Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Білгенге маржан 3015 6 пікір 6 Желтоқсан, 2022 сағат 13:49

Көшпенділер тарихының қайта қарайтын тұсы көп

Тарих ешкімнің меншігі болмағанымен ұлтты құраушы ру-тайпалар тарихы өзі көтерген ұлыстық шаңыраққа – қазіргі мемлекетіне тәуелді болады. Арғыда сақ, һұн дәуірінен жалғасқан Түркі ұлтының бір бұтағы қазақ халқы да сан қилы кешулері арқылы бүгінгі тарихын жасады. Айдай әлемге танылған Қазақстан атты мемлекетті құраушы халықтар шоғыры қалыптасты. «Отан тарихы отбасы тарихынан басталады» дегендей алмағайып күндердің боданды боранынан құтылған әр бір ру-тайпа бүгінгідей жаңа мемлекеттің мызғымас іргетасын қалады.

Жер бетіндегі халықтарға керегі – әділдік, теңдік, еркіндікпен өмір сүру десек, империялардың зұлматтары салдарынан ұсақ ұлттар арасында болған әр түрлі қажасулар, қан төгістер адамзат баласының  бір-біріне деген жаулық пиғылдарын тудырды. Осы жаулықтарды пайдаланған өзге ниеттілер әр қашан адамдар арасына, ру-ұлттар арасына өсек-аяң, араздық, ірткі салу арқылы татулық бесігін шайқап, өз мүддесіне қажетті құлданудың айла-шарғыларымен айналысты. Адамзат әлемінде адамдар өмірін ойыншық қылатын сан түрлі оқиғалар өрбіді.

Тарихтың алмағайып беттерінде сахараны жайлаған көшпенділер әулеті ата-тек, тұқым-жұрағатының бір екеніне қарамастан қапшама қан төгістер жасады. Олар ғұн (һұн) дәуіріндегі, түркі дәуіріндегі, түркі-моңғол дәуіріндегі елдігі мен бірлігін, биіктігін аңсап, қанша талпынсада, оған жетудің жолдары қанды тікенектерге толы екенін көрді. Іштен іріп, бірін-бірі жау санау сынды келеңсіз тарихтың шимайланған парақтары ұрпақтар санасына көлеңке түсірді.

«Шыңғыс хан жаулап алды», «Жоңғарлар қырғындады», «Торғауыттар тоздырды» дейтін тарихтар, әдебиеттер қайта-қайта жаңғырығып, ұрпақтарымыздың көз алдына қанды қылышын жалаңдатқан «жау туысқандарымызды» елестететін болдық.

Ресми дерек көздері қазақ-жоңғар соғыстарында қазақтардан бір миллион немесе бір жарым миллион қазақтың қырылғанын тілге тиек етеді. Шын мәнінде қырылғандардың басым пайызы қан майданда бет-бет ұрыстарда қаза болғандар еді. Біздің киноларда көргеніміздей бейбіт ауылдарды өртеп, қырып-жою – түркі заңында, оның заңды мүрагерлерінің бірі – Шыңғыс әулеті қолданған заң-жосықтарында, оның орнына орда тікпекші болған Жоңғар заңында да жоқ болатын. Далалық заңның көшпенділер қоғамында қалыптасқан әділетті ұрыстары ондайға ешқашан жол бермес еді. Қазақ ертегі аңыздарын қарайық, қисса-дастандарын қарайық бәрінде «ауылды қынадай қырды» деген жолдар жоқ. «Жекпе-жек! Жекпе-жек!» деп ұрандап шыққан айдары тоқпақтай жоңғар батырлары елестейді. Жекпе-жекте қай жақ жеңсе жеңіс сонікі, жеңілген қосын шегініуге мәжбүр болады. Шегінген жауды қыру көшпенділер заңында мүлдем жоқ. Мұндай дала заңында «иілген басты қылыш кеспейді», «қашқан жауға қатын би» дейді. Жеңіліп қашқан жауға атойлаймын деп мерт болған Баян батыр оқиғасы еске оралады.

