Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Бір сұрақтың төңірегінде 3414 19 пікір 7 Желтоқсан, 2022 сағат 14:09

Сұхбат: Ермұрат Бапи Мәжіліске дайындалып жүр ме?

Жуырда әлеуметтік желілер мен қазақ тілді кейбір бұқаралық ақпарат құралдарында есім-сойы елге мәшһүр аға журналист, саясатшы «Ермұрат Бапи Мәжіліске барғалы жүр екен» деген әңгіме тарады.

«Қажыгелдиннің сенімді серігі Мәжіліске барады: Жаңа Қазақстан Бапиге депутаттық мандатты дайындап қойды. Алдағы парламент сайлауында Мәжіліс «мәдилерден» арылып, олардың орнына Ермұрат Бапи секілді мінезді азаматтар келеді», - деп жазды «Dalainside» телеграм арнасы.

Болжамсөзден аз-кем үзінді: «Президент сайлауына үміткерлердің тікелей эфирде өткен трэш-тогы кезінде Ермұрат Бапи Тоқаевтың өкіліне өткір сауал қойды. «Қазіргі басшы Назарбаевтың қателігін айна-қатесіз қайталап жүрмей ме?..» деген қаупін жеткізді. Қошанов мұндай сауалдың қойыларын  сезгендей, танымал журналиске (ДАТ-тың «Бас оқырманына») барынша ашық, толымды жауап қатты.

Ақорданың анау-мынау емес, сайлау алды дебатта биліктің оппонентін сөйлетіп, оған сауал қоятын мүмкіндік беруі – Жаңа Қазақстанның Бапидің санатындағы тұлғалармен тіл табысқанын аңғартады», - деп жазды әріптестер.

Біз Ермұрат аға Бапиге хабарластық. Осы және өзге де ел ішілік саяси тақырыптарға қатысты аз-кем сұхбат жасадық. Мархабат:


Елдегі патриот азаматтарды сайлауға түсуге шақырар едім

Ермұрат Бапи:

–  Ол журналистік жорамал тұрғысынан жазылған дүние ғой. Оған қатысты ойланып- толғанып отыратын ештеңесі жоқ. Президенттік сайлау өтті. Алдағы Парламенттік сайлауға деген ешқандай дайындықтың белгісі көрінбейді. Маусым айында болады деп жатыр, бірақ, ол нақты емес. Сайлаудың ойын ережесі әлі айқындалмады. Сайлау туралы заңға соңғы рет енгізілген өзгерістердің ары қарай қалай жүзеге асатынын білмейміз. Елде қанша округ құрылады, қай жерлерде, кімдер түседі, сайлау алдында түрмедегі азаматтық белсенділер, саяси тұтқындар босай ма? Осындай сұрақтардың жауабы шықпады. Содан кейін ғана бір шешім шығаруға болады.

Егер бір мандатты мажоритарлық сайлау жүйесі шынында іске қосылып, әділ сайлау болатын болса, Парламенттік сайлауға түсуге болады.

Бұл жерде сайлауға мен түсейін, басқа түссін маңызды емес, маңыздысы – қоғамда тәуелсіз, балама депутаттар тобы құрылуы керек. «Жаңа Қазақстанды» құрудың алғышарттарының бірі – осы. Парламентте тек биліктің ықпалымен өткен немесе биліктің партияларынан шыққан депутаттар отырмауы керек.

Мысалы, 30 округтай құрылса, соның кем дегенде 20 округынан тәуелсіз депутаттар сайланса, президент Тоқаев айтып жүрген «Жаңа Қазақстанға» ықпал ететін күш пайда болар еді.

Өйткені, «Ескі Қазақстанның» сайлау жүйесімен, депутаттарымен «Жаңа Қазақстан» құру мүмкін емес. Осы тұрғыдан келгенде, менің шынында да арманым бар. Округтардан тәуелсіз депутаттар сайланып, Парламентке барып, ол жерде халық депутаттарының фракциясын құрып, азаматтық қоғаммен, халықпен, билікпен, елдегі барлық саяси институттармен бірігіп «Жаңа Қазақстанды» құрудың әрекетін жасаса, мен қолдаймын.

Елдегі аты танымал, қоғамшыл, патриот азаматтарды сайлауға түсуге шақырар едім. Өз атымнан қолдау көрсетіп, олардың Парламентке баруына көмек берер едім.

Егер әділ сайлау жүйесі қалыптасса, үміткерлік мүмкіндікті сынап, сайлауға түсіп көруге болады.

Парламентке бара сап, жаға жыртысудың қажеті жоқ. Жаға жұлысып, ерегісетін уақыттан кеттік. Өзімнің протестік қозғалыста жүргеніме 25 жыл өтті. Билікпен текетіресіп, баррикаданың екі жағында тұрғаннан ештеңені өзгерте алмадық. Қазір билікте аздаған өзгеріс бар. Бір жылымықтың басталғанын мойындау керек.

