Сейсенбі, 23 Сәуір 2024
Арылу 3163 7 пікір 7 Желтоқсан, 2022 сағат 14:25

Ресейлік арандатушы БАҚ-қа тыйым бар ма?

Бүгін Мәжіліс кулуарында журналистердің «Қазақстанды Ресей пропагандасынан қалай қорғаймыз? Ресейлік арналарға шектеу қойыла ма?» деген сұрағына Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі жауап берді.

«Ақпараттық қауіпсіздік біздің басым бағыттарымыздың бірі. Бірақ, біз соттың үкімімен ғана шектей аламыз. Осыған байланысты азаматтарымыздың шағымы мен сот үкімі болса, біз оны орындаймыз. Қазір жалпы мониторинг жасап жатырмыз. Бұған қатысты көптеген мәселе Сыртқы істер министрлігінің құзыретінде», - деді министр.

Ресей телеарналарының бұрыннан пропогандалық саясатты белсенді жүргізіп келе жатқаны көпке мәлім. Қазақстанның тұтастығына, мемлекеттігіне, тіліне қатысты көптеген даулы мәлімдемелер айталып келеді. Әсіресе Ресей-Украина соғысы басталғалы оның қаупі тіпті, арта түсті.

Дегенмен, осы күнге дейін Қазақстан тарапынан Ресей арналарына тоқтау болмай келеді. Біз бұл туралы бірнеше жылдан бері жазып келеміз. Әлемнің өркениетті елдері Ресей Украинаға басқыншылық шабуыл жасағаннан кейін, оның әрекетін қатты сынап, басқа өнімдеріне салған санкцияларын айтпағанда, ақпарат құралдарына тыйым салған. Тіпті, іргелес елдерде мамыр айында Ресей телеарналарының біразы бұғатталғаны туралы ақпарат шықты.

Түркіменстанда ең ірі байланыс операторы – Ашхабад қалалық телефон желісі тарататын Ресейлік «Россия-1» және «Звезда» телеарналары хабар таратуды тоқтатса, Қырғызстанда «Россия-24», «Россия Культура» және «Звезда» арналары уақытша бұғатталды.

«Бірқатар елдерде Бүкілресейлік телеарналарды таратуға заңнамалық шектеулер қабылдануына байланысты - халықаралық спутниктерде Бүкілресейлік мемлекеттік телевизия мен радиостанция компаниясының телеарналарын тарату біржақты түрде тоқтатылды», - деді «Ақнет» Қырғыз телекоммуникациялық компаниясы.

Ресей-Украина соғысы басталғаннан соң Ресейлік арналардың үгіт-насихат әрекетінен қауіптенген белсенділер 2022 жылғы наурыз айында еліміздегі Ресейлік арналардың жұмыс істеуіне қарсылық петициясын жариялады. Бүгінде онлайн петицияға 10 мыңнан 9972 адам қол қойған.

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі бүгін «Ресейлік үгіт-насихат арналарын жабу сот үкімімен ғана іске асатынын айта келе, көптеген мәселені шешу Сыртқы істер министрлігінің құзырына кіретінін» жеткізді. Ендеше Сыртқы істер министрлігінен осы мәселені шешетін әрекет күтеміз.

Abai.kz

7 пікір