Осындай аңыздардың бірінде далада ұйықтап жатқан қазақ батырын, немесе ұйықтап жатқан жоңғар батыры үстінен түскен жауы (не қазақ, не жоңғар) оятады. Оятып алып ас-су қарманып болғасын жас сұрасады. Жасы үлкенге кезек беріп жекпе-жекке шақырады. Жекпе-жекте жеңілген жақтың алдында бірнеше таңдау болады. Бірі: «өлтіріп кет!» дейді. Екіншісі: «құлың болайын, анда болайық, жанымды қи!» дейді. Кейде үшінші мүмкіндік ретінде: «қапы қалдым, келесі кездесуде қайтадан шайқасуға мүмкіндік бер!» дейді. Ортаңғысы бойынша жеңілген жақ бағынса екеуі шынашақтарынан қан шығарып бір-біріне қас қылмасқа уағдаласады, андаласады. Бағынушы да өзінен үстем шығушының әміріне бойұсынушы ретінде қаралады. Түбірінен бағынышты болса сенімді серігі, ат ұстаушысы, көмекшісі, қимас досы болуға дайын.

Мүбәда бір жағы уағданы бұзса көшпенділердің ежелгі дәстүрімен «оны қан жібермейді», «қарғыс атады», «уағда-серт ұрады». Ежелгі түркі заңымен қарағанда мұның бәрін көріп тұрған көктегі тәңрі кешпейді, тәңрінің қарғысы, жазасы тиеді. (Бәсентиін Малайсары батырдың қалмақтарға уағда беріп, оны бұзғаны, соңында өлімге душар болғаны жайындағы аңызды еске алыңыз). Біздің қазақ қолының 1771 жылғы (Шаңды жорықта) қашып бара жатқан қалмақ-торғауыттың жүз мың адамын бастарына сауға сұрағанына қарамай қынадай қырып салып, мыңғырған малы мен қыз-қатынын олжалап алған оқиғасын ойлап көріңіз!

Моңғолдардың бүгінгі ауыз әдебиеті үлгілеріне үңілгенде сол дәуірден қалған Торғауыттардың халық әнінде:

Дүзі барда қанжарымның

Жолықтыршы қазағыңмен, – деп келетін жолдар бар екен.

Қазақтың қаншама хисса-дастандары да қазақ-моңғол тайпалары арасындағы қан төгістерді жыр қылып, «атаңа нәлет, ит қалмақ!» деп жырланады. Осының бәрі ежелгі егіз екі халықтың жаулық тамырын тіпті де тереңдетіп отырды.

Түркі жұртындағы көшпенді тайпалардың шектен асқан жаулық және жауыздық пиғылдары мен пейілдері де жауапсыз қалмаған шығар. Біздің кейінгі тағдырымыздан алғанда қаншама қазақ ауылдарының аштықтан, зұлматтан қырылып қалған жайы мен жоңғар сынды мемлекеттің жер бетінен тып-типыл жоғалуы, торғауыттардың қынадай қырылуы да әлде бір ғайыптан келген, қырғын мен әділетсіздіктеріміз үшін жасалған тәңірінің наласы (жазасы) емес пе деген де ой туады.

«Нем кетті» сыңаймен ат үсті қараушы тарихшылар жағынан пайдаланылған, жазылған арандатушы бағыттағы арзан қол әдебиеттер бізді біріктіруге емес, жауластыруға итермеледі. Түп төркінді, оқиғаның келу қайнарын түсінбейтіндер өздерінің адасқанымен қоймай, өзгелерді де адастырды. Тарихымыз тұманға, көңіліміз күмәнға толды.

