Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Ел іші... 2010 4 пікір 6 Желтоқсан, 2022 сағат 14:35

Партияны күзде сана...

2022 жыл – Қазақстан үшін партия жауған жыл болды. Әрине оған «Қасіретті қаңтар оқиғасы» қозғаушы болғаны анық. Биыл 30 жылдан бері саяси ұйқыда жүрген белсенділер тегіс саясат алаңына бір кісідей білек сыбана кірісті десек артық айтқандық бола қоймас. «Балапанды күзде сана» демекші президент сайлауының алды-артында олардың көбінің әуселесі белгілі болып, жаңа тұлғалар алдын орап кетіп жатқан жәйі бар.

Тоқаевты 7 жылға қайта сайлап алған жұрттың ендігі назары келер жылы көктемде өтетін парламент сайлауында. Қандай партиялардың тіркеуден өтіп, Үкіметті тәубесіне түсіретін жаңа парламеттің құрамында кімдер болатыны көптің саяси белсенділігін оятып отыр.

Әне-міне дегенше ресми тіркеуден өткен партиялар да белгілі бола бастады. Жақында ғана «Байтақ» жасылдар партиясының жетекшісі Азаматхан Әміртай мырза экологиялық мәселені қаузайтын партиясының бірнеше жылдан бергі талпыныс нәтижесінде барлық өткелден өткенін жариялады.

«Байтақ» партиясы мемлекеттік тіркеуден өтті. Бұл менің және менің мүдделестерімнің жеңісі. Дүниеге заңды түрде жасылдар партиясы келді. Бұл халық үшін ортақ жеңіс, ортақ қуаныш болуы тиіс!

Біз «Байтақтықтар» 2015 жылы экологиялық қозғалыс құрып, соның негізінде партия құрып отырмыз. Партия құру жөніндегі алғашқы ұйымдастыру комитеті 2019 жылы шақырылған. Сол уақыттан бері партиямызды тіркетуге құжат тапсырып келдік. Жалпы, 18 рет тіркелуге талпыныс жасаппыз.

Соңғы рет 23 тамызда құжат тапсырып, 24 қыркүйекте құрылтайшылық сьезін өткізуге рұқсат алдық. Енді міне, мемлекеттік тіркеуден өттік», - деп ағынан жарылды.

Бұқаралық ақпарат құралдары да «Қазақстанжа араға жиырма жыл салып, тағы бір партия тіркелді» деп шүйіншіледі. Тағы тіркелуді күтіп тұрған 10-12 партия бар екен.

Азаматханның алға озуы көп уақыттан бері партиясын тіркете алмай жүрген ескі оппозиционерлер мен жаңа оппозиционерлердің өкпесін тудырғаны анық. Өздерінің «Биліктің жобасы» деп бір шыбықпен айдайтын ескі әуендеріне басып, тулап жатыр екен. Олар танымал кәсіпкерлер Сырымбек Тау, Қуаныш Шомбай қатарлылар құрған, күні кеше алғашқы сиезін өткізген «Республика» партиясына да сондай қалпақты кигізуде.

Сайлау кезінде ғана саяси белсенділігі оянатын санаулы партиялардың Жаңа Қазақстанның саяси өміріне жан кіргізе алмасын билік стратегтері жақсы біліп отыр. Жаңа партиялардың 2009 жылдан бергі қалаптасқан қасаң қалыпты бұзып, ресми тіркеуден өте бастауы соны аңғартады. Жалаң, бір жақты саяси талап қоюдың ештеңе бермегенін халық та түсінгені дұрыс. Нақты мәселемен айналысатын «Байтақ» сияқты партиялардың саяси өмірге араласқаны құба-құп. Жаңа Қазақстанда оллигархтардың қолынан су ішетін партияларға орын жоқ. Интернет дәуірінде танымал болған бизнесмендердің де саяси әлеуетіне баға беретін де, саяси сахнада бизнестегідей табысқа жететінін белгілейтін де сайлаушы халық. Тіркеулен өткен партиялар қатары көбейе берсін деп тілейік.

Abai.kz

4 пікір