуасып қалған жұртты тырп еткізбей жатыр. Әрине, әлемді жайлаған індетке қарсы шара қолданғанына өкпеміз жоқ. Дегенмен, мына қырғыншылықты көріп отырып, мұның бәрі індеттен сақтану шарасы дегенге есі дұрыс кісі сене ме?

Қытайда вирусты сылтау етіп, тек қана Ши Жинпиңің билігін бекемдеу үшін жұртты қамау шаралары жүріп жатыр. Ал, асқар тау, асу белдегі қазақтардың сырттағы малына қарауы да шектеліп, төрт түлік үйір-үйірімен қырылып жатыр. Қалалар мен аудандар жабылғандықтан, шұғыл ауырған адамдар ем ала алмай мерзімсіз ажал құшуда. Адам өлсе, адам секілді жерлеуге рұқсат жоқ. Тек үкіметтің бір адамы мен қайтыс болған кісінің жақындарынан бір адам өкіл ретінде көміп қайтады екен. Қала сыртында шатырлар тігіп, қамалған жолаушылар төрт айдан бері сонда жатыр. Қытайда коронавирус әлдеқашан проблема болудан қалған шаруа еді. Әрине, тәжвирустың соңғы мутацияланған штамдары таралып жатыр. Оған кісі өле қоймайды. Қытайдың қазіргі шектеу шаралары тек Шидің билігін бекемдеу үшін немесе Шиге тұмау тигізбеу үшін ғана жүріліп жатыр.

Шидің басын ауртып отырған мәселе көп. Ол соңғы он жылда өз елінің ата заңын белден басып, өзін өмір бойы төраға болуға заңды икемдеді. Бұған қарсылық ерекше. Дегенмен, қарсы шыққанды қиып түсіретін аса қатаң режимдегі саясаттан именген өз жұрты тісін тісіне басып тынғаннан өзге шарасы жоқ. Ішкі Қытайда үлкенді-кішілі толқулар бар. Бірақ, әлемде ең көп әскер ұстап отырған Қытай билігі оларды да тырп еткізбей отыр. Ал, Шыңжаң, Тибет, Ішкі Моңғол өлкесі сынды ұлттық өлкелердің үнін өшіруге соңғы жиырма жылда қауырт жұмыстар істелді, қаржы бөлді.  Ши бұл рет өзінің жақтастарын жүз пайыз билікке әкелді. Ішкі қарсылық пен аздаған ұлттардың тырбынысын толықтай өшірген соң, оның алдынан Тайвань мәселесі шыққалы тұр.

Қытай ежелден ашық соғысқа шыға бермейтін, аса сақ әрі арамза ел. Әйтпесе, алақандай Тайваньды қайтып алса да, күші қаптал жетеді. Осыларды қорта келгенде, Қытай билігі ішкі жағдайды шеңгелдей отырып, сыртқы мәселені осы бір Шидің тұсында артық шығынсыз бір жайлы етпекші. Ол үшін халық қамауда отыра тұрғаны абзалырақ. Сонда Ши бастаған билік жұмысын алаңсыз жүргізеді. Әлем назарын басқаға аударып, Тайвань ісімен айналысады. Қандай жағдай болмасын, Шиге тұмау тигізбеуі керек.

Бұл болжамымыздың шындыққа жақын екеніне бірнеше себептер бар.

1. Қытайдан коронавирустың шығуы, ең алдымен сол елде вакцина жасалуы, осыған дейін әлемдегі коронавирусқа ең жақсы төтеп берген ел ретінде өздерін жарнамалауы – бәрі де саяси сценарилердің жемісі.

2. Қытайда бір жарым милииард халық әлдеқашан вакциналанып болды. Біздің ел егеміз бе, екпейміз бе деп екі ойлы болып жүргенде Қытай жұртшылығы 95 пайыз егіліп болған. Яғни, тау-тастағы ауылдарға дейін вакцина шыға салған алғашқы мезгілде-ақ вакциналанып үлгірген еді.