Ал осының бәрін ой елегінен өткізе келе, енді орыс отаршылдарының жауыздығына ойысайық. Қайсы орыс немесе қытай ұйықтап жатқан атаңызды оятып алып, жекпе-жекке шақырып, жас сұрасып, кезек беріп көрді?! Ақ орыс, қызыл орыс болып ең кемінде алты-жеті милиион қазақты қырып жоғалтты. (Жоңғар қырғынынан бес есе артық). Ал өзге жұрттарға босып кеткен, сіңіп кеткен қазақтардың нақты санын ешкім білмейді. Тіпті басқа елге босып кеткендерінің сары ізіне шөп салып, сол елдегі ықпалы арқылы қырғын жүргізіп, қаншама қазақты тоздырды, қырғындады?! Кеңестік кезеңнің қанды бұғауынан арғы бетке қашып, одан Гималай жотасынан асып, жер бетіне тарыдай шашылып кеткен қазақтың обал-суабы кімде? Осы жолдардың авторының  «Қаралы көш» романын оқып көріңіз![1].

Жоңғардан әлде неше есе жауыз болған Сталиндік қырғында түтіні түтемей қалған қанша ауыл болды, тұтас елді-мекендердің елсіз қалғаны қаншама? Бүгіндері батырсынып жүрген талай қазақтың атасы сол тұста бірінің етін бірі жеп тірі қалмады ма? Атасы адамның етін жеген, шешесі доңыздың шұжығына тойған, баласы тілі мен дінінен безіп, ішімдікпен суарылған мәңгүрттер тобырына «қайнайды қаның», «ашиды жаның!».

Мәмбет Қойкелді, Талас Омарбеков, т.б. ғалымдардың зерттеулері, Ғ.Мүсірепов, М.Ғатаулин, М.Дәулетқалиев, Қ.Қуанышев, Алтынбеков сынды тұлғалардың Голощекинге жазған «Бесеудің хаты», Сталинге жазған Ораз Исаевтің хаты, Сталинге және Мирзоянға жазған Тұрар Рысқұловтың хаты сынды басқа да хаттарды, құжаттарды, деректерді көздің жасын көлдете оқи отырып, қолдан жасалған аштық, қырғын салдарынан бейбіт күнде қынадай қырылып жатқан қазақтарды көргенде «жоңғарлармен жылап көріскіңіз» келеді.

1925 жылы қыркүйекте Ф.И. Голощекиннiң Қазақ ­Өлкелiк комитетiнiң бiрiншi хатшылығына келуiмен Республиканың қоғамдық-саяси өмiрi күрт өзгерiп, күшпен ұжымдастыру, қуғын-сүргiн қазақ халқын зор қайғы-қасiретке ұшыратты. 1928 жылы осы айыппен 44 адам – «буржуазиялық-ұлтшылдар» Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов бар бұрынғы Алашорда қайраткерлерi тұтқындалса, 1930 жылы М.Тынышбаев, Х.Досмұхамедов бар тағы да 40-қа жуық адам түрмеге жабылды. Қолға алынғандардың көбі тірі қайтпады.

Қазақ қырғынының бір парасын көрсететін «Қазақ қалай аштыққа ұшырады» атты кітаптың кейбір беттерін парақтайық: сол кездегі Ақтөбе облысында жұмыс істеп жүрген Қызыл Крест қоғамының Москва қосынының баяндамасында:

«Сол маңдағы ит пен мысық атаулы түгел желінген, қазақтар тұратын қостардың айналасында иттердің, мысықтардың, ұсақ жәндіктердің ақ кемік болғанша қайнатылған сүйек-саяқтарынан көз сүрінеді...». Өлген кісілердің етін жеген оқиғалар жайында хабар келе бастады... Балқаш ауданындағы 60 мың халықтың 36 мыңы қаза тапқан... Қарқаралы ауданындағы халықтың саны 50.400 адам болса, содан қараша айының қарсаңында тірі қалғаны 15.900 ал аудан орталығында күн сайын 15-20 адам өледі... Семей ауданындағы балалар үйлерінің бірінен уақытында алып кетуге көлік болмай, үй астында төледе жатып қалған 20 қазақ баласының іріп-шіри бастаған. (Т.Рысқұловтың «Сталинге хаты»-нан). «Қазақстанды мекендеуші адамдардың бәрі аштан өліп жатыр, кейбір жерлерде, мысалы: Павлодар және Ертіс аудандырының №9,10,11 ауылдық Советтеріндегі, сондай-ақ Қазақстанның басқа да аудандарындағы тұтас ауылдардың қырылып қалғаны байқалады. Соңғы уақытта барлық жерлерді өлім жайлаған, халық қырылып жатыр, егін шықпай қалған, мал атаулы мемлекетке өткізілген, ал мемлекет тарапынан колхозшылар астықпен жабдықталмайды, халық ішер ас жоқ, корексіз отыр...» (Дүйсенбинов Нұрғалидың М.И.Калининге жазған хатынан)[2].

