Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Әдебиет 2749 2 пікір 6 Желтоқсан, 2022 сағат 14:20

Бауыржан өлеңдерінің ерекшелігі – қазақы бояуы!

Осы заман қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, қазақ поэзиясының жарық жұлдызы, әдебиетші, ғалым Бауыржан Жақып жуықта баспадан шыққан «Білте шамның жарығы» атты жыр жыйнағын сыйлады.

Жинақтағы өлеңдер оқыған жерден иіріміне тартып баурап әкетті. Жинаққа кірген 168 өлеңнің бәрі бірдей мінсіз, көркем, образды, айшықты, бірінен-бірі керемет, бейне қалыпқа құйылғандай, төрт бұрышы тең өлеңдер.

Бауыржан өлеңдерінің ерекшелігі – қазақы бояуы! Қай өлеңін оқысаңыз да ұлттық тамырдан нәр алған, оқуға жеңіл, ойға қонымды, қарапайым да өміршеңдігінде жатыр. Мұқағали Мақатаевтың сөзімен айтсақ, «Күпі киген қазақтың қара өлеңін, Шекпен жауып өзіне қайтарамын», - дегеніндей!

Өлеңдердегі теңеу, шендестіру, астарлау, өлеңнің образын одан-әрі аша түскен. Абай, Шәкәрімдей ұлыларды туған, Абайдың қасқа бұлағынан су ішкен, жағасында ойнап, айдынына шомылып, Әлімбек жасаған тал бесікте тербеліп, әже әлдиінде өскен, Шыңғыстаудың шыңына талпынып, киелі топырағына аунаған Баукеңнің үлкен тұлға болып, үлкен әдебиетші болып қалыптаспауға қақысы да жоқ.

Семей ұлылардың мекені дедік. Семейдің қазақ поэзиясының ордасы екендігін, қазақ азаттығының алтын бесік астанасы екендігін мойындауға тиіспіз. Абай, Шәкәрім мектебінен тіке тәлім алған Бауыржан поэзиясының негізі осында жатыр. Бәукең өлеңдеріне көркем сөздерді тықпалай бермейді, қазақ дәстүріне берік, қазақ тіліне бай. Сондықтан әр өлеңінде бірде бір артық сөз жоқ. Оның өлеңдерінің беріктігі соншалық, бір сөзін алып тастауға шумақтардың өзі көнбейді.

Бауыржан өлеңдеріндегі суреткерлік өте керемет, кез-келген өлеңін оқып отырып сурет салуға болады. Мысалы Әлімбек ұстаның бейнесі. Әжемнің ұршығы. Қолтаңба, мұндай өлеңдер Баукеңде жетіп артылады. Теңеулердің өзі ғажап, айталық «Абаймен құрдас ақ шилер, Тоғжанмен құрдас тоғайлар», - деп толғанып шарық ұрады. Қандай керемет теңеу, қарапайым да қайталанбас айшықты сөздер.

Жинақта қамтылған жырдың әр бірі, інжу маржандай құлпырып жарқырап тұр, «Тәуелсіз Қазақстаным» деген өлеңінде бостандыққа талпынған, азаттық деп алақайлаған ақынның жарнама іспеттес азаматтық мінезі көрінеді.

Менің байқағаным Бауыржан поэзиясы бодандықтың батпағынан, ылай, кірінен аулақ, мөп-мөлдір таза, кіршіксіз алтындай қымбат өлең. Ақынның өлеңдері туралы көп сөз айтуға болар еді, бірақ ол мына шағын пікірдің міндеті емес, амандық болса Бауыржан поэзиясына алдағы күндерде егжей-тегжейлі тоқталамын деп ойлаймын.

Сламхат Сейтқамызаұлы

Abai.kz

2 пікір