Бірақ бұл сөз жүзінде қалмауы керек. Дамудың тоқтап, дағдарыстың тұрақты дүниеге айналуының себебі: Елде саяси өзгерістердің болмауы.

Бір мандатты сайлау: Реваншистер өте бай адамдар!

Біздегі биліктен айырылып қалған реваншистік «Ескі Қазақстанның» өкілдері өте бай адамдар. Олар миллиардтарын төлеп, сайлауға түсіп, халықтың даусын сатып алуға әрекет жасаса, біздің кедей-кепшік халық сатып алуға еріп кетуі мүмкін. Қоғам қазір қайыршылық жағдайда отыр.

Менің ойымша, Парламент сайлауы өте экономикалық қиын әрі тартысты саяси жағдайда өтеді деп ойлаймын.

Кейінгі 15-20 жылда халық сайлаудың бәрінен шаршады. Сайлаудың мағынасы кетті. Бірақ енді халықтың билікке барып, өзін-өзі басқаратын мүмкіндігін Парламент арқылы жүзеге асыруға болады.

Бір мандатты сайлау жүйесі қоғамның бойына қан жүгіртіп, қызығушылығын оятады. Біз қалай болғанда да, халықты осындай демократиялық тәртіп жүйесіне үйретуіміз керек. «Сайлаудың бәрі жасанды», «биліктің сценарийі бойынша өтетін сайлау» деп отыра беруге болмайды. Алдағы сайлауда күресуіміз керек.

Сайлау туралы заңдардың өзгеруіне ықпал етіп, процеске араласуымыз керек. Парламентке барып, 30 жыл көштен қалған елімізді әлемдік өркениеттің соңғы вагонына іліндіріп жіберетіндей мүмкіндікке жетуіміз керек.

Әсерсе қазіргідей саяси жағдайда солтүстігімізде соғыс жүріп, оңтүстігімізде ислам- радикалды қозғалыстар Орталық Азияға тақап қалған кезде, ядролық соғыстың қаупі туып, әлемдегі геосаяси жағдай шатқаяқтап тұрған кезде өз ішімізде ырылдасып жүруге болмайды. Қазір билік елдікті, тәуелсіздікті, мемлекеттікті сақтауды қоғаммен бірге ойлауы керек.

Билік халықтан қорықпауы керек!

Ең басты жауапкершілік – билікте. Билік халықтан қорықпауы керек. Арамызда азаматтық ұстанымы бар, елге қызмет етіп, жаңа Қазақстанды бірге құруға талпынып жүрген атпал азаматтар бар. Олардан қорқудың қажеті жоқ. Олар ештеңені қиратып, төңкеріп тастамайды.

Парламенттік сайлаудың қарсаңында билік халыққа деген өзінің көзқарасын қайта қарау керек. Біз де, протестік қозғалыста жүрген азаматтар, президенттік сайлаудан кейін өзіміздің стратегиялық көзқарасымызды қайта қарауымыз керек.

Әрі қарай не істейміз? Осылай ерегісіп жүреміз бе? Әлде Парламентке барып, Үкіметке ықпал ету арқылы өзгерістерге мұрындық боламыз ба?

Менің қазіргі ұстанымым осы. Басқа альтернатив жолды көріп тұрған жоқпын.

Билікке тәуелсіз партия керек емес!

Қазір тіркеуге алынып жатқан партиялар – биліктің ықпалындағы партиялар. Билік тәуелсіз партияларды нақты жағдайда тіркеуге алмайды. Биліктің логикасымен қарасақ, мысалы, Жанболат Мамайдың Демократиялық партиясын тіркеуге алатын болса, олар Парламенттің күшін пайлаланып, енді мемлекеттік дәрежеде қарсылық қозғалысын әрі қарай жалғастырады. Билікте отырғандарға оның қажеті қанша? Билікке тәуелсіз партия керек емес. Бізде осылай қарайды.

Қазіргі жағдайда басқа конструктивті ара-қатынасқа көнетін, мәмілемен жұмыс істейтін партияларды тіркейді. Сондықтан бізде жағдайға биліктің көзімен қарап үйренуіміз керек. Оларға еріп кетпей, бірақ соның ішінен өзгеріске апаратын жол табуымыз керек.

Мен бүкіл протестік қозғалыстың атынан айта алмаймын, ал өз көзқарасым осындай. Аумалы-төкпелі кезеңде билік қоғамға арқа сүйеуі керек. Ал халық ұлттық тәуелсіздігін сақтау үшін билікке етене жақын болуы керек.

Екі жақ жағаласып жүргенде, мемлекеттігіміз шашылып қалмау керек. Егер жан-жағымыз тұрақты, мамыражай тірлік істеп отырсақ, протестік қозғалыстар арқылы әрекетке көшер едік.