Бұл хаттардың кеңестік кезеңдегі айғақтар негізіндегі ашық хат екенін ескерсек, осының өзінде айтылмай қалған, айта алмай қалған талай қанды аянышты парақтардың бары күмәнсіз.

Тіпті сол тұстың заңына бағынышты түрде ақиқатты айтқандардың соңғы өмірі де аса аянышы күйге кіріптар болды. 1937-1938 жылдары Қазақстанда жаппай ұстау, қырғындау сынды зұлмат жаппай етек алды. «Аузын бағып» абайлап сөйлеп, Кеңес үшін қызмет еткен – Т.Рысқұлов, О.Исаев, О.Жандосов, С.Сейфуллин, І.Жансүгiров, С.Асфендияров, т.б. қазақтың бетке ұстар азаматтары да түрмеленіп, барлығы да ату жазасына кесiлдi.

Қазақ халқының саны туралы айтқанда зерттуешілердің пайымынша, 1970 жылы ғана қазақтар 1926 жылғы деңгейіне зорға жеткен екен. Демек, 44 жыл бойы халықта еш өсім болмады деген сөз. Анықтап айтқанда, «Алхамдулилла 6 миллионбыз» (А.Байтұрсынұлы) деген дерек бойынша, жылдық туу көрсеткішін (табиғи өлім-жітім мен шетке ауғандарды қоспағанда) төменгі деңгейдегі орташа есеппен 160 мың адам деп көрсетсек, аталған жылдар ішінде 7 миллион 40 мың адамнан айырылыппыз. «Қырық жылғы қырғын» деген ескі сөз осындайға қаратылса керек.

Демограф-ғалым Мақаш Тәтімовтың дерегі бойынша, тек қана «1931-1933 жылдары жасанды ашаршылық пен эпидемиядан қырылғандар – Голощекиндік қызыл қырғын құрбандары 2 миллион 300 мың адам» болған[3].

Қолдан жасалған қырғынның ішінде мың жылда бір ақ рет туатын қаншама асылдың қиығы, алтынның сынығы кеткенін бір Алланың өзі ғана біледі.

Жоғарыдағыларды көріп отырып Шыңғыс хан немесе Жоңғарлар қазақты дәл осылай қырған жоқ-ау деген ойға тағы да барасыз. Қабырғаңыз қайысады, жанарыңыз мұнарланады.

«Кеңес Одағы тұсында түркі мәдениетінің ұлы өркениетті қа­лып­тас­тырғаны, түркі халықтарының тарихы үл­кенді-кішілі 16 мемлекеттік-империялық құ­рылыммен ерекшеленгені еш айтыл­ма­ды. Көнеден келе жатқан жазуымызға, түркі бабамыздың тасқа қашап кеткен өшпестей ама­натына жолатпады. Ұлы далада арғы ба­ба­­лармыз құрған 16 мемлекетпен бізді еш бай­ланыстырмады, осынау иен мекенге қазақ­­ты айдаладан көшіп келгендей етіп тарих­ты бұрмалап тастады. Осылайша, асыл қазынадан айырып, ұлы тарихымызды бұйырт­пау саяса­ты­ның ұстыны – халықтарды, оның ішінде туыс­тас ұлттарды ортақ тегінен ажырата оты­рып, әрқайсысын өз қазанында билеп-төстеу, сол арқылы үстемдік ету идеоло­гиясы жүрді»[4].