3. Коронавирус басталғалы күні бүгінге дейін әр күні күллі халық сілекей сұйықтығын тапсырып келе жатыр.

4. Құрылыс, үй салу, емхана, жатақ салу ісінде әлемде көш бастаған Қытай елі неге мына қақаған қыста халықты пластик шатырға қамап отыр?

5. Әлем халықтары баудай  түсіп қырылып  жатқанда  Қытай ғана  ең  өнімді  шара қолданып,  індетті тізгіндеп еді. Енді вирус әбден әлсіреп, жалпақ әлем астында індет әңгіме болудан қалған кезде, 95 пайыз жұрты вакциналанған бұл алып Қытайдың кішігірім тымау деңгейіне түсіп қалған  тәжіндеттен сонша қорыққаны қай сасқаны?

6. Қытай медицинасы дамыған, қалаласуы, технологиясы осы заманданған ел. Ғарышты бағындырып жылына бірнеше рет жасанды жер серігін ұшырып жатыр. Сонда, осы бір қуаты кеміген құрт тұмаудан үрейленуі нені білдіреді?

7. Қытайда індет әлі таралып жатыр делік. Әрине, вирус болған соң ол таралады да. Бірақ, қытайдың ресми ақпараты бойынша соңғы бірнеше айда ел бойынша бәлен жүз мың адам індетке шалдыққан. Бірақ, кісі өлімі тіркелмеген. Көбінің ауруы сиптомсыз жеңіл өтіп жатыр дейді. Соңғы төрт ай ішінде ауырған 300 мыңнан астам адамның ішінде тек бір адам қайтыс болған. Бұл енді қалыпты жағдай ғой. Бәлен жүз мың адамнан біреуі өлу деген өмірдің заңдылығы ғой. Енді, тағы бір адам өліп қалмасы үшін миллиондаған жұрт, әсіресе, шекаралық аймақтардағы қазақ секілді бейуаз жұрттың төрт түлігі қырылып, өздері қамалуы керек пе?

8. Әр күні сілекей тексерудің үш жыл бойы толассыз жүрілуі, тұмау тиуі мүмкін болған адамды шатырға немесе емханаға сүйрей жөнелуі, карантинде жатқан қазақтардың үйінің кілтін алып, емін-еркін аралап, дизенфекция жасауы және тоңазтқыштарындағы етті әкетуі, саясатты өздері түсінбейтін жергілікті саясат атқарушылардың жойдақсыз қылығы, т.б. шырмашату оқиғалар бұл сұмдықтың басында өзге бір саяси жоспардың жатқанын айғақтай түседі.

9. Әдетте партия мен үкімет халықтың досы деп әр үйге екі күннің бірінде келіп тұратын биліктің жергілікті пысақайлары төрт түлігіен айырылып, қамауда қалған ағайынға бір ауыз жылы сөз айта алмайтын күйге түсуі нені білдіреді?

10. Қанша алпауыт ел дегенмен, көптеген ірі өндіріс ошақтарының төрт ай бойы жұмысын тоқтатуы, елдің кей өңіріндегі тып-тыныш жатып ішу елінң экономикасын да солқ еткізгенін өздері де мойындап отыр. Шетінен кісі өлімі тіркеліп, Қытай үшін және ондағы қазақтар үшін бұл індет ауыр келіп жатса, қалай шектеу шарасын жасаса да оны қолдауға, күмән артпауға болар еді. Бірақ,  Қытайдың бұл қылығы түсініксіз. Және басқасы басқа, ондағы қандастарымыздың зар еңіреп,  малынан бір,  жақынынан екі айырылып жатқаны жанға батады. Бұл тұрғыда біздің  еліміз де шеттегі қандастардың жоқтаушысы ретінде тарихи алып көршіге тіл қатып,  дыбыс алады деп сенеміз.

Әділет Ахметұлы

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2347
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2690
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2941
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1771