Сол себепті, біздің мықты азаматтар Парламентке баруға тырысуы керек. Халықтың сеніміне ие, қоғамдағы көшбасшылық мүмкіндігі мол жігіттер сайлауға түсіп, жеңіп шығып, реформаға түрткі болғаны дұрыс.

Қазіргі нақты жағдайда осы ең қолайлы жол. Ал шындығына келгенде, әрине, қажетті дауысын жинаған, барлық тіркеу процедурасынан өткен, заңға қайшы әрекеті жоқ партияның бәрі тіркелуі керек. Ол енді заң жүзіндегі талап пен мүмкіндік.

Жастардың бәрі Парламентке кірсін деген тағы фантастика

2019 жылғы сайлаудан кейін, біздің қоғамға жаңа азаматтық-протестік қозғалыс келді. Ол қозғалыстың 80-90 пайызы жастар. Демпартиядан бастап, Оян Қазақстан, тәуелсіз бақылаушылар бар, басқа да бой көрсетіп жүрген қоғамдық ұйымдар бар.

Қазақстанның болашағын жасайтын жастар, әрине. Бірақ сол жастардың бәрі Парламентке кіріп алсын деген тағы да фантастика. Парламентке төменнен ықпал ететін қоғамдық қозғалыстар болуы керек, ал оның көшін бастайтын – жастар.

Өткен президенттік сайлау әзірге биліктің сценариімен өткен, ешқандай баламасы жоқ, тек қана елдегі биліктің статус-кво жағдайын сақтап қалуға арналған сайлау.

Әкежан Қажыгелдинді әрдайым қолдаймын!

Мен Әкежан Қажыгелдиннің кезінде інісі болып, бертінде саяси әріптесі болып жүргеніме 30 жылға жуық уақыт болды. Әкежан Қажыгелдинді саяси ерік-жігері мықты, қоғамды дамытуға қатысты біліктілігі, дегдарлығы жеткілікті, саяси – экономикалық қажыр-қайраты мол азамат деп бағалаймын. Мен ол кісіні әрдайым қолдаймын.

Қазір ол соңғы 10 жылдың көлемінде Қазақстаннан ұрланған шетелдегі қаржыны іздестіру процесімен етена айналысып жүр. Билік Қажыгелдин бастаған топтың Қазақстанға ұрланған капиталды қайтару мәселесіне араласуға дайын екенін де біледі.

Бірақ биліктің өз еркімен, өздерінің күш-қабілетімен ұрланған қаржыны қайтаруға мүмкіндігі бар азаматтарды әлі күнге дейін өз бауырына тартпай жүргеніне таңғалам.

Әкежан ағаны саясаткер, экономист, азамат ретінде сыйлаймын. Сол кісіден үлгі алып, оппозицияға келгенмін. Ол кісі 1997 жылы премьер-министрліктен кеткенде, менде командасымен бірге кеттім.

Ол кезде үлкен қызметте болған жоқпын, министрдің кабинетінде қатардағы қызметкердің бірі болдым. Менде сол кабинетте қалып қоятын мүмкіндіктер болды. Бірақ, менің Қажыгелдиннің күш-жігеріне деген сенімім әлдеқайда күшті болды. Бірақ, біздің протестік қозғалысымыз 25 жылға созылатынын білген жоқпын.

Ол кезде 2-3 жылдың ішінде өзгерістер болады деген сеніммен жүрдік. Сол сеніміміз ширек ғасырға созылды. Егер осылай ырың-жырыңмен жүре беретін болсақ, қоғамның өз ішінде ауызбіршілік болмаса, тағы да 25 жылды өткіземіз.

Ырың-жырыңның белгісі кешегі президенттік сайлау болды ғой. Азаматтық қоғамнан бірде-бір кандидат ұсына алмадық. Мәмілеге келе алмадық. Осы төңірекке буржуазияны, кәсіпкерлерді тарта алмадық. Билік пен қоғамның арасында диалог орнату үшін, екеуі бір-біріне қадам жасауы керек қой.

Бірінші қадамды мүмкіндігі көп билік жасауы керек. Одан кейін қоғамдағы бетке ұстар саяси мүмкіндігі бар азаматтардан құрылған диалог үстелі болу керек. Екі жақ та мәмілемен жұмыс істейтін болса, біз шынында да «Жаңа Қазақстан» құрамыз. Билік қазіргідей қоғамдағы азаматтарды жау санап, Жанболаттарды түрмеге жауып, Ресейдің оккупациялық саясатына қарсы шыққан азаматтарды қамай беретін болса, ешқашан демократиялы ел болмаймыз.

Сұхбаттасқан Айжан Темірхан

Abai.kz

19 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2253
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3515