Түбімізге жеткен ресейлік бодандық, құлдық – ұзақ жыл бойы ет пен сүйек түгілі қанға сіңіп кетті. Ащы болса да айтылған ақиқаттардың шымбайымызға батқанын сезбейміз, өктем ұлттарды көрсек мүләйімси қаламыз. Әдебиет, тарих, тіпті киномыз болсын «империялар салған ізбен» «алға!» деп баяғы жоңғар тақырыбын қаузаймыз. Қажай-қажай жауыр болған тақырыптың келесі ұрпаққа не беретінін бағамдап жатқан ешкім жоқ. Шамасы, «жоңғарлар тіріліп келіп қалмасын, сақ болыңдар!» деп дабыл қағып жатырмыз. Немесе ұмытыла бастаған ескі жараны тырнап: «көшпенді түркілердің басы ешқашан бірікпейді» деп өз ұрпақтарымызды түркі бірлігіне үрке қарауды үйретіп жатқандаймыз.

Бұл дегендік «жоңғарды айтпа, олар керемет жақсы адамдар. Оларды ақтап алайық» дегенді білдірмейді. Жаулықтың тамыры қайда? Біздің өзара қырқысуымызға себеп болған жайлар, түпкілікті ой-мақсаттар не? Жауымыз кім, досымыз кім? Өлген Жоңғардың басын тепкілей бергеннен не ұтамыз? Тірі орыс, тірі қытай тырнағының астына не жасырып отыр? Олардың балға орап берген қанжарын қалайша дастарғанға қойдық? Кешегі зұлматтар бастауы қайдан келді, ендігі қатер қалай туындауы мүмкін? Елдігіміздің шаңырағын мәңгілікке шайқамай ұстаудың, ұлттық рухты сөндірмеудің қандай жолы бар? – тағы осындай қаншама сауалдар бар!

Біздің тарихшыларымыз, тарихи әдебиетпен айналысушы әдебиетшілеріміз осы тақырыптардың қайсынына тереңнен бойлады? Мұны қазақтың қалам ұстағандары ғана емес, сол бағзы көшпенділердің бауырынан өрбіген барлық тарихшы, әдебиетші, қалам ұстаған қауым сезінуі керек, түсінуі керек. Өткеннің ащы сабақтарын назарға ала отырып, ендігі тірлікте жаулықты, кекті қоздырудың емес, бірлікке ұмтылудың жолын қарастыру қажет. «Адамзаттың бәрін бауырым деп» сүйетін дарбазасы даладай дарқан жүрек керек!

Қос Мұхтар көтерген (М.Әуезов, М.Мағауин), І.Есенберлин айтқан, айта алмай кеткен, Шерханның (Мұртаза) шерін қозғаған, Мекемтастың (Мырзахмет) жанын тырнаған шындықтардың байлаудағы жарау айғырдай әлі де аласұра кісінеп тұрғанын сезіндік пе? Жоғарыда билікке, төменде халыққа арзан ақыл айтып үйренген «нан батырлар» орынтақтың жұмсағын, атақтың оңайын қарастырып, «саптаяққа ас құйып, сабынан қарауыл қарап» сүйексіз өрмелегіш құрттардай көлеңкелі ғұмырмен жүрген жоқпыз ба?

Мекемтас Мырзахметұлы «Қазақ қалай мәңгүрттендi?!» мақаласында мәңгүрттену және ұлттың рухы түсуімен, ұлтшылдық ұранын көтеру мәселелеріне егжей-тегжейлі тоқтала келіп: «Бiздiң халқымыз тәуелсiз мемлекетiн құрып, әлемдiк өркениет жолына түскенiмен, отаршылдықтың аяусыз қанауына түсiп рухани қорлығы еттен өтiп сүйегiне жеткендiктен, шешушi орынға ұлттық идеологияны қоймай тұра алмайтынымыз да заңды құбылыс... Осы өткiншi жағдайларды назарда ұстай отырып, ендi бұрынғы бұйығы самарқау қалыппен жүре беру дағдысынан арылып, заман ағысынан қалмау үшiн, ұлттық идеологиямызды жаңа деңгейге қоюдың зәру мiндетi алдымызға қойылуда. Бұл өзектi мәселенi қоғамымыздың әрбiр адал азаматы сезiнуi қажет. Өйткенi қазақ қауымы, жалған намыстанудың қажетi жоқ, тұтас мәңгүрттенген қауым. Зорлау саясаты бiздi осындай мәңгүрттiк жағдайға алып келдi. Тiптi, бұл қауымның iшiне тәуелсiздiк жылдарында туған жаңа буын жас ұрпақ та кiредi. Өйткенi, мәңгүрттенген отбасынан мәңгүрттенген ұрпақ шығатынын күнде көрiп жүрмiз. Сондықтан да бұл қауымды сырттан таңылған рухани дерттен сауықтырып, отаршылдық қысым ендiрген құлдық санадан арылту жолын жаңа рельске қойылған ұлттық идеология ғана атқара алмақ!»[5] деп толғанды.

Сананы жаңғырту, ойды түлету, құлдық идеялардан құтылу сынды ортақ ояну кешегі, бүгінгі арқылы жүрекке ұлттық ақиқи болмысын тіктесе, ертеңгі ұрпақ өз тегін танып, болшағын дұрыс бағыттап алаңсыз өмір сүреді.

Бүкіл түрік ұлтын жан-тәнімен сүйген ұлы қайраткер Мұстафа Кемал Ататүрік: «Біздерді «ұлтшылдар» дейді. Бірақ біз ұлтшыл болғанда да өзімізбен ынтымақтастық жасайтын барлық ұлттарды құрметтейтін, олардың ойынан шығатындай ұлтшылдармыз.

Түрік ұлтының мінезі – асқақ. Түрік халқы – еңбекқор халық. Түрік халқы – зерек халық. Өйткені түрік халқы ұлттық тұтастықтың және бірліктің арқасында басқа күштерді жеңе білді. Түріктің түріктен басқа досы жоқ. «Мен – түрікпін» деген адам қандай бақытты! Әлем бізді құрметтесін десек, өз ұлтымызды және ұлттық бейнемізді алдымен біздің өзіміз бар сезімімізбен, ақыл-ойымызбен, ісімізбен, бүкіл қимыл-әрекетімізбен құрметтеуіміз керек. Өзінің ұлттық бейнесін таба алмаған ұлттардың басқа ұлттарға жем болатынын біліп қойғанымыз жөн!» – дегендерді айтқан болатын[6].

Түркі бірлігі, қазақ бірлігі, көк тудың бауырына бір атаның ұлдары болып ұйысу сынды ортақ мұрат тарих үшін де, әдебиет үшін де жүгінің ауырлығын жан ділімен сезінуі керек.

Кеше ғана біріміз кеңестік шекпенді, біріміз қытайлық қызылдың тонын жамылып, зорлықшыл үстем ұлттардың қабағына жалтақшыл болып өссек, енді, міне, төңіректің төрт бұрышынан бір байрақтың астына жиналып,  егемен елдің еркелері мен серкелеріне айналдық. Өшкеніміз жанды, өлгеніміз тірілді, жыртығымыз жамалды, шаңырағымыз шалқыды. Барлығымыз тәуелсіз заманның, егемен елдің бақытты қожасы болдық.

Тарихты өтпелі дәуір жасап, кейінгілер сараптайтын ескі қағидатқа жүгінсек, біз айта алмағанды, жаза алмағанды, жеткізе алмағанды жас буын тереңдетеді деген сенімдеміз. Біздікі соларға бағыт, бағдар, жол нұсқау; ойлы жасты оятатын дабыл қағу. Түркілік тек төңрегінде қарастыруды қажет ететін тың ойларды, идеяларды ұсынуымыз да – ізденіс іздерін көмескіленіп қалған байырғы сораптарға, соқпақтарға бұру.

Осы тұрғыдан қарағанда қазақ ұлтын құраған ру-тайпалардың өткен тарихтағы іздеріне үңіліп, бүгінгі елдік құрамындағы бірлік бітіміне құрмет жасау біздің міндетіміз болып табылады.

Қазақ мемлекетінің тарихын беріден іздеп, өзімізді «жетім баладай» көрсетпей, тектілік пен тегеурінді тарих арқылы тамырымызды арыға жайғанымыз мемлекетшілдік және ұлттық ұйысуымыздың төркіні болар еді. Осы мақсатқа толық жету үшін біздің кітабымыздағы дерек көздері әлі де болса тереңдетіліп, ғылыми жүйемен толықтануды қажет етеді.

Қаншама рет байрағы пәстегенмен, өр намысын жықпаған; арын сатпаған; қаншама елдер отарлағысы келсе де, отын, жігерін өшірмеген; әрі байырғы, әрі жас қазақ халқы қайтадан күллі дүниелік дүбірге қосылып, әлем елдерімен иық тіресетін тұлғалы елге айналды. Міне, бұл – ата-бабаларымыз армандап көз жұмған, біздің маңдайымызға жазылған алтын дәуір.

Осылайша, ұлттық санаға керекті мұсылмандық ой мен ізгілік, түркілік сілкініс пен сезіну, қазақтық өршіл мінез бен адалдық өз арнасын табатын күн туды. Бүгінгі ұлт намысымен айтқанда кешегі кеңірдегіміз жыртылғанша айқайлаған «дүниежүзі пролатарлары бірігіңдер!» деген Ленин жарықтықтың сөзіндегідей «дүниежүзі түркілері бірігетін» бір идеяға, ортақ мұратқа тоғысатын заман келді.

Қазақстан сынды байырғы түркі жұрты сол идеяның бақанын қозғалтпай тік ұстаса, түркіліктің шаңырағы да еш шайқалмастан биіктей түседі. Империялар салған, қанға сіңген бұғаулық-құлдық, тексіздікті аластап, қасиетті қазақ даласын ел мен жердің ет жанашыры – жаңа қазақстандықтарға, жас қазақтарға алаңсыз аманаттауымыз керек!

Босағасы алтын, кереге-уығы – күміс, шаңырағы – күн болған алтын ордамыз ұрпақтар үшін мәңгілік мекен. Бұл – атаның аманаты, ел мен жердің қарызы!

Жәди Шәкенұлы,

Жазушы-тарихшы, Қазақстан жазушылар одағының, Еуразия жазушылар одағының мүшесі.

[1] Ж.Шәкенұлы «Қаралы көш» «Тұран» баспасы, Алматы, 2010 жыл.

[2] «Қазақ қалай аштыққа ұшырады», Құраст: С.Әбдірайымов, И.Н.Бухонова, Е.М.Грибанова, Н.Р.Жағыпаров, В.П.Осилов. Алматы, «Қазақ университеті». 1991 жыл.59-61, 103 беттер.

[3] Мақаш Тәтімов «Қазақ әлемі» Атамұра – Қазақстан. Алматы, 1993 жыл. 18 бет.

[4] Ш.Ыбыраев «Түркілік рухани бірлік идеясы қазақтың ұлттық мәселесі болуы керек». Сұхбаттасқан: Қанат Қазы. «Алаш айнасы» 14.04. 2012. http://alashainasy.kz/person/32700/.

[5] Мекемтас Мырзахметұлы «Қазақ қалай мәңгүрттендi?!». https://turkystan.kz/article/50114-aza-alaj-m-g-rttendi-2.

[6] «Жас Алаш», № 44, 03.06.2008 жыл.

Abai.kz

6 пікір